Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:41, 16 Тамыз 2022

Сөз тұтқасы – «Бәдуәм»!

None
None

1.Тұтқа

Кім айтса да: «Барлық құпияның сыры – өте қарапайым әрі оңайда тұр. Ол қазына табаныңның астында, ұлы жаңалық санаңның қалтарысында, бақыт жүрегіңнің жансарында.

Тек жай ғана назар салсаң болды», – деп дұрыс айтқан. Бізді, Абайды тану жолындағы сана сабылысынан құтқарған, кез келген баспасөз көзді алдарқататын, ермек үшін соңғы бетіне беретін «Ел аузынан» деген елеусіз жарияланым болды. Елеусіз жерге берілгені сондай, осыдан отыз жыл бұрын, әлі ғылымға бастықпаған кезімізде көшіріп алып, сан мәрте пайдаланған сол бір «елеусіз сөздің» қайда басылғанын көрсетпеппіз. Ол кезде жадымызға жарымыздай сенетін едік. Енді, міне, Алматы, Астана, Семей, Абай мұражайы кітапханаларындағы тігінділерді түгел ақтарып, кәсіби кітапханашыларға қаратсақ та, көрсеткіш біткенді көзден өткізсек те, таба алмадық. Ал ол өзімнің жиған-тергенімнің арасында жатқаны анық. Бір күні өзі «сандырақтап» қолға түспесе, әй қайдам, үмітсіз шайтан деген, кім біледі.

Ебепке – себеп боп, тосыннан ойымызды ойран-топыр еткен сол «ел ауызынан» жазылып алынған, біздің ой қазығымыз болған ол оқиға  мынадай (Сілтемесі көрсетілмеген көшірмені сөз бе сөз келтіремін):

«Тобықты Мамай деген рудың бір адамы арыз айту үшін Құнанбайға келіпті. Тегі Абайдан қысымшылық көрген кісі болса керек. Арызшы сөзін бітіргеннен кейін, Құнанбай:

Қан жамылып, қағанақ төсенген көп арғынның ортасынан шығып, қалың найманның ішіне кірдік. Жаттан көптік көрдік, таяқ жедік. Ерімізді өлтіріп, Ертісімізді бұздырып, белімізді сындырған істер болды. Еті ауырып, жаны ашынған ел бая-шая болды, ақыры бұзылып, жарылып, не түрлі кесапат істің бәріне кірді: шын озды. Құрандағы: «Жазған елге жәбір сұлтанын жіберем» дегендегі сұлтаны – осы. Ел бүлінуінің түпкі негізіне келсек, егізімнің сыңарынан айырып, көз таңбалы көп шырағымның ішінен шығып, қалың найманның ортасына кетіріп, қорлық көрсеткен сенің атаңның кесірі де. Сол Ыбырай маған сәлем беріп, бетімді көрмегелі үш айдай болды. Маған не қыл дейсің, бар, – деп арызшының сұрауына орай қанағаттандыра алмапты.

Ол сөздің түсінігі: тобықты, қанжығалы туыс ел екен. Егізімнің сыңары деп отырғаны – осы қанжығалы. Бір кезде олардың қонысы да айырылып көрмеген рулар болса керек. Екеуінің де соңғы мекені Баянауылда болыпты. Осы жерде отырған тобықты Мырза Мамай деген кісі Қанжығалы Абыз Шамақ деген байдың алпыс биелік қазынасын ұрлап алыпты. Бұл қанжығалының Бөгенбай, Жантай дейтін батырларының бар, күшті ру болып тұрған кезі екен. Жай сұрағанға мән бермеген соң, батырлық күшке салып, тобықтыны тып-типыл қылып шауып алыпты. Сонсоң тобықты өкпелеп, Шыңғысқа ауып кеткен екен. Сөйтіп, Құнекеңнің өкініш ретінде сөйлеп отырғаны осы болса керек.

Содан Құнанбайдың бұл салқын сөзі ел дауының ортасында етекбасты боп жүрген Абайдың құлағына шалынады. Қауырт жұмыстарын қайырып тастап, әкесіне сәлем бере барады. Апта жатып, көңілін аулап, қабағына қарайды. Бір күні таңертеңгі шәйдан кейін, ақ шымылдықты төсектің үстінде ақ көйлек-дамбал, ақ тақия киіп, ақ шапан жамылып, кітап оқуға кіріскен әкесіне рұқсат сұрай кіріп:

– Тәте, мен келгелі де біраз болды. Ел ішінің тығыз жұмысы бар еді. Көңіл қошыңыз келсе, қайтуыма рұқсат берсеңіз, – деп өтінеді.

Құнанбай да шын ықыласымен Абайдың қайтуына рұқсат береді. Орнынан көтеріліп, есікке тақап барып, артына бұрылған Абай:

– Тәте, сізден бір нәрсе сұрауға бола ма? – дейді. Ризалығын алған соң:

– Мен келгелі біраз күн болды, содан бері мына кітап қолыңыздан түспеді. Құранның осы бір бетін әрі аударып, бері аударып, күн ұзаққа күбірлейсіз де отырасыз. Сізді осынша ойландырған бұл сонда қандай сүре? – деп  сұрайды. Сонда Құнанбай:

– Е, Абайжан, бұл Құран емес. «Бәдуәм» ғой. «Бәдуәмді» ықтияттап, қайталап, жаттап отырмын, – деп жауап қайырыпты. Сонда Абай мысқылдай күліп:

– Пәлі, тәте! Мен сізді тым тереңдеп кетіп, «Тариқатты» тәмамдап, «Ақиқатқа» ауысып, соның сауап-амалын қарастырып отыр екен десем. «Бәдуәмды» енді жаттап отырсаңыз, онда «Құраннан» кейіндеп қалыпсыз. Ол – шәкірттердің тілін жаттықтыруға арналған бес-он беттік шағын дүние емес пе? – дейді. Сонда Құнанбай Абайға сынай қарап, сабырмен:

– Әй-й, Абайжан-ай! Сені медреседегі оқуыңды тәмамдатпай,  үш ай бұрын алып кетіп ем. Қап, обалыңа қалған екем ғой. Кемдігің байқалып қалды-ау. «Бәдуәмда» қысқа да нұсқа, мағынасы терең сөз жазылған. Ол – «Құранның» тұтқасы емес пе? Бірінші: «Шариғаттың», екінші – «Тариқаттың», үшінші – «Мағрипаттың» кілтін ұстатпай ма. Япыр-ай, сен бұл үшеуіне соқпай, үстірт өтіп кеткен екенсің-ғой! Қап!  – деп өзіне-өзі налиды.

Абай қысылып қалып, қарсы жауап қайырмай ақырын басып сыртқа шығып, басын шайқап тұрып:

– Япыр-ай, ә! Үлкен кісілермен байқап-байқап сөйлесу керек екен! Тәтем неткен терең еді. Оқысам да, оқығанымды тоқи алмағанымды мін етіп айтты-ау! Шындығында да мен білімнің бетінен қалқып, тереңіне бармаппын-ау. «Бәдуәм» расында да Құранның кілті емес пе! Өлмейтін сөз екен, – деп қатты өкініпті» [3.71;7].

Осы әңгіме бізге қатты ой салды. Әр қандай қиял мен уәж –діндар Құнанбай ұстаған «тұтқаға» қайта айналдырып әкеп, ойға оралта берді. Ақыры соған дейін қадари қауымға беймағлұм боп келген «Бәдуәмға» ықыласымыз ауды. Жылдар бойы іздестіріп, дерек жиюмен болдық. Сөйтіп, қолымызға түсіп, танысып шыққан кезімізде, алдымыздағы «көк тұман» ашылып сала берді.

2.Табалдырық

Қысқа қайырып айтқанда, біздің де таным жолымызды жеңілдеткен ой  тұтқасы –  «ел иесі, жер иесі, дін иесі» Құнанбай дегдар «ықтияттап қайталап оқып, ойша жаттап» отырған қысқа да нұсқа әдеби-уағыздық жанрда жазылған  осы «Бәдуәм» болды. Құнанбайдың өзі оқыған «Бәдуәмнің» 1846 жылы Қазанда шыққан басылымы қолымызға түспесе де, қадым кездегі үлгілер мен ол туралы арғы-бергі уақытта айтылған пікірлерді жүйелей келіп, Құранның көркем әрі көпшілікке ұғымды қосымша оқу құралы сияқты шағын кітапшадағы «тиянақ ұғымдарды» ырғақты мақаммен «ықтияттап оқыдық». Жәй оқымай, сонда айтылған емтихан сұрақтарының жауабын іздеп, тауып, оның мағынасына зер салдық. Содан кейін оны Абайдың пікірлерімен салыстыра пайымдағанымызда, шындығында да, біздің таяздау ой-түсінігімізге саңлау түсіріп, мағрифаттың (танудың) тұтқасын ұстатқандай болды.

