Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 10 Қазан 2023

Суару жүйесі жаңа сұраныстарға сай болуы тиіс

жетісу
Фото: из открытых источников

Жетісу облысының Панфилов ауданында егін егу мен одан өнім алу ісі қарқынды дамыған. Ондағы егін негізінен суармалы алқаптарда өсірілетіндіктен, аймақтағы суландыру жүйесінің мән-маңызы жоғары. 

Бұл өңірде ең көп өсірілетін жүгері дақылының тұқымы да алдымен суарылған жерге ғана себіледі. Жүгері жетілгенінше орта есеппен 5-7 мәрте, кейбір құмдауыт, тастақ жерлерде 10 ретке дейін суарылады. Әлбетте, жүгеріден басқа дақылдарды суаруда да қажеттілік жоғары. Оған аудандағы күннің қызуы, топырақтың құрғақ-сары, сортаң болып келетіндігі айтарлықтай әсер етіп отыр.

Осының нәтижесінде соңғы жылдары құрғақшылықтан, су тапшылығынан, аудан шаруашылықтары мен шаруа қожалықтарының көбеюінен су бөлуде күрделі мәселелер туындап, егіншілер егінін қажетті мөлшерде суара алмай отыр. Бұл мәселені шешу үшін аудандық су шаруашылығы қызметкерлері әртүрлі шаралар қолдануда. Олар қожалықтарға берілген су мен уақытты тиімді пайдалануды реттеу арқылы ахуалды ушықтырмай ұстап отыр. Алайда жыл өткен сайын бұрынғы су жолдары тозып, жарамсыздана бастағандықтан, шешілмей тұрған мәселе көп. Биылғы жаз маусымындағы құрғақшылық салдарынан өзендердегі су мөлшерінің төмендеп кетуі де жығылғанға жұдырық болып отыр. Соған қарамастан, егін егілмей қалмады, алқаптар жасыл желекке бөленіп тұр. Бұл ұйымдастырудың тиімділігі деуге де болады.

«Биыл «ҚазСуШар» Панфилов өндірістік учаскесі егін егетін қожалықтармен келісімшарт жасасқан. Өңірде жалпы 37 940 гектар суармалы егістік бар, соның 26 мың гектардан астамына жүгері дақылы өсірілген. Шілде айының ортасына дейін «дала аруының» алғашқы суару жұмысы толық аяқталып, 15 500 гектарға жуығы екінші, 3 мың гектарға жуығы үшінші, 1 мың гектардан астамы төртінші рет суарылып үлгерді», – дейді аудандық су шаруашылығының қызметкерлері.

Демек, егістікті дер кезінде, өз уақытында суару мен судың әр тамшысын тиімді пайдалануда өңірдегі қожалықтар мен су мамандарының арасында тығыз байланыс орнатылды. Тіпті бұрын бақылаудан тыс қала беретін аяқсуды да пайдаға жарату шаралары қарастырылған. Есеппен жасалатын жоспарлы шаралар су тапшылығын барынша азайтуға көмектесіп жатыр. Осындай әдістер арқылы әр литр су есепке алынып, оны пайдаланған егіншілерден су ақысы толық алынғандықтан облыстағы егіншілер бірігіп жұмыс істеуді қолға алған. Бұл орайда жаркенттік егіншілер алға шығып отыр. Жалпы, су шаруашылығы жүйесінің жұмысы 2018 жылдан бастап республика көлемінде министрлік деңгейінде қаралып, бірегей тарифке өтті. Тарифтің бағасы қай уақытта қанша болатынын қаулымен белгіленеді. Яғни су бағасын мұраптар емес, республикалық монополияға қарсы агенттік бекітеді.

Және бұрын кәсіпорын табысының артық бөлігін өз қажетіне жұмсауға мүмкіндік беретін инвестициялық бағдарлама бар еді. Онда тарифтен түскен қаражаттан мекеме өзінің негізгі қорын ұлғайта алатын. Соны пайдаланып, кәсіпорынға жаңа техникалар сатып алынып, көбі күрделі жөндеуден де өткен. Техниканың көбейгені егіншілердің күнделікті жұмысына жеңілдік әкелгені сөзсіз.

Балауса Ділдәбек

Тегтер: