Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
04:44, 14 Қыркүйек 2023

Шымкентте 18 «Жайлы мектеп» салынады

None
None

Үшінші мегаполистің жаңа әкімі жұмысын халықтың талап-тілегін тыңдаудан бастады

 Шымкент қаласының әкімі лауазымына өткен аптада тағайындалған Ғабит Сыздықбековке Ақорда мен үкімет тарапынан үлкен міндеттер жүктеліп отыр.

Оның бірсыпырасын жаңа әкімді қала әкімдігінің активімен таныстырған премьер-министр Әлихан Смайылов атап өтті.

— Бүгінде қала миллионнан астам халқы бар жетекші өнеркәсіптік және экономикалық орталықтардың бірі. Осыған байланысты тұрғындарды сапалы ауыз сумен, электр және жылу қуатымен қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандарды жаңғырту мәселелерін шешу жергілікті атқарушы биліктің алдына қойылатын басым міндеттер, —деген үкімет жетекшісі мегаполисте тұрғын үй құрылысы бойынша жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу қажет екенін баса айтты.

Шымкент – халқының саны өте тез өсіп келе жатқан қала. Бұл өз кезегінде әлеуметтік мәселелерді дер кезінде шешіп отыруды талап етеді. Осыған байланысты «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада 28 мың оқушыға арналған 18 мектеп салу жоспарланып отыр. Оған қоса Әлихан Смайылов президенттің тапсырмасы бойынша салынып жатқан жаңа Студенттер сарайы мен Шымкент қалалық опера және балет театры құрылысының маңызына тоқталды.

Сонымен қатар азық-түлік бағасын тұрақтандыру – маңызды міндеттердің бірі. Бұл бағытта қолдағы реттеу және бақылау тетіктерін тиімді пайдалану, сондай-ақ қатар ішкі нарықты сапалы отандық тауарлармен толықтыру қажет. Қалалық сауда-логистикалық орталықты кеңейту де осы мақсатқа жетуге ықпал етеді.

Премьер-министр жаңа әкімге және барлық жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлеріне мемлекет басшысы мен үкімет қойған міндеттерді жүзеге асырудағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Ғабит Сыздықбеков әкім ретінде алғашқы жұмыс күнін «Көрме» орталығында қала тұрғындарын қабылдап, халықтың талап-тілектерін тыңдаудан бастады. Қала әкімінің азаматтарды бірыңғай қабылдауында 300-ден аса тұрғын өтінішін білдірді.

— «Көрме» орталығында әкім орынбасарлары, департамент басшылары, аудан әкімдері, басқарма басшылары мен сала мамандары қабылдауға келген азаматтардың талап-тілектерін назарға алып, бағыт-бағдар беріп, тиімді шешу жолдарын қарастырды. Ғабит Әбдімәжитұлы халықпен ашық диалог құруға күш салып, талап-тілектер бойынша қабылданатын шешімдерді назарға алатынын жеткізді. Жауаптыларға азаматтар тарапынан түскен бірде-бір арыз-шағымды ескерусіз қалдырмай, әсіресе әлеуметтік, инфрақұрылымды жақсартуға қатысты мәселелерді тиімді, шұғыл шешуді тапсырды.  Сонымен қатар қабылдау барысында халыққа тұрғын үймен қамту, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, жұмыспен қамту салаларына қатысты мемлекеттік бағдарламалардың ережелері мен шарттары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді, – деп хабарлады Шымкент қаласының әкімдігі.  

Сондай-ақ өткен аптада Шымкенттегі Бәйдібек би-Арғынбеков көшелерінің қиылысында 3 деңгейлі жолайрығының ең жоғарғы эстакадасы – Бәйдібек би даңғылы көлік қозғалысына ашылды. Шымкент автокөлік көбеюі жағынан елімізде көш бастап тұрғандықтан, соңғы жылдары жол құрылысына басымдық берілді. Бұл жолайрық – қалада кептелісті азайтып, көліктерге қолайлы жағдай жасауда маңызды жоба. Жоспарға сәйкес жолайрық үш деңгейлі. Төменгі деңгейде – Арғынбеков көшесі, жоғары деңгейде – Бәйдібек би даңғылы, ортаңғы деңгейде – оң, жақ бұрылыстар мен сақиналы жол орналасатын болады.

Қазір жолайрық құрылысы белгіленген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарын ыңғайластыра отырып, көлік кептелісін азайту мақсатында жол кезең-кезеңімен іске қосылуда. 15 мамырда халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында Арғынбеков көшесі ашылған болатын.

Бүгінде жоспарланған жол құрылыс жұмыстары 80% пайызға орындалды. Жолайрық құрылысын толық аяқтап, көліктің барлық бағыттағы қозғалысын қамтамасыз ету жыл соңына жоспарланып отыр.

Нысанға арнайы барып, құрылыс барысын қадағалаған Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жауаптыларға жұмыстарды мерзімінде аяқтап, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін бағдаршамдар мен жүргіншілер жолын ретке келтіру, жол белгілерін дер кезінде орнату бойынша арнайы тапсырма берді. Онымен қоса жол құрылысы жұмыстарына тек алпауыт монополистерді ғана емес, заң шеңберінде рұқсат етілген шағын және орта компанияларды да жұмылдыру қажеттігіне тоқталды. Пандустарды да арнайы талаптарға сай салуды тапсырып, ерекше жандардың қауіпсіздігіне назар аударды.

Сондай-ақ қала әкімі жауаптыларға құрылыс барысында жолайрық айналасына жиналатын жауын-шашын суының деңгейіне қарай ирригациялық жүйелердің жүктемесі мен су өткізу қабілетін қадағалап, қолайсыздықтарды қазірден алдын алуды тапсырды.

М.Сәулебек

Тегтер: