Сыншылар «сен жақсы да, мен жақсымен» жүр
Әдеби сынның қажеттілігі – даусыз нәрсе. Ұлттық сөз өнерінің жаһандық кеңістіктен өз орнын алып, дербестігін мойындату үшін де сынның қызметі керек.
Олай болғанда, әдебиет үшін, көркем таным үшін неге сын айтудан тартынып, енжарлық көрсетуіміз керек.
Қалай айтсаңыз да, сынның аздығы, әділ бағаның кемдігі – қай кезеңде де болған. Бірақ дәп бүгінгідей жалпақшешей болмаса керек. Осы бір алғадай жанрдың табиғатына, қаламгерлердің қабылдау мәдениетіне, тапшылығына тоқталып, авторлармен әңгіме-дүкен құрдық. Бәрінікі жөн, дұрыс сияқты.
– Қазақ әдебиетінің жай-күйінен, хал-ахуалынан хабар беретін әдеби сынымыздың қай деңгейде екені көпшілікті алаңдатады. Тәуелсіздік жылдары бұл жанрдың аяқалысы ақсап қалғаны жасырын емес. Әдеби сынның бүгіні мен болашағы туралы ойларыңызды білгім келеді.
Е.Н: Қазіргі кезде әдеби сын ақсап жатқаны рас. Әдеби сынға сұраныс та артып келеді. Сұраныс артқан екен, сын да молая түседі деп білемін. Қазір өте білімді әдебиеттанушылар мен сыншылар бар, мақалаларын оқып отырғанда қатты тамсанасыз. Бірақ солардың көбінің назары өзіміздің қазіргі әдебиетке аумай отырғаны, оқыса да мән бермейтіні, пікірін айтпайтыны аздап ренжітеді. Жалпы сауатты оқырман да аз және олардың да оқитыны біз емес, әлем әдебиетін оқиды көбінде. Ал көпшілік оқырманның талғамы әлі жетіле қойған жоқ, өйткені біз біраз жыл кітап оқудан қалып қойған ұлтпыз. Менің білуімше, әдеби сын мен оқырман талғамы қатар дамуға тиіс. Осындай сауалнамалардың болуы, әдеби ортада сын керектігі туралы сөздің көбеюінің өзі сынның дамуына әкеледі деп сенемін.
А.А: Құлбек Ергөбектің 1984 жылғы бір мақаласында: «...әдебиетте обалсыз жанр болмайды. Әдеби сынды келешек ұрпақ іздемес деп ойламауымыз керек. Мықтап іздейді. Сынды өрістету – шарт» дегені бар. Осы цитатаны өзіме студент кезімде түртіп алған болуым керек. Енді арада жарты ғасырға адым басқан аттай 40 жыл өткенде Ергөбектің сөзіне қандай салмақ қосылғанын көріңіз. Әдебиетте маңыздылығы төмен жанр болмайды. Тіпті қалың бұқараға бағытталып жазылған мәтіндердің де өзіне ғана тән қызметі бар. Соның ішінде, әрине, сын жанрының салмағы мен көтерер жүгі ауыр. Әлем әдебиетінің кез келген авторын көз салып, не кез келген классикалық шығарма жайында іздесеңіз, мықты сыншылардың есімі сол авторлармен, шығармалармен қатар жүреді. Сыншы әдеби процесті, шығармашылықты, көркем мәтіндерді саралап қана қоймай һәм автор мен оқырман, автор мен қоғам, керек десеңіз, автор мен тарих арасында тығыз байланыстың дүниеге келуіне ықпал етеді. Мұндай жағдайда сыншының өзі автор ретінде әдебиет тарихында орны қалары сөзсіз анық. Әбден жаттанды, жауыр болып кеткен мысал болса да айтайын, Пушкин мен Белинский арасындағы шығармашылық байланыс осындай концепция жиегінде жарасымын тапты. Әрине, Пушкинді орыс халқының ұлы ақыны қылған Белинский дей алмаспыз, десек те оны ұлт ақыны ретінде қадірін түйсініп, жоғары бағалаған Белинский қазір сол орыс әдебиеті мен әдебиеттану ғылымындағы маңызды авторлардың бірі. Ал егер сыншының аузы дуалы деген принципке сүйене отырып, авторлар замандас әдебиеттанушылар арқылы өз шығармаларын «алға тартумен», «мақтанмен» айналысса, бұл