Барлық ұлы жаңалықтардың барынша қарапайым болатыны рас екен. «Істің басы – ретін танымақтық» [1.297-298], – деп Абай айтқандай, «адасқан ойымыз» қалыпқа түсе бастады. Шәкірт кезінде жаттап, әкесінің мысты емеурінімен даналыққа бет алған шағында қайталап, «тиянақтап» оқыған «Бәдуәмда» Абайдың көркем ойлау жүйесінің суыртпағы жатқанына кәміл сендік. Әрине, Абайдың даналыққа суарылған ақындық көркем бейнелеуінің қуат-күші одан зор, әрі күрделі де көркем.  Бірақ ол дербес тақырып пен сыни талдаудың еншісіне тиесілі. Ал біз тек таным тамырына ғана ден қоямыз.

Сонымен, қазақ руханиятында белгісіздеу боп қалған «Бәдуәм» қандай жәдігер? Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы шығарған «Ислам энциклопедиясында»:

«Бәдуәм – құран аяты. «Бәдуәм» – ислам дінін уағыздайтын көне әдеби мұралардың бірі. «Бәдуәм» ең алғаш 1846 жылы басылған. «Бәдуәм» – бәйіт түрінде жазылған, алғашқы үш тармағы ұйқасып келеді де, төртінші жолында: «Алла!» – деп айт, Бәдуәм!» – деген қайырма қайталанып отырады. «Бәдуәм» – Құранның иман айта білу, намаз оқу, садақа, зекет беру, т.б. жайындағы сүрелерін уағыздайтын кітап» [8.29],– деп түсініктеме беріліпті.

Бірден ашығын айтайық, кеңестік дәрілқарап дәуірде жазылған бұл шолақ ақпаратта көрсетілгендей, «Бәдуәм» – «Құран аяты» да, Сүннә да, тіпті Құран сүрелерін уағыздайтын жәй кітап та емес. 

Ол – ұғымды да қысқаша жазылған «жүрек айнасын» тазартып, иманды  ұясына қондыратын, яғни «мағрифатуллаға жеткізетін» (Абай) оқу-ағарту пәні.

Ол тәнің мен жаныңды, Жаратқанның болмысымен тұтастандыратын шариғат түйсігін, яғни субутия мен затиялық болмысты түсіндіретін киелі кеңес.

Ол соған бастайтын тура жолды тариқатты тарататын, Алланың дидарын көруге мүмкіндік беретін Ақиқаттың тәжі – арсы-гүрсіге шығарып салатын ұйқасты ырғақпен баяндалған риуияттық сипаттағы көркем тәфсір.

«Дін иесі Құнанбай» (халықтың берген атауы) дәл айтып отырғанындай, «Ол «Құранның» тұтқасы. Бірінші: «Шариғаттың», екінші – «Тариқаттың», үшінші – «Мағрифаттың» кілтін ұстатады».

Қысқаша көркемдеп, ырғаққа лайықтап тәфсірлеу – құр зауық үшін емес. Ол қарапайым қауымның ұғымына Құран мағынасы мен Шариғатты түсінуге апаратын Тариқат арқылы Мағрифаттану жолына салып, мақсатқа жеткізетін мазмұн тұтқасы. Көркем ой адамның санасын ұйытып, сезімін шамырқандырып, әсерлене түйсіндіретіні белгілі, яғни «кеңінен қозғап сөйлейді». Жадыға тез жатталады. Сондықтан да «Бәдуәмді» жазған  ғұламалар Хадистегі:

«Бізге, пайғамбарларға, адамдардың түсінік деңгейіне орай сөйлеу бұйырылған» [9.13], –  деген уәжді бұлжытпай орындауға тырысқан.

 Мысалы, имам әл-Ғазали өзінің тәфсірлерін, жеке шығармаларын, даналық пайымдарын нақты бір білім басқыш иелеріне: мектеп шәкірттеріне, талап иесіне (медреседе оқитын талибке, студентке), пәлсафалық пайым иелеріне (ғалымдарға), жоғары дін ғұламаларына лайықтап, сол деңгейге орай мазмұн, мәнер, ой орамын, сөз астарын берген. Ондағы басты талап:

«Мәселе – оларға шындыққа қарама-қайшы келетін нәрсені айтуда емес. Мәселе – бұл сендер түсіне алатын мәселе емес, онда жұмыстарың болмасын деген асылық емеурін танытпай, олар түсіне алатын ғана нәрсені айтуда және нені түсіне алатындай қабілеті бар, соған бейімдеп айтуда» [9.13].

Мәшһүр Жүсіп өзін сегіз жасынан бастап оқытқан Камараиддин (Камалиддин) ұстазының дүниеден өтуіне орай жазған жоқтауында «он екі фан ғылым оқытты» дей келіп, «Оқыдым Мұхтасарға Бидан(и) қосып» деп куәлік беруіне қарағанда, Абай да әл-Ғазалидің «Бидайат ал-хидайатымен» Камалидден хазіретке шәкірт кезінде танысқан. Абайдың көзқарасының осы имам әл-Ғазали ғибраттарының ықпалымен қалыптасқаны жөнінде Мұхтар Әуезов:

«Абай – имам Ғазалидей сыншы, мұсылман, ұя бұзар діндарға ұқсай бастайды» [10.1.35.300], – деп түсіндірме береді.

