Су тапшылығын тұжырымдама шешеді

«Судың да сұрауы бар» дейді бұрынғылар. Ал Қазақстан сияқты жартылай шөлді, шөлейітті, су көздерінің көбі көршілес елдерден ағып кіретін мемлекет үшін су ресусы – ХХІ ғасырдағы ең өзекті тақырып.
Осы мақсатпен Астана қаласында Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қазақстанның су кеңесінің кезекті отырысын өткізген болатын.
Кеңесте су ресурстарын басқару бойынша бөзекті мәселелер талқыланды. Оның ішінде су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы қаралды. Одан бөлек, Су саласын реформалау жөніндегі республикалық кеңеске дайындықтың жай-жапсары пысықталды.
Айталық, 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдама жобасында су шаруашылығы инфрақұрылымы басты мәселе болып отыр. Табиғи су көздерін қалпына келтіру мен суды үнемдеуді экономикалық жағынан ынталандыру жоба-жоспары енген. Сонымен бірге, су жүйесіне қатысты мониторинг жүйесін дамыту, су жйүесіне қатысты кадрлар даярлауды дамыту сияқты нақты жобалар көзделіп отыр.
Басқосуда алдағы уақытта өтетін Республикалық кеңесте Қазақстанның су қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты ұсыныстар пакеті жасалып, мәселе күн тәртібінде қаралатыны арқау болды. Бұл арада су ресурстарын басқарудағы нақты ғылымның рөлін арттыру мәселесі бар. Сонымен бірге, су заңнамасын жетілдіру тетіктері мен аталмыш ұлттық жобаларды іске асыру мәселесі де қаралмақшы.
Әлихан Смайылов өткізген кеңеске бірнеше лауазым иелері қатысты. Олар – цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин болды. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек пен индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев бар. Ал Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов пен Халықаралық Аралды құтқару қорының өкілі Әмірхан Кеншімовтер су мәселесі өте өзекті аймақ ретінде қатысты.
Қазақстанда су мәселесінің өте өзекті екені, су көздері жылдан жылға тартылып, суға тапшылық артып келе жатқаны үкімет мүшелеріне де аян. Айтпақшы, осы проблемаларды шешу үшін экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев жыл басындағы Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында айтылған міндеттерді орындау үшін су саласын дамытудың 3 жылдық кешенді жоспары дайындалып, бағдарланып жатқанын жеткізген болатын.
Сол өткен жиында су жаңа Су кодексін дайындау мәселесі қаралған-ды. Трансшекаралық өзендер түйткілі айтылған болатын. Трансшекаралық өзендер мәселесінде Қазақстанның позициясын нығайту мен су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың нақты тұжырымдамасын дайындау жоспарланған-ды.
Әлихан Смайылов «Суды үнемдеуді ынталандырудың ең өнімді жолдарын әзірлеу және кезең-кезеңмен су қоймаларын реконструкциялап салу қажет. Сонымен бірге, міндетті түрде су ресурстарын басқаруды цифрландыру және автоматтандыру жөніндегі жұмысты кеңейту керек. Өйткені, цифрландыру және автоматтандыру – саладағы тиімділікті арттырудың негізгі амалдарының бірі», — деп атап айтқан болатын өткен жиында.
Соңғы кеңесте қаралған су мәселесі – сол алғашқы отырыста айтылған өзекті тақырыптарды тарқатудың нақты амалдары болып отыр.
Су тапшылығы қазірдің өзінде сезіле бастағаны анық. Мамандардың болжамынша, 2040 жылға қарай суға қажеттілік 50 пайызға жетуі мүмкін. Өйткені, Қазақстан экономиканың барлық секторлары суға тәуелді. Су тапшылығы қайдан туындап отыр? Мұның көп түрлі факторлары бар. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіндегі мамандардың айтуынша, Қазақстанның оңтүстік және батыс облыстары көршілес мемлекеттердің су саясатына қатты тәуелді. Мысалы, Іле өзенінің басы Қытайдан ағып кіреді. Жамбыл облысындағы Шу, Талас өзендері Қырғызстаннан кіреді. Түркістан мен Қызылорданың агро мамандарын сумен қамтамасыз етіп отырған Сыр Өзбекстаннан келеді. Оның басы тағы да қырғыз бен тәжікке келіп тіреледі. Су ресурстары дегенде, біздің мемлекетте осындай түйткілдер бар. Бұл – бір.
Екінші проблема – Қазақстандағы су экожүйелінің аздығы және Арал, Балқаш түйткілдері бар. Осы себептердің бәрі су тапшылығын тудырып отыр. Үшінші түйткіл – суды үнемдемей пайдалану және су беру қызметтеріндегі тарифтің арзандығы да су тапшылығын тудырып отырған мәселелердің бірі. Төртінші проблема – су мәселесінде білікті кадрлардың жетіспеушілігі сияқты кемшіліктер бар.
Жылдан жылға құрғақшылық қысып, су мәселесі басты проблемаға айналғалы бері су ресурстары комитеті мамандары елімізде 2030 жылға қарай су тапшылығы 23,2 текше километрге дейін баратыны туралы айтуда.