Ставка тағы «секірді». Ұлттық банк пен үкіметтен қайран бар ма?!
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14 пайызға өсірді.
«Базалық мөлшерлемені көтеру туралы шешім геосаяси тәуекелдердің салдарынан инфляциялық қысымның күшеюі, әлемде, сондай-ақ Қазақстанның саудадағы серіктес елдеріндегі бағаның өсуі мен олардың елдегі ішкі бағаға ауысуы жағдайында Ұлттық Банктің инфляцияға қарсы саясат жүргізуге бейілділігін көрсетеді.
Үш жыл бойы байқалып отырған оң фискалдық қарқын инфляциялық процестердің маңызды қозғаушы күші болып қала береді», – дейді Ұлттық банк өкілдері.
Осылайша, Ұлттық банк инфляциядан және геосаяси жағдайдан «шок» алып жатқан экономикаға дем бергісі келеді. Алайда қаржыгерлердің айтуынша, алдағы уақытта бағаны байлап ұстап тұруға үкіметтің де, Ұлттық банктің де шамасы келмейді. Себебі біздің бағаны, инфляцияны тежеу тәсіліміз нарықтың заңына қарама-қайшы келетін дүние. Бұған қатысты қаржыгер Ілияс Исаев былай дейді:
– Осы уақытқа дейін шенеуніктердің басым бөлігі елдегі инфляцияны одан әрі шарықтатпау үшін бағаны тежеп, ұстау керектігін айтып келді. Бұл нарықтың заңына қайшы келетін дүние. Нарықтың қағидасында тауар бағасын тежеп ұстау деген саясат жоқ. Бұл әдістен отандық өнім өндірушілер шығарған өнімдерінен пайда көре алмай, ұтылады. Сондықтан отандық тауар бағасын өсіруге шектеу қою қисынсыз. Ойлап қарасаңыз, сіз 10 жұмыртқаны 350 теңгеге алып, оны 357 теңгеге ғана сатпайсыз ғой. Тауар бағасына 7 теңге қосу деген формула жоқ. Нарықтың заңы бойынша шығарған өнім өзін-өзі ақтап, өндірістік шығынды жабу үшін оған үстеме қосылады. Өніміне үстеме баға қосылмаса, ол өндіріс шығынын жаппай, дағдарыс болады. Сондықтан біздегі бағаны тежеп, ұстау саясаты ақылға қонымсыз екенін дәлелдеді.
Мамандардың пайымдауынша, бағаны тежеп ұстау саясатын ұстану арқылы біз осы уақытқа дейін отандық өнім өндірушілерге салмақ салып келдік. Олардың шығарған өнімдерін шеттен келген импорт тауарлар бір ығыстырып жатса, «бағаны өсірсең, басың кетеді», деген біздегі атқамінерлер бір үркітеді. Бұл айналып келгенде, «отандық өнім өндірушілерді тұсаулап, бәсекеге қабілеттілігін жойды». Енді келіп, отандық өндірісті қолдау, «Қарапайым заттар экономикасы», «Жол картасы» тәрізді жобаларды қолға алып, реформаларға жаңа реңк беруді жөн көріп жүрміз.
Сала мамандарының айтуынша, мұндай реформалардың орындалуын өткен 30 жыл бойы сауатты қадағалағанымызда, қазір халық қиналмайтын еді. Бізде керісінше,30 жыл бойына бақылау, қадағалау тым әлсіз болды. Мысалы,тауар бағасын өсіруге бірден-бір әсер ететін дүние коррупциялық қадам екенін біле тұра, шенеуніктер сыбайласып, жеуге әбден дағдыланды. Кеденнен бастап, жол үстінде және басқа да тексеруші құрылымдардағы заңсыз алым-салықтар көбейді. Өз кезегінде, мұндайға кеткен шығынын кәсіпкерлер тауар бағасына үстеме қосып, шығарып алуға тырысады. Міне, бірінші кезекте, баға осылай шарықтады.
Екіншіден, елде мемлекеттік монополиялардың аздығы да нарықтағы баға саясатының құбылуына әсерін қатты тигізді. Бұл ретте, мұнай нарығының жекеменшік монополияға тәуелділігі, мұнай өнімдерін сатудың жекелеген топтарға мүдделі болуы, олардың бір-бірімен текетіресіп, бәсекелестерін болдырмау үшін нарықтан орын бермеуі бізде әбден өршіген. Қазақтың мұнайының арқасында, халық емес, саусақпен санарлық олигархтар байыды. Форбстың тізіміне енді, қаражаттарын оффшор асырды. Осылайша, санаулы ғана адамдардың жекелеп баюы елде индустрияның, инновацияның өркендеуіне жол бермеді.
Үшіншіден, табиғи газ, жарық, су нарығының жекеменшікке өтуі, бұл нарықта делдалдардың көптігі көгілдір отын, су, жарық бағасының шектен тыс қымбаттауына жол беріп отыр. Газ тасымалдау инфрақұрылымы дамымағандықтан, кейбір өндіріс орындары қымбат бағаға газ енгізеді. Оны енгізіп алғаннан кейін ай сайын төлейтін бағасы да қымбат. Өнім шығару үшін не керек, газ керек, жарық пен су керек. Сонда коммуналдық төлемге қымбат ақы төлеп отырған кәсіпорынға «тауарыңды арзанға сат» деп қайтіп айта аламыз?! Бұдан бөлек, тендердегі заңсыздық. Мемлекеттік ведомствалық кәсіпорындардың астыртын монополия құруы, тендерді тамыр-таныстық жайлауы – бұл да нарықтық экономиканың заңына қайшы дүние.
Міне, осы мәселелер реттелгенде, отандық өндіріс баяғыда бәсекеге қабілетті болар еді. Біз әлдеқашан өз өнімімізді шығарғанымызда, қиыншылықтарға тап болмайтын едік. Ал қазір көптің көңілінде күдік көп. Шындығында, соңғы бес жылдан бері экономикада өсім жоқ. Сыртқы қарыздың көлемі де өсіп барады. Үкімет пен Ұлттық банктің қабылдаған шешімдері де аса нәтиже берді деп айта алмаймыз. Сонда бірінен кейін бірі қабылданып жатқан реформалардан не қайран?! Халыққа жаңашылдықтың қызығын көретін, тоқшылықта өмір сүретін күн туа ма өзі?!