Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:15, 30 Мамыр 2019

Сирень гүлдегенде...

Ол жылдары жастар жағы жаппай дерлікМұқағалимен «ауыра» бастаған. Жастық пен өлең – егіз.

Өлең,асылы, жас кезде туады. Кейінгінің көбі – машық. Машықбасталған тұста өлең тоқтайды. Менің бүгінгі хикаям сол 70-жылдардың өлеңге ғашық бір қыз бен жігіті туралы.

Қыз – қаланың қызы еді. Педагогикалық училищені сол жылы бітіріп, қаладағы №12қазақ орта мектебіне мұғалім боп жаңа орналасқан екен. Басқа ештеңесінбілмейміз.

Ал ол мектептен соң туған ауылында екіжыл жұмыс істеп, кейін екі жарым жылдай әскер қатарында болған сақа жігіт-тін.Неге екі жарым жыл? Біреулер оны «қатарымен біргеекі жыл қызметін тамамдап елге қайтқалы жүргенде шешендермен төбелесіп, алты айайыпкерлер батальонында болыпты» десе, енді біреулер«жоқ, ол ауыр танкінің механик-жүргізушісі екен, сол жылы қарулы күштер базасына жаңа техникалар келіп, жаңа буынжүргізушілерді тәрбиелеу үшін еріктілер қатарында тағы жарты жыл қызмет етіпті» деп жүрді. Кім білсін, рас та шығар. Сөйтіп, әскерденқарашада оралуға тиіс жігіт елге наурыздың аяғы, көкектің басында келді.Келгенде, ауылына бармай, бірден Алматыға келді.

Әлі есінде, сол жылы Алматыда сирень 3сәуір күні гүлдеді. Өзі әскери қызметін өтеген Солтүстік Кавказда да осы шамадагүлдейтін. Ол Карл Маркс көшесімен төмен түсіп келе жатты. Бұрынғы Кировкөшесінің қиылысы әдемі бақ еді. Қыз сирень ағашыныңәсем гүлді бұтағын сындыра алмай әуре боп тұр екен. Жігіт қызға жақындап келіп:

– Қорықпа, мен сенің досыңмын, – деді әзілдеп.

– ...

– Мамаңа айтамын, – деді бұл сынған бұтақтардынұсқап, – мамаң бұл қылығың үшін сазайыңдыбереді.

–Айта беріңіз, – деді қыз күліп, – мамам ұрыспайды.

– Бұл бозқараған ғой, – деді жігіт, – сен білесің бе, қазақша мұны «бозқараған» дейді.

«Бозқараған...

Көрдіңбе бозқараған

Сиреньиісі аңқиды боздаладан.

Бозқараған– тікенек, тікенге өскен

Сиреньгүлін ешкім де қозғамаған.

(Соныңаты, біздіңше, бозқараған)

Қарасудыңжағасы бозқараған

Бозқарағанбұтағын қозғама, адам.

Бозқарағанішінде бойжеткенге

Бозбалаларбозарып көз қадаған».

Мұқағали ақынның өлеңі бұл. Ертең осыараға кел, мен саған жазып әкеп беремін.

– Нені, – деді қыз, – нені жазып әкелесіз?

– Өлеңді айтам. Жоқ, саған ұнамады ма?

– Ұнады. Ұнағанда қандай! Сіз ақынсыз ба?

– Сен үлкен кісінің сөзін бөлме, – деді бұл, – әйтпесе тәртібіңе «екі» қоямын. «Екі» алсаң жылаушы едің ғой, рас па?

– Оны қайдан білесіз? – деді қыз таңғалып.

– Айттым ғой саған, үлкен кісі сөйлескенде қабаттаспа деп.Рафиқа Нұртазина не үйретеді, өзі, сендерге?!

– Сіз біздің мектептің директорын білесіз бе? – деді қыз одан сайын таңырқап. – Сіз, не,біздің мектепке жаңа келген мұғалімсіз бе?

– Сөзді бөлме, одан да менімен бірге жүр. Сирень керемет гүлдеген бір жердібілемін, – деді де, көшені қиып өтіп, «Алатау» кинотеатрынақарай беттеді. Қыз ере түсіп тоқтап қалды. Жігіт соңына қараған жоқ.Кинотеатрдың күнбатысында тоғай боп қалың өскен сиреньнің бір құшақ бұтағын сындырып алып, кері қайтты. Қыз көшенің бұрышында әлітұр екен.

«Бозқараған ішінде бойжеткенге

Бозбалаларбозарып көз қадаған», –

деді жігіт гүлін ұсынып. Қыз күлді.Күлкісі тап-таза екен.

Ол жылдары Алматы мұндай емес,жастықтың қаласы еді.

Ол жылдары Алматыға әр жыл сайын көктемтұңғыш рет келетін.

Ол жылдары Алматы сирень қаласы еді. Сол көктемде қалада сирень кереметтей көп гүлдеді. Ымырт үйірілетау жақтан салқын самал есетін. Самалмен бірге Алматының таспадай тартылған түп-түзукөшелерін қуалап сирень иісі тарайтын. Самалмен бірге Алматының таспадай түп-түзукөшелерін бойлап сирень-әлем көшетін.

