Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:15

Совет өкіметі де өзін демократиялы мемлекет деп санаған

Асылхан Мамашұлы

Өз басым сөз бостандығы дегеннен гөрі сөз еркіндігі деген термин дұрыс деп есептеймін. Сөзде бостандық болмайды, еркіндік болады.

 Сөз еркіндігі дегеніміз өте қарапайым нәрсе – адамның ақпарат алу және тарату құқығы. Адамның, бұқаралық ақпарат құралдарының аузына құлып салма, не айтамын десе де еркіндік бер. Еркіндік бар жерде ащы шындық та, ащы сын да айтылады. Соған шыдаған билік – демократиялы билік болып саналады. Сөз еркіндігін тыйып, Қазақстан демократиялы мемлекет деу – көк жигулидің сыртына лексус деп жазғанмен бірдей нәрсе. Тоталитарлық жүйе билеген Совет өкіметі де өзін демократиялы мемлекет деп санаған.

«Кей пікірді билік ұлтаралық араздықты қоздыру деп жатыр, сонда сөз еркіндігі қайда қалды» деген сұрақ көп. Сөз еркіндігі мен ұлтаралық араздық туғызу мәселесі – бірімен-бірі қабыспайтын екі түрлі ұғым. Алдыңыздағы адамды балағаттап, ар-намысына тиіп, бізде сөз еркіндігі деп құтыла алмайсыз ғой. Мұндайда қазақ бір сөзбен «ауыз өзімдікі деп оттай берме» дейді. Әрине, бізде асыра сілтеушілік көп. Дұрысы – тәуелсіз сараптамаға беру. Сіздің сөзіңізде қылмыс бар ма, жоқ па, солар анықтасын. Заңда өзге адамға, ұлтқа тіл тигізуге, қорлауға және адамды ұлтына, жынысына, тіліне, дініне қарай кемсітуге болмайтыны анық көрсетілген. Бұл – дұрыс. Ешкім ешкімнен артық та, кем де емес. Заң тілін былай қойғанда, қарапайым мораль мәселесі бойынша да осылай ғой.

Медиа этика мәселесін сақтауға міндетті кәсіби журналистерді айтпағанда әлеуметтік желіні пайдаланатын, қандай да бір ақпаратты көпшілікке тарататын жеке адам бұл мәселе бойынша жауапкершілік барын түсінуі керек. Ақпарат шығарарда өзге азаматтың, ұлттың ар-ожданы нұқсан келтіре ме, жоқ па деп мұқият ойлансаңыз жеткілікті. Тіпті біреудің постына, әсіресе танымал адамдардың постына барып, тисе терекке, тимесе бұтаққа «ей, мал» деп неше түрлі коммент жазғыштар да ойлану керек.

Сөз еркіндігі демократияның көрінісі болғандықтан дамыған елде басқаша, дамымаған елдерде басқаша болуы мүмкін емес. АҚШ-қа барып қара нәсілді адамдарды кемсітетін, қорлайтын сөз айтсаңыз, естен кетпестей сабақ аласыз.

Қазақстанда бүгін ғана емес, бұған дейін де сөз еркіндігі шектеліп келген. Сотталған, қамалған белсенділер мысалын жүздеп келтіруге болады. Сөз еркіндігі индексі бойынша Қазақстанды алдыңғы қатарлы елу елдің ішіне кіргізейік деген биліктің ұранын естіген емеспін. Шамамен жүз елдің соңында салпақтап келе жатқанымызға көп болды. Бұл жағдай бұрынғы билікке де, бүгінгі билікке де ұнайды. Мұның соңы неге соқтыруы мүмкін? Сөз еркіндігіне шектеу салынғанмен, ой еркіндігін шектей алмайсың. Ол бәрібір бір күні бұрқ етіп шығып, тарс етіп жарылады. Қаңтар оқиғасы соның айқын дәлелінің бірі.

Асылхан МАМАШҰЛЫ, журналист