Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 10 Шілде 2024

Смайылов түстен кейін оянғанда ЭКСПО дақпыртынан түк қалмаған еді...

Смайылов
Фото: Коллаж: kursiv.media

Жуырда Жоғары есеп палатасының төрағасы Әлихан Смайылов Астанадағы ЭКСПО ғимараттары өзін-өзі толық ақтамай тұрғанын мәлімдеді.

 «Табысы ұлғайғанмен, ЭКСПО ғимараттары өзін-өзі ақтамады» деген Смайылов болашақта бұл компанияға да аудиторлық тексеріс жүргізілетінін айтты. Жалпы, біз 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесін өткізерде көрме өткеннен кейін ондағы ғимараттар ел экономикасына қызмет етеріне сенімді болғанбыз. Әсіресе сол кездегі үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев көрме ғимараттарының «жасыл технологияларды дамытатын» «Нұр әлем» болатынын жиі айтатын. Компанияны басқарушылар да ЭКСПО-ның болашағына қатты сенген. 

Осы көрмені өткізудің жолында барымызды салып, біраз тыраштандық. Көрмеге «әлемнің түкпір-түкпірінен 100-ге жуық ел, 10 халықаралық ұйым, 3 млн адам қатысады» деп, келетін қонақтардың алдында «жүзіміз төмендемеуі» үшін бар бар ресурсымызды төктік. Міндетті қонақ. ЭКСПО-ға «Болашақ энергиясы» деп содан қуат алардай айғайлатып ат қойдық, көрме кешенін салуға аямай кесіп 174 гектар жер бердік. Республикалық бюджеттен ЭКСПО көрмесіне: 2013 жыл – 20,3 млрд теңге; 2014 жыл – 46,1 млрд теңге; 2015 жыл – 154,2 млрд теңге; 2016 жыл – 276,2 млрд теңге; 2017 жыл – 77,3 млрд теңге бөлінді. ЭКСПО көрмесін өткізуге бас-аяғы бес жыл ішінде республикалық бюджеттен 543,53 млрд теңге қаражат бөлінді. 

Бұдан бөлек, зейнетақы қорынан да көрменің құрылысын салуға қаражат бағытталды. Мысалы, әскерилер қазір Астанаға барған сайын «ЭКСПО-ны біздің зейнетақымызға қалай салыпты?» деп те әзілдейді. Әскерилер ғана емес, бұл көрмені салуға 2016 жылы Қазақстан «Даму» банкі арқылы зейнетақы қорынан алынған қаражаттың 15 млрд теңгесін бөлді. Көрмені өткізуге қаншама еріктілер тартылды. Тіпті көрмені көруге міндеттеліп, мәжбүрлі түрде барғандар да болды. Артынан той тарқап, есеп беру сәті келгенде көрмені ұйымдастырушы Астанадағы Халықаралық көрмелер бюросы жоспарды асыра орындағанымызды мақтанышпен жеткізді. Аталмыш бюроның есебінше, ЭКСПО 2017 көрмесіне біз күткеннен де көп мемлекет қатысқан. Көрмеге 115 мемлекет, 22 халықаралық ұйым және көрмені тамашалауға келген адам 3 миллионнан асып кетіпті. 

Сөйтіп, жаһанды дүбірлеткен ЭКСПО-2017 көрмесінің өткеніне биыл жеті жыл болды. Ғажайып той тарқағаннан кейін үкімет көрмеден қалған ғимараттарды ұқсату, кәдеге жарату мәселесін де ойластырмады емес, ойда ұстады. Қазір де Астанадағы ЭКСПО жұмыс істеп тұр. Бірақ көрмеге ағылып барып жатқандардың қарасы онша көрінбейді. Бір жылдары ЭКСПО-ның бос тұрған ғимараттарын тұрғын үй кешендеріне айналдыру жайы да сөз болды. Ондағы нысандардың біразы бизнес үшін жалға да берілді. 

