Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:01, 27 Қыркүйек 2022

Солдаттың баласы

None
None

                                                    (Деректі әңгіме)

          Сыйласып жүрген інілерімнің бірі Оралжан Масатбаев телефон соғып, сәлемдескен соң:

    – Қарияның жастар тәрбиесі жөнінде айтқандары көңілімнен шықты.

Мүмкіндігін тауып сіз сол кісімен кездесіп,сөйлессеңіз көп сырға қанығар едіңіз, – деді.

    – Ол кісінің аты-жөні кім?

    – Аты-жөні Тұрсын Рахымғалиұлы Жетпісбаев.

    Орта бойлы, бұрыл мұртты,  жас кезінде сымбатты жігіттің бірі атанған,  бүгіндежүзін әжім сызықтары торлап, еңкіш тартқан Тұрсын аға екеуміз айналасын жасылжеміс ағаштары қоршаған биік еңселі шаңырағында кездесіп, сөйлестік. Біразтақырыптың басын шалғаннан кейін:

     – Баукеңмен, Бауыржан Момышұлымен дәмдес-тұздас болғаныңыз туралы осы уақытқа дейін неге ештеңе демей келдіңіз? Асықпай, мүмкін болса, бүге-шүгесіне дейін айтып беруіңізді өтінем? – дедім білуге құштарлығым оянып.

      – Мен күні бүгінге дейін бұл жөнінде ешкімге тіс жармай келген едім. Неге дейсіз ғой?

     – Неге?

­–  Баукеңмен кездесіп, дәмдес-табақтас болдым  десем, кейбір аузына ие

бола алмайтындар:

     ­– Әй, алжыған шал, не көкіп отырсың?! Ол кісіге сәлем беруге сен тұрмақ, сенен үлкендер де батпаған, –­ деп тастауы мүмкін ғой.

     – Иә, оныңыз рас.

     – Ол кісінің аруағына сөз келтіріп алам ба деген қауіппен сырымды сыртқа шығармай, осы уақытқа дейін өзімде сақтап келдім. Ақыл тоқтатпаған дерліктей емес, жасым биыл сексен бестен сексен алтыға қарай кетті. Құдайдан иман тілеп жүрген шағыма дейін Баукеңмен кездескенім туралы тіс жармай келгенімнің  себебін ендітүсінген шығарсың, шырағым?

      – Түсіндім, аға.

– Бауыржан Момышұлы ел аузында жүрген, сөзі де, ісі де үлгілі, өнегелі

айтулы тұлғамызғой. Ол кісінің өмірінен, парасатты еңбегінен, адамгершілігінен, ерлігінен хабарың мол жігіт екенсің.Сенің өмірге құштарлығыңа, ізденушілік тірлікпен айналысып жүргеніңе өте-мөте ризамын, қарағым. Әр аймақта, әр елде сендей бір адам болуы керек. Сөзіңді жерде қалдырғым келер емес. Ескертерім,  біріншіден, жасым ұлғайды, екіншіден, сөзді мәнерлеп,шалқытып айта білмейтін ауылдың қарапайым қартымын.

     Менің Баукеңмен кездесіп, дәмдес-тұздас болуыма көмегін тигізген Қазақстан Халық артисі, режиссер Қадыр Жетпісбаев дегенжігіт еді. Оны білетін  шығарсың?

     – Білемін.

     – Сол жігіт менің бір әке, бір шешеден туған інім еді. Ол бауырым 1999 жылы сәуір айындаастаналық Қалыбек Қуанышбаев атындағы театрдың бас режиссері болып жүрген кезінде өмірден озды.

      Алматының қазіргі Қонаев – Гоголь көшелерінің қиылысындағытөрт қабатты үйдің үшінші қабатында – інім, екінші қабатында – Бауыржан Момышұлы ағатұрды. Әкем Алматыға барғанда Қадыр Баукеңді әдейілеп үйіне шақырады екен. Баукең:

     – Халқымызға Жеңіс сыйлаған солдатсың! – деп әкеммен ұзақ сөйлесетін көрінеді.

