«Соловьёв иноагент болып көрінеді»: Нұрлан Сабуров Ресейге кіруге тыйым салынуын әжуалады
Қазақстандық комик Нурлан Сабуров Ресейге кіруге тыйым салынғаннан кейін алғашқы концертін өткізді. Бұл туралы Baza хабарлады.
Концерт Таиландтағы Royal Phuket City Hotel қонақүйінің 2000 орындық конференц-залында өткен. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, зал толған. Билет бағасы 30 мыңнан 130 мың теңге аралығында болған.
Сабуров сахнаға шыға салысымен өзін-өзі әжуалап, көрермендердің «қылмыскерді көруге» келгенін қалжыңдаған. Сонымен қатар, Ресейге кіруге тыйым салынуы және БАҚ-та тараған хабарлар туралы ирониялық пікір білдірген.
"Аудармашы талап етті”. Иә, әрине — мәселе орыс тілінде емес, мен ештеңе түсінбеймін, маған әлі күнге дейін аудармашы керек", - деген.
Сондай-ақ ол «патриотты» концерттер өткізетінін әзілмен айтып, тіпті ресейлік тележүргізуші Владимир Соловьёв «иноагент болып көрінетінін» мысқылдаған.
Ата кетейік, 6 ақпанда Сабуров Мәскеудің Внуково әуежайында Дубайдан ұшып келген соң ұсталған. Оған Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынғаны туралы құжат тапсырылған.
БАҚ мәліметінше, бұған Украинадағы соғысты сынауы, сондай-ақ көші-қон және салық заңнамасын бұзды деген күдік себеп болуы мүмкін. Комик бұл айыптауларға ашық пікір білдірмеген.
8 ақпанда ол Instagram парақшасында жағдайды жария түрде талқыламайтынын және барлық сұрақты заңгерлеріне жолдағанын мәлімдеді.
Әлеуметтік желілерде Сабуровтың Enduro мотоциклдерін «Вагнер» жеке әскери компаниясының бөлімшесіне тапсырып жатқаны көрсетілген видео тараған. Белсенді Марат Тұрымбетов бұл видеоны тексеруді сұрап, ҚР Бас прокуратурасына жүгінген.
Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев бұл мәселе ҰҚК құзыретіне жататынын айтқан. Кейін Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті аталған ақпаратқа қатысты тексеру жүргізіп жатқаны белгілі болды.
Сонымен қатар, украиналық заңгер Андрей Пронин Украина Қауіпсіздік қызметі Қылмыстық кодекстің 111-2-бабы («Агрессор мемлекетке жәрдемдесу») бойынша сотқа дейінгі тергеу бастағанын мәлімдеген.
Таиландтағы концерттен бөлек, Сабуровтың ресми сайтында сәуір айында Қытайдың Шанхай және Гуанчжоу қалаларында өтетін концерттері жарияланған.