Созылмалы дертке шалдыққан Air Astana және күлегеш Фостер

Air Аstana ұлттық компаниясы қаржылық есебін жариялады. Соңғы бес жылда бұл компанияның қаржылық жағдайы инвесторларды аса қуантып жүрген жоқ.
Керісінше, ұлттық компания қаржылық ахуалын жария еткен сайын акционерлердің де, инвесторлардың да көңіл күйі бұзылады. Осы жолғы қаржылық есептен кейін де Air Аstana компаниясына «созылмалы дертке шалдыққан» деген диагноз қойғандар да табылды.
Компанияның ұсынған есебіне көз жүгіртсек, қатарынан екі жыл түсімі артқанмен, таза табысы құлдырап жатқанын аңғарамыз. 2024 жылы компанияға түскен жалпы қаржылай түсім 585,8 млрд теңгені құраған. Бірақ таза кірісі бір жылдың ішінде 25,52 млрд теңгеге әрең жеткен. Былтыр компанияның таза табысы 30,74 млрд теңге болған. Тура осы жағдай 2023 жылы да қайталаныпты. 2023 жылы Air Аstanа-ның жалпы түсімі 535 миллиард теңге болса, шығындарын алып тастағандағы таза кірісі 2022 жылғы 37,58 миллиард теңгеден 30,74 миллиард теңгеге азайған. Осылайша, ұлттық компанияның табысы жылдан-жылға азайып барады.
Сала мамандары Air Аstana өзінің шығындарын, операциялық және қаржылық аударымдарын мүлде бақылай алмай отырғанын айтады. Бұған қатысты компания президенті Питер Фостер ұстанған британдық менеджмент жүйесі тек шетелдік акционерлерге ғана пайдалы бола бастаған деген пікір айтылады. Қазірде Фостерді тиімді менеджер емес, керісінше, тиімсіз басшыға балайтындар да жетерлік.
Air Аstana президентін депутаттар да қатты сынап жүр. Олар былтыр жыл соңында Фостерді мәжіліске шақырып алып та біраз базынасын айтқан. Air Аstana-ның Қазақстанда тапқан ақшасын Лондонда жұмсайтынын, әуе компаниясына тиесілі ұшақтар Қазақстанда емес, Ирландияда тіркелгенін, осыдан барып Қазақстан тарапы ұлттық әуе тасымалдаушының меншігіне мүлде бақылау жүргізе алмайтынын айтып, үкімет басшысына депутаттық сауал жолдағандар да болды. Компанияны басқарғалы бері мәжіліске келіп көрмеген Фостерге депутаттар: билет бағасын көтере бермеуді, ережелерді оңай қылуды, Қазақстанның заңына бағынып, Қазақстан азаматтарының мүддесін сыйлауды үйреткісі келген. Ал ол сөздерді миығынан күліп тыңдаған Фостерге депутаттар арасында «Сіз күлмеңіз. Біз сізге Африкадағы абориген емеспіз» дегендер де болды.
Бірақ содан кейін тәубесіне келген Фостер жоқ. Бәрі де баяғыдай. Өзіне және компания атына айтылған өткір сындарды мәжілістен шыққан бетте-ақ ұмытқан тәрізді. Өйткені былтыр әуе компаниясының табысы төмен болғанына қарамастан, жыл соңында Фостер өзіне қомақты сыйақы тағайындаған. Питер Фостердің бір жылдық жалақысының өзі еріксіз таңдай қақтырады. Қаржылық есептілік депозитарийінің ақпараты бойынша, Питер Фостер 2020 жылы – 288,4 миллион теңге, 2021 жылы – шамамен 309 миллион теңге; 2022 жылы – 394 миллион теңге; 2023 жылы 404,7 миллион теңге жалақы алған. Тек 2023 жылғы алған жалақысын 12 айға бөлгенде – бір айда шамамен 33,7 миллион теңге жалақы шығады. Осылайша, кейінгі төрт жылда тек қана Фостердің жалақысы 1,4 миллиард теңгені құраған. Ал былтыр тоғыз адамнан тұратын Air Astana басшылары жалақы, сыйақыларын қосқанда 4,3 миллиард теңгені санап алған. Бұл шамамен 8,7 млн доллар. Осылайша, ұлттық компанияның таза табысы жыл сайын түсіп жатса да, оны басқаратын басшылардың жалақысы жыл сайын өсіп жатыр.