         Әкем Алматыға  бір барғанында Қадыр дастарханына Бауыржан ағамен

 бірге ұстазы, қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпановты қоса

 шақырыпты. Әдеттегідей Баукең әкеммен әңгімелесіп отырыпты. Асқарорынсыз килігіп, сөзін бөле берсе керек. Бір кезде:

     – Қадыр, – депті Бауыржан аға. Інім:

     – Құлағым сізде, десе:

     – Мына ақымақты үйіңнен қуып шық! – дейді бұйырып.

     – Аға, аға деп жүрсем, мені ақымақ дейді, – деп Асқар жылапты. Баукеңнің

 бұл тәрізді «қызықтары» көп.

       Асқар өкпелеп үйіне қайтып кеткеннен кейін батыр әкеммен қайта әңгімелесіпті.Демалатын мезгіл жеткенде, екеуі де орнынан тұрыпты. Баукең әкемнен көзін алмай:

     – Солдат,  біз енді кездесеміз бе, кездеспейміз бе, білмеймін. Алайда ана жақтакездесетініміз анық, – депті. Баукеңнің бұл сөзін мен әулиенің сөзіндей қабылдаған едім. Себебі, соғыс мүгедегі әкем көп ұзамай о дүниелік болды… Соны Баукең күнібұрын сезген тәрізді. 

     Алматыға жұмыс бабымен барып тұратынмын. 1981 жылдың жазында бір барғанымдамезгіл түс бола қоймаған еді. Інім:

    – Ағаңызға сәлем бересіз бе? – деді.

    – Қай ағама?

    – Бауыржан Момышұлы ағаңызға.

    – Ой, берейін, неге бермеймін? Бұл қай сөзің?

     Қадыр Баукеңнің есігінің қоңырау түймесін басты. Мен іштейқорқақтап тұрмын. Ұзынқұлақтан: «Мінезі шатақ, ашуына тисең, «шагом марш!» деп үйінен қуып шығады», – деген,  тағы басқа да әртүрлі алыпқашпа сөздерді  естігенмін.

    … Есікті  Баукеңнің өзі ашты. Жалаңбас, үстінде ақ көйлек.

     – Ассалаумағалейкум!  – дедім жүрексіне сәлем беріп.

     –  Уағаликумассалам, төрлет.

     Кең зал. Ортада ұзынша үстел. Екеумізді төр жаққа өткізіп, Баукең босағаға жақын маңнан орын алды.

   – Төрге өтсеңізші, аға? – деген Қадырға:

   – Әй, бұл өз үйім ғой. Мені «жаман төрін бермейді» деген сөзге қалдырмақсың ба? – деді даусын көтеріп.Бәріміз күлдік. Баукең назарын маған аударып:

      – Ел аман ба, жұрт тыныш па, қарағым? – деген тәрізді сұрақтарды қоя бастады.

      – Аға, ел аман, жұрт тыныш. Ауылдағылардың бәрі тырбанып, тірлік соңында жүр, – деп жауап қатқан болдым.

      – Ел аман, жұрт тыныш болса, жағдайымыздың жақсы, берекелі болғаны. Алладан сұрағанымыз да, күткеніміз де осы ғой. Хабарың қуанышты хабар екен, қарағым, – деді көңілденген кейіп танытып.

    Бұрын суретінен көріп жүргенімде сақалы жоқ, мұрты бар еді. Енді сақал қойыпты.Сақалы онша ұзын емес. Айбынына айбын қоса түскендей. Жасының

ұлғайғанына қарамастан, түсі суық, сұсты. Үйден көп шықпағанынан ба, әдеміленіп, таранып, сәндену нышаны байқалмайды. Мұрты ернін жапқан, шашы ағарған. Екіиығы еңкіш тарта түскен.  Етсіз жақтары суалған. Қартайған адамның жанары кішкене солғын тартатын еді. Таңғалғаным – жанары өткір.

Отырысы, жүріс-тұрысы, өзін ұстауы, сөз сөйлеу мәнері, қысқасы, әр қимылы

кәдімгі  ауылдағы қарапайым қазақтың қара шалын еске салғандай. Баукеңнің

жай адам емес, әлемге әйгілі адам екенін іштей ойлап, қуана жымиғаным сол еді,мені сұқ саусағымен шошайта көрсетіп:

     – Әй, Қадыр, мынау маған жолығып, сөйлесіп жүретін солдат әкеңнен айнымайды ғой. Сол кісінің дәл көшірмесі,  – деді  дауыстап,  аха-ха-халай күліп.

      – Иә, сол кісінің бел баласы, менің туған бауырым.

      – Сені қайдам, мынау бейне әкеңнің аузынан түсіп қалғандай, – деді Баукең қайта мәз бола күліп. Біраз үнсіздіктен соң, темекі тарта отырып, маған қарап:

     – Сәлем бергеніңе рақмет, қарағым. Жасы үлкендерді сыйласаң, өмірің

шуақты болады. Сені мен бұдан былай солдаттың баласы деймін – деді

мейірлене жымиып. Бұған дейін ол кісімен кездесем, әңгімелесемдеген ой менде мүлде болған емес.

      Қадыр электр шәугімге шай қайнатып, үстел үстіне дастархан жайды.

      Баукең ініме тоңазытқышты қолымен ымдап көрсетті. Інім үн-түнсіз тоңазытқыштан нан, тәрелке толы ет алып келіп, дастархан үстіне қойды. Қадыр кеселерге шай құйып бізге ұзата бастады. Шай ішіліп, Баукең бата жасаған соң, інім дастархандағы дәм-тағамды тоңазытқыштағы орнына қайта апарып қойып:

    – Менің театрда репитициям бар еді, –­­ деп Баукеңнен рұқсат сұрады. 

    – Рұқсат.

    Баукең мені жібермеді. Үйде екеуміз ғана қалдық. Жұбайы кітапханада жұмыс істейді, екі қызы мектепте оқиды екен. Жұмыс бөлмесіне барып, диванға қатар жайғастық.

     – Мені өмір жолыңмен таныстыр?

     – Біздің балалық шағымыз қиын кезде өткенін білесіз. 1944 жылы бірінші

сыныпқа бардым. 8 жасымнан бастап, жазғы үш айлық демалыс кезінде өзім

құралпылас балалармен  егіс даласында арбаға, соқаға жегілген аттардың

шылбырын тартып жұмыс істедік. 10-11 жасқакелгенде кәдімгідей «жігіт» атандық.

    Қиындықты басынан көп кешкендіктен бе, ол кездегі жасы үлкен кісілер, қайырымды еді. Сол аталардың қамқорлығы арқасында біз тірі қалғандаймыз. Айта берейін бе?

    – Айта бер.

    – 1945 жылы соғыс аяқталғаннан кейін қуанышты күндер басталды. Елдің бетіне қан жүгіріп, бойына қуат дарып, тіршілік дүниесі жандана түсті. Ауылдан майданға аттанған үлкен-кіші кісілердің жартысы майдан даласынан оралмады. Оралғандары шетінен мүгедек. 1954 жылы жақсы оқып, мектепті бітірдім. Құрбы-құрдастарымның көбі оқу іздеп,қалаға кетіп жатты. Іні-қарындасым жас, әкем соғыс мүгедегі болғаннан кейін мен жұмысістеймін деп шештім. Тракторшы дайындайтын курста үш ай оқып, механизатор атандым.Ол кездегі тракторлар өңкей бір саудыраған, тозығы жеткен, ескі тракторлар еді. Жиі бұзылыпқалатын. Ә дегенде біраз қиналдым. Соғыстан қайтқан механизаторлардың бірінің аяғы ақсақ, бірінің қолы, бірінің бір көзі жоқ.Солардың арасында тракторшы болып жүрдім. Бір жылдан кейін әкем:   

    – Әй, балам, қатарларың қалада оқып жүр. Кішкене зерек едің, оқысаң, қайтеді? –­ деді.

    – Әке, тағы бір жыл жұмыс істейін. Ренжімеңіз, ­– деп ауылда қалып қойдым. Қарындасым университетке, інім  консерваторияға түсті. Арада тағы бір жыл өтті. Әкем «оқымасаң болмайды» деген соң, Талғар қаласындағы ауыл шаруашылығын механикаландыру, электрлендіру техникумының жеделдетіп оқытатын бөліміне түстім. Оны екі жарым жылдабітіріп, ауылыма кеп, ә дегенде трактор бригадасы бригадирінің  көмекшісі, қысқа қарай тракторжөндеу механигі болдым. Айта берейін бе?

