Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:13, 28 Желтоқсан 2023

Соғыс көбейіп, апат жиілеген жыл

соғыс
Фото: из открытых источников

Жақсы өтті ме, жаман өтті ме, тағы бір жылды өткердік. Алысқан, жұлысқан, айтысқан, тартысқан әлем сол баяғы жүрісінен жаңылмады.

 Украинадағы соғыс аз болғандай, Таяу Шығыста және бір майдан ашылды. Бірін-бірі аяусыз қанға бөктірген, бірінің жанын бірі алуға анталаған адамзаттан береке қашып тұр. Арқасын жаралап, мазасын алған пенделерге өкпелегені ме, жер ана да биыл дүркін-дүркін қозғала берді. Түркия мен Сирия, Марокко мен Ауғанстандағы зілзалалар мыңдаған адамның өмірін қиды. Сонда да тіршілік тоқтаған жоқ. Күн артынан күн өтіп, ай артынан ай озып 2023 жыл да соңына жетті.

СОҒЫСТАР

Google компаниясы 2023 жылы әлем халқы интернеттен ең көп іздеген бірнеше тақырыптың жеке есебін жариялады. Биыл халық қатты қызыққан оқиға – Израильдегі соғыс. 7 қазан күні ХАМАС радикал тобы (АҚШ, Еуропа Одағы елдері ХАМАС-ты террористік ұйым деп таныған – ред.) Израильге тұтқиылдан шабуылдап, мыңнан аса адамды өлтіріп, екі жүз елудейін (арасында шетелдіктер де көп) тұтқындап кетті. Бұған жауап ретінде Израиль қаһарын Газа аймағына төкті. Үлкен соғыс жүріп жатыр. Аумағы Алматының жартысындай ғана, екі миллионға жуық тұрғыны бар Газада жиырма мыңнан аса бейбіт адам өлді. Жартысына жуығы бала. Біріккен Ұлттар Ұйымы күн сайын әртүрлі қарар қабылдап, атысты тоқтатуға, қоршаудағы Газаға гуманитарлық көмек жеткізуге шақырып әлек. Бірақ іргеден тыныштық бермейтін террорист топқа әбден өшігіп, көзін қан жапқан Израиль билігі біржола тазалап шығуға бекінген.

Таяу Шығыстағы жанжал әлемнің назарын Украина-Ресей соғысынан бұрып әкетті. Екі жылға жуық орыс-украин шиеленісін талдаған, талқылаған сарапшы, саясаткерлердің назары енді Израиль-ХАМАС арасындағы жаңа шайқасқа ауды да күніне жүздеген, тіпті мыңдаған адам опат болып жатқан ғадауат майдан екінші планға түсіп қалды. Ақпарат құралдары Украинадағы соғыс тақырыбынан оқырманның әбден жалыққанын айтады. Солай екені де рас. Әуелде «Украинаның қауіпсіздігі – демократияны қорғау» деп ұрандатқандардың үні соңғы кезде көп естілмейді. Әлем жалықты екен деп Владимир Путин әскерін шегіндіріп әкеткен жоқ. Жүз мыңдаған сарбазын Украина шығысында қабат-қабат ор қаздырып, лай батпаққа батырып қойды. Шамасы келсе алға ұмтылып, былтыр уысынан шығарып алған ауылдарды биыл қайта басып алуға тырысып бағады.

Жыл басында талай сарапшы 2023 жылды Украинаның жеңісіне арнап қойған. Жауын түгел жайратпаса да Қырымның шекарасына барып-ақ қалады дескен. Бірақ көбінің болжамы қырын кетті. Украина жазда қару-жарағын, оқ-дәрісін толтырып, ышқынып көрген еді, түк шықпады. Қарымта шабуылды бастамай жатып тоқтатуға мәжбүр болған. Бірнеше күнде мыңдаған жауынгер қаза тауып, жүздеген техника өртеніп, тұмсығы тасқа тиді. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, АҚШ пен Еуропа Одағының да Украинаға әскери көмек беруі күрт азайды. Батыстың кейбір БАҚ-тары сырттан көмек болмаса Украина Ресейге тағы бір жыл төтеп бере алмайтынын жазып жатыр.

