18:15, 26 Қараша 2018
Спортшылар арасында сыбайластар аз
Әрбір қызметкер таза, адал, шыншыл болса – бұл елдің бағы басым.Сыбайлас жемқорлық – елдің әлеуметтік-экономиканың дамуына кері әсерін тигізетін қауіпті кеселдің бірі.
Жасыратыны жоқ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар көп жағдайда жүйесіз, нәтижесі шамалы, атүсті жұмыс ретінде қабылданып, жемқорлыққа қарсы күрес – бұл құқық қорғау органдарының ғана еншісінде деген пікір қалыптасқан. Осындай теріс көзқарас қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың қарқынын айтарлықтай бәсеңдетіп қоятыны анық.Міне, жақында «Олимпиадалық даярлау орталығы» РМҚК ұжымы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша атқарылған жұмыстарды бір пысықтап алды. Жалпы алғанда, мәдениет және спорт министрлігі спорт және денешынықтыру істері комитетінің 2018 жылға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі бекітілген іс-шаралар жоспары бар. Сондықтан спортшылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, қаржылық бақылау шараларын, мүдделер қақтығысын болғызбау, құқық бұзушылықтар мен мемлекеттік сатып алу саласындағы жұмыстарды жеке-жеке талқылады. Ең қуаныштысы, биылғы жылы бұл мекемеде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңды бұзу фактілері тіркелмеген.Қазақ халқы тарихын тасқа жазған халық. Небір «тар жол, тайғақ кешуді» басынан өткізсе де, адалдық пен тазалық сияқты өмір заңдылығын, парасат пен мейірім сынды табиғаттың адамға сыйын бір сәтте жадынан шығармаған. Өйткені ол бақытын адал еңбектен тапқан халық. Сондықтан бүгінгі қоғамды тек адал еңбекке баулу қажет.
Б.ЖАҢБЫРБАЕВ,
Олимпиадалық даярлау орталығының директоры