Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:48, 25 Қазан 2023

Соғыстар мен қақтығыстар: Қазақстан жаңа геосаяси шындықта

сы
Фото: из bangkokbook.ru

Қазіргі әлем бейнесіне тіке қарайтын болсақ, көптеген әлем елдері геосаяси аренада түйткілді мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Тіпті еліміз Қазақстанды алып қарайтын болсақ, көршіліс мемлекеттер, сондай-ақ бітімгершіліктегі елдер, шекаралас айналамыздағы елдер отқа оранып жатыр.

Солтүстіктегі ең ұзын шекаралас көрші мемлекет Ресей мен Украина арасындағы 2022 жылы 24 ақпанда басталған соғыс пен батыстағы - Қарабақ қақтығысы, сондай-ақ оңтүстікте – Тәжікстан мен Өзбекстан арасындағы қақтығыстарға назар аударып, елдер арасында тұрақты әрі қауіпсіз, бейбіт өмірді ту етіп отыр.

Осындай әлемдегі бейберекет жағдайлар кезеңінде Қазақстанды не күтіп тұр және бұл қақтығыстар Қазақстанда қандай көрініс табады?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың білікті дипломат екенін ескере отырып, геосаяси жағдайлардың әсері мен рөліне берген бағасына тоқталсақ.

«Біз өте қиын кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Дәстүрлі экономикалық және логистикалық байланыстардың үзілуі рекордтық инфляциямен, жаһандық экономиканың баяулауымен, мемлекеттердің қарыз ауыртпалығының артуымен қатар жүреді. Сауда кедергілері көбейіп, мемлекеттер арасындағы өзара сенімсіздік артып келеді. Мұның барлығы – жаңа қалыпты жағдай, дәлірек айтсақ, әлемдік экономикадағы ауытқушылық», - деді Президент.

Иә, елбасымыз айтқандай, Ресей мен Украинадағы қақтығыс елдің нарықтағы мәселелерінің артуына әсер етті. Экономист мамандардың айтуынша, екі ел арасындағы қақтығыс екі түрде әсер еткен. Оның теріс әсері өткен жылы өте үлкен инфляция мен тауарлар тапшылығы болса, оң әсері Қазақстан Ресей үшін әлемге шығар қақпа болып, біздің ел арқылы Ресейге жеткізілім өскен, бұл бюджет кірісіне әсер етіп, оң рөл атқарған. Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда балансы жалпы алғанда айтарлықтай өзгермеген болуы мүмкін, бірақ импорт пен экспортты салыстыратын болсақ, екінші бөлігі транзитпен Қазақстан арқылы Ресейге көптеген тауарлардың келуіне байланысты айтарлықтай өскен.

Ал, саясаттанушы мамандардың пікірінше, арадағы жағдай қиын, біз екі оттың ортасында тұрмыз. Санкциялар енгізу қаупі болмағанымен, Қазақстанға смартфондар, компьютерлер, ноутбуктер сияқты заттардың импорты күдікті түрде өскеннен кейін Қазақстанның осы тауарларды Ресейге қайта экспорттаумен айналысуы тұрғысынан біздің атымызға кейбір ескертулер енгізілуі мүмкін. Қақтығыстың негізгі кезеңі аяқталса да, қырғи қабақ соғыс он жылдан астам уақытқа созылып, әсер етуі мүмкін.

Дәл осы тұста әлеуметтанушы мамандар мен 2022 жылдың қараша айында MediaNet халықаралық журналистика орталығы Demoscope жобасы аясында қазақстандықтардың Украинадағы соғысқа деген көзқарасына зерттеу жүргізген болатын. Сауалнамаға 17 облыс пен республикалық маңызы бар үш қаладан (Алматы, Астана және Шымкент) 18 жастан асқан 1100 адам қатысты.

Кәмелетке толған қазақстандықтардың 18 пайызы Украинадағы оқиғаларды күн сайын бақылап отырады, ал 44 пайызы оны мезгіл-мезгіл бақылап отырады екен. 38%-ы мүлде хабарсыз екенін айтқан. Оқиғаларға қызығушылық танытқандардың 37%-ы YouTube арналарынан, 25%-ы қазақстандық телеарналардан, 24%-ы басқа ақпарат көздерінен және 18%-ы ресейлік телеарналардан, 15%-ы Украинадағы достарынан ақпарат алады. Бұл көрсеткіштерді сараптайтын болсақ елдегі адамдардың басым көпшілігі екі ел арасындағы қақтығысқа ерекше назар аударады.

Әлеуметтанушы және PaperLab зерттеу орталығының жетекшісі Серік Бейсембаев халықтың YouTube арналарына көп көңіл бөлуі олардың теледидарға қарағанда баламалы ақпарат көздеріне көбірек сенетінін білдіретінін айтты.

Респонденттерге «Украинада болып жатқан жағдайды не дәл сипаттайды?» : «Ресей Украинаны басып алу мақсатымен соғысып жатыр», «Ресей Украина аумағында Батыс және НАТО елдерімен соғысып жатыр» және «Ресей Украинада фашистерге қарсы арнайы әскери операция жүргізіп жатыр» деген жауап нұсқаларымен сұрақ қойылған. Бірінші нұсқаны респонденттердің 22 пайызы, екіншісін 18 пайызы, үшінші нұсқасын 15 пайызы таңдаған. Қазақстандықтардың 45 пайызы жауап беруге қиналған.

Сонымен қатар, су тапшылығы мәселесіне қатысты қақтығыстар орын алған болатын. Тұжырымдарға сәйкес еліміз су тапшылығы бар елдер санатына жақындап келеді. Мамандардың айтуынша, 2040 жылға қарай суға деген сұраныс 50 пайызға артады.

«Біз суды үнемді пайдалануымыз керек. Су тапшылығы көбейіп бара жатқанын айтамын. 2050 жылға қарай Қазақстан суға аса мұқтаж елдер санатына енуі мүмкін. Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауыз суға мұқтаж. Бұл ауыл тұрғындары үшін ғана емес, қала тұрғындары үшін де өте өзекті мәселе», – деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев болжамымен бөлісті.

Тағы бір әлемдік қақтығыс ретінде Израиль мен Палестина арасындағы 75 жылдан кейінші соғыстың қайта ушығуы болып табылады. Палестиналық ХАМАС қозғалысы 7 қазан күні Газа секторынан Израильге бес мыңға жуық зымыран атып, елге шабуыл жасап бастады. Бұл әрекеттеріне жауап петінде 8 қазанда Израиль елдің соғыс жағдайына өткенін хабарлап, арнайы операцияны жүргізіп бастады. Қаншама жазықсыз тұрғын жапа шегіп, бүгінде әлем жұртшылығының назарын ұстап отыр.

Бұл қақтығыстар әлемге қалай әсер етті?

Тұрақты экспансия аясында мұнай бағасы көтерілді. Brent және WTI 4%-дан аса қымбаттады. Бұл жағдай инфляцияға қысымды күшейтуі мүмкін деп сарапшылар болжам жасауда. Аңғарғанымыздай, қақтығыс тек бір Қазақстанға емес, тұтас жаһанға әсер етеді. Әлемдік нарықтар Палестина мен Израиль арасындағы әскери қақтығысқа көптеп реакция білдіруде. Әлемдік мұнай бағасы шамамен 5%-ға қымбаттады, биржалық фьючерстер сәл арзандады, ал алтын бағасы да біршама қымбаттаған.

Қорытындылай келе, әлем елдеріндегі қақтығыстар Қазақстанның кез келген қоғамдық саласына, атап айтсақ саяси-әлеуметтік, көші-қон, экономика, әскери қауіпсіздік, бітімгершілік сипатта түрлі мәселелермен елеулі әсер етті. Алайда мемлекет бұл мәселелерді тиімді шешу үшін кешенді жоспар құрып, сараптап, ықтимал шешімдерді ұйымдастыруда.