Осы тұста аттап өтпейтін, ел есінде көп уақыт ұмытылмайтын тағы бір оқиға бар. Украина-Ресей соғысына тұп-тура бір жарым жыл толғанда Бахмут қаласының түбінде жүрген «Вагнер» жалдамалы жендеттер тобының жетекшісі, «Путиннің аспазы» дейтін бейресми атағы бар Евгений Пригожин алты мың сарбазын ертіп, Мәскеуге лап қойды. 23 маусым таң ата басталып, бас-аяғы 24 сағатқа созылған бүлікті әлем кірпік қақпай бақылады. Көпшілік Мәскеуде үлкен шайқас болатынына кәміл сеніп еді. Бірақ Кремльге санаулы шақырым қалғанда Пригожин кенет тоқтап, кері қайтты. Оны райынан қайтарған Беларусь диктаторы Александр Лукашенко екені айтылды. Америкалық Wall Street Journal басылымының жазуынша, бүліктен қатты қорыққан Кремль Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан да көмек сұраған. Бірақ жағдай оған жеткізбеді. Қызығы Пригожинді бүлік күні сатқын деп атап, үстінен қылмыстық іс қозғауға пәрмен берген Путин ертеңінде рақымшылық жариялады. «Бақсақ, бақа екен» демекші, бұл Путиннің кезекті бір қулығы боп шықты. Тұп-тура екі айдан соң Пригожин мінген ұшақ Мәскеу түбінде жарылып, бүлікшінің көзі жойылды.

2023 жылды ойлағанда еске түсетін тағы бір жанжал – Таулы Қарабақтағы қақтығыс. Қыркүйек айының 19-20-сы күндері Әзербайжан бұл аймақта арнайы операция жүргізіп, 30 жылға созылған дауға біржола нүкте қойды. Әуеден де, жерден де шабуылдаған әскерге Қарабақтағы шағын топ қарсылық көрсете алмады. Олар арқа сүйеген Армения әскері де қауқарсыз еді, ал Арменияның қауіпсіздігіне кепілдік берген Ресей одақтасына жәрдемдеспеді. Нәтижесінде мойындалмаған «Таулы Қарабақ республикасы» өмір сүруін тоқтатты және Ханкенд (армянша Степанакерт ) қаласындағы армяндар түгел Ереванға бас сауғалады.

2023 жылы Судандағы азаматтық соғыс та ушықты. Елді өз бетінше билеп отырған «Судан қарулы күштері» және «Жедел әрекет күштері» деп аталатын екі топтың сәуірде басталған өзара жанжалынан жыл соңына дейін аз дегенде 10 мың адам өлген. 6 миллионға жуық тұрғын үй-жайын тастап, көрші елдерге босып кетуге мәжбүр болды. БҰҰ Судандағы қазіргі жағдайды «гуманитарлық апат» деп атады. Алайда Судан Еуропаның шекарасында орналаспаған соң немесе Таяу Шығыстағы «демократия аралы» атанған Израиль болмағаны себепті, көптің көзіне де түспеді, көңілінен де орын таппады.

ТАБИҒИ АПАТТАР

Жылдың екінші айы ақпанның 6-сы күні Түркия мен Сирияда жер сілкінді. Магнитудасы 7,8 және 7,5 екі дүмпу мыңдаған ғимаратты әп-сәтте күл-талқан етті. Түркияда 50 мың, Сирияда 9 мың адам опат болды. Түркияның Хатай аймағы, Қаһраманмараш, Антакия сынды қалалары жермен-жексен қирады. Бұған дейін террористер мен Батыс коалициясының соғысынан әбден жүдеген Сирияның Алеппо қаласы одан ары тозып кетті. Ғаламдық қауымдастықтың гуманитарлық көмегі салыстырмалы түрде алғанда Түркияға көбірек, Сирияға азырақ жетті. Мұның себебі – екі елдің саяси билігі мен ресми ұстанымдарына байланысты екені даусыз.

