Сыздықбековтің популизмі: жарты миллиардтық қошемет

2025 жылдың көктемі Шымкент әкімдігі үшін оңай соғып тұрған жоқ. Бір жағынан әкімдік ішіндегі жемқорлыққа қатысты Берденовтің мәлімдемесі, екінші жағынан дәл осы қала әкімінің орынбасарына жасалған қарулы шабуыл салдарынан БАҚ қазір қала әкімі Сыздықбековтің әр қимылы мен ісін бақылауға алған.
Енді тағы да «Шымкент әкімі шапан мен шапалаққа жарты млрд теңге жұмсамақшы...» деген тақырыппен телеграм арналар мен әлеуметтік желілер Сыздықбековтің алдағы мерекелерге қыруар қаржы жұмсап, тойлағалы жатқанын жазып жатыр.
Нақтылай айтатын болсақ,әлеуметтік желілер мен телеграм арналарда Шымкент әкімдігінің 2025 жылғы мерекелер мен мейрамдарға (оның ішінде Жеңіс күні де бар) арнап ұйымдастырылатын іс-шараларға 475 миллион теңге қаржы бөлгелі жатқаны туралы ақпарат тарады. Хабарларға қарағанда, бұл қаржы қымбат сахна құруға, эстрада жұлдыздарын шақырып, шапан жауып шығарып салуға жұмсалмақ. Қоғам бұл шығынды «ақша шашу» деп бағалап отыр. Олардың айтуынша, осындай кезеңде халықтың қарапайым қажеттіліктерін қанағаттандыру бірінші орында болуы тиіс еді. Ал мәдени іс-шараларды қыруар қаржы жұмсап, басқа жақтан алдырмай-ақ жергілікті өнерпаздармен де өткізуге болады.
Биыл жыл басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекеттік бюджетті үнемдеуге шақырып, «көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет» деген. Әшейінде, әр ісін «президент тапсырмасымен» деп бастайтын үкімет Тоқаевтың сөзін құп алды. Бірақ Шымкент әкімдігіне президент тапсырмасы жүрмейтін сияқты. Оның үстіне, бюджет тапшылығы ушығып, халық күн сайын қымбатшылықпен күресіп жатқанда, мұндай даңғазаға осыншама қыруар қаржы шашу қаншалықты орынды деген сауал туады. Әрине, мереке өткізуге, халықтың көңілін көтеруге болады. Бірақ бюджет тапшылығының орнын толтыру мақсатында жаңа салық заңы енгізіліп, оған жұрт наразылық білдіріп, әрі-сәрі күйде жүргенде Шымкент әкімдігінің той тойлауға деген тәбеті Пушкиннің «Пир во время чумы» деген сөзін еске түсіреді.
Бұдан бөлек, Шымкенттің өзінде шешілмей отырған күрделі мәселелер жетіп артылады. Ол туралы жергілікті заңгер «Жас Алашқа» берген сұхбатында да айтып өтті (Айгүл Орынбектің нақты не айтқаны Jas Alash Youtube-арнасында жарияланды). Қала шетіндегі аудандарда жолдың сапасы сын көтермейді, жер дауы әлі шешілмеген. Көрсетіліп жатқан қысым туралы жергілікті кәсіпкерлер үнемі айтады.
Тендерді қандай компания ұтып алды?
Бұл ақпаратқа байланысты біз де өтірік-шынын анықтау мақсатында іздеп көрдік. Мемлекеттік сатып алулар сайтын қарай келе айтылып жатқан ақпараттың рас екеніне көз жеткіздік. 2 сәуір күні Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағаттар бөлімінің «Мәдени іс-шараларды ұйымдастыру дирекциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі биылғы мерекелік іс-шараларды ұйымдастыруға деп 475 млн 466 мың теңгеге тендер жариялапты. Арада апта өтер-өтпес – 9 сәуір күні оның жеңімпазы да анықталып үлгерді. Аталған тендерді Алматының «Гранд Тауэр Сервис» деген компаниясы ұтып алған.

Бұл компания нарықта 21 жылға жуық уақыттан бері қызмет көрсетіп келеді. Директоры – Ерболат Ержанұлы. Құрылтайшылары – Ерәсіл Мәуленов пен Нұрсұлтан Нәлібек. Кәсіпорынның былтырғы қаржы айналымы 2 млрд теңге, төлеген салығы 40 миллион теңгеге жуық. Алайда бұл компанияның құлдыраған шағы. 2023 жылы аталған компанияның қаржысы 11 млрд теңгеден асқан. Қазынаға да 213 миллионнан аса қаржы аударған. Оның жалпы төлеген салығы – 606 млн теңгеден асады.
Енді осы кәсіпорын жыл соңына дейін Шымкентте өтетін мерекелік-іс шараларға жауапты болады.