Әйтсе де, 2017 жылдан бері ЭКСПО павильондарын күтіп ұстауға ғана бюджеттен 6,7 млрд теңге қаражат жұмсалған. Бұл электр энергиясы, сумен жабдықтау, басқа да шығындар үшін төленіп отырған сома. Барлық шығынды былайша айтқанда, қазір халықтың салығынан түскен қаржы осы ғимараттардың қаңқасын ұстап тұруға жұмсалып отыр. Ал кезінде «миллиардтаған долларға салынған нысан өзін-өзі ақтайды» деп уәде берген шенеуніктердің ізін де таппай қалдық. Смайыловтың тексерісі бұл жағын қазбалай қояды дегенге сену қиын. 

Бүгінде ЭКСПО дегенде халықтың көз алдына дамыған жасыл технологиялар, инновациялық экожүйелер елестемейді. Керісінше, ел ЭКСПО-ның айналасындағы заңсыздықтарды, құлақты елең еткізер оқиғаларды жадында сақтап қалған. Әу бастан көрме салына бастағаннан-ақ бұл құрылыста жанжал көп болды. Мысалы, «ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясын екі жарым жыл басқарған Талғат Ермегияевтің ісін халық әлі ұмытқан жоқ. «Мемлекеттік мүлікті жымқырды» деген айыппен Ермегияев көрме өтпей жатып-ақ 2016 жылы 14 жылға сотталып кете барды. Онымен бірге 23 адам, оның ішінде осы ұлттық компанияда басшылық лауазымда болған адамдар да тергелді, істі болды. Бұл ұрлықтың жалпы сомасы 10,2 млрд теңге болды.

Ал былтыр бас прокуратура ЭКСПО көрме кешенінің аумағында құрылыс нормаларының бұзылғанын анықтады. Енді жоғары есеп палатасы өз кезегінде «ЭКСПО-2017» компаниясын да тексереміз деп отыр. «Жау кеткен соң қылышыңды боққа шап» деген қазақ. Әйтпесе, «ақсақ қой түстен кейін маңырайды» деген мақалыңызды да айтқан өз бабаңыз. Жеті жыл өткен соң құрылыс нормалары сақталмады деген сөзге бұл не қылған қырағалық деп отырып қаласың. Ал ғимараттар өзін ақтамайды деген Әлихан Смайылов ЭКСПО-ға дайындық жылдары ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетін басқарып, Назарбаевтың көмекшісі қызметін атқарған. Одан кейін қаржы министрі де болған. Экс-президенттің көмекшісі болған кезін айтпағанда екі бірдей жауапты құрылымда қызмет еткен жылдары неге осы ЭКСПО-ға бас қатырмады екен деген сауал туады. Көрме өте салып, министр болған кезі – қолында құзыр бар уақыт. Онда неге үнсіз болды? Ал қазір неге сонша белсенді бола қалды? Түстен кейін «дауыс шығарудың» енді қандай пайдасы бола қоярын кім білсін, әйтеуір Әлихан мырза қазір білегін сыбанып-ақ отыр. 

Жұрттың көрмесі – көрме, біздің көрме – ғимарат 

«ЭКСПО-2017» көрмесін өткіземіз дегеннен бастап, жер мен көкті ұранға толтырыппыз. Құрылыс саламыз, атауын береміз, ғажайып той жасаймыз, «Нұрлы әлемге» айналдырамыз деген желеумен жымқырыппыз, тонаппыз, пайдасыз ғимарат салыппыз. ЭКСПО өткізуде экономикалық тиімділікті, инновациялық біліктілікті қамтып қалуды емес, құр мақтан үшін барымызды салыппыз. Мысалы, бізден кейін Дубайда ЭКСПО-2020 көрмесі өтті. Сол көрмеге барып келген қазақстандықтардың өзі бұл елде өткен көрменің барынша қарапайым болғанын айтып жүрді. Біздей мақтанға құл ел бар ма екен деп ойланып қаласың осындайда.

Экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова – Дубайда өткен көрмені көзбен көргендердің бірі. 
«Дубайдағы көрмеге мен жуырда ғана тағы арнайы бардым. Бұл көрме өткен кезде ең ірі күн энергия жобасы әлемге таныстырылды. Көрмеге келгендер 82 жоба, 16 бағдарлама ұсынды. Дубайдағы көрме ең жоғары деңгейде цифрландырылған әлемдік көрме атанды. Цифрлық технологиясы жетілгендіктен, көрменің жарнамасы басқа елден келген қонақтарды да, өзге елдерді де ғаламтор арқылы қатты қызықтырады. Осы әрекетпен көрме халықты тарта алды. 12 миллионға жуық қонақ келіп, бюджетіне 30 млрд еуро пайда келген. Қазірдің өзінде ондағы көрмені тамашалауға баратындар өте көп. Себебі олар цифрлы технологияның мүмкіндіктерін толық пайдаланып отыр. Бір ғана мысал, қазір Дубайдағы көрмеге барғандар бір ғана Нуееr-Ioop капсуласын көруге қатты қызығады. Бұл капсула шағын пойыз тәрізді. Оған отырған жолаушылар Дубайдан 140 шақырым қашықтықта орналасқан Әбу-Дәбиге 12 минутта жетіп барады. Ал біздің көрмеде мұндай өнімдер жоқ қой. Дубайдың көрмесінде энергия, су және азық өндіретін ферма бар. Ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге арналған бұл ферманы қазір әлемнің түкпір-түкпірінен келіп ғалымдар, фермерлер тамашалап, тәжірибе алмасады. Банктердің, медицина мекемелерінің, алгоритмдерін жасайтын кванттық компьютерлер дейсіз бе, адамның ағзасын, мүмкіндігін, дене бітімін толық тексеріп беретін ақылды айналар дейсіз бе, әйтеуір көрмеде жаңалықтар өте көп. Сондықтан да олардың көрмесі біздегі тәрізді «жансыз ғимаратқа» айналған жоқ, Дубай көрмесі әлі күнге дейін экономикасының игілігіне жұмыс істеп тұр.

Ең қызығы, Қазақстан Дубайдағы көрмеге 9 млрд теңге жұмсап, тағы тыраштанды. Бірақ сол көрмеге апарған, талқыланған жасыл технологияларды елімізде әлі жетілдіре алмай отырмыз. 
Тіпті 2017 жылы «Болашақтың энергиясы» деп атау беріп, өзіміз өткізген көрмеден кейін де елде бірнеше энергетикалық дағдарыстарға тап келдік. Мысалы, 2022 Екібастұз қаласы бірнеше күн жылусыз қалды, ал қазір жаңа ЖЭС салу құрылысын Ресейге сеніп тапсырып отырмыз. Жасыл энергетика, күн, жел энергиясы елде жетілген жоқ. Қай жағынан алсақ та «Болашақтың энергиясы» деп атау бергеннен кейін барлық салада даму болу керек. Біздің Қазақстанда өткен көрмеде тек қана энергетика саласы емес, өзге де озық технологияларды зерттеу, қуат көздерін пайдалану, энергияны пайдалану кезінде озық тәсілдерді қабылдауға басымдық берілді. Өкінішке қарай, көрменің өткеніне жеті жыл өтсе де бұл салаларда елді елең еткізерлік жаңалықтар ашылған жоқ. Тіпті басқаны қойып, көрмеде көтерілген цифрлық даму, қолжетімді интернет, сапалы кабелдік арналар мәселесін шеше алмай отырмыз», – дейді Т. Шаяхметова.

Біз – даңғазаны сүйетін даңғай елміз. Қандай да бір жобаны, бағдарламаны, ұлт жоспарын қолға аларда мақтауын асырамыз, ал уақыт өте келе сол шенеуніктер мақтаған бағдарламалар мен жобалардың, халықаралық шаралардың халыққа пайдасын көрмей қынжыламыз. Міне, ЭКСПО көрмесінен қалған ғимараттар да қазір тура сондай жағдайда тұр. Салынар кезде сылап-сипап, мақтауын асырдық, ал уақыт өте келе «ғимараттар өзін-өзі ақтамады» деп, басымыз төмен қарап тұр.

Стратегия және бизнесті дамыту орталығының маманы Алмас Сәлменов қазір Алматы және Астана қалаларында коммерциялық жылжымайтын мүлік саны жыл сайын артып келеді деп отыр. Нарықта ұсыныс көп, сұраныс аз. Бос тұрған ғимараттар қаншама?! Осыны есепке алсақ, ел үкіметіне болашақта «ЭКСПО ғимараттарын не істеу керек?» деген сауалға шындап бас қатыруға тура келеді.