Биыл зілзаладан зардап шеккен елдің бірі – Марокко. 8 қыркүйекте елдің Марракеш аймағында жер қозғалып, оның залалы 300 мың тұрғынға тиді. Үш мың адам қаза тауып, алты мыңдайы жараланды. Тұрғын үйлер қирап, тарихи ғимараттар бүлінді.

2023 жылдың 7 қазанында Ауғанстанның Герат өлкесінде де жер бір емес, екі рет сілкінді. Екі жарым мың адам өліп, он мыңға жуығы түрлі деңгейде жарақат алған. Онсыз да аштық жайлап, кедейліктен әбден қажып отырған халыққа табиғаттың ашуы оңай болмады. Халықаралық қауымдастық пен гуманитарлық ұйымдардың там-тұмдап жіберген көмегі, әрине, дәтке қуат қана.

10 қыркүйекте Ливияның шығыс жағалауын «Дэниель» дауылы соғып, соңы алапат тасқынға ұласып, бірнеше қала қирады. Кемі 11 мың адам із-түссіз кеткен. Қазірге дейін жартысына жуығының мәйіті табылды. Көбін тасқын су Жерорта теңізіне ағызып әкеткені айтылды. Іздеу, құтқару жұмыстары әлі жүріп жатыр. Биыл Оңтүстік Корея, Үндістан мен Африка елдерінде де жүздеген тұрғын суға кеткен, мыңдаған үй-жай қираған су тасқындары болды.

Экология тақырыбында әлем елдері басшыларының қорытынды жиыны – Климаттың өзгеруі жөніндегі 28-саммит желтоқсан айының басында Біріккен Араб Әмірлігінің орталығы Дубайда өтті. БҰҰ жетекшілік еткен іс-шараға АҚШ, Қытай, Ресей басшылары қатыспады. Сонда да саммиттің салмағын сарапшылар 2015 жылғы Париждегі жиынмен пара-пар қойды. Екі аптаға созылған келіссөздерден соң мемлекеттер мұнай, көмір сынды қазба отыннан біртіндеп бас тартуға келісті. Еуропа елдері 2030 жылға дейін түгел жасыл энергияға ауыспақ. Ал Қазақстан 2060 жылды межелеп отыр.

САЯСАТ

2023 жылы жаһан саясатындағы айтулы оқиғаның бірі – Солтүстік Корея президенті Ким Чен Ынның Ресейге сапары. Араға жылдар салып шетелге анда-санда ғана шығатын Ким биыл қыркүйек айында құрыш сауытты пойызына мініп, Ресейдің шығысындағы Амур облысын бір апта аралады. Батыс басылымдары Путин Кимнен соғысқа қажет оқ-дәрі, қару-жарақ сұрағанын, оның орнына кәрістердің зымыран қондырғыларын, ракеталарын жетілдіруге арналған технология беруге уағдаласқанын жазды.

Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің қараша айында АҚШ-қа сапарына да жаһан көз тігіп, құлақ түрді. Сан-Францискода Джо Байден мен Си Цзиньпин соңғы жылдары арасы қатты суып кеткен екі елдің мәселесімен қатар әлемнің қауіпсіздігін талқылаған. CNBC телеарнасының хабарлауынша, Қытай басшысы АҚШ президентіне түптің түбінде Тайваньды бейбіт жолмен басып алатынын, оған ешкім кедергі келтіре алмайтынын айтқан. Кездесуден соң Байден қытайлық әріптесін «диктатор» деп атады.