    – Айта бер. Сенің өмір жолың мені қызықтырып барады.

    – Кейін басшылар бөлім механигі етті. Тәжірибемнің барына қарамастан, алғаш қиналып жүрдім. Ол кездегі ағалар білмегеніңді ерінбей үйрететін. Сол кісілердің көмегімен механик деген атақалдым. Гараж, бөліммеңгерушісі болдым. Жүре-жүре тәжірибе жинап, өзімді қатарға қосылғандай сезіндім. Алматының ауыл шаруашылық иниститутына сырттай оқуға түстім. Техникумда алғанбілімім, өндірістен жинаған тәжірибем бар, бірінші, екінші курста жақсы оқып, көзге түстім.

     Біраз  үнсіз қалып:

    – Сізге бір түйсік-түсінігімді айтайын ба? ­– дедім Баукеңнің жүзіне батылсыздау қарап.

    – Айт.

    – Менің институтым – сол кездегі маған көрсеткен механизаторлардың көмегі, олардың тәжірибесі, адамгершілік қасиеттері, жасы үлкені, жасы кішісі бар көпшіліктің бәрімен араласып, ортақ тіл табысқаным. Барлық кезде өзім осы бірінші институтымды жоғары бағалаймын.

    – Дұрыс. Екеуміздің түйсік-түсінігіміз ұқсас секілді. Сен оқыдың ба, оқымадың ба, «Красная звезда» газетінің әскери тілшісі Кривицкий соғыста маған жолығып: «Сізқандай әскери академияны бітірдіңіз?» деген сұрақ қойды. Мен әскери академия түгілі әскериучилищені де толық бітірмегем ғой. Оған қайтарған «менің академиям – менің полкім» дегенжауабым есіңде шығар?

    – Есімде. Сіздің менің тарапыма айтқан «біздің түйсік-түсінігіміз ұқсас секілді» дегеніңіз тіпті артық. Сізге ұқсау мүмкін емес.

    – Көңіліңді бөлмейін, сөзіңді жалғай түс.

     – Алматы ауыл шаруашылық институтын бітіріп, Жайсан ауданаралық мал бордақылаусовхозында он үш жыл бас инженер болып істедім. Бірде аудандық партия комитетініңбірінші хатшысы Ахметбек Әспетов шақырып алып, директоры екі жылда бір ауысып жататын аудандық автобазаға директор боп барасың деді. Не айтарымды білмей қатты қиналдым. Қиналған себебім, істеп жүрген шаруашылығым өте бір жақсы шауашылық еді. Оған өзім әбден бауыр басып, үйреніп қалғам.  Өзі табысты совхоз. Айлығы да жақсы. Әке-шешемнің де жағдайы дұрысталып, отбасым да қатарға қосылған кез еді.

    – Жасым қырыққа таяп қалды. Директорлыққа мен бармай-ақ қояйын.

    – Неге бармайсың?

    – Ол автобазаның директоры боп істеген жігіттерді білемін.  Олар шетінен іскержігіттер еді. Бәрі екі жылдан артық жұмыс істеген жоқ. Мен де солар сияқты сенімдеріңізді ақтай алмаймын-ау деген қауіптемін. Тілегім, үйренген жерімнен қозғамаңызшы?

      – Мына сөзді саған біреу үйретті ме? Әлде өзің айтып отырсың ба?

      – Өзім айтып отырмын. Автобаза ұжымы арасынан өздері жақсы білетін іскер  біреуін директор етіп сайласаңыздар, ол бір жылдың ішінде жұмысты жолға қояр еді.

     – Сен партияның мүшесісің. Бұл саған партиялық тапсырма. Сөзім бітті. Ертең, небүрсүгіні жолдама аласың.

     «Өлетін жерім шамамда осы-ау» деп қанша қорқақтасам да лаж жоқ, баруға келісімімді бердім. Аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісіұсынған жолдамамен облыстық ауыл шаруашылық басқармасының бастығы Павел Согашвилиге жолықтым. Ол кісі: «Сен тракторшы, комбайнер  екенсің. Автобаза директорлығына жарамайсың», ­­– деді бірден келіспейтін сыңай танытып.

     – Өзімнің де істегім келіп тұрған жоқ. Аудандық партия комитетінің хатшысы

жіберген соң келіп едім, кете беруіме бола ма? – дедім.

     – Кете беруіңе болады. – Тіке аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісіне келіп:

     –­ Жағдай осындай, хатшы сұраса айтарсың, –­ деп ескертіп, бұрынғы жұмысымды істей бердім. ­

     Үшінші күні аудандық партия комитетінің хатшысы мені шақыртты. 

     – Не болды?

      Мән-жайды айтып түсіндірдім.

     – Мені мазаламай-ақ қоюыңызды өтінем.

      Ол кісі көмекшісіне ешкімді ішке жібермеуді ескертіп, Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысыХасан Бектұрғановқа телефон соқты. Таңғалдым. Қарапайым қызметкерді қатардағы автобазаға директор ету үшін жоғары лауазым иесінің пәрменіне сүйену деген тарихтаболмаған нәрсе.

       Бектұрғанов Согашвили екеумізді қабылдады.

      ­– Әй, Согашвили, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы кім?

      – Әспетов.

      – Сен оны білесің бе?

      – Білемін.

      – Ол жіберген мына кадрды неге алмаймын дейсің? Саған тапсырма, бұл жігітке жолдамабер де, жұмысқа жібер. Ол кісі «келісесіңдер ме?» деп Согашвлиден де, менен де сұраған жоқ.

      Екеуміз сыртқа шығып, кабинетіне келдік. Ол мені жақтырмай боқтады.

     – Сіз мені боқтамаңыз. Егер  мені тағы боқтайтын болсаңыз, басқаша сөйлесем. Партия мүшесімін. Сізге аудандық партия комитеті жіберген соң келдім. Қарсы болдыңыз. Меніңне кінәм бар? –­ Ол кешірім сұрады.

     Автобазаны қабылдап аларда қатал мінез таныттым. Онда үш жүзге жуық машина барекен. Оның жетпісі жарамсыз. Мен гараж, бөлім меңгерушісі, бас инженер болып істегем. «ГАЗ53» машина двигателіне «ГАЗ 75-тің» двигателін қойған. Зуылдап тұр. Алайда олар техникалықжабдыққа жатпайды. Соны дәлелдедім.

      Тағы өртеніп, жоғалып кеткен үш машинаны таптым. «Актіге қол қоймаймын. Мән-жайды қазір аудандық партия комитетіне мәлімдеймін. Не істеуді өздері білсін. Мына қалпымен автобазаны бір жыл түгілі екі жылда да қатарға қоса алмаймын. Ендігі менің еншім ­сотталу ма? Директор болып істемеймін, ­– дедім орнымнан тұрып.

     Согашвили жалынуға дейін барды.

    – Сіз жалынбаңыз, үлкен адамсыз. Қарамағыңыздағы жай, қарапайым директорғажалынатын болсаңыздар бүкіл облыстық техникалық бірлестіктің жұмысы қалай жүреді? Мен істемеймін, сіз енді мені алдыра алмайсыз.

     Жұрттың бәрі қарап тұр. Жағдай күрделене түсті. Екінің бірі, не автобазаны қабылдап алуым, не партиядан шығуым керек.

     Согашвили амалсыз менің талабыммен санасып, 70 машинаны тізімнен өшірді. Содан кейінмен актіге қол қойып, автобазаны қабылдап алдым. Маған дейінгі директорларда актіге қолқойып, жұмысты қабылдап алу рәсімі болмаған екен. Мен ондай бассыздыққа көнбедім.

    – Солдаттың баласы екеніңді дәлелдедің.

    ­­­–  Шу ауданының жігіттерімен ертелі-кеш ақылдаса әрекеттеніп жүріп, бір жарым жылда барлық тірлікті жөнге келтіріп, ел қатарына қосылдық.

     – Молодец, солдаттың баласы. Сөзіңді жалғастыр, бөгелме.

     – Бастығым Согашвили маған сондай жақсы көзқараспен қарап, ерекше құрметтеді. Бірдеавтобазама Жамбыл облыстық атқару комитетінің төрағасы Сейілхан Аққозиевті ертіп келді.

