Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:00, 28 Желтоқсан 2023

Спорт. Сүйініші де, өкініші де көп жыл

А. Дарабаев, Шымбергенов, Орынбай
Фото: из открытых источников

Таңғалдырғандар

 

Ризабек Айтмұқан, еркін күрестен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы

Күрес түрлері бойынша Қазақстаннан соңғы әлем чемпионы өткен ғасырда, 1999 жылы шыққан-ды. Грек-рим күресінен 63 келі салмақ дәрежесінде күрескен Мхитар Манукян Грекияның Пирей қаласында өткен әлем чемпионатының финалында түрік балуаны Сереф Ероғлыны жеңіп, екі дүркін әлем чемпионы атанды. Содан бергі 24 жылда күрес түрлерінен ешбір қазақстандық балуан әлем чемпионаттарында да, олимпиадаларда да топ жарып көрген емес. Иә, күміс, қола жүлделер болды, бірақ алтынның ауылы күн өткен сайын алыстай берді. Белградта биыл өткен әлем чемпионатында Ризабек Айтмұқан (92 келі) финалға дейін Балаж Юхашты (Венгрия, 13:3), Фейзулла Ақтүрікті (Түркия, 11:0), Мириани Майсурадзені (8:1) жеңіп, финалда әзербайжандық Осман Нұрмагомедовпен белдесті. Аса қиын жекпе-жекте отандасымыз 5:2 есебімен басым түсті. Белдесудің соңына небәрі 40 секунд қалғанда ол қарсыласын 3 ұпайлық әдіске түсіріп, жеңісті жұлып алды. Сөйтіп, қазақ тарихында еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионы атанды.

Әлем чемпионатынан кейін Р.Аймұқан 97 келі салмақ дәрежесіне, яғни олимпиялық салмаққа ауысқанын мәлімдеді. «Әлем чемпионатының финалы қарсаңында 1 келі 600 грамм салмақты бір түн ішінде қууға тура келді. 97 келіге ауыссам, салмақ қуып әуре болмаймын. Ендігі межем – Париж олимпиадасы» деп мәлімдеді Ризабек.

Естеріңізге сала кетейік, 1993 жылдан бергі 30 әлем чемпионатында қазақстандық балуандар 6 алтын (Ю.Мельниченко-2, Б.Байсейітов, М.Манукян-2, Р.Аймұқан), 19 күміс, 35 қола жеңіп алыпты.

Әсем Орынбай, Азия ойындарының чемпионы, әлем кубогы кезеңдерінің екі дүркін жеңімпазы

Биылғы Азия ойындарына дейін Әсемді көп ешкім біле қойған жоқ. Құрлық ойындарда ол стенд ату спортының скит бағдарламасында командалық және аралас сындарда – қос алтын, жеке сында қола жүлде жеңіп алды. Биылғы әлем кубогы кезеңдерінде ол екі алтын (Рабатта және Алматыда) иеленді. Сөйтіп, бұған дейін негізінен Азия чемпионаттарында ғана көзге түсіп жүрген отандасымыз олимпиадада да лайықты өнер көрсететін мүмкіндігі барын танытты. Азия ойындарындағы микст бағдарламасында Әсем мен Эдуард Ещенко құрамында олимпиада жүлдегері, үш дүркін әлем чемпионы Абдуллаһ әр-Рашиди бар Катар құрамасын финалда жеңді.

Елге оралған соң Ә.Орынбай тұрмысқа шықты. Астанада Азия ойындарының қорытындысына орай өткен қабылдауда Әсем ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты тойына да шақырды. Қалай дегенде де, Париж олимпиадасы қарсаңында Орынбай көңілімізге үміт ұялатып отыр.

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы

2022 жылы Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасында сенсация жасап, өз тарихында алғаш рет топ жеңімпазы атанды. Қорытындыда С дивизионынан бір саты жоғарылап, В қатарына өтті. Магомед Әдиев жаттықтыратын құраманың мұнысы бір күндік ерлік емес екен. Биылғы Euro-2024 іріктеу додасында отандастарымыз соңғы турға дейін құрлық біріншілігінің финалдық кезеңіне тікелей жолдамадан үміттеніп тұрды. Люблянада Словенияға қарсы өткізген кездесуде Қазақстан 1:2 есебімен жеңілді. Бірақ мұнымен Еуро арманына нүкте қойылған жоқ. Келесі жылдың наурызында отандастарымыз Ұлттар лигасындағы нәтижесінің арқасында Грекиямен іріктеу кездесуін өткізеді. Оны жеңсе, жолдама үшін Грузия – Люксембург кездесуінің жеңімпазымен күш сынасады. Өз тарихында Қазақстан құрамасы тұңғыш рет осылай үлкен турнирлердің финалдық кезеңінің есігін қағып тұр.

Ал Қазақстан – Дания кездесуінде (3:2) құрама капитаны Асхат Тағыбергеннің алыстан соққан голы дауыс беру қорытындысында Euro-2024 іріктеу кезеңінің ең үздік голы болып танылды! Қазақстан құрамасы жылды ФИФА рейтингінде 100-сатыда аяқтады.

Өз деңгейіндегілер

Бокстан Қазақстан құрамасы

Әрине, Ташкент (Өзбекстан) төрінде өткен әлем чемпионатынан 4 бірдей алтын олжалаған құраманы төбеге көтеруге де болатын еді. Санжар Тәшкенбай (48 келі), Махмұд Сабырхан (54 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі) сүзіле шауып, Қазақстан Әнұранын кезең шырқатты. 2013 жылы Алматыда өткен әлемдік додадан кейін біздің жігіттердің топ-тобымен алтын жүлде жинағаны – осы.

Бірақ содан кейінгі Азия ойындарында Қазақстан құрамасы осынша жарқын өнер көрсете алған жоқ. Аса ауыр салмақ дәрежесіндегі Қамшыбек Қоңқабаев қана финалға шығып, Париж олимпиадасының жолдамасын иеленді. Әйелдер арасында Карина Ибрагимова (57 келі) ғана финалда өнер көрсетті. Әрине, жартылай финалда А.Шымбергеновке қарсы төрешілердің көпе-көрінеу солақай әрекетін де сылтау етуге болады. Алайда Х.Досматовтан жеңілген С.Бибосыновты, О Тай Бомнан жеңілген М.Сабырханды, Б.Чинзөригтен жеңілген Е.Зейнуллиновты, Т.Таңатқаннан жеңілген Н.Оралбайды қатты ақтаудың қажеті жоқ. Кейін Астанада өткен Қазақстан спартакиадасында осы жігіттердің барлығы (Зейнуллиновтан басқасы) өз салмақтарында мықты екенін қайыра дәлелдеді. Дегенмен олар олимпиада жолдамасын толық иеленбейінше, жанкүйер көңілі күпті бола беретіні анық.

Жыл соңында өткен «Чемпиондар түні» бокс кешінде А.Шымбергеновтің мексикалық Хосе Мигель Боррегодан ауыр нокдаун алуы да сан ойларға жетелейді. Дегенмен 2023 жыл біздің құрамада әр салмақ дәрежесінде кемінде екі әлемдік деңгейдегі боксшы барын дәлелдеді. Алдағы іріктеу турнирлерінен жоғары нәтиже күтетініміз заңдылық.

Футзалдан Қазақстан құрамасы

Биыл «Қайрат» УЕФА чемпиондар лигасында төрттіктің финалына шыға алмаса да, футзалшылар жылды зор табыспен аяқтады. Кака жаттықтыратын Қазақстан құрамасы іріктеу турнирін аса жоғары деңгейде өткізіп, барлық кездесуде жеңіске жетті. Отандастарымыз Нидерланды, Әзербайжан, Румыния құрамаларын өз алаңында да, сыртта да тұқыртып, мықтылығын күмәнсіз дәлелдеді. Сөйтіп, әлем чемпионатына жолдама алды.

Әлемдік дода келесі жылы күзде Ташкентте өтеді. Кака ардагерлермен қатар, жас футболшыларды да құрамаға көптеп шақыра бастады. Ержан Кәрменов («Семей»), Асхат Көлбаев («Ақтөбе»), Дамир Қайырбай («Қайрат»), Әбдірасул Әбдіманапұлы («Аят») сияқты футзалшылар соңғы ойындарға тұрақты қатысты.

Қазір Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингте үздік алтылыққа енеді.

Футзалшылардың табысына үйренгеніміз соншалық, олардың әлем чемпионатының финалдық кезеңіне шығуын қалыпты жағдай санаймыз. 2021 жылы Литвада өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы өте сәтті өнер көрсетіп, төртінші орын алды. Қола жүлде үшін кездесуде отандастарымыз Бразилияға 2:4 есебімен есе жіберді.

Жәмила Бақбергенова, еркін күрестен әлем чемпионатының жүлдегері

Балуан Жәмила Бақбергенова қазір Р.Айтмұқанмен бірге әлемдік рейтингте өз салмақ дәрежелерінде көш бастап тұр. Биыл қатысқан барлық сыннан Бақбергенова жүлдесіз қайтқан жоқ. Әлем чемпионатында (Белград) 72 келіде қола жүлдегер атанып, әлемдік додалардан үш жүлде иеленген тұңғыш қазақ қызы атанды. Азия ойындарында 76 келіде күресіп, күміс жүлдеге қол жеткізді. Астанада өткен Азия чемпионатында топ жарды.

Жәмила күресетін салмақ дәрежесі (72 келі) олимпиялық санатқа енбейді. Сондықтан оның Азия ойындарында 76 келіде финалға шығуын зор жетістікке баладық. Алайда 76 келіде Қазақстан құрамасының серкесі Эльмира Сыздықова болып саналады. Сыздықова соңғы жарыстарға жарақатына байланысты қатыса алған жоқ. Егер Бақбергенова олимпиялық салмақта тұрақтап қалатын болса, қос мықтының бірі жол босататыны сөзсіз.

Каратэден Қазақстан құрамасы

Азия ойындарында мергендермен қатар, каратэшілер де абыройымызды жауып қалды. Қайсар Алпысбай (60 келі), Нұрқанат Әжіқанов (75 келі) және Софья Берульцева (+68 келі) чемпион атанып, Қазақстан құрамасының алтын жүлделер саны 10-ға жетуіне көп еңбек сіңірді. Кейінірек өткен әлем чемпионатында Мөлдір Жаңбырбай (50 келі) топ жарып, қазақ спортының жаңа жетістігін тіркеді.

Өкінішке қарай, каратэ 2024 жылғы Париж олимпиадасының бағдарламасына енген жоқ. Әйтпесе, жоғарыда аты аталған және басқа да мықтыларымызға сенім артып, көңіл тоғайтып отырар ма едік...

Сенімнен шықпағандар

Азия ойындарындағы Қазақстан құрамасы

ХІХ жазғы Азия ойындарында (Хуанчжоу, Қытай) Қазақстан құрамасы жалпы есепте тұңғыш рет үздік ондықтан төмендеп, 10 алтын, 22 күміс, 48 қола, барлығы 80 жүлдемен 11-орында қалды. Әрине, медальдар саны жағынан үздік алтылыққа енгеніміз рас. Бірақ 10 алтынның алтауы ғана олимпиялық спорт түрінен екенін ескерсек, Париж олимпиадасы қарсаңында кәдімгідей алаңдауға негіз барын шамалаймыз. Стенд атушы мергендер, каратэшілер және велосипедшілер ғана абыройымызды көтерді. Ескек есушілердің, боксшылардың, жеңіл атлеттердің, семсерлесушілердің, дзюдошылардың, ватерполшылардың көрсеткіші төмендей түскенін байқамау мүмкін емес. 22 алтын жүлде иеленген Өзбекстан құрамасын былай қойғанда, Тайланд, Бахрейн, КХДР спортшылары да алтын жүлде санын оннан асырып, бізді шаң қаптырып кетті.

Азия ойындары қазақ спортына түбегейлі реформалар қажет екенін аңғартты. Қазақстан Республикасының туризм және спорт министрлігі әр спорт түрі бойынша жеке тыңдаулар өткізіп, олимпиадаға дайындыққа қатты көңіл бөліп жатқанына қарамастан, нәтиже күрт жақсарып кететініне сену де қиындау. Кешенді сындарда Қазақстан құрамасының нәтижесі төмендей бастағанына алты жылға жуықтады. 2018 жылы Жакартадағы Азия ойындарында, 2021 жылы Токио олимпиадасында, 2022 жылы Бейжің қысқы олимпиадасында спортымыздың мерейі үстем болған жоқ. Ханчжоу ойындары осы тығырықтан шығудың жолы әлі де табылмағанын аңғартқандай.

Кімнен үміт күтеміз?

Семсерлесуден Қазақстан құрамасы

2023 жылы семсерлесуден Қазақстан командасының мүшелері халықаралық сындарда 42 медаль жеңіп алды. Семсермен қылыштасудан Қазақстан командасы Халықаралық семсерлесу федерациясының командалық рейтингінде алғашқы алтылыққа енеді. Руслан Құрбанов, Эльмир Әлімжанов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов төрттігі олимпиадалық рейтингте 4-орында тұр.

Түркияда өткен әлем кубогінде Қазақстан командасы тарихта тұңғыш рет семсерден командалық жарыста топ жарды. Миланда өткен әлем біріншілігінде Р.Құрбанов семсерлесуден қола медаль иеленді. Бұл – осы спорт тарихында Қазақстанның әлем чемпионатында жеңіп алған алғашқы жүлдесі. Құрбанов әлем кубогі кезеңінен де қоламен оралды.

Жыл өкініші

Ауыр атлетиканың арылмас дауы

Жыл аяқталар тұста зілтеміршілерімізге қатысты екі жағымсыз жаңалық шықты. Рио олимпиадасының чемпионы Нижат Рахимов антидопингтік ережені бұзғаны үшін, яғни рұқсат етілмеген препарат пайдаланғаны үшін 8 жылға спорттан шеттетілді. Оның 2016 жылдың 15 наурызынан 2021 жылдың 18 қаңтарына дейін көрсеткен спорттық нәтижесінің бәрі жойылды. Демек, Рахимов Рио олимпиадасының чемпионы атағынан да айырылды. Нижатқа 2016 жылы зәрінің 4 үлгісін ауыстырды деген айып тағылып отыр.

2 жыл айыпталып, үлкен спортқа оралған Зүлфия Чиншанло да жақында осы кепке түсті. 2022 жылы оның ағзасынан метандиенон анаболикалық стероиді табылған. Допингке қарсы ережелерді қайыра бұзғаны үшін Чиншанло енді 8 жыл өнер көрсете алмайды.

Қазақстан ауыр атлетикасынан енді үміт күту қиын шығар... Айыпталмаған спортшы қалды ма өзі...

Жылды қорытындылаған –  Есей Жеңісұлы