Шындықтың шырақшысы Шераға

Шерхан Мұртаза өз есімін ұлт шежіресіне өшпестей етіп, жазып кеткен тұлға. Ондай тұлғаның есімі ұмытылмайды.
Оны ұмыттырмайтын Шерағаңның ешкімге ұқсамаған болмыс-бітімі, шындықты шырылдап тұрып айтатын қасиеті.
«Әкім бол, халқыңа жақын бол», «Тәуелсіздіктің жолы қатты, дәмі тәтті», «Рух пен намыс – егіз», «Бір адамның рухсыз болуы – сор, ал тұтас ұлттың рухынан айырылуы – қасірет!», «Жау жаманы – жарамсақ», «Мәдениеттің мәйегі – кітап», «Шын жазушының көзі көкірегінде болады», «Шындық – ащы һәм ажарсыз»… Шындықтың шырақшысы атанған Шерағаңның асыл сөздері кейінгі ұрпаққа бойтұмар, бағыт-бағдар болары анық.
Шерағаңның шығармалары бүгінде түркі тілдеріне аударылып жатыр. Мәселен, өткен аптада Түркістан қаласындағы «Фараб» кітапханасында Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына арналған «Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің қолбасшысы» атты халықаралық симпозиумда Өзбекстаннан келген аудармашы Далымжан Сафуллаев Шерағаңның «Бірі кем дүниесінің» өзбек тіліндегі нұсқасын көпшілікке таратты.
Симпозиумды президенттің кеңесшісі, белгілі жазушы, драматург, Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасын» түрік тіліне аударған Мәлік Нұржанұлы ашты.
— Шерхан Мұртаза – қатардағы жазушы, журналист емес, қазақтың маңдайына біткен дара тұлға. Өзінің әр мақаласымен, әрбір әңгімесімен, повесть, романдарымен халыққа қалтқысыз қызмет етті. Бүгінгі шараның Түркістан төрінде өтіп жатқандығы да бекер емес. Ол түркішілдік рухы өте биік тұлға болатын. «Егемен Қазақстан» газетінде өзінің авторлығымен жарияланған алғашқы мақалаларының бірі де осы қастерлі Түркістан төңірегінде еді. Міне, Тәуелсіздік күні қарсаңында көрнекті қаламгерді Түркістан облысында еске алып отырмыз. Тәуелсіздік – бүкіл қазақ елінің, оның ішінде, халық жазушысының да арманы-тұғын. Сол үшін қаламын қару етіп, ел мүддесі жолында аянбай күресті, саналы ғұмырын ұлт руханиятының дамуына арнады,– деді Мәлік Нұржанұлы.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев журналистердің бірнеше буынын тәрбиелеген Шерағаның ұлттық баспасөздің дамуына қосқан үлесін тілге тиек етіп, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының құттықтауын жеткізді.
– Ақиқаттың алдаспаны Шерхан Мұртаза Түркістан өңірін түркі халықтарының рухани орталығына айналдыру жөнінде алғаш бастама көтергендердің бірі болды. Қайраткер қаламгердің көптеген шығармаларына Оңтүстіктің таңғажайып табиғаты арқау болғанын көпшілік біледі. Сондықтан да біз Шерағаңды Түркістаннан, Түркістанды Шерағадан бөліп қарай алмаймыз. Қалың оқырманның көңілінен шыққан жазушының мерейтойына арналған шаралар бір күнмен шектелмейді. Бұл бағыттағы игі істер алдағы уақытта да жалғасады,– деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен, облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен өткен жиында сондай-ақ белгілі журналист, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай, республикалық «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан, жазушы аудармашы, Әлішер Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік Өзбек тілі және әдебиеті университетінің ғалымы Қазақбай Йулдашев, Қырғыз Республикасы Ұлттық Ғылымдар Академиясының Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы Келдібек Қойлыбаев, Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы директорының орынбасары Ахметжан Өзбеков жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Бұдан бөлек, Түркиядағы Гази университетінің профессоры, әдебиеттанушы-ғалым Жемиле Кынажы және түрколог, Баку мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкері Малейка Мирзали zoom жүйесі арқылы жазушының шығармашылығы туралы толғаныстарын білдірді. Симпозиумға Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай модераторлық етті.
Айта кетері, мұның алдында «Түркістан» телеарнасында студенттердің қатысуымен «Шерағаң айтқан шындық: кеше және бүгін»» атты пікірсайыс турнирі ұйымдастырылды. Сонымен бірге, Шерағаңның шығармашылығын талдауға байқау жарияланды. Байқауға Қазақ Ұлттық университеті, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті, Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттерінен алпыстан астам еңбек келіп түсті. Байқау жеңімпаздары осы симпозиумда марапатталды.