Міне, «Бәдуәм» осы анықтамалықтардың жиынтық көркем тәржімасы  болып табылады. Абай сәлем бере келген күндері Құнанбайдың ойлана оқып, қайталай жаттап отырғаны сол қарапайым қауымға арналған «Бәдуәм» дастан қиссасы. Ал бұл дегеніңіз медреселік білімді талап ететін оқу деңгейі. Софы Аллаярдың шығамаларын аса ыждаһатпен оқып, жатқа айтып, сөзіне дәлел ретінде жиі қолданатын, «Бақырғанидың  кітабін» талдап отыратын және «Бәдуәмды» менсіне қоймаған оқымысты ұлы Абайдың мысын басқан Құнанбайдың пайым парасаты мен білім деңгейі осыдан-ақ аңғарылады.

Діннің дұшпаны кеңестік құрқылтайлар «Бәдуәмның» атын өшіруге ұмтылып, тым тұңғиыққа батырып жіберіпті. Тек Сәбит Мұқановтың «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» атты оқулығында дін мен ұлтшылдыққа қамшы үйірген:

«Ұлтшылдық дүкені қызып, ұлт мәдениеті қолға алынғаннан кейін таза қазақ тілінде дін кітаптары шыға бастады. Мәселен: 1. «Құран құралы». Нығмет Құранбаев. 2. Пайғамбар заманы». Манан Тұрғамбаев. 3. Иман Еқитқау (ақиқаты не оқыту болуы мүмкін?- Т.Ж.). Жүсіп Темірбеков. 4. «Иман ислам». Нұғыман Манаев. 5. Өрнек. Омар Қарашев, тағы басқалар. Бұл кітаптардың бәрі де 1910 жылдың бер жағында шықты. Бұлардың бәрінде де бұрынғы «Мұқтасар», «Күдірия», «Тағлим-у әс-салат», «Шыриту (Шариғ-у-?-Т.Ж.)-ассалат», «Бақырған», «Бәдуәм», «Көрің қадырлердегі (қате оқылған-?-Т.Ж.)» сөздер таза қазақ  тілінде жазылды. Қазақ ұғымына сәйкес жазылды» [11.46],– деген мағлұмат қана кезікті. 

Қазақ тіліндегі ең ұғымды және мағыналы тәфсір «Тәфсір Нұғымания» [12] 1907 жылы Қазан-Орынбор баспасында жарық көрген. Бүгінгі ғафылдық – сол тәфсірдің қайталап басылмауында. Сүннәнің әр буыны Мұхаммед пайғамбардың атымен куәландырылып отырды. Хадистерді ең беделді түсіндірмесі ас-Сахиқ әл-Бұқари мен әс-салих әл-Мүсілімнің жинақтары. Қауым арасында: «Сүннә» – Құрансыз да өмір сүре алады, ал Құран Сүннәсіз өмір сүре алмайды» деген астарлы мәтел де бар. Мұның мағынасы: Сүннәсіз Құранды түсіне алмайсың – деген емеурін. Сүннәны ұстанғандар – сүннит мұсылмандары.

Тәуелсіздік жылдардың өзінде А.Оспанованың «ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ поэзиясындағы түркшілдік идеяның көрінісі» [13] атты философия докторы (PHD) ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациясында ғана жоғарыдағы пікір аталып қана өтіпті. Тіпті Қазақ фольклорының 100 томдық басылымының 20 томын құрайтын діни қиссалар мен дастандандардың қатарына да «Бәдуәм» ілінбепті.

3.Ақиқатқа бастайтын жол

Ал «Бәдуәм» осыншама елеусіз қалатындай руханият мұрасы емес еді. Себебі, ол 1846 жылы жарық көргеннен бастап 1917 жылға дейін кем дегенде 73 жыл барлық мектептер мен медреселерде Құранның түсінігі ретінде міндетті түрде оқылды. Оған Хафиз Шахмарданов пен Нұрке Дүйсенұлынан дәріс алған, жоғары оқу орны дәрежелі «Ғалия» медресесін бітірген Бекмұхамед Серкебаевтің естелігіндегі:

«Құран мен «Алла дегил бәдуәмды» (Книга о божестве») осы ауыл мектебінде меңгеріп, Фирдаусидің «Шахнамасын» және қазақ тілінде басылған «Бозжігіт» пен «Зарқұм» дастандарын жаттағаны» туралы мағлұматы толық дәлел болады [14].

