Шымкент қаласы әкімінің орынбасары ұсталды
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховты Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері ұстады.
Алдын ала мәлімет бойынша, ол 200 мың доллар (бұл шамамен 90 миллион теңге) пара алды деген күдікке ілінген, деп жазды Михаил Козачков Telegram-арнасы.
«Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары, барлық қажетті тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне қатысты өзге де мәліметтер жария етілмейді», — деді ҰҚК баспасөз қызметі.
Мақсұт Исахов 2020 жылдың ақпан айында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалған болатын. Ол қалалық әкімдікте көлік және автомобиль жолдары, еңбек инспекциясы, туризм, дене шынықтыру және спорт, ақпараттық қауіпсіздік және халыққа қызмет көрсету, сондай-ақ цифрландыру, жерді пайдалану мен қорғалуын мемлекеттік бақылау мәселелерін қадағалады.
Мақсұт Исахов 49 жаста, ол Түркістан облысы Шардара ауданының тумасы. Еңбек жолын ішкі істер органдарында бастаған. Осы жылдары «Қазақстан темір жолы» кәсіпорнында, ШҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары, ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары, Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алу комитеті төрағасының орынбасары, Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы болды.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалғанға дейін Президент Әкімшілігінде мемлекеттік инспектор қызметін атқарған.