жалпы әдеби процесті тежеп, түбі екі толқын арасындағы бос вакуумның пайда болуына әкеліп соғуы әбден мүмкін. Дәл қазіргі қазақ әдеби процесінің бір проблемасы да – осы, бос вакуум, яғни әдебиеттанушылар мен әдебиетшілер арасындағы байланыс үзілуге айналып бара жатыр. Байқасам, бүгінгі әдебиеттанушылардың дені ХХ ғасыр шеңберінен шыққысы жоқ. Тоқсаныншы жылдары әдеби процес толық сараланбаған. Тәуелсіздік жылдарында қалам алған авторлар мен дүниеге келген шығармалар туралы да теориялық ойлар отыз жылдан астам уақыт өтсе де шашыраңқы, бірізділік жоқ. Ал дәл қазір жанымызда әдеби диалогқа мұқтаж қаншама автор бар екенін ойласақ, тіпті ауыр. Жоғарыда әңгімемізге қайта оралып, қазіргі әдеби сынның бүгіні туралы айтайық. Сын мүлдем жоқ деп атүсті кесіп, келте пікір жазуға ауыз бармайды, себебі күнделікті газет-журнал, интернет, әлеуметтік желіде түрлі шығармалар жайлы түрлі пікірлер жарияланатынын байқап жүрміз. Десек те, менің ойымша, кәсіби сыншының пікірі кейде жетіспей жататыны бар. Субъективті ойдың объективті ойға жақындай алатын ең нәзік тұсында әдебиетке, мәдениетке, өнерге нағыз қажет деп атауға болатын сыни пікір туындайды. Әдеби сынның ертеңі туралы болжап айту оңай емес. Әдебиеттану саласында білім алып жатқан жастар көп. Бірақ оның бәрі бірдей сыншы болмайтыны анық. Сыншыны тек әдеби орта, не жақсы білім ордасы ғана емес, жалпы қоғам да тәрбиелейтінін ескергеніміз абзал. Қоғамына қарай әдебиетшісі, қоғамына қарай сыншысы – дәл осы тартымсыз формулировкаға біздің көп дүниеміз сыйып тұрғандай. Кезінде Ахмет Байтұрсынұлының әдебиеттегі жасаған құбылыстық қызметі енді қайталана қоймас. Алайда бүгінде әдеби сынның іздеушісі күн санап артып келе жатқанын да мойындауымыз керек. Бұл құбылыстың соңы жақсы серпіліске әкеледі деп сенеміз. Және жаһандану да әдеби сынға өз әсерін бермей қоймайды. Аударма тағы бар. Яғни шығармашылыққа шекара қоймайтын, нағыз еркін заманда ешнәрседен тосылудың қажеті жоқ.
М.М: Қазір әдеби сын керек пе? Қажет болған жағдайда критерийлерді қандай болу керек? Мені кейінгі уақытта осы сұрақтар жиі толғандырады. Себебі «әуелі сөз болған» дегенімізбен, құндылық өзгерді, әдебиеттегі белгілі бір шекаралар жойылды, кейбір «қатып қалған» қағидалар қирады. Иә, әдебиетте жанр ерекшелігі, көзге көрінетін талаптар болғанымен оның бәрі «аксиома» емес. Мұның бәрі қазіргі әдеби сынға әсерін тигізбей қоймайды. Осы өзгерістердің ара-жігін ажыратып, майдан қыл суырғандай етіп нәзік иірімдерін дөп баса алса, онда әдеби сын керек-ақ. Ал бұл өзгерістерді елемей, ескі сүрлеумен жүре берсе, онда оның құны бес тиын. Әдеби сын шекараны сызып бермеу керек, керісінше, сол шекараны ашу қажет. Егер белгіленген шекара тәртібін ұсынатын болса, сын дегеніміз әдебиет тарихының дамуын, қалыптасуын саралу, талдау үшін немесе жеке автор үшін ғана керек дүние болып қалады.
– Егер әдеби сынды көркем шығарманы талдап, түсіндіру деп қарастырсақ, онда оның ауқымын тарылтып алатын едік. Шығарманы тәпсірлеп, талқыға салу процесі қазақ әдебиетінде қазір де жүріп жатыр. Бірақ кәсіби сыншы үшін бұл аздық етеді деп ойлаймын. Сіздерше әдеби сын қай бағытта жазылу керек, жаңа заманның әдебиетінде оған қойылатын талап қандай?
