Соғысқа қатысып, кейін Ресей азаматтығын алмақ болған қазақстандық сотталды
Солтүстік Қазақстан облысының 25 жастағы тұрғыны Евгений Люфт шетел аумағындағы қарулы қақтығысқа қасақана қатысқаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот мәліметінше, 2025 жылдың ақпанында ол Петропавл қаласынан Ресейге жұмыс іздеп бара жатқанын айтып кеткен. Іс материалдарына сәйкес, оның Қазақстанда қомақты қарыздары болған.
Мәскеуде ер адам арнайы әскери операцияға еріктілерді тартумен айналысқан адамдармен танысқан. Оған Ресей азаматтығын, жер телімін беруді және қаза тапқан жағдайда туыстарына өтемақы төлеуді уәде етіп, келісімшарт ұсынған. Люфт ұсынысқа келісіп, Нижний Новгородта құжаттары мен денсаулығы тексерілгеннен кейін Ресей Қорғаныс министрлігімен бір жыл мерзімге келісімшартқа отырған. Оған «Питер» деген шақырту белгісі беріліп, әуелі Луганскке, кейін Бахмут маңына жіберілген.
Сот анықтағандай, 2025 жылдың ақпан–сәуір айлары аралығында ол ұрыс қимылдарына қатысқан.
Сотта Люфт кінәсін мойындамай, өзін Ресей азаматы санағанын және ұрыс қимылдарына қатысуға құқылымын деп есептегенін айтты. Алайда сот оның қақтығысқа қатысқан сәтте Қазақстан азаматы болғанын анықтады. Іс материалдарына сәйкес, Ресей паспорты оған 2025 жылғы 27 маусымда ғана берілген.
Айыпталушының әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 172-бабы бойынша – Қазақстан Республикасы азаматының шетел аумағындағы қарулы қақтығысқа қасақана заңсыз қатысуы ретінде сараланды.