Солтүстік Корея жаңа зымыран сынақтарын өткізді
Солтүстік Корея 8 сәуір күні қысқа қашықтықтағы бірнеше баллистикалық зымыранды сынақтан өткізді. Бұл туралы Оңтүстік Корея әскері хабарлады.
Алғашында әскерилер Пхеньян маңынан ұшырылған «белгісіз снарядты» тіркеген, ал шамамен бір сағаттан кейін Вонсан ауданынан Шығыс теңізі бағытында бірнеше баллистикалық зымыран ұшырылғанын анықтаған. Оңтүстік Кореяның мәліметінше, бұл зымырандар шамамен 240 шақырым қашықтыққа ұшқан.
Бұл – биыл Солтүстік Корея өткізген төртінші зымыран сынағы.
Сеулде Ұлттық қауіпсіздік кеңесі шұғыл отырыс өткізіп, Пхеньяннан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарларын бұзатын «арандатушылық әрекеттерді» дереу тоқтатуды талап етті.
Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён қызметке келгеннен бері халықаралық оқшауланған Солтүстік Кореямен қатынасты жақсартуға тырысып келеді.
6 сәуірде ол барлау дронының КХДР аумағына кіру оқиғасына Оңтүстік Кореяның қатысы бар екенін мойындап, өкініш білдірген.
Пхеньянның қатаң ұстанымы
Соған қарамастан, Солтүстік Корея Оңтүстікке қатысты қатаң позициясын өзгертуге ниетті емес екенін көрсетті.
7 сәуір кешінде КХДР сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Чан Гым Чхоль Оңтүстік Кореяны «ең жау мемлекет» деп атады.
Ол Сеул билігін «әлемді таңғалдырған ақымақтар» деп мазақтап, Ким Чен Ынның қарындасының мәлімдемесі бейбітшілікке шақыру емес, керісінше ескерту болғанын айтты.
Ли Чжэ Мённың қарым-қатынасты қалыпқа келтіру жөніндегі бастамаларына қарамастан, Солтүстік Корея Оңтүстік Корея және АҚШ-пен келіссөздерге қайта оралудан бас тартып отыр.
Бұл елдер Пхеньяннан ядролық қарудан бас тартуды талап етіп жатыр.