Е.Н: Әдеби сын барлық бағытта да жазыла бергені жөн. Біз ең алдымен шынайы сөз бостандығы бар елміз деп сенетін болсақ, сын да солай, ешқандай жанрға шектеу болмағаны дұрыс. Қазіргі әдебиетте көбінесе жаппай мадақтау мен түсіндіру ғана бар екені анық. Көркем шығарманың кем-кетігін көрсету, әсіресе білімі мен қабілеті, таланты жетіп, автордан биік тұрып, жеке басқа өтпей таза шығармашылық тұрғыдан сынау жоқ. Бірін-бірі аңдыған, көзі қарайып, көре алмастық жасап жүрген біреулер аузына келгенін көйтіп жататын тұстар аздап белең береді. Ең қызығы, шынайы білімді сыншылар ешкімді сынамай «сен жақсы, мен жақсы» деп өмір сүріп жатқаны. Әлде өздерін мына әлемнен тым биік сезіне ме, не қазақ әдебиетіне өзін қатыссыз сезіне ме немесе қазіргі ақын-жазушыларды қазақ әдебиетіне қатыссыз деп ұға ма, ол жағын түсіне алмадым. Сыншылардан бір өтінерім, менсінбесеңіз де сынаңыз, кем-кетігін көрсетіңіз, бұл сіздің қазақ әдебиетіне жасаған қамқорлығыңыз болмақ.
А.А: Менің ойымша, сын туралы ойды күрделендірудің де қажеті шамалы. Сыншы және кез келген автор (әдебиеттанушы, жазушы, драматург, ақын) ең алдымен, үздіксіз оқу, үнемі білім жолында жүрген адам болу керек. Бұл – ең қарапайым қағида. Оқу, іздену, білу, көру, тыңдау – шарт. Көркем мәтін тек сөзбен ғана емес, сондай-ақ кинематограф, музыка, қылқалам, театр, архитектура, мүсін, би сынды біршама салада дамиды. Әдебиетке қызығушылықпен келген адам үшін бұл бір қиын шарт деп ойламаймын. Әдебиетке қадам басқан тұлға осындай дүниелер арасында тыныс алатын болса керек. Әрине, тіршілікті, тұрмысты жоққа шығарғым жоқ. Таңдау деген бар. Негізгі мақсат әдебиет болса, бұл әлемде кез келген жерде, кез келген шартта бәрі де мүмкін. Сондықтан да әдеби сынның бағыты өте қарапайым – оқу мен жазу. Тек осы қарапайым шарттар арқылы ғана шеберлікті қайрап шығаруға болады. Әдеби сынды қалыптастырып, оны аздық көрсек, қазіргі таңда сыншы болудың да, әдеби сынды дамытудың да саналуан жолы мен тәсілі бар. Тіл үйрену, тағылымдамалардан өту, ғылым бағытында білім алу, әлеуметтік желілер арқылы диалогтік алаңдар жасау, шетелдік әдебиеттанушылармен, қаламгерлермен шығармашылық байланыс орнату, басқа тілдерде мақала жазу, аудармамен айналысу және т.б. Яғни ХХІ ғасыр мүмкіндіктер алаңы. Шығармашылық қуатыңыз бен қабілетіңіз жетсе, әдеби сын бағытында үлкен белестерді бағындыруға болады. Ешкім алдымызға дайын затты әкеліп ұсынбайды ғой. Еңбектенген істің берекеге әкелетініне сенімдімін. Жеке басыңызда шектеулер болмаса, (жалпы шектеулер тек уақыт пен еңбектің есебіне байланысты болуы мүмкін), тақырып дәйім табылады. Ең бастысы, жаңа есімдерден, жаңашыл бағыттардан үнемі хабардар болып, әдеби үдерісті бақылап отыру ең абзалы.
