«Шымкент жастар лигасы» мәреге жетті
«Шымкент жастар лигасы» жобасы мәресіне жетті. Үшінші мегаполисте бұл шара осымен екінші мәрте ұйымдастырылды.
Аталған жоба мектеп оқушыларының бос уақытын ұйымдастыру, бұқаралық спортты дамыту және Қазақстан чемпионаттарына команда жасақтау мақсатында өткізіліп келеді. Шымкент қалалық әкімдігінің хабарлауынша, оқушылардың аталған шараға деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. Өткен жылы байрақты бәсекеге 140 мектеп қатысқан болса, биылғы біріншілікке спорттың төрт түрінен мегаполистегі 151 орта мектептен 6 мыңға жуық оқушы қатысты.
Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан шара үш айға созылды. Өткен аптада қаладағы «Қажымұқан» орталық стадионында өткен финалда №65 мектеп командасы №90 мектеп командасын 3:1 есебімен жеңіп, футболдан жастар лигасының 2022 жылғы чемпионы атанды. Жобаның жабылу рәсіміне қала әкімі арнайы қатысып, балаларды жеңіспен құттықтады.
– «Шымкент жастар лигасы» Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған кешенді бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қаламызда екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл жоба жастарды патриот, отансүйгіш, елжанды етіп тәрбиелеуге септігін тигізеді. Себебі, спорт денсаулықтың ғана кепілі емес, ол адамды табандылыққа баули отырып, ерік-жігерін шыңдай түседі. Бүгінгі жарыста жеңіске жеткен оқушылар тек спортта ғана емес, олар өз мектебінің абыройы мен беделі үшін атсалысты. Бүгін өзі білім алатын алтын ұясы – мектебінің намысын қорғаған жас жеткіншектер ертең ер жеткенде, елінің де намысын қорғайтын, Отанына адал қызмет ететін азамат болады деп сенемін.Сондықтан бүгінгі жеңістеріңіз өмір жолдарыңыздың үлкен бастауы болсын! – деді жас спортшылырды құттықтап, тілек білдірген қала басшысы.
Жарыс спорттың футбол, волейбол, баскетбол, сонымен бірге интеллектуалдық шахмат ойындарынан өтті. Жалпы жүлде қоры 80 миллион теңгені құрайды. Жеңімпаз командаларға 20 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық берілді.
Осы спорттық жарыстарға төрелік етуге және ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуге 400-ге жуық дене шынықтыру және спорт саласының мамандары жұмылдырылды.
Жалпы, биыл үшінші мегаполистің спорт саласында жеткен жетістіктері аз емес. Жуырда Әзербайжан астанасы Бакуде нысана көздеуден әлем кубогында шымкенттік мергендер Мария Дмитриенко мен Виктор Хасянов қола жүлде жеңіп алды.
Айта кетері, жарысқа әлемнің 65 елінен 800-ден астам спортшы қатысты. Ересектер арасындағы «trap/mix» аралас жаттығуының ақтық сынағында да шымкенттік спортшылар жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Мария Дмитриенко 2016 жылы Бразилиядағы XXXI жазғы Олимпиада ойындарына қатысты, жеке есепте 8-орынды иеленіп, әлемнің ең мықты 10 мергені қатарына енген спортшы. Бакудегі Әлем кубогы спортшылар үшін өте маңызды бастама. Өйткені онда рейтингті көтеру арқылы спортшылар Олимпиада ойындарына қатысуға квота алады.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы ISSF Олимпиадасында Қазақстанның намысын 3 мерген қорғап, олимпиадалық лицензия алған болатын-ды. Олардың ішінде, шымкенттік спортшылар Зоя Кравченко мен Юрий Юрков та бар.
Сондай-ақ жуырда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов еркін күрестен Сурдлимпиада ойындарының күміс жүлдегері Рсалы Сабыржанға 2 бөлмелі пәтер кілтін және осы олимпиадада 5-орыннан көрінген Пернеш Шадиярға, қос спортшының жаттықтырушысы Омар Ғалымжанға қаржылай сыйлық табыстады.
Қос спортшыны жетістігімен құттықтаған қала басшысы мемлекет тарапынан дене шынықтыру мен спортты белсенді дамытуға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.
– Қаламызда спорттың кез келген түрімен жаттығуға жағдай жасалған. Спорт қолдау тапса, саңылақтар шыңдалып, еліміздің абыройын көтереді. Бүгінде шымкенттіктер өзінің спорттық жетістіктерімен ауыз толтырып, мақтана алады. Жерлестеріміз түрлі деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына сәттілік тілей отырып, Қазақстанның спортын одан әрі биік шыңдарға көтере берулеріңізді тілеймін, – деді М.Әйтенов.
Өз кезегінде, спортшылар мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауға алғыстарын білдіріп, еліміз бен шаһар спортын жаңа белеске шығаруға аянбай тер төгетіндіктерін жеткізді.