«Коммерциялық тұрғын-жайларды жалға алу құны экономикаға тікелей әсер етеді. Осы тұрғыда Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығы да Ресейдегі экономикалық жағдаймен тығыз байланысты екеніне көз жеткіземіз. Мәселен, көрші елде болып жатқан геосаяси жағдай, экономикалық жағдайдың қиындауына байланысты соңғы уақытта кеңселерді жалдайтындар саны айтарлықтай төмендеген. Кейбір Ресеймен бірлескен компаниялар банкрот болып жатыр. Ғимараттарды жалға алатын кейбір компаниялар бюджеттерін 10-15 пайызға қысқартқан. Ірі жалға алушылар ғимараттардың шаршы метріне аз төлеуді ұсынады. Сондықтан, болашақта бос қалған кеңселер саны өсуі мүмкін. Қазіргі жағдай да оңай болып тұрған жоқ. 

Бизнес орталықтарындағы бос алаңдар 30 пайызды құрап отыр. Коммерциялық ғимарат иелерінің табысы азайды. ЭКСПО көрмесінен қалған ғимараттарды толықтай кәдеге жарату оңайға соқпайды. Егер ондағы ғимараттарды ойын-сауық орталықтарына, сауда орындарына жалға бере бастаса, қазіргі қолданыста бар сауда орындарын жалға беріп отырғандардың жағдайын тағы қиындата түседі. Нәтижесінде, олардың ғимараттары бос қалады. Ешкімге керексіз ғимараттар саны арта береді. Сондықтан болашақта ЭКСПО ғимараттарына қатысты байсалды шешімдер қабылдауға тура келеді. Жалпы, бізде ойланбай істелген, структурасы жүйелі жасалмаған бағдарламалар да, жобалар да, шаралар да көп екені рас. ЭКСПО кезінде де көптеген дүниелер ойланбай жасалды. Біздің үкіметтің ұстанымы қызық. Өткенде ғана қаржы министрлігі елде 10 ұлттық жоба, 2 бағдарлама тоқтағанын айтты. Ал кезінде сол бағдарламалар мен жобалар бірқатар салаларды дамытады деп қолға алынған», – дейді А.Сәлменов. 

Айтпақшы, маман сөз етіп отырған «құрдымға» кеткен 10 ұлттық жоба мен 2 бағдарламаның орнына бүгінде «Жайлы мектеп», «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту», «Қолжетімді интернет» жобалары жүзеге асырылатын болды. Аталған жобаларды іске асыруға түрлі көздерден 625,2 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 536,4 млрд теңге бөлініп те қойды. 

Негізінде бізде бұған дейін де ауылдағы денсаулық саласын дамытамыз деп бірнеше жобалар қолға алынған, ал қолжетімді интернет пен Қазақстанды цифрландыру жайында жуырда ғана «Қазақтелекомды» басқаруға бара қалған экс-цифрлық даму министрі Бағдат Мусин жиі айтатын. Халықаралық шара өткізуде алдына жан салмайтынның бірі осы экс-министр еді. Мусин министр болып тұрған тұста биыл қыркүйек айында үш күнге созылатын жаһандық той өткізуді жоспарына енгізген. «Цифрлық қосу және трансформациялау жөніндегі Азия-Тынық мұхиты цифрлық министрлік конференциясы» атты бұл «тойдың» әкімшілік шығындарына ғана 237 302 доллар қаражат кететіні де белгілі болып отыр. Мусин кетіп, орнына министр болып Жасұлан Мәдиев келгелі бұл «тойдың» өтетін-өтпейтіні туралы ешқандай ақпарат берілмейді. Ал күні кеше Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті. Қазір Шанхай ынтымақтастық ұйымының мұндай масштабта бұрын-соңды өтпегені, бұл маңызды шараның қауіпсіздігін бас-аяғы 8 мыңға жуық тәртіп сақшысы күзеткені, саммит аясында «Астана декларациясы» қабылданып, 20-дан астам құжатқа қол қойылғаны жарыса жазылып жатыр. Ал бұл саммиттің шығыны жайлы да нақты деректер әлі айтылған жоқ.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