М.М: Әсілінде кәсіби сыншы не жазатынын өзі жақсы біледі. Бізде, көбінесе бұл міндетті ақын-жазушылар атқарып жүр. Әрине, бұл тұрғыда тым жақсы бастамалар болған. Темірхан Медетбек ағамыздың «Алтынкөпірліктер» деген атаумен жазылған мақаласын осы санатқа жатқызамын. Бірақ кез келген істе кәсіби адамның шұғылданғаны дұрыс. Мәселен, өзім, біреу келісер, біреу келіспес, жазушы Дидар Амантай ағамызды жазу стилі, жас ерекшелігіне орай ХХ ғасыр басындағы басталған, кейін өркендеген қазақ прозасаның бір дәуірінің соңғы өкілі, «могиканың соңғы тұяғы» деп есептеймін. Алайда біз мұндай байламдар жасай алмай жатырмыз, әсіресе кәсіби сыншылар тұрғысынан. Бұл ретте айтарым, қазір әдеби сында жүйе жоқ. Жаңа дәуір әдебиетін сын тезіне салғанда толыққанды классификациясы жасалмаған. Жаңа ағымдардың тайталасын осындай туындатып тарқатуға болады. Рас, қазір Әдебиет институтындағы аға-апаларамыз, қыз-жігіттер жазған, құрастырған монография болсын, PhD жұмыстары болсын, жаңа дәуір әдебиетінің өкілдері туралы айтылған сын, пікір туралы естіп қаламыз. Өкінішке қарай, солар айналымға түспей жатыр. Егер әдеби сынды дамытамыз десек, осылар ғылым тілінде қалып қоймай, әдеби айналымға шығу керек. Тағы бір айтарым, сыншы дегеніміз автордан да асып түскен еңбекқор болу қажет қой. Бұл тұрғыда Амангелді Кеңшілікұлының тынымсыз еңбекқорлығына таңғаламын. Сондай-ақ әдеби сын қандай бағытта ғана емес, қандай формада жазылу немесе айтылу керек деген сұраққа да ойланған дұрыс. Мәселен, жазушы Жүсіпбек Қорғасбекұлының жаңа бір бағыттағы, яғни телевизиялық формадағы сындарын біріміз байқасақ, біріміз байқай бермейміз.
– Қазір бір көркем шығарма жазылса мақтай жөнелетін үрдіс пайда болды. Біздегі қалыптасқан «ағалық» дәстүр, жершілдік, рушылдық белгілері мен ақын-жазушылардың бір-бірімен қоян-қолтық араласуы секілді дүниелер «сыни пікір айту» мәдениетін тежеп тастаған жоқ па?
Е.Н: Негізі ақын-жазушылар өзара ауызекі әңгімеде бір-бірінің шығармашылығы туралы көп сөздер айтады. Мадақтайды, сынайды, пікірін білдіреді. Жеке жерде солай айтып қойған соң баспасөзде айтуға құлқы болмай қалуы да мүмкін. Қазіргі таңда сынның өмір сүріп жатқан жері ақын-жазушылар өзара кездесіп, әңгіме соғатын сыраханалар мен шайханалар ғана болып тұр. Бұны міндетті түрде баспасөз бетіне әкелу керек. Қазіргі жастардың көпшілігінде сын қабылдау мәдениеті бар деп санаймын, өз басым қандай сынға болса да дайынмын. Өйткені өзімді жазарын жазып тоқтап қалған, енді беретін ештеңесі жоқ адам деп санамаймын, айтылған сындарға қарап алдағы жазатын шығармаларымды жетілдіре түсемін. Өз басым қандай сын болса да қабылдай аламын. Мейлі жақын досым, сыйласым сынаса да қуана қабылдаймын. Біз – сынға мұқтажбыз.
А.А: Бұл риторикалық сауал. Келісемін. Тек мұндай процесс қазаққа ғана тән дерт деген ойдан ада болайық. Бұл – жалпы адамзаттық проблема. Бір жақсы мәтіннің соңында жүз халтура болуы шарт шығар деп те ойлаймын кейде. Жақсы әдеби сынға зәрулік осындай тұста туындаса керек. Ақын Тұрсын Жұмаштың «Қырандар ұшатын биік бар, Қарғалар ұшады төменде...» деген өлең жолдары жадымызға оралады осындай кезде. Уақыт қанша дегенмен бәрін өз орнына қоятыны рас. Қазіргі оқырманды алдау да мүмкін емес. Бәрін іштей сеземіз емес пе?! Бірақ өз басым, жазуға шектеу қоюдан аулақпын. Қай шығарманың да әдебиетте өз орны мен оқырманы табылады. Шығармалардың аз жазылғанынан гөрі, жазыла бергені де дұрыс шығар. Сіз айтып отырған мақтау мен марапаттардың деңгейін қоғамның өзі сезіп, біліп отырады. Тек арасында жақсы дүниелер жұтылып кетпесе екен деген тілегіміз бар. Мәселен, кеше ғана өмірден өткен Ғалымбек Елубайды көзі тірісінде бағалай алмағанымыз бар. Артынан әңгімелерін бір кітап қылып басып шығаруға ғана үлгерді. Сондай шерменде жүрген авторлар арамызда әлі де бар және бола береді. Сонда біздің ендігі қызметіміз бен міндетіміз өзімізге сын болмақ. «Сыни пікір айту» мәдениетінің тежелуіне қаншама себеп бар болса, оның қайта жанданып, дұрыс бағытта қалыптасуына да соншама себеп бар.
