"Су араласқан жанармай құйған". Иран президентінің кортежі тоқтап қалып, такси шақырған

Иран президенті Масуд Пезешкиан Табриз қаласына жұмыс сапары барысында көліктері жолда бұзылып қалған соң, такси шақыруға мәжбүр боған.
Бұл туралы NasrNews басылымы президенттің арнайы инспекторы Мұстафа Мовлавиге сілтеме жасап хабарлады.
Шетелдік БАҚ ақпаратына сүйенсек, президенттің кортежіндегі үш бірдей автокөлік Рашт трассасы бағытында орналасқан жанармай бекетінде сапасыз, су аралас бензин құйған. Көліктердің барлығы Қазвин аймағында тоқтап қалған. Нәтижесінде Пезешкиан кортежсіз қалып, Табриз қаласына қарапайым таксимен жетуге тура келген.
Мовлавидің айтуынша, президент бұл оқиғаға байланысты жергілікті билікке шағым түсірмеген. «Бұл кез келген қарапайым азаматтың да басынан өтуі мүмкін жағдай», – деп мәлімдеді президенттің өкілі.
Аталған оқиға Ирандағы жанармай сапасына қатысты мәселелер мен қауіпсіздік талаптарының әлсіздігін қайта күн тәртібіне шығарып отыр.
Еске салайық, 2024 жылдың мамыр айында Иранның бұрынғы президенті Ибрахим Раиси тікұшақ апатынан қаза тапты. Апат Иранның солтүстік-батысында, Таулы Шығыс Әзербайжан провинциясының аумағында орын алған.
Осы қайғылы оқиғадан кейін президент сайлауы өтіп, Масуд Пизешкиян Иран Ислам Республикасының жаңа президенті болып сайланды. Ол реформашыл бағыттағы үміткер ретінде танылып, елде бірқатар өзгерістер жүргізуге уәде берді.