Демек, заманында айналасына сыйлы болған Бекмұхамед Серкебаев дегдардың естелігіне сүйене отырып, «Бәдуәм», Абай:

«Талап, ұғым махаббаттан шығады. Білім ғылымға махаббат бермек әлгі айтылған үшеуінен болады. Білім-ғылымды әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпенен, яки, алдауменен үйір қылу керек, үйір қылу уә (және) үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала білім-ғылымды махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады»[1.469],деп талап қойған ауыл мектептерінде оқылған деуге толық негіз бар.

Тек осыдан сәл ілкім жылдары жас арабтанушы ғалымдар С.Керімбай, М.Төлеген, Ә.Нәби, А.Тасболат бірігіп жазған «Ясауи феномені. Отбасы хрестоматиясында» [15] «Бәдуәм» туралы кеңейтілген мағлұмат берілді. Олар Ясауи қолданған әдеби жанрларды талдай келе: 

«Бұдан басқа, «Алпыс үште кірдім жерге», «Сол себепті Хаққа сиынып келдім менде», «Заты ұлық ием, саған сиынып келдім», «Хақ жамалын көрсетпес, кепіл болам» деген бәдуән жанры көп кездеседі. Мұны әдебиетке алғаш енгізген Ясауи деп атауға негіз бар. Себебі, оған дейін түркі әдебиетінде мұндай жанр болмаған. «Бәдуан» аталу себебіне келсек, ол былай: орта ғасырда Түркістан өңірінде «Алла деп айт, бәдуан» деген өлеңдер көп тараған. Авторы белгісіз. Кейін жинақталған нұсқасы Ташкенттен табылған. Өлеңнің бір қатары үнемі қайталанып отырғасын, ғалымдар бұл жанрды «бәдуан» деп атап кеткен. Осы жанр кейінгі қазақ жырларында кездеседі»[15.108-109], – деген пікір білдіреді.

Осы арада қыстыра кететініміз, «үнемі қайталанып отырғасын, ғалымдар бұл жанрды «бәдуан» деп атап кеткен» – деген пікіріне бір дәркүмәніміз бар. Онда, бұл анықтаманы түбірлеп талдасақ, «бәд» деген түбірге апарады. Ал парсы тіліндегі «бәд» түбірі қандай да бір жағымсыз, жексұрын сөздің алдына қосылады. Мысалы, қазақтағы «бақыт» сөзінің алдына «бәд» қосылғанда – «бәдбақыт», «бақ» сөзіне «бәд» қосылғанда – «бәдбақ» – «бетпақ» деген мағына береді. Ал енді осы «бәдті» өлең сөзге қатысты қолдансақ, қазақтың ежелгі өлең үлгілерінде оқшау жанр ретінде қалыптасқан «бәдік» жанры шығады. Бұл жанрдың үлгісі ел арасына көп тараған «бәдік айтысынан» анық нышан береді. Егерде, «бәдуән» сөзінің «қайталана беруінен» солай аталып кетті десек, онда «Бәдуәмді» де «мағынасыз қырт сөздердің» есебіне қосып, бәдік сөздердің қатарына жатқызуға тура келеді. Онда, бұлқисынсыз қисын, тіпті күфірлік болып шығар еді. Өйткені Алла, Құран, Пайғамбар, Ислам ұғымдарын «бәдік сөзге» мысал етіп алу – Халлаждың: «Мен – Олмын (Құдаймын)» – деген сөзінен әлдеқайда батын, жазаға тартылатын ауыр күнә болар еді. Ойымыз асылық болды деп есептейік. Бірақ «мағынасыз қайталана бергендіктен» деген сөз тіркестері, еріксіз сондай күнәһар ойға жетелегені анық.

Осыдан келіп туындайтын екінші бір қылт ете қалған ой: осы бәдуәм сөзі, мұқым мұсылман мүриттері мен мұғалімдерінің міндетті түрде игеруге тиісті әліппесіне айналған имам Ғазалидің «Бидайат әл-хидайа» (Начало наставления на истинный путь) – «Ақиқатқа бастайтын ақ (тура) жол» [9] атты ғибраттық ғұламалық еңбегін жаттап оқыту барысында, ауызекі мақамдау кезінде туған тиянақ ұғым емес пе екен – деген болжау сөз.  Жалпы түркі, оның ішінде қазақ қауымы мақамдап, мәтелдеп сөйлеуге бейім. Билер мен шешендердің сөзі тек ырғақты, мақамды, екпінді ұйқастан тұрады. Пір мен ұстаздар шәкірттерінің: Жаратқанның болмысына мағрифаттанып, шариғатты танып, тариқатын тауып, ақиқатқа жетуі үшін – «Бидайат әл-хидайадан» мысал келтіріп:

