Сот полицейдің шағымынан соң маңғыстаулық белсендіні 6 айға қамады
13 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Мұнайлы аудандық соты ақтаулық белсенді Жамбыл Көбейсіновтің отбасына Қылмыстық кодекстің "Жала жабу" бабы бойынша үкім шығарды.
Сот үкіміне сай, Жамбыл Көбейсінов алты айға түрмеге қамалса, оның әйелі Ділбар Бегжанова шартты түрде алты айға бас бостандығы шектелді. Сотқа олардың үстінен Маңғыстау аудандық полиция бөлімшесінің бастығы Рашид Қуандықов жеке шағым түсірген.
Белсендінің алты айға қамалғанын Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі растады. Баспасөз қызметі мәліметінше, үкім Маңғыстау аудандық полиция басшысы Рашид Қуандықовтың Жамбыл Көбейсінов пен оның әйелі Ділбар Бегжанованы Қылмыстық кодекстің 130-бабының 2-тармағы бойынша "бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып жалап жапты" деп жазған жеке шағымы негізінде шығарылған. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Ділбар Бегжанованың Азаттыққа мәлімдеуінше, Жамбыл Көбейсіновті сот залынан бірден алып кеткен. Ал өзі он күн сайын пробацияға барып тұруы керек.
— Біз жылап залда отырып қалдық. Жамбыл көп балалы аналар мәселесін көтергені үшін қудалауға ілінді. Ылғи аймақтағы мәселені өз YouТube каналына шығарып отыратын. 1 мамырда "митингке қатыспақшысың" деп оны полицияға алып кетпекші болғанда Жамбыл барудан бас тартты. Кейін үйден оны күштеп алып кетті. Мен араша түсіп, улап- шулап жыладық. Осыны видеоға түсіріп таратқан Жамбылға полиция басшысы "беделімді түсірді, қызмет бабын асыра пайдаланды деп жала жапты" деп сотқа берді, — дейді Ділбар Бегжанова.
Ол полиция майоры Рашид Қуандықовтың өздеріне қойған шарттарының бәрін орындап, видео арқылы кешірім сұрап әлеуметтік желіде таратқандарын, күйеуінің ешқандай митингке қатыспағанын айтады.
35 жастағы Жамбыл Көбейсінов – Маңғыстау облысындағы белсенді әрі блогер. Оның YouTube желісінде жеке каналы да бар. Көбейсінов наурыз-мамыр айларында бірнеше мәрте әкімшілік жауапкершілікке тартылып, "полицияға бағынбады", "заңсыз митингке қатысты" деген айыптармен 5-15 тәуліккеқамалған. Олардың отбасында алты баласы бар. Балаларының үлкені 14 жаста, кенжесі екіде.