Қазірде Air Astana-ның таза табысы ғана емес, қарапайым акциялары да төмендеп кеткен. Былтыр компанияның Қазақстан қор биржасындағы жай акциясы (тикер – AIRA) 1 093 теңгеге бағаланған еді. Қазір бұл акциялардың биржадағы құны 774 теңгені құрайды. Былтырдан бері әуе компаниясының құнды қағаздары тек арзандаумен келеді.
«Самұрық-Қазына» қалай ұтылды?
Экономика ғылымдарының докторы, профессор Бейсенбек Зиябековтің пайымдауына сүйенсек, ұлттық компанияның мұндай қаржылық аяқ алысынан бірінші кезекте мемлекет зардап шегеді. Себебі бұл компанияның табысы азайған сайын мемлекет қазынасына төлейтін дивиденді де (қазынаға құятын қаражаты) аз болады. Салықты да аз төлейді. Ал қазір дивиденд де, салық та ел бюджетіне ауадай қажет болып отырған тұс. Сондықтан компанияның басшылығына, кадрлық саясатына өзгеріс енгізу қажет.
Экономист Бейсенбек Зиябеков:
«Air Astana-ның 41 пайыз үлесі «Самұрық-Қазынаға» тиесілі. Бұған дейін «Самұрық-Қазына» әуе компаниясының 51 пайыз акциясына иелік еткен, 49 пайыз акциясы Британияның BAE Systems компаниясының қолында болған. BAE Systems кезінде Назарбаевтың тұсында Air Astana акционері атанып, 8,5 миллион доллар салған. Сол инвестицияны қадағалау үшін Фостерді менеджер етіп жіберген. Енді қараңыз, былтыр біздің үкімет «әуе компаниясының акцияларын халықтың қолында да болсын» деген оймен қор нарығы арқылы компания акциясын халыққа сатуға шығарды. Біраз бөлігін жеке инвесторларға сатты. Сол кезде компанияның 49 пайыз акциясын ұстап тұрған британдықтар 32 пайыз акциясын сатуға шығара қойды. Сөйтіп «Самұрық-Қазына» қоры әуе компаниясының өзіне тиесілі 10 пайыз акциясын сатты, ал британдықтар 32 пайыз акцияны саудаға шығарды.
Ол сатылымнан 370 млн доллар қаражат түсті де, оның 220 млн доллары акцияның көп бөлігін сатқан ВАЕ еншісіне кетті. 120 млн доллар Air Astana-ға бұйырады. 10 пайыз ғана акцияны сатуға шығарған «Самұрық-Қазынаға» 30 млн доллар бұйырады. Біздің қарапайым халық кәсіби инвестор болмағаннан кейін «акциялар бірден өседі» деп ойлады. Артынша бағасы өсе қоймағаннан кейін халық әуе компания акцияларын сата бастады. Осы арада BAE Systems тағы ұтып кетті. Енді ВАЕ заңды түрде халықтың арзанға сатып жатқан акциясын өзі қайта сатып ала бастады. Осыны ескерсек, ВАЕ келешекте қайтадан өзінің бұрынғы әуе компаниясына тиесілі 49 пайыздық үлесіне қайта келіп алуы әбден мүмкін. Ал «Самұрық-Қазына» халық сатып жатқан акцияларды қайта сатып алып жатқан жоқ. Мұндай қайта сатып алуларда өзінен-өзі британдық акционерлердің үлесі көбейеді.
Ойлаңызшы, ВАЕ Systems Air Astana-ға кезінде 8,5 миллион доллар ғана инвестиция салған. Одан басқа ешқандай инвестиция салмаған. Акцияларды сату арқылы ғана 220 млн доллар пайда көрді. Олардың билет бағасын өсіру арқылы, тағы басқа қызметтерінің құны да шарықтай береді. Одан қаншама пайда түсіп жатыр. Air Astana қазір тек британдықтарға, яғни шетелдіктерге пайдалы компания ғана болып отыр. Сондықтан әуе компаниясының кадр саясатын жөндеуге үкімет өзі араласуы тиіс. Жалпы, қор нарығы арқылы Air Astana-ның тізгінін отандық инвесторларға береміз деген иллюзиядан арылу керек. Себебі біздің отандық кәсіпкерлер биржаның ұңғыл-шұңғылын білмейді. ВАЕ Systems тәрізді биржаның құлағында ойнап үйренген әккі инвесторлар тұрғанда отандық жеке инвесторлар Air Astana акциясының басым бөлігіне ие болуы мүмкін емес. Сондықтан үкімет британдық акционерлерге талапты күшейту қажет», – дейді.
