Солтүстік Корея әскерилері Украинадағы соғысқа қатысуы мүмкін - Yonhap
КХДР Ресейге қолдау көрсету үшін Украинаға өз әскерін жіберуі мүмкін, деді сейсенбі күні Оңтүстік Корея парламентінде қорғаныс министрі Ким Ён Хен мәлімдеді.
«Ресей мен Солтүстік Корея әскери альянсқа ұқсас келісім жасасқандықтан, майданға әскери қызметкерлерді жіберу мүмкіндігі өте жоғары», - деп келтіреді министрдің сөзін Оңтүстік Кореяның Yonhap басылымы.
2024 жылдың маусымында Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын мен Ресей президенті Владимир Путин өзара қорғаныс туралы тармақты қамтитын екіжақты келісімге қол қойды. Бұл Пхеньян мен Мәскеу арасындағы әскери ынтымақтастықты тереңдетудің алғашқы белгісі емес еді.
Қаңтар айында АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің стратегиялық коммуникациялар жөніндегі үйлестірушісі Джон Кирби Ресейдің КХДР-дан баллистикалық зымырандар алғанын және оларды Украинаға қарсы қолданып жатқанын айтқан.
Сондай-ақ Ким Ён Хён Ресей басып алған Донбасс аумағында солтүстіккореялық әскерлердің жоғалғаны туралы соңғы ақпараттардың рас болуы мүмкін екенін айтты.
Өткен аптада Украинаның «Киев Пост» басылымы барлау көздеріне сілтеме жасап, 3 қазанда украиналық зымырандық соққыдан Солтүстік Кореяның алты офицері қаза тауып, үшеуі жараланғанын хабарлады. Ресей тарапы бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме бермеді.
Солтүстік Корея әскерилерінің Украинадағы соғыс қимылдарына Ресей тарапынан қатысуы мүмкін екендігі туралы жарияланымдар бұған дейін де пайда болған. 2023 жылдың қыркүйегінде Владимир Путин «Шығыс» ғарыш айлағында Ким Чен Ынмен кездесіп, мұндай хабарларды «толық бос сөз» деп атады.