2023 жылы саяси оқиғалардың бел ортасында Орталық Азия да қатты көзге түсті. Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Түркіменстан мен Тәжікстан президенттері жетектесіп алдымен Қытайға, одан соң АҚШ-қа сапарлады. Күзде бәрі топырлап Германияға барып қайтты. Мәскеу де қарап қалған жоқ, ТМД, ЕАЭО сынды ұйымдардың шеңберінде одақтастарымен қайта-қайта бас қосып, жақындаса түсуді ақылдасты. Шетелдік сарапшылар Украина-Ресей соғысы, АҚШ-Қытай текетіресі жағдайында жаһандық державалардың Орталық Азияға таласы күшейді десті. Оның ішінде Қазақстанға «ынтығып» отырғандар көп. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде құны 46 триллион доллар болатын қазба байлық игерілмей жатқанын үнемі қайталап, батысты да, шығысты да инвестиция салуға шақырды. Әсіресе көп жыл Ресейдің шикізатына тәуелді боп келген Еуропа мемлекеттерінің бұл ұсынысқа кет әрі емес екені де түсінікті.

ҒЫЛЫМ, МӘДЕНИЕТ, ӨНЕР

Үндістан 23 тамыз күні «Чандраян-3» ғарыш аппаратын ай бетіне қондырып, АҚШ, Қытай және Совет Одағынан кейін жердің ең үлкен серігіне жеткен төртінші ел атанды. Салмағы төрт тоннаға жуық аппараттың ай бетіндегі миссиясы 14 күнге созылған. Сол аралықта «Чандраян-3 жерге айдың топырағы мен оның құрамы туралы маңызды ақпарат беріп үлгерген».

2023 «Жасанды зияттың» (Artificial Intelligence) дамуы қатты байқалған жыл болды. Сарапшылар бұны «жаңа технологиялық төңкеріс» деп атады. Жыл басында америкалық OpenAi компаниясы GPT чат жобасының жетілген төртінші нұсқасын жариялады. Оған ілесе Meta, Google, Microsoft, Amazon компаниялары да өз өнімдерін таныстыруды қолға алды. «Жасанды интеллект» бәсекесінде Еуропа Одағы елдері, Қытай мен Үндістанның да таласы бары мәлім болды. «Жасанды зият» тіркесіне ағылшын тіліндегі атақты Collins сөздігі «жыл сөзі» деген статус берді.

2023 жылы Нобель сыйлығы 10 адамға берілді. Химия саласында үш, физика саласы бойынша да үш, медицина саласындағы сыйлығы екі адамға табысталды. Ал әдебиет номинациясын норвегиялық жазушы Юн Фоссе жеңіп алды. Бейбітшілік саласындағы марапатты көпшілік күткендей Украина президенті Владимир Зеленский емес, ирандық құқық қорғаушы Наргиз Мұхамеди иеленді.

Америкалық TIME журналы әнші Тейлор Свифті «Жыл адамы» деп атады. Тізімдегі Ресей, Қытай басшыларын озған Свифт Forbes дерегінше 56 концерт қойып, 200 миллион пластинка сатып, миллиард долларға жуық таза пайда тапқан. Оның концертіне билет лотерея жүйесімен сатылған.

Кино саласында да жаңалық көп. Әлем 2023 жылы америкалық «Барби» фильмін көрді. Атауы қуыршаққа ұқсағанымен фильмнің өзі ересектерге арналған. BBC агенттігі түзген рейтингте «Барби» үздіктердің қатарына енген. Режиссер Кристофер Ноланның 100 миллион доллар жұмсап түсірген «Оппенхаймер» картинасына да қызығушылық көп болды. Бір себебін Украина-Ресей соғысымен, Путиннің ядролық қаруын кезеп, әлемге жиі қоқан-лоқы көрсете сөйлейтін оңды-солды мәлімдемелерімен түсіндіруге де болатын шығар. Қалай болғанда да «Атом бомбасының атасы» атанған Роберт Оппенхаймердің өмірдерегіне негізделген фильм көрерменді де, кино сарапшыларын да бейжай қалдырмады.

Айгүл Баба