«Алла бір және Жалғыз, Құран шын, Ол сөзі-дүр, Мұхаммед елшісі-дүр Алланың» – деп айтылған «Бидайатта»;

«Фани мен бақиды, Ақиретті, Жұмақ пен тозақты жаратушы, Алла» – деп айтылған «Бидайатта»;

«Сені қорғаушы да, жазалаушы да, рақым етуші де, Алла» – деп айтылған «Бидайатта»;

«Ақиреттің азығы – иман, Иман азығы – ғылым, ғылым азығы – таза (фазыл) пейілмен мағрифаттанып, Алланы тану» – деп айтылған «Бидайатта» – деп жаттата бергендіктен де:

«бидайа» сөзі, жоғарыда Мәшһүр Жүсіп әулие «бидан» деп қолданғанындай: «Иман: Алланы бір білің, Ислам дінін хақ білің, Пайғамбарды раст білің, Көңілімде Алла», немесе: «Жарқыным-ай, көзіңді аш, Пайдасыздан алыс қаш, Ғылымды бол, Нұрлар шаш, Алла дегіл, Бәдуәм», – деген дербес ұғымға, яғни тиянақ сөзге айналып, оған түркі-қазақ тілінің дыбыс заңдылығы мен өлеңнің екпін-ырғағының талабы әсер етіп, араб тіліндегі «сен», «мен» деген тәуелді жіктік сипатты «ән» мен «мин» қосылып, «бидан», одан «бәдуән» немесе «бәдуәм» болып қалыптасып кетуі әбден ықтимал.

Иә, бұл қағидаттық дәлел емес, мүмкинатты ықтимал. Бір нұсқада – бәдуән, екінші нұсқада – бәдуәм болып жазылуы да жоғарыда біз айтқан, тіл заңдылықтарына тікелей байланысты. Біз пайдаланған екі жинақта да және Құнанбайдың ауызекі сөзінде де «бәдуәм» деп анық жазылғандықтан да, біз өз пайымдарымызда «бәдуәм» дегенді негізге алдық. Біздің: «Бидайаттың» ықпалынан «бәдуәм» ұғымы тууы ықтимал – деген уәжімізге, тура осы үлгіде жазылған Ясауидің «Хикметіндегі» бәдуәм сөзінің орнына: «Арыслан бабқа – «тәбәрік», Бақырғанидің кітабындағы «Шайхым Ахмет Ясауи» дегендегі –  «тәбәрік», «шайхым» сөздерінің қайталанып қолданылғаны анық дәлел.

Ал «бәдуәм» деген ұғымның бір баламалы тәржімасі – үнемі, ұдайы, дәйім (Қара өлеңдегі: «Дәйім менің мінгенім қара қасқа» немесе «Дәйім менің мінгенім ала құнан» деген жолдардағы дәйімнің түбірі – ұдайы,  үнемі, ылғи – деген мағынаны білдіреді, немесе мәңгілік дегенге саяды. Сонда бәдуәм сөзінің мағынасы: Алла мәңгілік көңілімде, Алла мәңгілік жүрегімде, деген ұғым болып шығады. Бұған, білімі мен пайымына сенетін, осы «Бәдуәмдағы» ғибадаттарды толық сақтайтын, дін жолының тар жол, тайғақ кешуін басынан өткізген ғалым Саипулла Моллақанғатұлының: «Бадауам (араб сөзі) – «бә» (араб тілінде «Һарп жар» деп аталады, орысша предлог, яғни, сөз алдына келетін жалғау» мен «дауам» қосылып, бәдауам деп қолданылған жинақтаушы ұғым. Түбірі – Дауам. Дауам – жалғасты, үзбей жалғастыру, үнемі, үздіксіз қайталау – деген мағынаны білдіреді. Бұл арада істің, қимылдың, яғни мінәжаттың үзбей жүзеге асып жатқанын білдіретін мақұлдау, қостау сөз.  Оған парсының «би» һарпи жарын қоссақ, бидауам – мінәжаттың жалғаспай үзіліп қалғанын білдіреді. Мысалы: шара – бейшара (шарасыз қалды), бишара – шарасыз, амалсыз адам. Демек, негізгі мінәжат ұғымдарынан кейін «Алла дегіл, Бәдуәм» немесе «Алла деп айт, Бәдуәм»  – деген сөзді үзбей айта беру – үздіксіз мінәжат етуді білдіреді», – деген түсінігіне толық иланып, сол пікірді ұстанамыз.

Сол бәдуәмдік дәстүрдің қазақ поэзиясынан үздіксіз орын алып отырғанын «Ясауи феномені» хрестоматиясындағы Саршолақ Боранбайұлының өлеңінен келтірілген:

Құран – алтын шаңырақ,

Сүресі – оның уығы.

Отыз болар сан парақ,

Алты мың аят жуығы,

Алла деп айт, бадуан.

Мәдинада – Мұхамбет,

Түркістанда – Қожа Ахмет,

Маңғыстауда – пір Бекет,

Алла деп айт, бәдуан [15.108-109], –

деген  сатылы жолдар толық растайды.

«Бұл жанр Шәкәрімнің «Қырық жылдан өтіп жасым» деген өлеңінде де байқалады. Қараңыз:

Әсер алғыш өнершілді,

Алып келіп ішін тілді,

Қиянатын аян қылды,

Дедім мен – «Астафиралла!». 

Бір саудагер – өсімшіл бай,

Оны сойды аналардай.

Сасығанда шыдай алмай,

Дедім мен – «Астафиралла!». 

Паралап ол ұлықты алған,

Қиянатпен қосып жалған.

Соңына сом өсім салған,

Дедім мен – «Астафиралла!»  [15.108-109].

Абайдың өзі өлеңге баулыған Шәкәрім поэзиясынан «бәдуәмның» құрылымдық мәнерінің орын алуы, бұл үрдістің Абайдың ақындық мектебінде де кеңінен танымал болғанын танытады. «Бәдуәмнің» мұқым түркі қауымының арасында ықыласты, ынталы жанр болғаны сондай, оның әр толқын сайын жаңадан түрленіп жазылып, мәтбуғаттан татар, қазақ, қадыми түркі (шағатай) тілдерінде қайталанып, мазмұны сақталып, сөз бен мақамы өзгеріп тұрақты түрде басылып отыруы соны аңғартады.

Соның ішінде, 1846 жылы Қазаннан шыққан, Құнанбай оқыған «Бәдуәмнің» түп мәтініне барынша жақын нұсқа, Кашшафаддин Шаһмардан жазған, 1908 жылы Орынборда, Каримов пен Хұсайыновтың шеркетінен  шыққан «Бәдуәм жадид ли-л-әуләди-л-әдиб (әдепті балаларға арналған жаңа бәдуәм)» [17] атты кітап. Мұның мазмұны Құнанбай айтқан «Шариғат», «Тариқат», «Мағрифат», «Ақиқаттың» «тұтқалық» сыпатына толық сай.

Татар тіліндегі бұл «Бәдуәмнің» әр жолында Құранның негізгі қағидалары нақты қамтылып, ұғынықты түрде өлеңдік ырғақпен тәфсір етіледі. Оған дәлел: Құрандағы: Алла Жалғыз (Бір), Құран Хақ, Пайғамбар оның елшісі – деген қағиданың «Бәдуәмда»:

Иман: Алланы бір білің,

Ислам дінін хақ білің,

Пайғамбарды раст білің,

Көңілімде – Алла [12.4], – деп ырғақпен баяндалуы.

 Әуелі: Құран – иманның иесі, иманды мұһминнің мекені – жұмақ (Ғедән-Эдэм), шын муһминун о дүниеде Бейіштің (Фирдаустың) бағына барады – деген тәмсіл:

Бұдан кейін «Намаз», «Ораза», «Зекет», «Қажылық», «Жалған өтірік айтма», «Арақ», «Темекі», «Насыбай», «Апиын», «Өнер оқу», «Ұстаз, ата-ана», «Патша», «Мағариф» (оқу-ағарту, мағрифат), «Мантық» (Логика), «Мүлк», «Несие», «Надандық», «Фан» (Иман) туралы тәфсірлей келіп, «Дәр-ул Харб» жағдайын кешкен Мағрип пен Мысыр мұсылмандарының дәр-ус исламға жетуі үшін «бәдуәм» (дұға) тілейді. Бұл ұғымдардың барлығы да Абайдың «Қара сөздерінде» сөз ретіне қарай тәфсірленіп отырады.

Мағарифтты, яғни оқу-ағартуды ұлттық мақсат ретінде ұстанған қазақ оқығандары да «Әліппе» ретінде «Бәдуәм» үрдісін үлгі етіпті. Сондай «қазақ балалары үшін тәртіп етілген» басылымның бірі – қазақ зиялысы Ғ.Жәнібеков 1909 жылы Қазан баспасынан шығарған «Балалар бәдуәмі» жинағы [18]. Мұны, балаларға арналған, тілі жеңіл, жаттауға оңай кәдімгі тақпақ ретінде де қабылдауға болады. Хақты танудың қағидаттары қатаң сақталмай, еркін өлең түрінде жазылған. Жинақтың беташары:

Жарқыным-ай, көзіңді аш,

Пайдасыздан алыс қаш,

Ғылымды бол, Нұрлар шаш,

Алла дегіл, Бәдуәм.

