Су қорымызды қорғап, үнемдеуіміз керек!

Cу – қоршаған табиғи ортаның негізгі элементі. Соның арқасында барлық экожүйелер өзінің өміршеңдігін сақтап, қоршаған ортаны қалыптастыруды және адам үшін өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етеді.
Су адамның экономикалық қызметінің барлық түрлерінде – тамақ өнімдері мен өнеркәсіптік өнімдерден бастап энергия өндірісіне дейін өте қажет, бұл суды өндіріс үшін экономикалық құндылық (ресурс) ретінде қарастыруға итермелейді. Қазақстанның су ресурстары – бірегей және осал жүйе, ол басқа елдерге қарағанда қауіпке көбірек ұшырайды.
Біріншіден, Қазақстанның су ресурстары жаһандық жылынудың салдарына тәуелді, мұздықтардың еруінің уақытша ұлғаюы су ресурстарының болашақ көлемдеріне әсер етеді. Егер 2000 жылдары орташа көпжылдық өзен ағыны 120 текше шақырым болса, қазіргі уақытта ол шамамен 102 текше шақырымды құрайды. 2030 жылға қарай өзен ағынын одан әрі 99,4 текше шақырымға дейін қысқаруы болжанып отыр.
Бұл ретте қазіргі кезеңде су ресурстарының тапшылығы байқалады. Мәселен, Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарының экономика салалары, әсіресе ауыл шаруашылығы су ресурстарының тапшылығын бастан кешіруде. Осы облыстардың қолда бар су ресурстары халық пен экономика салаларының қажеттіліктерін өтемейді. Нәтижесінде су алу қоршаған ортаға зиян келтіреді.
Екіншіден, Қытайдан, Ресейден, Өзбекстаннан және Қырғызстаннан келетін және жерүсті сулары ағынының 44 пайызын құрайтын трансшекаралық суларға тәуелдіміз. Көрші елдердің экономикалық және әлеуметтік дамуының жеделдеуіне байланысты трансшекаралық өзендер бойымен су ағысы азаюда. Ел халқының жартысынан көбі тұратын және олардың тіршілік ету жағдайлары сумен қамтамасыз етуге тікелей тәуелді оңтүстік және Батыс өңірлер трансшекаралық ағынға барынша тәуелділікті сезінуде. Сондай-ақ, оңтүстік өңірлердің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудегі үлесі шамамен 70 пайызды құрайтынын атап өту қажет.
Үшіншіден, өсіп келе жатқан ресурстар тапшылығы аясында үлкен шығындарға (су шаруашылығы инфрақұрылымының үлкен тозуына байланысты тасымалдау кезінде суармалы судың шамамен 40 пайызы жоғалады) және экономика салаларында суды қажет ететін технологияларды пайдалануға байланысты су ресурстарын тиімсіз пайдалану байқалады.
Ел экономикасына Ресей немесе АҚШ-қа қарағанда жалпы ішкі өнімнің бір долларына 3 есе және Австралияға қарағанда 6 есе көп су қажет. Өнім бірлігін өндіруге 129 текше метр су жұмсалады, ал АҚШ пен Ресей Федерациясында – 44 текше метр, Австралияда – 21 текше метр.
Қазақстанның Су ресурстары комитетінің Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау басқармасының басшысы Марат Иманалиевтің сөзінше, жаһандық климаттық процестер мен Қазақстанның трансшекаралық су бөлісіне тәуелділігін төмендетуге ықпал ету мүмкіндігіміз шектеулі. Демек, бізге үшінші фактормен, атап айтқанда суды пайдаланудың тиімсіздігімен жұмыс істеу қажет.
Жоғарыда айтылғандай, судың негізгі шартты «бенефициарлары» – табиғат, халық, экономика немесе бизнес. Олардың арасында судың талаптары, оның мөлшері мен сапасы туралы қарым-қатынас қалыптасады, ал су тапшылығының аясында мемлекет осы қатынастардың ережелерін анықтауы керек. Осы мақсатта мемлекет заңнамалық талаптарды (су пайдалану лимиттерін, су тұтыну нормаларын, су сапасының стандарттарын және т.б.), мемлекеттік қолдау шараларын (субсидиялар, әкімшілік рәсімдерді оңайлату, салық преференциялары және т. б.) белгілейді және инфрақұрылымдық жағдайлар жасайды.
Екінші жағынан, мемлекет барлық бенефициарлардың мүдделерін сақтау үшін қабылданған ойын ережелерін бұзғаны үшін заңды жауапкершілікті белгілеуге құқылы.
Осылайша, енгізуге ұсынылатын мемлекеттік қадағалау табиғат, халық және адал кәсіпкерлердің мүдделерін жекелеген жосықсыз су пайдаланушылар тарапынан су заңнамасын бұзудың теріс салдарларынан қорғауға бағытталған. Бұл ретте су қорын қорғау және пайдалану саласындағы жергілікті атқарушы органдардың іс-әрекеттері мен шешімдері қадағалау объектілері болып табылатынын атап өткен жөн.
Енгізілетін құралдың міндеті кәсіпкерлік субъектісін жазалау емес, су пайдаланушының өзінің де, басқа да бенефициарлардың мүддесі үшін ықтимал бұзушылықтардың уақытылы алдын алу, ал егер бұзушылық орын алған болса, табиғат пен халыққа келтірілген зиянды барынша азайту мақсатында заңсыз іс-әрекеттерді ден қою және тоқтату болып табылатынын атап өту қажет.
Судың өзіндік ерекшелігін (су ресурстарының тапшылығы, осалдығы, келтірілген залалдың таралу ауқымы, субъектілердің белгісіз тобының бір субъектінің құқыққа қарсы әрекеттеріне тәуелділігі және т.б.) ескере отырып, уәкілетті орган барлық бенефициарлардың мүддесі үшін су ресурстарының қайтымсыз ысырабын, ластануын, қоқыстануын, сарқылуын болдырмау үшін бұзушылық фактілеріне ден қоюдың жеделдігін талап етеді.
Жоғарыда баяндалғанға байланысты Қазақстанда Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы жасалды. Күні кеше ол тұжырымдама үкіметте қаралды.
2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдама жобасында су шаруашылығы инфрақұрылымы мен табиғи су объектілерін қалпына келтіру, су үнемдеуді экономикалық ынталандыру, мониторинг жүйесін дамыту, кадрлар даярлауды жақсарту және т.б. іс-шаралар көзделген.
Алдағы республикалық кеңесте елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар пакеті қаралмақ. Атап айтқанда, су ресурстарын басқарудағы ғылымның рөлін арттыру, су заңнамасын жетілдіру және ұлттық жобаларды іске асыру қаралады. Сондай-ақ бақылау және қадағалау объектісіне бармай жүргізілетін тексерулер анықталатын болады, бұл қолданыстағы Су кодексінде жоқ еді. Тиісінше, олар мемлекеттік қадағалауға жатпайды. Алайда Марат Иманалиев мемлекеттік қадағалауды кәсіпкерлік субъектілерін қорқыту немесе оларға қысым жасау құралы ретінде пайдалану міндетін қоймайтынын айтады.
«Бұл ұсыныстың мәні ұзақ мерзімді жоспарлау көкжиегінде біздің барлығымыз (мемлекет, қоғам, бизнес) еліміздің су қауіпсіздігі үшін болашақ ұрпақтың алдында моральдық және әлеуметтік жауапкершілікте болатындығында. Егер біз су ресурстарымызға салғырт қарауды жалғастыратын болсақ, онда бәрі жеңілетінін түсіну қажет. Біз су қатынастарының жекелеген жауапсыз қатысушыларына қайтымсыз салдарға әкеп соғуы мүмкін құқық бұзушылықтар жасауға мүмкіндік бере алмаймыз» – деп атап өтті Су ресурстары комитетінің Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау басқармасының басшысы Марат Уәлиханұлы.
Қолданыстағы Су кодексі негізінен су ресурстарын шаруашылықта пайдалануға бағытталған, онда су экономикалық пайдаға қол жеткізу құралы ретінде қарастырылады, мысалы, ауыл шаруашылығында. Әзірленіп жатқан Су кодексінің жобасында экономиканың барлық салаларында суды пайдаланудың негізі болып табылатын суды үнемдеу қағидаттарын бекіту ұсынылады. Жаңа Су кодексінің негізгі жаңашылдығы – су қоршаған ортаның негізгі элементі және су өмір сүру үшін және адамның экономикалық қызметінің барлық түрлеріне қажет екендігі.
Бұл тұрғыда су ресурстарын сарқылудан және ластанудан қорғау су ресурстарын басқарудың басты тәсілі болмақ.
Негізгі мәселелер мынау: Біріншісі, су ресурстарын басқару жөніндегі қызметті мемлекеттік-ақпараттық қамтамасыз етудің жетіспеушілігі. Бұл мәселені заңнамалық тұрғыда мемлекеттік органдардың су ресурстарын есепке алу және мониторингілеу жөніндегі құзыретін нақты айқындау жолымен, оның ішінде ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып шешу ұсынылады.
Екіншісі, су ресурстарын басқару жүйесінде ғылыми әлеуеттің болмауы. Жаңа Су кодексінде ғылыми (ғылыми-зерттеу) орталығының өкілеттіктері және оның су ресурстарын және оларға сұранысты жоспарлау, басқару және нормалаудағы рөлі, сондай-ақ басқа да ғылыми мекемелердің қызметін үйлестіру көзделуде. Сондай-ақ ілеспе заң жобасында су шаруашылығы және су ресурстары саласындағы жобаларды жер қойнауын пайдаланушылар пайдалы қазбаларды өндіруге арналған шығындардың 1 пайызын ғылымды дамытуға бағыттау міндеттемесі есебінен қаржыландыруы мүмкін жобалар тізбесіне енгізу ұсынылуда.
Үшіншісі, Қазақстанның су ресурстарын басқару жөніндегі тұжырымдамалық бағдарламалық құжаттардың құқықтық мәртебесі. Осы міндетті іске асыру үшін Су кодексі мемлекеттік жоспарлау жүйесінде су ресурстарын кешенді пайдалану мен қорғау схемаларының мазмұны мен рөліне қатысты негізгі ережелерді көздейтін болады. Экономика салаларын (агроөнеркәсіптік кешен, өнеркәсіп, энергетика, көлік, ТКШ) дамытудың, қоршаған ортаны оңалтудың барлық жоспарлары, бағдарламалары мен жобалары осы құжаттар негізінде әзірленуі тиіс.
Төртіншісі, судың құны оның негізгі құнына сәйкес келмейді. Суды үнемді және тиімді пайдалану мен тасымалдауды ынталандыру үшін су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерін белгілеу тәсілдерін қайта қарау және су пайдаланушы жаңа су үнемдеу, тазарту технологияларын енгізген, қолда бар жабдықтарды жаңғыртқан және суды пайдалану тиімділігін арттыруға бағытталған өзге де іс-қимылдарды енгізген жағдайда, оны төмендету коэффициенттерін қолдана отырып айқындау ұсынылады. Аталған мәселе Су кодексі қабылданғаннан кейін заңнамалық нормада талап ететіндей Салық кодексіне түзетулер енгізу жөніндегі шоғырландырылған заң жобасы шеңберінде шешілетін болады.
Бесіншісі, су ресурстарын басқарудағы мемлекеттік бақылау. Қолданыстағы су заңнамасының құқық қолдану практикасы су ресурстарын қорғау және пайдалану саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын инспекторлардың мәртебесі мен өкілеттіктеріне қатысты нормалардың жетілмегендігін көрсетті. Жаңа Су кодексінде мемлекеттік бақылау жөніндегі ережелерді жаңа реттеушілік саясатқа сәйкес келтіру көзделеді, бұл осы жұмысты ретке келтіруге мүмкіндік береді.
Алтыншысы, Су кодексімен реттелетін құқықтық қатынастардың кең ауқымы. Суды экономикалық тауар ретінде пайдалануға қатысты қатынастарға және суды немесе су шаруашылығы құрылыстарын пайдалануға байланысты өзге де қатынастарға қатысты ережелерді дербес заңнамалық актілерге бөлу тұжырымдамалық және заңдық тұрғыдан оңтайлы саналады.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің суды қайта сатып алушылар болуын тоқтатып, гидромелиорациялық инфрақұрылымды пайдаланумен айналыса бастауы үшін олардың функцияларын қайта қарау мәселесі пысықталуда. Жаңа заңнама су ресурстарын қорғау мен пайдалануды мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыруы, сондай-ақ бірыңғай мемлекеттік су саясатын іске асырудың құқықтық негізі мен тетіктерін дамытатыны болжануда.