СІМ: 4500 этникалық қазақ Қытай азаматтығынан бас тартты
Биыл қаңтар мен қыркүйек айы аралығында 4500 этникалық қазақ Қытай азаматтығынан бас тартқан.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында осындай дерек айтылады.
"9400 қазақ Қазақстандағы туыстарымен кездесу үшін құжат алды" делінген министрліктің Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында.
СІМ-нің айтуынша, 2019 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанның Қытайдағы елшілігінен 35 мың этникалық қазақ Қазақстанға шығу визасын алған.
Ресми дерек бойынша, қаңтар мен қыркүйек айы аралығында 10790 этникалық қазақ Қазақстан азаматтығын қабылдаған, оның жартысынан астамын (7540) Қытайдан көшіп келген этникалық қазақтар құрайды. Министрлік дерегінше, өткен жылы 18 мыңнан астам этникалық қазақ азаматтық алған.
Қазақстанда тұрып жатқан, бірақ азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан президентінің жарлығымен Қазақстан азаматтығы беріледі. Ал шетелден көшіп келген этникалық қазақтар Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен ала алады.
Шілде айында жергілікті ақпарат құралдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сілтеме жасап, 2019 жылдың алғашқы жартысында 7000-ға жуық этникалық қазақтың Қазақстанға қоныс аударғанын хабарлаған болатын. Соның ішінде Өзбекстаннан — 3800, Қытайдан 1553 адам көшіп келген. Мұнан басқа Түрікменстаннан 532, Моңғолиядан — 402, Ресейден — 145, Ираннан — 62, Қырғыз Республикасынан — 46, Тәжікстаннан — 11, Түркиядан — 3 этникалық қазақ тарихи отанына оралған.
Ресми дерек бойынша, Қытайда 1,6 миллион қазақ тұрады.
Instagram бізге жазылыңыз