Мемлекет үшін тиімсіз жүйе
Авиация академиясын тәмамдаған, тәуелсіз авиа-сарапшы Айдос Жаппаровтың ойынша Қазақстанның әуе компаниялары шетелдіктердің көмегінсіз-ақ дамуға қауқарлы. Қазір Қазақстанның әуе кеңістігіне екі мекеме жауапты – біріншісі көлік министрлігіне қарасты Азаматтық авиация комитеті және «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» акционерлік қоғамы. Міне, алдымен осы екі мекеменің жұмысын дұрыстау керек.
«Осыдан екі жыл бұрын «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» компаниясының басшысы Питер Гриффитс өз еркімен қызметінен кетті. Қазір екі жыл өтсе де оның міндетін бірінші орынбасары уақытша атқарып отыр.Екі жылдан бері ұшу қауіпсіздігіне жауапты негізгі саланың басшылығына басшы тағайындалмады. Мұндай жағдай біздің әбден шетелдік мамандарға тәуелді болып қалғандығымыздан туып отыр. Әрине, шетелдіктерден үйрену керек, бірақ оларды басшы етіп қоймаған жөн. Басшылық қызмет өз мамандарымыздың қолында болуға тиіс. Сондықтан көлік министрлігі осы саладағы мемлекеттік басқару саясатын нығайтуы керек. Бізде азаматтық авиация үшін кадрларды даярлау негізінен Air Astana және «Қазаэронавигация» сияқты ірі компаниялардың есебінен жүргізіледі. Олар мамандарды өз қаражатын жұмсап оқытады. Ал елде Азаматтық авиация академиясы бар болса да, саланы кадрлармен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқармайды. Міне, осыдан да, біз бұл салада шетелдік мамандарға тәуелді болып келеміз. Елімізде төрт әуе компаниясының үшеуін шетелдіктер басқарады. SCAT компаниясын ғана отандық мамандар басқарып отыр. Негізі бұлай болмауы керек. Қазақстанға жалпы британдық басқару моделінің қажеті жоқ. Әрине, халықаралық стандартқа сүйену керек. Бірақ біз, шетелдіктер басқарғанымен, халықаралық стандарттарды ұстана бермейміз. Халықаралық стандарт бойынша әуе компаниялары бір-бірінен артық не кем болмауы тиіс. Олардың барлығына бірдей ортақ нарық берілуі керек. Ортақ тариф саясаты болуы қажет. Инвестициялық жобаларға бөлінген қаражаттар да бірдей бөлінуі керек. Бізде, керісінше, көп бағыттарға Air Astana-ның ұшағы ұшады. Соның ғана мүддесіне жұмыс істеу байқалып тұрады. Мұны көлік министрлігіне айтып та, жазып та жүрміз. Өз басым, шетелдіктер басқарып отырған қазақстандық авиакомпаниялардың ашкөздігінен, тойымсыздығынан қорқамын. Бұл мемлекет үшін тиімсіз. Олар нақты түскен табысын жасырады. Қаражатты шетелге асырып жібереді», – дейді авиа-сарапшы Айдос Жаппаров.
Жалпы, сарапшылар ғана емес, депутаттар да Air Astana-ның монополиясын тоқтатыңдар деп көлік министрі Марат Қарабаевқа бірнеше мәрте айтқан. Бұған қатысты министр былтыр Air Astana әуе компаниясының қызметіне аудит жүргізілетінін, ол үшін ведомствода арнайы комиссия құрылғанын, комиссия құрамына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Азаматтық авиация комитетінің қызметкерлері кіргенін айтқан. Бірақ әзірге ол комиссияның не істеп, не қойып жатқанынан хабар жоқ.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