– Сіз сондай жақсысыз. Бірақ мен Арманға уәде беріп қойдым. Ренжімеңіз.Ағам боп қаласыз ғой, ә? – деген қызбірде.

– ...

– Сіз маған ылғи да келіп тұрыңызшы. Арман көріп қойса, «ауылдан келген ағайым» дептаныстырамын, жарай ма?

Бұдан кейін деекеуі кездесуін жалғастыра берді. Кездескен сайын ыстық құшақтары айқасакететін.

– Сізбен сүйіскен жақсы, – дейтін қыз, – ал Арман болса барып тұрған жындыбас, бірақ мен оны сүйемін.

Қыз мұның құшағында тұрып Арман туралыайтатын, екеуінің болашақ жоспарларын әңгімелейтін. Жігіт үндемей тыңдаушы еді.

– Сізден жұрттың бәрі қорқады. Ал мен қорықпаймын, – дейтін қыз, – егер Арманға біреулер тиіссесізге айтамын, өзіңіз айтпақшы, быт-шытын шығарасыз ғой, ә?

– Енді былай, нетсе, неғыламыз ғой...

– Жоқ, сіз тура айтыңыз, Арманға болысасыз ба, жоқ па?

– Болысқанда, енді былай ғой, жігіт  өзін-өзі қорғай алмаса қалай болғаны?!

– Әне, көрдіңіз бе, сіз Арманды жек көресіз.Ал мен оны сүйемін. Ренжідім сізге. Кеттім. Сау болыңыз.

– Кетпеші, отыра тұршы.

– Арманға болысасыз ғой?

– Болысамын.

– Ақысына не сұрайсыз?

Жігіт сұқ саусағыменернін көрсетеді. Екеуі қайта құшақтасады. «Сүйгісі келе берер сүйген ерін, Сүй,жаным, сүйкімді бір күйге енемін», – дейді бұл тағы да Мұқағалишылап.

Ұзамай сиреньгүлін төге бастады. Кешегі сұлу әлем күн санап жүдей бастады. Соңғы көргендеқыз бақ ішінде жылап отыр екен.

– Неге жылайсың? Кім тиді саған? – деді бұл, – мен оның әкесін танытайын.

– Керек емес, – деді қыз, – тимеңіз. Мен оны сүйемін.

– Ендеше, неге ренжітеді?

–      Сіздің не шаруаңызбар, жөніңізге жүре беріңіз, – деді қыз өксігін тежеп, – барыңызшы, құдай үшін.

– ...

– Барыңыз! Кетіңіз дедім ғой. Не, түсінбейсің бе? Кет, кет дедімғой саған.

Соны айтты да, орнынан атып тұрып, үйіне қарай жүгіре жөнелді.

… Соданкейін жаңбыр жауа бастады.

Көктебұлттар жош ұрып,

Жылаптұрды Алматының аспаны

Екіжасқа қосылып.

Бұл олардың соңғы кездесуі еді. Қайтыпекеуі жолыққан емес. Арада ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Болды. Тәмәт-тамам. Бұл хикаяныосымен тамамдауға да болар еді. «Өткен күннен белгі жоқ» дейді. Өткен күнненқалған өлең бар. Баяғы өлең.

«Бозқараған...

Сиреньиісі аңқиды боздаладан.

Бозқараған– тікенек, тікенге өскен

Сиреньгүлін ешкім де қозғамаған.

(Соныңаты, біздіңше, бозқараған)»

Одан бері жігітіміз қанша ақынды «ауыстырды» – бірақ бұданөзге өлең жаттаған емес. Тіпті Мұқағалидың да басқа бірде-бір жыры есінде қалмапты. Ана жылы қала сыртындағы Заречное селосындабірге емделген Нарынқолдың бір қазағы: «Бозқараған – басқа ағаш, сирень деп бөртегүлді, яғни бөртені   айтады, Мұқағали қателескен», – деп өзеуреген. Тыңдаған жоқ. Одан бері нелер заман өтті. «Адамның басы – Алланың добы» дейді. Бірақ ол өз өмірінің осындай болғанына Алланы кінәламайды.