Кітаптарды қолыңа ал,

Ижтиһат қып көзің сал,

Сол ойыннан енді қал,

Алла дегіл, Бәдуәм.

Ойыннан еш пайда жоқ,

Ғылымының көңілі тоқ,

Надандық біл – қызыл шоқ,

Алла дегіл, Бәдуәм.

Надандық һалак қылар,

Надандар ұдайы жылар,

О миыңның  бетін  сызар (?),

Алла дегіл, Бәдуәм...

Жол басшымыз көп айтқан,

Көп уайым жеп айтқан,

«Надан болма!» деп айтқан,

Алла дегіл, Бәдуәм [18.2-3], –

деп  «Әліппе» үлгісінде басталады. Содан кейін шәкірттің «Мінезіне» көшеді:

Құранды дұрыс оқысаң,

Оқығанды тоқысаң,

Көп сауаптар аларсың,

Ин-шал–ла, Бәдуәм! [18.4].

 Ал Құранның аяттарын қарапайым қазақы ұғыммен:

Тұрма һеш бір түксиіп,

Ашуланба! Көп күйіп,

Біреуге кек сақтама,

Муһмин сол-дүр, Бәдуәм [18.8], –

деп баяндап келіп, тарауды «Ғылымға қызықтырумен» жалғастырып:

Дүния іздесең де ғылым керек,

Ақырет іздесең де ғылым керек,

«Дүния – ақыреттің егіндігі»

Екеуін іздесең де ғылым керек.

Ғылымсыз дүнияда тұру (өмір сүру) қиын

Пендені өзіңе қарай бұру қиын...» [18.22], –

деп аяқтайды. 

Бұдан кейін «Отыншы» (Әлжанов) ақынның:

Басың көтер, басың көтер,

Ұйқықтай берсең ғұмыр өтер,

Кетті жерің, бітті һалің,

Оқыт мені, әкетай,

Оқыт мені, әкетай[18.23], –

деген өлеңі берілген. 

Бұл – бәдуәм жанрының үгіт-насихат құралы ретінде ел ішіне кеңінен тарағандығын, халық арасында ерекше ықыласты болғанын аңғартады.

Әрине, біз келтірген екі «Бәдуәм» да Құнанбай оқыған ескі діни дидактикалық қағидаттарға негізделген «Бәдуәм» емес. Ал Құнанбайдың заманы мен Абайдың жас шағында  «Бәдуәм» софылық әдебиеттің ең қысқа да, нұсқа үлгісі болған. Әр жолы хақты тану мен мағрифаттанудың ережесі есепті міндет атқарған. Онда, ислами софылық пәлсафаның барлық қағидалары өлең жолына түсіріліп, Құранның негізгі аят, сүрелерін тез жаттауға ыңғайланған.

Өлеңге ұшқыр қарапайым қазақ мұны лезде жадына сақтап алған. Құнанбай замандағы «Бәдуәмның» әр жолы «Шариғат», «Тариқат», «Мағрифат», «Ақиқаттың» тұтқасын ұстататындай, татар тіліндегі «Бәдуәмның» мазмұн-ырғағын тудырған, барынша шариғаттың болмысын қамтыған:

Иман: Алланы бір білің,

Ислам дінін хақ білің,

Пайғамбарды раст білің,

Көңілімде Алла,–

дегендегі, Алла, Ислам, Пайғамбар ұғымдарын ретімен баспалап-сатылай қайталап, жадында жаттаған.

Яғни сексеннен асқан қарт Құнанбай Һашия (конспекті) есебінде ұстаған «Бәдуәм» арқылы осы қасиетті ұғымдарды жадында жаңғыртып, онда аталған атаулардың мазмұн-міндетін іштей қайталап, ойымен Шариғаттың болмысымен, Тариқаттың жолымен, Мағрифаттың тілеуімен жүріп отырып, Ақиқаттың қақпасының тұтқасын ұстамақ ниетте болған. Абайдың «Бәдуәмді» жеңіл қабылдайтыны, ол оны, Құранның әліппесі, шәкірттің ой жаттықтыратын қосымша оқу құралы деп бағалаған. Ал Құнанбай болса, сондағы әр ұғымды есіне алып, оның мағынасын ойға түсіріп, талдап, шешім қабылдап отыр.

«Бәдуәм» – Құнанбай үшін кітаптың соңында берілетін мазмұны сияқты. Демек, Абайды кемеңгерлікке бастаған «жол азығының нәрі» осы «Бәдуәм» деуге толық негіз бар.

Тегтер: