Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:41, 03 Желтоқсан 2024

Советтік сара жолмен келе жатқан біз ғана

Рысбек Мәуіт
Рысбек Мәуіт. Фото: ашық дереккөз

Қазіргі еңбек нарығы біліміңе қарап бағалайды. Сондықтан білім ең өтімді «тауарлардың» көшін бастап тұр.

Жоғары академиялық білім беруді қойғанда, орта мектептердің өзі жекеменшік сипат ала бастады. Қазақстанда да ақылы білім ордаларының қатары қалыңдап, жұмысы қызып жатыр. Кәсіпкерлер бұл трендтен қалыс қалып жатқан жоқ. Одан бөлек, білікті де тәжірибелі ұстаздар өз мектебін ашып, бренд жасауда. Сондай мамандардың бірі – Рысбек Мәуіт. Еңбек жолын математика пәнін оқытудан бастаған ол бүгінде бірнеше мектеп пен орталықтың иесі. «Жас Алаш» 26 жылдық тәжірибесі бар ұстаз-кәсіпкермен әңгіме өрбітіп, бүгінгі білім жүйесінің жайын сұрады.

Білім мазмұнын бейімдеп отыру керек

Математика барлық адамға керек. Бірақ біз оны оқытуда дұрыс әдіс қолданып жатырмыз ба? Бұл пәннен үрейленетін оқушылар көп, ұната бермейтіні де жасырын емес. Негізі, нақты ғылым болғандықтан, математиканы біреудің жетелеуінсіз, өз бетіңше меңгеру өте қиын. Тіпті бастауыштың бағдарламасын түсінбей қалсаң, орта буынға келгенде биология, физика, химия, география сынды жаратылыстану бағытындағы пәндерден қиналып қаласың. Өйткені, пайыз шығару, шамаларды, кері сандарды білмеген бала бұл сабақтарды да толық түсіне алмайды. Одан бөлек, қазіргі балалар ана тіліндегі мәтінді оқып, түсінуге, мазмұндауға да қиналып жатады. Өз кезегінде оқу сауаттылығының деңгейі математиканы меңгеруге кедергі келтіруі ықтимал. Білімнің бәрі бір-бірімен байланысты. Бәлкім, білім мазмұнын соған бейімдеп, өзгертіп отыруымыз керек шығар. Жалпы білім саласына жүйелік өзгерістер, реформалар қажет.

Алгебра мен геометрияны бөліп оқытатын біз ғана

Бүгінде геометрияны ТМД елдері ғана оқытады. Ал әлем елдері бір ғана математиканы қош көреді. Міне, қараңыз. Бала 1-6 сыныпта математика, одан кейін алгебра, геометрия, соңында анализ бастамалары деген оқулықтар бойынша білім алады. Төрт түрлі оқулықтың қандай қажеті бар? Бәрі бір математика пәні ретінде оқытылуы тиіс. Осы мәселе қозғала қалса болды педагогтар геометрия жойылып кетеді, сағат азайып қалады деген желеумен қарсылық білдірді. Көпшілік өзгеріске дайын емес. Әйтпесе, бұрыннан айтылып келе жатыр. Назарбаев зияткерлік мектебі де ұсыныс жасаған. Мен де біраздан бері аргументтерімді ұсынып жүрмін.

2026 жылдан бастап жаңа оқулықтар кезең-кезеңімен енгізілмек. Ондағы бағдарлама «жетілдірілген». Бірақ бағдарламаны өзгерту бүгінгі мәселені шеше алмайды. Қалай өзгертсең де, қаңқа сол баяғы ғой... Бәрін жаңадан жасаған жөн. Соның ішінде алгебра мен геометрияның да жайы қарастырылса деймін. Өйткені советтік сара жолмен әлі күнге келе жатқан біз ғана. Жаһан жұртшылығы тек математиканы оқиды. Біресе алгебра, біресе геометрия деп ми ашытпайды. Осы озық тәжірибеге біз де келсек, мазмұнды жеңілдетуге, функционалдық сауаттылыққа мән беруге мүмкіндік туар еді. Бұл геометрия жоғалып кетеді дегенді білдірмейді, керісінше, оны жүйелі оқыта аламыз. Сағат та қысқарып қалмайды. Осы жайлы ойымды айтып та, жазып та жүрмін. Жақында журналистер қауымы мәжіліс кулуарында министрге сұрақ қойып, екі пән қосыла ма депті. Оқу-ағарту саласының басшысы ұсыныс қарастырылатынын жеткізген. Артынан сауалдың жауапты мамандарға тапсырылғаны, олардың маған хабарласатыны айтылды. Алайда әлі ешқандай хабар жоқ. Мүмкін алдағы уақытта жұмыс басталып, мәселе шешіліп қалар.

Шетелде анадай, мынадай деуге құмарлық артқан заман ғой. Барлық салада сыртқа қарайлап отырамыз. Білім жағына келгенде де керегін ескеріп отырған дұрыс. Әсіресе бағдарлама жасауда шетелдік мысалдарды сараптап, оны өз жағдайымызға негіздеу қажет. Қалыптасқан ситуация мен әлемдік тәжірибені ұштастырса, сапалы бағдарлама шығатыны сөзсіз.

Бағдарлама жасауға ғалымдар емес, практиктер атсалысқаны дұрыс

Бағдарлама турасында айтылатын, талқыланатын нәрсе көп. Себебі кемшіліктері көрініп жатыр. 2016 жылдан бастап жаңартылған білім мазмұнына көштік. Әлбетте, идея жақсы. Десек те, орындау жағы әлсіз болды. Мысалы, Қазақстан 2015 жылы TIMSS халықаралық зерттеуінде 12-орында тұрса, 2022 жылы 58 елдің ішінде 31-орынға түсті. Неге мұнша құлдырадық? Бұл ең алдымен білім мазмұнына байланысты. 2016 жылғы өзгерістен соң оқулықтар да қайта құрастырылды, қолданысқа енгізілді. Өзім салаланған математика бойынша қарастырсам, жаңартылған мазмұнға сәйкес бастауыш сынып математикасы бес бөлімнен тұрады. Олар: сан және шама, алгебра элементтері, геометрия элементтері, жиын және логика, математикалық модельдеу. Мұнда спиральді, яғни шиыршық оқыту жүйесі қолданылады. Демек, 1-4 сыныптың оқулықтары аталған бес бөлімді қамтуы тиіс. Тақырып жылда қайталанады. Бұл әдісті TIMSS бойынша бірінші орында келе жатқан Сингапур да қолданады. Алайда олардың математикасы тек үш бөлімнен тұрады. Олар: сан және алгебра, геометрия және өлшем бірліктері, статистика. Бұл өте қолайлы. Ал Қазақстанда сан мен алгебраны бөліп тастағандықтан, бағдарлама бірінші, екінші сыныптан-ақ күрделі. Қарапайым тілмен айтқанда, «1+2=3» дегенді енді-енді үйреніп жүрген бірінші сынып оқушысына «х» деген шаманы үйрету, түсіндіру қиын.

Келесі – жиын және логика бөлімі. Бірінші сыныпта оқитын баласы бар математик әріптесіміз былай дейді: «Бос жиын дегенді балама түсіндіре алмай жатырмын. Бұл дегеніміз – ешқандай элементі жоқ жиын десем, балам ешқандай элементі жоқ болса, ол қалай жиын болады деп, түсіне алмай отыр». Бүлдіршін үшін түсініксіз болуы да заңды... Соған қарамастан, ары қарай тақырып күрделене береді. Жиындардың қиылысуы, бірігуі, ауыстырымдылық, терімділік қасиеті сынды тақырыптар келеді. Алгебра мен жиынды ысырып қойғанда, қазіргі заманда ең маңызды салалардың бірі саналатын статистика назардан тыс қалып отыр. Басқа пәндерде де дәл осындай проблемалар бар деп ойлаймын. Сол себептен, бағдарламаны қайта қарайтын жұмыс тобын құрып, оларды терең зерттеу үшін уақыт пен ресурс беру қажет. Әдеттегі формалдылықты қойып, жазғы уақытта, ұстаздар бос кезде іріктелген мықты мамандарды жинап, алаң жасаса. Дискуссияға, пікірталасқа, талқылауға кеңістік берілсе. Міне, сонда ғана нәтиже болады. Бұлай дейтінім, елімізде ғалымдар мен ғылымилыққа көп мән беріледі. Ғылыми негіз дұрыс па, мына сөз ғылыми тұрғыда дұрыс па дегеннен бұрын практиктердің, бала оқытып жүрген мамандардың пікірін алға қойған ұтымдырақ.

Орашолақ оқулықтардан құтылу үшін бәсеке қажет

Бағдарламамен қатар оқулықтар түзетілуі керек екенін жоғарыда сөз еттік. Қанша жылдан бері айтылса да, сынға ұшыраса да, орашолақ оқулықтар мәселесі шешілер емес. Бәрі айналып келіп, жүйеге тіреледі. Мәселен, батыста кітап баспалары тәуелсіз. Олар оқулықты өзі даярлап, басып шығарады. Мектептер соның арасындағы сапалысын таңдап алады. Демек, нарық пен бәсеке бар. Әрине, ондағы менталитет басқа, жемқорлық тәуекелдері аз, авторитаризм мен монополия жоқ. Біздегі ситуация мүлде басқаша. Тәуелсіз баспалар жұмыс істеп жатыр дегенмен де, әзірге нарық бар, бәсеке жоқ. Оған енді келе жатырмыз. Баспалар бәсеке күшейе бастаған соң, авторларды дұрыс таңдауға, сапалырақ жұмыс істеуге тырысып бағуда. Көбі ақшасын үнемдеуге тырысатын. Ол да уақыт өте түзелер. Ал мемлекет тек сараптама жасауға ғана құзыретті. Яғни оқулықты баспа өз бетінше әзірлейді, жауапты мекеме қабылдайды не кері қайтарады. Осы тұста бір мәселе бар. Бізде автор мен сарапшы арасында іскерлік процестер жүріп жатқанымен, олар бір-бірімен байланыспайды. Кім кімнің жұмысын қарап жатқанын ешкім білмейді. Бұл жемқорлық фактілерінің алдын алу мақсатында жасалған механизм. Алайда байланыстың жоқтығы көп жағдайда тек кедергі келтіреді. Мысалы, мен автормын делік. Керемет бағдарлама жасап, дайын оқулығымды ұсындым. Ал оны тексеріп отырған сарапшының көзқарасы мүлде басқа болуы ықтимал. Немесе таным көкжиегі тарлау шығар. Болмаса дәл сол жаңашылдықты қабылдай алмайтын адам шығар. Осы секілді субъективті факторлар шын мәнінде ең оптималды, қажетті нұсқаның төмен бағалануына әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Бірақ автор сарапшыға, сарапшы авторға кері байланыс бере де, өз позициясын дәлелдеп, пікірталастыра да алмайды. Екі ара үзіліп қалған. Осы секілді жүйелік ретсіздіктер үлкен процестерге кедергі келтіріп жатады.

Рысбек Мәуіт
Рысбек Мәуіт. Фото: ашық дереккөз

Кім ақша төлейді, сол оқиды деген қағида жоқ

Өз кәсібіме келсем, «Зерделі» брендін осыдан он жыл бұрын құрдық. Қазіргі таңда ҰБТ-ға, НЗМ, БИЛ, РФММ-ға дайындайтын орталықтарымыз, қосымша білім беретін орталықтарымыз, толыққанды білім беретін мектептеріміз жұмыс істейді. Офлайн форматпен қоса онлайнды дамытып жатырмыз. Қазақстанның бірнеше ірі қаласында филиалдық негізде өсіп келеміз.

Жекеменшік мектептер де мемлекеттік мектептер секілді оқу-ағарту министрлігіне бағынады. Ортақ бағдарламамен сабақ береді, оқу жылының басында жоспарын бекіттіріп алады. Ерекшелігіміз, мұнда оқушылар таңнан кешке дейін оқиды. Түске дейін мемлекет талап ететін міндетті сабақтар өтсе, түстен кейін өзіндік бағдарламамыз оқытылуы мүмкін. Соның ішінде домбыра мен шахматты күнде береміз. Математиканы тереңдетіп оқытамыз. Мемлекеттік мектепте математика аптасына бес сағат болса, бізде 10 сағат. Ал ағылшын тілі 6-8 сағатқа дейін. Бұл орайда авторлық бағдарламалар қолданылады. Басқа ақылы мектептерден айырмашылығымыз, кім ақша төлейді, сол оқиды деген қағида жоқ. Оқушыларды тест негізінде іріктеп аламыз. Бұл мықты орта қалыптастыруға әсер етеді. Осыдан келіп сапа да, имидж де шығады.

Оқытушылар туралы айтар болсақ, педагогтарды да тестілеу негізінде жұмысқа қабылдаймыз. Ал аттестаттау, санат алу сынды процестер мемлекеттік мектептермен бірдей. Оларды қолдау, мотивация беру жағына баса мән береміз. Команданы алып, шетелдік саяхатқа апарамыз. Тәжірибе алмасып, жақсы тынығуы үшін жағдай жасаймыз. Басқа да шараларды жиі ұйымдастырамыз. Бұл менің кәсіпкер ретіндегі жеке шешімім. Мемлекеттік мектептер де алғыс хат пен марапат беріп, ақшалай сыйақылар тағайындайды. Әрине, еңбекті бағалау, лайықтыларға марапат беру жақсы-ақ. Ол да мотивация.

Деңгейлеп оқыту барлық жағынан тиімді

Білім беру процесін барынша оңтайландыру үшін деңгейлеп оқыту әдісін қолданамыз. Математикадан бес топ қатар оқитын болса, оларды деңгей-деңгеймен бөлеміз. Себебі әр адам, әр бала әртүрлі. Осының әсерінен бір сыныптағы оқушылар арасында контраст байқалуы қалыпты жағдай. Бірнешеуі бәрін біледі, тағы бірнешеуінің деңгейі төмен, қалғаны орташа. Яғни жартысы озып кетеді, басқасы қалып жатады. Оқыту барысында қиыншылықтар туындайтыны да содан. Ал деңгейлеп білім беру оқушыға да, оқытушыға да ыңғайлы. Түсіндіруге де, қабылдауға да қолайлы. Менің орталықтарым да, мектептерім де осы әдісті қолданады. Жалпы, ақылы орталықтар мен мектептердің көпшілігі солай жұмыс істейді. Ескерерлік бір жайт, бір сыныптағы оқушылардың математикадағы деңгейі әртүрлі, ағылшындағы деңгейі басқаша. Негізгі пәндерге келгенде, олардың әрқайсының қабілеті мен дарыны бөлекше. Осыны ескере отырып, әр пәннің өз тобы жасақталады.

Тағы бір кейсті талдайық. Біздің мектептерде домбыра мен шахмат міндетті пәндер қатарында екенін айттым. Сыныпқа 20 оқушы қабылданса, оның бірі домбыраны біледі, біреуінің хабары бар, басқалары мүлде ұстап көрмеген. Шахматта да дәл солай. Соның фонында оқушылар домбыраны да, шахматты да жай қосымша есебінде өтіп жүрген. Кейіннен, біз сапаға жұмыс істеуіміз керек, бұлай жалғастыруға болмайды деп, бұл сабақтарды да деңгейлеп бөліп өткізе бастадық. Нәтижесінде, қазіргі көрсеткіш 100 пайызды құрап отыр. Өйткені өзі деңгейлес топпен сабақ өткендіктен, баланың қызығушылығы жойылып кетпейді, озып кеттім деп күтпейді, қалып кеттім деп қысылмайды.

Ол аз десеңіз, менің бұрынғы әріптесім Астанадағы мектептердің біріне директор болып барды. Кейіннен маған өтініш білдіріп, 4-сыныптардан тест алып, деңгейге бөліп беріңізші деді. 100 балдық жүйеге негізделген өз тестімді шығарып апарып, оны тексеріп, топтастыруға жәрдемдестім. Соның нәтижесі керемет болды деп айта аламын. Жеке басшылар жасаймын десе, оларды ешкім шектемейді. Мүмкіндік жоқ емес, бар. Мемлекеттік деңгейде реформа жасасаң да, түптің түбінде оны жүзеге асыратын директорлар. Осы орайда басшылар жауапкершілігін жақсы жағына пайдаланып, деңгейлеп оқытуға мән берсе де болады. Әрине, кейбір ауылдық немесе аз қамтылған мектептерге түсіністік таныту керек.

Олимпиада жайы

Жақында шешім қабылданып,халықаралық олимпиаданың жеңімпаздарына «Болашақ» гранттары берілетін болды. Бұл өте орынды, бір жағынан ұтымды шешім дер едім. Себебі олимпиададан орын алған бала мемлекеттік қолдаусыз-ақ шетелдік университеттерден шақырту алып, грантқа түсіп кетеді. Одан соң сол елде қала ма, басқа қыла ма, өзі шешеді. Ал «Болашақпен» оқығандар «отработка» үшін елге қайтады, мемлекетке қызмет етеді. Демек, бұл – мықтыларды сыртқа жіберіп алмаудың бір жолы. Олимпиада жеңімпаздарына ғана емес, олардың жетекшілеріне де көңіл бөлінуі қажет. Спорттағы жеңімпаздарды қалай бағаласақ, білім саласындағы жеңістерді солай бағалауға тиістіміз.

Одан бөлек, ел ішіндегі олимпиадалар туралы сұрақ та актуалды. Өзім әртүрлі олимпиадалар ұйымдастырамын. Әсіресе «Алтын Сақа» атты бәйгемізге халықтың қолдауы ерекше. Оны толық өз қаражатыма өткіземін, қатысушылар үшін тегін. Олимпиада алдында тегін сабақтар беріп, онлайн түсіндіремін. Балалар мен ата-аналар жетістікке қуанады, мотивация алады. Өз деңгейін көреді. Мұндай сайыстардың мақсаты да сол ғой. Жүйрікті ұдайы бәйгеге қосып, шынықтырып отыру қажет. Балалар да дәл солай. Мектепішілік, аудандық кезеңнен іріктелгендер облыстық деңгейде сыналады. Сонда кейбір облыстық әкімдіктер ақша қарастырылмаған деп, сылтауларын айтып, өткізуден бас тартатын кездер де кездеседі. Себебі бұл олимпиада 514 бұйрықта жоқ. Яғни мұғалімдердің жетістігі ретінде тіркелмейді. Десе де көп облыстар өз олимпиаларының тізіміне еңгізіп мұғалімдердің аттестатына жарамды қылып отыр. Бірақ ата-ана мен балаға 514 бұйрықтың не керегі бар?

Сұхбаттасқан Баян Мұратбекқызы

Тегтер: