Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:30, 13 Тамыз 2024

Смайылов Назарбаевқа ауыз салды

Смайылов
Фото: Жас Алаш коллаж

Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанның 12-ші премьер-министрі болып тағайындалып, содан бергі екі жылдан астам уақыт бойы бір ісі өнбей қойған, сыннан көз ашпаған, ақыры орнын Олжас Бектеновке босатып берген Әлихан Смайыловтың есімін Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы болғалы бері жиі естіп қалатын болып жүрміз.

 «Таз ашуын тырнадан алады» дей ме, әлде премьер-министр болып онша жаға алмаған президент Тоқаевтың ығын тапқысы келе ме, әйтеуір екпіні қатты. Тіпті ол қыза келе Назарбаев зияткерлік мектептеріне ауыз салыпты.

НЗМ, НЗМ ғана емес, экс-президент Назарбаевтың аты қосамжарласа жүретін бар «мұраға» қатысты қоғамның да, биліктің де ұстанымы қатқыл. Қоғамдікі түсінікті, НЗМ-ді жауып тастаса дейді, жаппаса да атын өзгертсе дейді... Ал Ақорда үшін Назарбаев есімі қысылғанда қойнынан шығара қояр жылтырақ іспетті, керек кезінде «мә, ойнай тұрыңдар» деп, елді алдаусыратқанға жақсы. Назарбаевты жамандау қазір баяғыдай өтімді тақырып емес, десе де, биліктің карт-бланшы азая бастағанда әлі де пайдаланып көруге болады. Әсіресе оның атына берілген «мұраларды» қалпына келтіру тұрғысында.

Бір қарағанда Смайыловтың НЗМ-ге өздігінен соқтыға қояр жөні де жоқ. Назарбаев кезінде тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да босағадан төрге озды (Қаржы министрі болып тұрған кезіндегі әлгі бір атақты жиын есіңізде болар). Әрине, Назарбаевтан жаппай бас тарту басталғалы бері, оның қай «жақсылығын» кім ескеріп жатыр, Смайылов та көптің бірі ретінде бір кездегі жарылқаушысын мансұқтап жатқанына таңғалуға болмайды. Таңғаларлығы, НЗМ басқа емес, үкіметке тікелей қарайды. Кеше ғана өзі премьер болған адам, палатаға барғанына жарты жыл өтер-өтпесте бір кездері өзінің қарамағында болған мекемені жерден алып, жерге салып жатыр. Соған қарағанда, НЗМ-ге бір тықыр таянса таянған-ақ шығар.

Сонымен, Смайылов Жоғары аудиторлық палата отырысында «2019-2023 жылдардағы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижелерін» жариялады.

Аталып отырған бес жыл ішінде Назарбаев Зияткерлік мектептері жұмысына бюджеттен 250 млрд теңге бөлініпті. Смайыловтың көңілі толмай отырғаны – жалпы білім жүйесінде НЗМ-нің рөлі қандай деген мәселені осы күнге дейін ешкім айқындамапты. Яғни НЗМ өзінің атына сүйеніп, осы уаққа дейін нақты міндеті не, функциясы мен көрсеткіші қандай деген сұрақтарға бас қатырмаған.

Осы бес жыл ішінде Қазақстанның білім жүйесін дамытамыз, оқушыларды білімге жеткіземіз деп, қаншама оқулық жазылды. Аудиторлық палатының мәліметі – 3 000. Міне, осының бар болғаны 67-сі, яғни 2 пайызы ғана НЗМ-ге тиесілі екен. О баста орта білім беру жүйесін дамытады, бар мектепке үлгі болады деп ашқан мектептің әлеуеті толық пайдаланылмай отыр екен. Смайылов НЗМ-ге кеткен ақшаға премьер-министр кезінде де, одан бұрынғы вице-премьер кезінде де, оның алдында қаржы министрі кезінде де мән бермеген сияқты. Жоғары аудиторлық палатаға келгенде кенеттен көзі ашылып, НЗМ-нің бюджетін көргенде шын таңырқаған сияқты, жаңа құрылған Ұлытау облысының бюджетімен салыстырыпты.

«Ұлытау облысының барлық бюджеті көлеміндегі қаражат осы бес жылдан аз уақыт ішінде Назарбаев Зияткерлік мектептеріне бөлінген. Оның ішінде 22 млрд теңгеден астам қаражат тәжірибені таратуға қаралған. Статистиканы қалай қарасақ та, өкінішке қарай, айтарлықтай өзгеріс жоқ. Оның үстіне, бұл тіпті мемлекеттік жоспарлау жүйесі шеңберінде де қамтылмаған», – депті «жағасын ұстап».

Қысқасы, Смайыловтың палатасына сүйенсек, НЗМ былыққа әбден батқан. Қаражат жұмсауда ашықтық жоқ, ана ақша анда, мына ақша мұнда кетті деген есеп жоққа тән, қаншама іс-шара өтеді деп ақша бөлген, ал іc-шара өтпеген. Бес жылға жуық уақытта 8 млрд теңге орындалмаған іс-шараларға кеткен. Ең қызығы, Назарбаев мектептері қаншама ақшаны игере алмаған.

«Бұл ретте пайдаланылмаған қаражатты кейінгі қаржы жылдарына ауыстыру мүмкіндігі бюджетті жаңа жоспарлау кезінде әрдайым ескеріле бермейтін бюджет қаражаты қалдықтарының едәуір көлемінің қалыптасуына алып келді. Мәселен, 3 жыл ішінде НЗМ 16,4 млрд теңге көлеміндегі қаражатты игермеген, ал банк шоттарында жыл сайын 27-ден 55 млрд теңгеге дейінгі мөлшерде қаржы қалдықтары жинақталған», делінген хабарламада.

НЗМ тендер ойнату бойынша да 10,5 млрд теңгені заңсыз үлестірген. 1 млрд теңгеден астам сомаға бір көзден сатып алу тәсілін заңсыз қолдану, өтінімдерді негізсіз жіберу немесе қабылдамау, сосын тауарларды жоғары бағалап жіберген сәттері де аз емес екен.

Қысқасы, Смайылов майшаммен жүргізген мемлекеттік аудит бойынша:

«274,4 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар;

8,3 млрд теңгеге қаражатты тиімсіз жоспарлау;

шамамен 6 млрд теңгені тиімсіз пайдалану;

134 рәсімдік бұзушылық пен 30 жүйелік кемшілік анықталған.

Тексеру іс-шараларының қорытындысы бойынша 1 материал құқық қорғау органдарына, әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар тағы 10 факті бойынша материал әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін уәкілетті органдарға жіберілген».

НЗМ-нің құрылтайшысы – Қазақстан үкіметінің аппараты екенін айттық. Смайылов бұдан бұрын Нұрсұлтан Назарбаевқа және оның айналасына қатысты компанияларға, ұйымдарға аудит жүргізгенін естімедік. Демек, мұны не Назарбаевтардың соңынан «охота» басталды, не үкімет пен Смайыловтың арасында айтылмай қалған, аяқталмай қалған бірдеңе бар деп болжауға болады.

Олжас Сламжан