Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:35, 30 Желтоқсан 2024

Сирияның жаңа үкіметі Асад күштерін Тартус аймағынан ығыстырып шығарғысы келеді

Сирия
Фото: Getty Images

Сирияның Тартус аймағында елдің биліктен кеткен президенті Башар Асадтың жақтастары жаңа үкімет полициясының 14 өкілін өлтірді.

 Қараша айының соңында көтеріліске жетекшілік еткен Хайят Тахрир аш-Шам құрған өтпелі үкімет бұл қақтығыс туралы хабардар етті. Жаңа үкімет «Асад күштерін» аймақтан шығару операциясын бастағанын жариялады.

Өтпелі үкіметтің ішкі істер министрі Мұхаммед Абдулрахман құқық қорғау органдары тобы Асадқа адал күштершабуылына тап болғанын айтты. Оның айтуынша, 14 сириялық полиция қызметкері қаза тауып, тағы 10-ға жуық адам жараланған.

Ұлыбританияда орналасқан Сириядағы адам құқықтарын бақылау орталығы атыс кезінде үш  адамның қаза тапқанын хабарлады. Ұйымның хабарламасында олардың азшылықты құрайтын алавиттердің өкілі болғаны айтылмаған.

Сириядағы уақытша үкімет «ел қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін немесе азаматтарының өміріне қауіп төндіретін» кез келген күшке қарсы қатаң шара қолдануға уәде берді.

Асадты қолдайтын күштермен қақтығыс Сирияның батысында, халқының көпшілігі Асад әулетінің тірегі саналатын алавиттер тұратын Тартус порт қаласына жақын жерде болды.

Желтоқсанның 25-і күні Сирияның бірнеше қаласында шииттер мен алавиттер бір уақытта шеру өткізді.

Бұл наразылық акцияларына әлеуметтік желілерде Алеппо қаласындағы алавиттердің әл-Хусейн бин Хамдан әл-Хасиби ғибадатханасына жасалған шабуыл туралы видеоның таралуы себеп болды.

Сирияның жаңа үкіметінің хабарлауынша, әлеуметтік желілерде тарап кеткен видео қараша айының соңындағы шеру кезінде түсірілген. Бірақ бұл мәлімдеме алауиттер арасындағы наразылық толқынын тоқтатуға көмектесе алмады.

Шерулер Хомс қаласында да өтіп, полициямен қақтығыс кезінде кем дегенде бір шеруші қаза тапты. Сондай-ақ Башар Асадтың әкесі Хафез Асад туған Тартус, Латакия және Кардах қалаларында да өтті.

Латакия мен Хомс қалаларында жаппай наразылықтар таратылғаннан кейін 26 желтоқсан күні таңғы сағат 8:00-ге дейін бір түнге коменданттық сағат енгізілді.

Шерулердің талаптары туралы нақты ақпарат жоқ. Reuters ақпарат агенттігінің хабарлауынша, наразылық шеруіне қатысушылар Башар Асад режимі құлағаннан кейін қауіпсіздік кепілдігінің алынуын қалайтын болса керек.

Акциялар өткен аудандар тұрғындарының өкілдері агенттікке бұл оқиғалар Асад режимі құлағаннан кейін алавиттерге қарсы қысым мен зорлық-зомбылықтың күшеюінен туындағанын айтты.

Асад отбасына жататын алавиттер жаңа үкімет Асад режимі кезінде жасалған азаптаулар мен өлім жазасына кесілгендер үшін кек алады деп қорқады.

Аймақтағы алавит жетекшілері Сирияның жаңа үкіметін өз қауымдастығына «жалпы рақымшылық» жариялауға шақырып жатыр.

Дамаскідегі христиандардардың шеруі
Фото: Reuters

Дамаскідегі христиандардардың шеруі

Башар Асад режимін құлатумен аяқталған көтеріліске жетекшілік еткен «Хайят Тахрир аш-Шам» тобының жетекшілері діни және этникалық азшылық өкілдерінің құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге бірнеше рет уәде берді.

Бірақ діни және этникалық азшылық өкілдері өздерінің қауіпсіздігіне алаңдайтындарын айтады.

Атап айтқанда, бұдан бұрын мыңдаған сириялық христиандар Дамаскіде Скалбия қаласындағы шыршаның өртенуіне байланысты наразылық акциясына шыққан болатын. Олар елдің жаңа үкіметінен діни азшылықтың құқықтарын қамтамасыз етуді талап етті.

Алавиттерде христиандарға қарағанда өз қауіпсіздігі туралы алаңдауға негіз көп.

Сириядағы Башар Асад режимінен зардап шеккен он мыңдаған отбасы жақындарының азап шегуі мен жойылуына жауаптылардың «әділ сот пен жазаны» күтіп отыр.

2011 жылы басталған азаматтық соғыс кезінде үкімет жүздеген мың адамды азаптауға арналған лагерьлерде ұстаған.

Кеңсесі Түркияда орналасқан Седная түрмесінде ұсталғандар мен хабарсыз кеткендер қауымдастығы (ADMSP) 2011-2018 жылдар аралығында түрмеде 30 мыңнан астам тұтқынның азаптаудан, медициналық көмектің болмауынан немесе аштықтан өлім жазасына кесілгенін немесе қайтыс болғанын хабарлады.

Бұған қоса, Башар Асад үкіметі тұсында қызмет еткен бұрынғы офицерлер қаруларын тапсырудан бас тартып отыр, ал Сирияның жаңа үкіметі олар билікті қайтарып алуға тырысады деп қауіптенеді.

Тегтер: