Сот экс-министр Елжан Біртановқа үкім шығарды
Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.
kz.
Бүгін Сарыарқа аудандық сотының судьясы Ибрагим Әлкенов бұрынғы министр мен көмекшісіне қатысты үкім шығарды.
“Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361-бабы, 4 бөлімі және 3 тармағына сәйкес, Елжан Біртанов кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығы шектелсін”, – деді судья.
Ал оның орынбасары Олжас Әбішевтың төрт жылға бас бостандығы шектелді. Елжан Біртанов “санавиацияны заңсыз пайдаланды” деген айып бойынша ақталғанымен “лауазымын асыра пайдаланды” деген бап бойынша айыпты деп танылды. Екеуі сот үкімі бойынша “келтірілген” 1 млрд 350 млн теңге шығынды өтеуге міндеттелді.
Бұрынғы министр 2020 жылдың 7 қарашасында үйқамаққа алынған болатын.
Іс барысында Елжан Біртанов өзіне тағылған айыптармен кездеспейтінін айтты. Ал прокурорлар бұрынғы министрді алты жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
Еске сала кетсек 2016 жылы Хорватияның Ericsson Nikola Tesla байланыс операторы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен медициналық ақпарат порталы туралы келісімге келген болатын. Келісім құны 20 миллион еуроны құрады. «Ericsson» Қазақстанға денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйесін ұлттық деңгейге жеткізуге көмектесуді міндетіне алған. Тапсырманы орындау үшін бір жыл қажет болды, сонымен қатар пайдаланушылар үшін жеткізушінің қосымша үш жылдық қолдауы қажет еді.
Жоба 2018 жылы аяқталып, оны сол кездегі Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бекіткен. Ол 2020 жылдың маусымында отставкаға кетті. Бірақ сол жылдың соңында цифрландыру қорынан 445 мың еуро жымқырды деген күдікпен қамауға алынды.