М.М: Біреу барып, әлдекімнің табалдырығына жастанып жатып алып, тіленіп, сұранып, жаздырып жатпаған шығар деп ойлаймын. Алда-жалда солай болып жатса, онда басқа әңгіме. Әзілмен айтсам, мына заманда біреудің жазғанын ерінбей оқып шығу да ерлік қой. Десе де біреуге ағалық сөз, біреуге рулық қолдау қажет шығар, бұл сол сөзді күткен және сол сөзді айтқан адамның деңгейіне байланысты дүние. Ең бастысы, ештеңені жоққа шығара алмаймын. Бірақ бір қорқыныштысы, қазір кейінгі толқын арасында да топтық бөліну бар. Егер мұның бәрі тек қана идеялық бағытта басы біріккен болса, қос қолымды көтеріп қолдаймын. Өкінішке қарай, сол топ арасынан өздерін ғана көреді, өздерін ғана мақтайды, өздерін ғана қолпаштайды. Кәдімгідей мазмұны басқа.
– Соңғы жылдары ұлттық әдебиетте атүсті жазылған арзан, жалпы бұқараға арналған шығармалардың тасы өрге домалап, ал шын таланттардың жасағаны шеткері қалып қоя береді. Осы тенденцияның пайда болуына не себеп?
Е.Н: Бұндай тенденцияның пайда болуы біріншіден табиғи құбылыс деп ойлаймын. Өйткені жалпы оқырманға жеңіл, тез оқылатын дүниелер ұнайды. Олар көркемдік, шынайылық деп талғап отырмайды. Сосын біреу «мен мына кітапты оқыдым» деп бір мақтанса, екінші біреу оған қосыла кетеді, яғни жарнамасы жақсы жасалған кез келген кітап оқылады, әсіресе жеңіл кітап тіпті жақсы оқылады. Бұған шынайы сынның жоқтығын қосыңыз, әдетте оқырман біреудің ұсынысына қарай кітап сатып алады. Сондықтан бұл тенденция жоғалып, шынайы әдебиет алға шығу үшін, ең алдымен оқырманның сапасы өсу керек, екіншіден, шынайы, объективті сынның молаюы, сосын барынша барлық жаңа шығармаларды қамтып, сын тезінен өткізіп отыратын басылым керек.
А.А: Бұл оймен толық келісе алмаймын. Себебі шын гауһардың бөлектеніп, елден ерек жарқырап тұратын болмысы бар. Бұл бір оңай процесс емес екені анық. Бірақ бәрі оңай шешіледі деген шындық та жоқ шығар. Сіздің сауалыңыздағы «тасы өрге домалаған» авторлар мен шығармалар көбіне әдеби сайыстарда жеңімпаз атанған дүниелер болуы мүмкін. Яғни сайысқа бағытталып жазылған шығармалардың сын көтермейтін деңгейге өтіп кетуі оңай болып тұрғаны шығар. Сұхбат басында «негізгі мақсат – әдебиет» болуы шарт деп ой қозғаған едік. Осы сөзімнен айнымаймын. Ондай автордың ертелі-кеш бағы жанатыны бар. Бізді тек өкініш қана өртейді. Бұның бір себебі – кеңестік идеологияның уы бойымызға әбден тарағаны да болар. Саралауды талап ететін процестің шегі шектен шығып бара жатқандай күй кешіп жүрген шығармыз. Ал әдебиетті саралау – білікті сынға міндет. Замандастарымыз осы бағытта қызмет етсе, бәрі бір мезетте өзгеріп шығуы ғажап емес. Әрине, әдебиет мемлекет, қоғам мен жалпы мәдениетке, тарихи оқиғалар мен әлеуметтік шындыққа, педагогикаға байланбаған жеке институт болса, мәселелерді бірден тауысып, шешімін табу оңай болар еді. Алайда процесс кешенді шешімдерді талап ететіндіктен, әңгіменің төркіні қайда жатқанын өзіңіз де біліп отырған боларсыз...
М.М: Бұл – оқырманның талабы. Біз оқырманнан жеңіліп жатырмыз. Бірақ бұқаралық мәдениет, бұқаралық талғам қай қоғамда да болады. Әдебиет тарихында заматында тасы өрге домалап, кейін ұмыт болған немесе бірнеше жылдан кейін бағы жанып, жұрт сүйіп оқитын туындыға айналған дүниелер баршылық. Сондықтан кімнің не жазғанын бәрібір уақыт екшейді.
Дайындаған Ақгүлім Ерболқызы