     – Бұл жігіт директор болғалы автобаза үлкен жетістіктерге жетті. Бәрінен ауыл

шаруашылығына көмегі көп тиді, – деп мені мақтады. Мен «осы кісінің тәрбиесі, жәрдемі, ақыл-кеңесі, қолдауы арқасында» деп Павел Михайловичты өзінен де  асырып дәріптедім. Біздің бұлдақпыртымыз республикалық бастығымыз, кезінде Қостанай облыстық партия комитетініңхатшысы қызметін атқарған, Социалистік Еңбек Ері Понамаренкоға дейін жетіпі.

    – Автобазада қанша жыл директор болдың?

    – Он бір жыл директор болдым.

    – Енді жұртпен қалай жұмыс істегеніңді айт.

    – Пенде болған соң біреуге қатты сөз айтып қаласың, біреуге тілің тиіп кетеді.  Қателігімді өзім біліп, ашуым тарқаған соң, «сыбағасын» алған жігітімді жүнжітпейінші деп кешірім сұрап,арқасынан қағып қоятынмын.

    – Дұрыс. Мұның адамгершілік ғана емес, жұмысшыңа деген қамқорлық.

    – Сөздің қысқасы, шоферлармен адал қарым-қатынас жасап, сыйлас, сырлас болдым. Даулымәселеде бұра тартсаң, олар бетіңе тура айтады. Шамам келгенше әділетсіз шешім қабылдаудан,адамдарды алалаудан аулақ болдым. Барлық бөлім меңгерушілерімен, колонна бастықтарымен күнде тығыз байланыс жасап, қарамағындағы жұмысшылардың өтініш-тілегіне құлақ асып,көмектесуін қатаң талап еттім.  Әйтеуір «бар, жоқ» деп бір-ақ кесіп сөйлеп шіренетіндердіжек көрдім.

     – Апат жасаған шофер кездесті ме?

     –  Кездесті. Бірден «адам аман ба» дейтінмін.

    – Адам аман.

    – Тездетіп машинаны гаражға кіргізіңдер. Бір тәулікте оны жөндеп, қатарға қосыңдар, –Артық сөз айтып, шоферді мазалап,  жазаламайтынмын.

     Құдайдан жасырмағанды адамнан қалай жасырайын. Шолақ белсенділерді тыңдап, солардың айтқанын орындайтын кейбір бастықсымақтардың іс-әрекетін «неге бұлай» деп өзімше зерттеп, зерделегенде білгенім, олар әлгілердің бірдеңелерін алады екен.Оларға қабаттаса қоқаңдап, аудандық партия комитеті мен аудандық атқару комитеттерібөліміндегілер бізді қорқытпақ әрекетке де баратын. Біз олардың әрқайсысынан қорқатынболсақ, қалай жұмыс істейміз? Мұны үлкен басшыларға құлаққағыс етіп:

    – Әділдік, шындық керек. Кемшілігіміз болса, аямай жазалаңыздар, – деген уәжімнен кейінмазамызды алушылар  пышақ кескендей тыйылды.

      Ұжымыма жаңа машиналар келгенде қазаққа, орысқа, украинға, неміске, түрікке, азербайжанға теңдей бөлетінмін. Бір жағына көбірек бөлініп кетсе, шатақ шығатын.  Бұл да өмір үйреткен тәжірибе.

     Менің ең басты ақылшым да, ұйымдастырушыларым да – қарамағымдағы бөлім меңгерушілері,мамандар еді. Кәсіподақ комитетімен ақылдасып, шоферларға жылына бір машина көмір, бірмашина шөп түсіріп беруге шешім шығардым. Ең басты мәселе – олардың айлығын уақтысында қолдарына тигізііптұрдым.

       Шаруашылықтың құлдырауы кейде өзіміздің салғырттығымыздан, жауапкершілікті жете сезінбеуімізден, істің көзін тауып, дұрыс ұйымдастыра білмеуімізден, әріберіден кейін жұмысын тиянақты істеп жүрген жігіттердің іскерлігін бағаламай, болмашы желеумен жұмыстан қуатынымыздан орын алатынын ескере бермейміз. Шындықты айту мақтангершілік емес,керісінше, біреудің істегенін мен істедім деу мақтангершілік деп ойлаймын. Кейбір шаруашылықбасшылары ар-ұятты ұмытып, «мен өйттім, мен сөйттім» дегенге дейін барады. Ол көп болса, екіадамның, тіпті үш адамның жұмысын істеген шығар. Үш жүз кісінің жұмысын жалғыз өзі қалай істеуі мүмкін?

     Ондай сөз айту түгілі ойлаудың өзін мен күнә санаймын. Сіздің «мың арыстанды бастағанқой бастықтан, мың қойды бастаған арыстан бастық артық» дегеніңіз кезінде бізге қанша ма ой, күш-қуат сыйлады десеңізші? Сізге еліктеп,  әркімнің жұмыс орнында болуын қатаңталап еттім. Мысалы, бас инженер орнында болмаса, техника бір қалыпты жұмыс істемейді. Бөлім меңгерушісі орнынан табылмаса, машинаны тиімді пайдалану тәртібі бұзылады. Мұндай салдыр-салақтыққа жол берсем, жалғыз өзім 300 адамның қайсыбірінің жүгін жеңілдетем?

     Автобазаға әркім өзінің мұқтажын айтып келеді. Біреу тойға баруым, не туысымды жерлеуім керек еді дейді. Адам болған соң жәрдемдесуіміз керек қой.

    Машинаның әр сағатына белгіленген бағасы бар. Тиын-тебенін кассаға төлеткізем де тілегін орындаймын. Оның тілегін орындамасқа амалым жоқ.

     – Аңдамай сөйлеп опық жеген кезің болды ма?

     – Болды.  Коммунизм орнату үшін КОКП Орталық комитетінің бас хатшысы,  республикалық орталық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық,  аудандық партия комитеттерінің біріншіхатшылары лауазымына төрт Ленин керек, – деп арақ ішіп сандалып отырып айтып қалыппын. Сол сөзімді арамыздағы жігіттердің бірі ертеңіне Шу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жаңадан келген Нұрғали Торғаевқа жеткізіпті. Ол кісі мені шақырды.

     – Әй, пысығым, бізге коммунизм орнату үшін қанша  Ленин керек? – деді.

     – Жолдас Нұрғали Торғайұлы, кешіріңіз. Мен әншейін  қызып отырып айтып

 қалыппын. Ондай сөздің аузымнан шығып кеткені рас, – дедім қателігімді мойындап.

     – Ол не деді?

     – Еліміздің саясатында жылымық орнаған сәтке сәйкес келгендіктен жаның аман қалды, – деп күлді де қойды.

      – ­­ Қазір ол айтқанымның дұрыс екенін сезіп жүрмін. Өйткені мен қалыпты жұмыс істесем, қарамағымдағылар да дәл солай жұмыс істейді. Орталық, облыстық, аудандық партиякомитеттері талапқа сай ізденіп, тер төксе, төмендегілер де солай ізденіп, тер төгеді.

     – Дұрыс.

     – Ол  менің көрегендігімнен емес, қиналған сәттерімде туған ой еді.  Е, есіме түсті. Туған қарындасымның күйеуі қарамағымда шофер болып істейтін.  Күндердің күнінде үш жігіт арақ ішіп, ГАИ-дың қолына түсіпті. Күйеу балам қасындағыларға:

   – Қорықпаңдар, менің қайын ағам автобазаның директоры, ­– депті.

    ГАИ қызметкері үшеуінің де машина жүргізер құжатын алып, маған келіп тұр.

   – Үш шоферыңыз қолға түсті. Біреуі сізге күйеу бала екен. Мына екеуін машина айдайтын құқығынан айырып, сізді сыйлағандықтан күйеу балаңызға ескерту жасаймын, –­ деді. Мен:

    – Жоқ. Сен мені сыйлама, заңды сыйла. Ол екеуіне ескерту жаса да, менің күйеу баламды машина айдау  құқығынан айыр, ­–  дедім. Ол солай етті. Мұндай-мұндай кесірлі кесапат жағдайға ешуақытта кешірім жасаған емеспін. Бұл менің ақымақтығым ба, әлдебілместігім бе, өзіңіз шешіңіз. Қарындасым мен күйеу балам бір жыл үйіме келмей қойды.

    – Келмесеңдер келмей-ақ қойыңдар. Автобаза менің әкемнің автобазасы емес, – дедім іштентынып.

Жалғасы бар 

     

Тегтер: