“Анам қорқады”: Жамбыл облысында 5 жыл құлдықта болған балалар құтқарылды

Әлеуметтік желіде Жамбыл облысында мал бағып, ауыр жағдайда өмір сүріп жатқан балалардың видеосы тарады.
Кадрларда екі бала бес жылдан бері құлдықта жүргенін айтып, жылап көмек сұрайды.
Бейнежазбада олардың киімдерінің жұпыны, тұрмыстық жағдайының өте төмен екені байқалады. Балалардың айтуынша, олар күн сайын мал бағып, ауыр еңбекке жегіледі, ал тамақ пен демалысқа дұрыс мүмкіндік берілмейді.
«Телефонымызды тартып алды. Мал бағуға мәжбүрміз. Жолдан өткен көліктерден сағат сұрап, уақытты білеміз. Денемнің бәрі жара. Туған әкеме жетсем деп армандаймын. Анам сөйлескісі келеді, бірақ қорқып жүр», - дейді олардың бірі.
Кадрларда балалардың денесінде көгерген іздер мен жарақаттардың бары анық байқалады.
«Бізге көмектесіңіздерші, өтініш, алып кетіңіздер. Қой бақтырады, азайса, біз кінәліміз. Сол үшін таяқ жейміз», - деп жалынады бала.
Алдын ала ақпарат бойынша, оқиға Талас ауданына қарасты Қаратау қаласының маңында болған.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваның айтуынша, балалардың орналасқан жері анықталған.
«Аталған дерекке қатысты қылмыстық іс тіркелді. Қазір аймақтағы уәкіл Даурен Бақжанов мән-жайды анықтау үшін балаларға аттанды», - деп мәлімдеді омбудсмен.
Жамбыл облысының полиция департаменті хабарлағандай, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кәмелетке толмағандар тергеу амалдарын жүргізу және психологиялық әрі құқықтық көмек алу үшін Тараз қаласындағы Балаларға қолдау көрсету орталығына жеткізілді. Бұған дейін олар медициналық тексеруден өткен.