Салғырт әкімдік 7 жасар баланың обалына қалды
Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков өз жұмысын бастан-ақ «ашықтық», «адалдық» ұрандарымен бастаған. Алайда көп ұзамай бұл сөз іс жүзінде жүзеге аспай, құрғақ мәлімдемелерге айналған сыңайлы. 2024 жылы Тұрғын үй басқармасының басшысы Азат Момынов жемқорлықпен ұсталғанда, қоғам әкімдіктен нақты жауапкершілік күтті. Бірақ Ғабит Сыздықбеков өз орынбасарының отставка туралы өтінішін қабылдамай, саяси жауапкершілікті ысырып қойды. Шендінің әрекеті қоғамда әкімге деген сенімділікке үлкен күмән тудырды. Бұл туралы газетіміздің өткен санында көлемді мақала да жарияладық.
ОҚИ ОЫРЫҢЫЗ: ШЫМКЕНТТЕ АТЫЛҒАН ОҚ: ҚОҒАМ НЕГЕ ҚАТАЛДЫҚ ТАНЫТТЫ?
Қош, сонымен жоғарыда Шымкентте шешімін таппай жатқан мәселе шаш-етектен деп айтып өттік. Оның бәрін тізіп отырмай, жақындағы қаладағы қайғылы оқиғаға ғана тоқталып өтейік.
Тұран ауданындағы кәріз құдығының мәселесі қала тұрғындарының шешілмейтін проблемасына айналғалы жыл өткен. Қазылып, ашық жатқан кәріз құдығына бірнеше рет балалар түсіп кете жаздаған. Содан кейін тұрғындар кәріз құдығының мәселесін шешіп беруді, оған балалар түсіп кетуі мүмкін екенін айтып, әкімдікке бірнеше мәрте арызданған. Бірақ соншама арыздан кейін де әкімдік тарапынан реакция болмапты. Нәтижесінде 12 сәуір күні сол лай су жиналған шұңқырға 7 жастағы бала түсіп кетіп, қаза тапты. Енді баланың анасы бұған әкімдіктің атқамінерлерін кінәлайды. Қайғылы жағдайдан кейін ғана әкімдік өкілдері оқиға орнына келген. Алайда нақты шешім де, жауапкершілік те байқалмаған. Шенеуніктер өздерін ақтап, бар кінәні мердігер компанияларға аударумен шектелген. Тек шұңқырды жабуға 1 апта уақыт кететінін айтқан. Міне, әкімдіктің салғырттығы тағы бір сәбидің өмірін жалмады.

Берденовке атылған оқ тендерге байланысты болуы мүмкін
21 сәуірде қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке әкімдікке қарасты компания басшысы оқ атты. Бұл жағдай Шымкент әкімдігінде ішкі тәртіптің, кадрлық саясаттың қандай дәрежеде екендігін ашық көрсетті. Берденов бұған дейін өзін жемқорлықпен күрескер ретінде көрсетіп жүрген. Алайда оның батылдығы нақты нәтиже бермей, ақыры әкімдік ішіндегі қарама-қайшылықтың құрбанына айналдырды. Әзірге күдіктінің не үшін мұндай қадамға барғаны белгісіз. Әлі ресми ақпарат шыққан жоқ. Не десек те, білдей әкім орынбасарын әкімдік алдында атып кету үшін үлкен себеп болуы керек. Иә, жақында оның ықтимал себебі де айтылды. Жергілікті БАҚ-та тараған мәліметке қарағанда Шымкент әкімінің орынбасарына жасалған қастандық бюджеттен бөлінген 3,4 миллиард теңгеге байланысты болуы мүмкін. Әкімдіктегі және Respublica партиясындағы дереккөздердің айтуынша, қастандықтың себебі қаланың көпқабатты тұрғын үйлерін күрделі жөндеуге бөлінген қаржы. Ал бұл қаржы «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ға бағытталған. Аталған компания Шымкенттегі көпқабатты үйлердің тұрғын үйді қайта жөндеумен айналысады. Оның басшысы қазір күдікті ретінде ұсталған – Ернар Жиенбай. Қастандықтан шамамен он күн бұрын Шымкент әкімдігінде құрылыс саласының өкілдері қатысқан кеңес өткен. Жиында Берденов пен Жиенбай арасында жанжал туындап, Ернар Жиенбай агрессивті мінез-құлқы үшін залдан шығарылған. Осыдан кейін оның қызметінен босатылу мүмкіндігі талқылана бастаған.
Жалпы, Шымкентте 2024-2026 жылдарға арналған көпқабатты үйлерді күрделі жөндеу бағдарламасы аясында 3,4 миллиард теңге игеру көзделген. Бұл жобалар тендер өткізбей-ақ «Тұрғын үй Шымкент» компаниясына берілген. Алайда мемлекеттік сатып алулар порталында осыған қатысты ашық конкурс өткізілгені туралы ақпарат жоқ. Ресми мәліметтерге сәйкес, 2024 жылы 15 көпқабатты үйде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған. 2025 жылы жоспарланған 22 үйдің 10-ында жөндеу жұмыстары басталған. Алайда бейресми ақпарат бойынша бөлінген қаражаттың бір бөлігі мақсатсыз жұмсалған немесе иемделген болуы мүмкін. Бұл мәселеге қатысты қазір әкімдік ішінде қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр.
P.S. Шымкентте 475 миллион теңгеге қымбат той тойлауды жоспарлап отырған әкімдік осы қаржыға қаншама мәселесін шеше алар еді. Алайда бұған дейінгі мақаламызда айтқанымыздай, қала әкімі тағы да популизм жолын таңдап отыр. Жалпы елімізде той тойлағыш әкімдер көбейіп бара жатқан секілді. Маңғыстау әкімі Қилыбайдың популизмін бұған дейін жаздық. Енді осы санатқа Сыздықбеков те қосылып отыр.
Айтпақшы, әкімдіктен «475 млн теңге нақты қандай іс-шараларға жұмсалады, қандай қызметтер атқарылады» деп сұрадық. Мақала жазылып біткенше жауап келмеді. Сосын Сыздықбековке бұл жайында ресми сауал жолдадық.
Тұрсынбек БАШАР