БүгіндеАлматының оңтүстік-шығысындағы жатаған үйлердің бірінен кіріп-шығып жүретін ақшашты, шүңірек көз, қушық маңдай, қисық мұрын, қамыт аяқ, сіріңкедей арық қарасұр кісіге көршілері «маскүнем шал» деп ат қойғалы қашан. Үй дейтін үй де емес.Қуықтай екі бөлме. Бақшасының етегін қаусырып «Казачка» дейтін ақбұрқақ өзенағады. Табалдырығынан бастап, туу өзеннің құламасына дейін сирень. Қаладағыпәтерін осы үйге ауыстырып, көшіп келген жылы бұталарын отырғызған еді. Келесіжылы әр тұста тарбиып өскен алма ағаштарын шауып тастап, бақшасына түгел сиреньеккенде көршілері күлген. Күлетіндей де бар еді. Сирень бар болғаны бір жетідейғана гүлдейді. Көзді ашып-жұмғанша гүлін төгіп, қайтадан баяғы тарбиған ұзынбұталарға айналады. Реңіне қарап күні кеше ғана осы бір қара сұр сидам талдыңбұжыр бұтақтарында қай-қайдағыны еске сап, жұпар атқан әсем гүлдер өсіп едідеуге сенгің келмейді. Кеше ғана тұсынан бір қайырылмай өтпейтін жұрт мұның бар-жоғынада назар аудармай, Алматының ағыл-тегіл ерсілі-қарсылы ағынымен асығып кетіпбара жатады. Дүние-жалған деген осы. Бұл көршілерінің осы тақылеттес шаншудайқадалатын суық сөздерін де елеген жоқ. Мұның өкінгені – еккен бозқарағаныбірден тамыр тартып кетпеді, жаңа қонысты жерсінбеді ме, әлде күтімі оңдыболмады ма – екі-үш жыл қатарынан гүлдемей қойды.

Ол ылғи дабір түс көруші еді. Түсінде сирень гүлдейтін. Сирень гүлін құшақтаған балаусақыз анадайдан ақсия күліп жүгіріп келе жататын...

Түн ортасыекен. Сыртқа шықты. Жетіқарақшы Темірқазықты айнала бастапты. Алғашқы қар жауыперіп кеткенімен, тау жақтан бойын тітіркендіріп ызғар жел еседі. Есіктің қыркөзінде өскен сиреньді тамырымен қосып суырып алды. Темекісін құшырлана сорыпбіраз отырды. Бойы тоңази бастаған соң орнынан тұрып үйге беттегенде, бағанағысирень шыбығын сүйретіп ішке алып кірді. Сол шыбық төсегінің басында екі күнжатты. Үшінші күні әр жер-әр жерінен бүр жарғанын байқасын. Дереу қара топырақсалып, шыбықты шелекке қайыра отырғызып, мөлдіретіп қанжылым су құйды. Құйындайұйытқып күтпеген жерден соғатын достары пештің түбінде сорайып тұрған сиреньніңқу шыбығын көргенде мұны мазақтап ішек-сілелері қатқанша күлген. Содан ішубасталсын. Бір-екі күн тойлап олар да қарасын батырды, енді қашан келеріншайтан білсін. Арақтан басқа қайғысы жоқ айғыр топ сиреньнің жапырақ жаябастағанын да аңғармады.

Бұл кездеқыс қаһарына мінген. Бірде ұйқысынан тағы да шошып оянды. Дереу жарықты жағып,сиреньге қараған, ой, тоба, гүлдеп тұр. Екі-үш қатарынан ішкен арақтың қырсығыболар деп, өз көзіне өзі сенбеді. Жақындап барып иіскеп еді, баяғы жұпар:

«Бозқараған...

Сирень иісі аңқиды боздаладан».

Ол жуынып-шайынып,сақал-мұртын алып, таза киімдерін киді. Үйдің ішін тазартты. Есіне ескі грекаңызы түскен: Орман құдайын көне Олимпия елі Пан дейді екен. Пан-құдай бірде (баяғыКарл Маркс көшесін бойлап келе жататын өзінің жастық шағын ойлады) жасыл желекжамылған тоғайды аралап әндетіп келе жатса, ай десе аузы, күн десе көзі бар (бұлтағы да сол қызды еске алды) сұлу қызды көреді.

– Қорықпа, мен сенің досыңмын, – дейді бұл. Қыз қаша жөнеледі.

Қыз –таңның хабаршысы Сиринга періште екен. Пан оның соңына түсіп, қуа жөнеледі.Қатты қорыққан қыз кенет тұра қалады да, ақ гүлдері жұпар атқан жас шыбыққаайналып сала береді. Латын тіліндегі «сирень» деген сөз сол Сиринга періштеніңесімімен байланысты деседі.

Бұл осыаңызды алғаш қашан естіп еді, есінде жоқ. «Шіркін-ай, Пан мен Сиринга содан соңбір рет те кездесе алмағаны қандай өкінішті» деп ойлады ол төсекке бас қойыпжатып. Өзін сол мезет Панға, яки құдайға ұқсатып еді ол пенде. Иә, шынсүйгендерді пенде деп қалай айтамыз.

Ертесінеқұйындай ұйытқып қайта соққан достары есікті бұзып ашты. Жұпар атқан сиреньағашының түбінде аппақ көйлек киген ақ шашты кісі өліп жатты. Бетіне майда-майдааппақ гүлдер төгіліпті. Бөлменің іші жұпар аңқиды. Бөлме емес, жұмақ дерсің.Бәлкім, ол ана дүниеде, шынында, жұмаққа барған шығар.

Тыстажелтоқсанның қары ұйытқи жауып тұр. Ақ түтек. Алматы. Сол Алматы.

Фото: multiurok.ru

Тегтер: