Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 16 Мамыр 2024

Сыртқы қарыз. Мемлекеті халқына ұқсайды

сыртқы қарыз
Фото: the-steppe.com

Қазақстанда халықтың банктерге берешегі көп екені секілді мемлекеттің сыртқы қарыздарының да артып бара жатқаны жиі айтылады. Жыл басындағы есеп бойынша Қазақстанның әлем елдеріне мемлекеттік борышы 27 триллион теңгеге жеткен.

Ал Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының соңғы есебінде елдегі бюджеттік шығыстар өсімінің төрттен бірі (!) шетелдік қарыздарды өтеуге жұмсалатынын мәлімдеді.

Аталған қауымдастықтың аналитикалық орталығы 2024 жылдың бірінші тоқсанын қорытындылап, республиканың жиынтықты бюджетіне шолу жасаған. Олардың айтуынша, бұрын бюджет шығыстарының өсімі әлеуметтік салаларда – жалақы, зейнетақы, жәрдемақылар төлеуге жұмсалса, қазір жағдай мүлде өзгерген. Бүгінде бюджеттік шығыстар өсімінің 92 пайызы мемлекеттік қарызды өтеу мен оған қызмет көрсетуге жаратылады. Ал республикалық және жергілікті бюджет шығысының 26 пайызы борыш өтеуге кетіп жатыр. Соған қарамастан, билік қарыз алуын қоя алар емес. Дефицит мәселесін шешер кезде көрпемізге қарап көсілейік деп алдын ала сақтанған үкімет 2024 жылы алынатын қарыз көлемін 6,6 триллион теңгеден асырмаймыз деп жоспарлаған. Бірақ мұның өзі өткен жылмен салыстырғанда 844 миллиард теңгеге көп. Қарыз тек өсіп жатыр. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы да мемлекеттің борышы тек арта береді, бюджет қарызға бата береді деп болжайды. Осы мәселе жөнінде қаржыгер Арайлым Төребектен сұрап көрдік.

Сыртқы қарыз соңғы алты жылда екі есеге жуық өскен

«Елдің қуаты экономикасына қараса, оның сыртқа қарызы үлкен экономикалық фактор. Сондықтан да мемлекеттік қарыз дегеніміз өте күрделі тақырып. Осы орайда сыртқы қарыз бен мемлекеттік қарыз деген ұғымдарды шатастырмау керек. Сыртқы қарыз дегеніміз – инвестиция есебінде келетін қаржы көзі. Мәселен, фирма фирмаға, компания компанияға қарыз болса мемлекет оған жауапкершілік алмайды. Ал мемлекеттік қарыз дегеніміз – мемлекет кепілдік беретін қарыздар.

Негізінен, барлық әлем елдері экономикалық саясатты жүзеге асыруда мемлекеттік қарызды пайдаланады. Біздің жағдайда болса, үкімет бюджеттік дефициттерді толықтыру үшін қосымша қаржыландыру көздерін іздестіруге мәжбүр. Себебі қажеттілігі дәлелденген, соншама талқылаудан өткен бюджеттік шығысты қысқарту мүмкін емес. Ал қажеттілік көп... Бұл орайда негізінен шет мемлекеттерден, халықаралық ұйымдар мен банктерден қарыз алу деген нұсқалар қарастырылады. Солай-солай қарыз алына береді. Соның өтелмеген бөлігі, міндеттемелері, несиелері және оларға байланысты төленбеген пайыздарды қосқандағы сома – мемлекеттік қарыз. Біздің осы берешегіміз жылдан жылға артып келеді. Мәселен, мемлекеттік қарыз 2018 жылы – 14,8 трлн, 2019 жылы – 15,7 трлн теңге болды. 2021 жылы ЖІӨ-ге шаққандағы үлесі тарихта болмаған өсім көрсетті. Ал қазіргі қарыз – 27 трлн теңге. Сандар бәрін көрсетіп тұр.

Біздің елде ЖІӨ-ге шаққандағы шекті деңгей – 32 пайыз. Ал Дүниежүзілік банктің есебінше, 77 пайыздан артып кетсе ел экономикасы үшін қиындықтар туындайды. Десек те, шекті деңгейге жетпедік деп арқаны кеңге салу да дұрыс емес. Себебі қарыз көбейіп бара жатқаны – факт. Ол көбейген сайын үстіндегі пайыз да артады. Демек, шығын көбейе береді. Бұл өз кезегінде бюджетке қысымды арттыруы ықтимал. Яғни қарыз көбейген сайын басқа приоритеттер жайына қалып, тапқан-таянғанның бәрі қарыз төлеуге кетуі ғажап емес. Оған қоса, мемлекеттік қарыздың көптігі валюта бағамына, ұсынылатын пайыздық мөлшерлемелер мен кредиттік рейтингтің түсуіне әкелуі мүмкін. Әрі ірі кредиторларға әртүрлі деңгейдегі, сипаттағы тәуелділік туындауы мүмкін екенін де жоққа шығара алмаймыз. Және бүгін біз алып жатқан қарызды келешек ұрпақ қаншама жылдар бойы төлейтінін де ескеру керек».

