Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:00

Сот прокурорға қатысты қорғаушы тараптың өтінішін қанағаттандырмады

Шерзат Нұрқанат
Фото: ашық дереккөз

2025 жылғы 6 мамырда Шерзат Полат ісі бойынша кезекті сот отырысында айыпталушылардың қорғаушылары прокурор Дана Сарсенбайға сенімсіздік білдіріп, оны істен шеттету туралы өтініш түсірді.

Алайда, сот бұл талапты негізсіз деп танып, қанағаттандырудан бас тартты.

Қорғаушы тарап прокурор Дана Сарсенбайдың айыпталушыға тергеу кезінде қысым көрсеткенін алға тартты. Сондай-ақ, өзге де адвокаттар бұл талапты қолдап, мемлекеттік айыптаушының бейтараптығына күмән келтірді. Олар сотқа өтініш білдіре отырып, Д. Сарсенбайдың істі әділ жүргізе алмайтынын жеткізді. Бірақ прокурор бұл айыптаулармен келіспейтінін білдірді.

Жәбірленуші тараптың өкілі, адвокат Мейірман Шекеев қорғаушы тараптың уәждерін жоққа шығарды. Оның айтуынша, Қылмыстық-процестік кодекстің 88-бабында көрсетілген шектеулі негіздер ғана прокурорды істен шеттетуге себеп бола алады.

«Қорғаушылар айтып отырған жайттар осы талаптарға сай келмейді. Мысалы, прокурордың эмоцияға берілуі – заңда көрсетілген шынайы себепке жатпайды», – деді Шекеев.

Сот тараптарды тыңдаған соң, кеңесу бөлмесіне шығып, адвокаттардың өтінішін қанағаттандырмайтынын жариялады.

Айта кетейік, осы күні сот процесінде айыпталушы Дархан Аскентай жауап берді. Ол марқұм Шерзат Полаттың төбелесті алдымен бастағанын айтты. Сонымен қатар, сотқа криминалдық полиция бөлімінің бастығы Медет Әділжан да куә ретінде шақырылып, жауап берді.

Осылайша, Шерзат Полат ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Қорғаушы тарап пен мемлекеттік айыптау арасында текетірестер орын алуда. Ал сот шешімдері істің одан арғы барысына тікелей ықпал етеді.