Ұлттық қордағы ақшаны жұмсаудан қорқып, сырттан қарыз аламыз

Иә, шекті деңгейге әлі қайда деп еркінсімеу керек. Алайда біздің үкімет алаңсыз. Су жаңа қаржы министрі Мәди Такиев:

«ЖІӨ-ге қатысты мемлекеттік қарыз 22,8 пайыз, ал қауіпсіздік лимиті 32 пайыз деп белгіленген» деп, жағдай қалыпты екенін жеткізуге тырысқандай болған. Оның алдында экс-министр Ерұлан Жамаубаев та қарыз жалпы ішкі өнімнің 25 пайызынан аспайды, бәрі жақсы деген. Алайда қарыз артқан үсті артып жатты. Өз кезегінде Смайылов үкіметі алғаш рет қабылданған «Мемлекеттік қаржыны басқарудың 2030 жылға дейінгі арнайы тұжырымдамасы» арқылы мәселені шешпек болған. Десек те, соңғы есептер ахуалдың оңалмағанын аңғартып отыр.

Қарыздың алынуы, қайтарылуы өз алдына, ол қаншалықты тиімді жұмсалып жатқаны тағы сұрақ. Негізі, мемлекеттік борыш алу белгілі бір логикаға, ел экономикасының мүддесіне негізделуі тиіс. Бірақ біз бұл жағынан да ақсап тұрмыз. Осы мәселе жөнінде экономист Расул Рысмамбетовтің пікірін сұрадық.

«Әлемнің кез келген жерінде, кез келген уақытта инфляция тоқтаусыз жүріп жатыр. Сондықтан әр ел, әр банк пайыздық мөлшерлеменің өсуін көздеп, еркін ақшаларын бір жерге салуға тырысады. Бұл заңды да. Инфляция ақшаны «күйдіріп» жібермеуі үшін осындай қадам қолданылады. Осы бағытта мемлекетке қарыз беру – ең сенімді қарыз беру. Өйткені кепілдікті мемлекет береді.

Қазақстан қарыз алуда «белсенді». Әлем елдері де бізге сенеді. Себебі мұнай бар, басқасы бар, халық бай болмағанымен, мемлекетіміз өте бай. Оған қоса, несиелік тарихымыз да жақсы. Біз де қарыз алуда аянып қалып жатқан жоқпыз. Қазақстанда салық жинау жағы осал, салықтан түсетін ақша аз. Оның өзі әлеуметтік шығындарды қамтамасыз етуге жұмсалуда. Бірақ бізде бюджетті дамыту қажеттілігі бар ғой. Осы бағытта Ұлттық қордағы ақшаны жұмсағымыз келмей, сырттан қарыз аламыз. Ол бір жағынан дұрыс та, өйткені Ұлттық қордағы құнды қағаздарды қазір сату тиімсіз болуы мүмкін. Олар сонда жатсын, өссін деп, сырттан ақшалай қарыз алғанды жөн көреміз. Бұл да ұтымды шешім емес, бірақ мәжбүрміз. Себебі біздің инвестицияларымыз қарыздың пайыздарына қарағанда тезірек өседі деген болжам, есеп бар.

Бұдан бөлек, барлық бюджеттік органдар қаржы министрлігіне өз жоспарлары мен қажеттіліктерін дәлелдеп, ақша сұрайды. Оның ішінде министрлік растағандары парламентке барады. Ал парламенттегі депутаттарымыз қаржылық жағынан қаншалықты сауатты? Мойындауымыз керек, қаржылық білім аздау, асықпай отырып талқылап жатқандары тағы байқалмайды. Бәрі асығыс. Қолдарын көтереді, сонымен мәселе «шешіледі». Осы бюджетті толық қамту үшін де шетелдерден қарыз алып жатамыз. Солай-солай қарыз көбеюде.

Әрине, дүниежүзілік экономиканың өзі қарызға негізделген. Бүкіл әлем бір-біріне қарыз. Дамыған елдердің өзінде берешек шаш-етектен. Алайда олар алған ақшасын өз экономикасын дамытуға жұмсайды, оңтайлы пайдаланады. Шын мәнінде, қарызды ертеңгі күні мемлекетке ақша алып келетін нәрсеге алу керек. Мұнда да логика болуы тиіс. Ал біздегі алынған қарыз активтерге жұмсалып жатыр деп айту қиын. Соңғы 3-4 үкімет осы тұрғыдан өте әлсіз болды. Ақшаны алды, жұмсады, «шомылды». Бірақ ұмытпау керек, алынып жатқан мемлекеттік қарыздың бәріне мемлекет кепіл. Мұндағы кепілдік – елдің бюджеті. Егер қарызды уақытылы қайтара алмасаң оны реструктуризациялап, қайта бөлесің. Бұлай уақыт созған сайын пайыздар арта береді. Ал оны төлейтін бюджет қарызға батып жатса экономикалық дамудың ауылы алыстай бермек. Қарыз да көп, пайыз да өсе берсе, ол ақша әкелетін арналарға жұмсалмаса, мемлекеттік қарыз мәселесі ушыққан үсті ушығады».

Ұлттық қорды сақтап, сырттан қарыз алу – амалсыздық болса да ақылды қадам екен ғой, қайтсін-ай деп ойлана бастайсың... Сосын, Ұлттық қордан 2018 жылы 2,6 трлн, 2019 жылы 3 трлн, 2020 жылы 4,7 трлн, 2021 жылы 4,5 трлн, 2022 жылы 4,6 трлн, 2023 жылы 4 трлн теңге жұмсалғаны есіңе түседі. 2024 жылы 3,6 трлн теңге алынатынын да естіп алдық. Біз не Ұлттық қорды сақтай алмай, не сыртқы қарызды тоқтата алмай, әрі-сәрі күйде тұрған сияқтымыз.

Ал біз 2030 жылы Ұлттық қорымыз 100 миллиард АҚШ долларына жетеді деп жүрміз...

Баян Мұратбекқызы

Тегтер: