Суданда ауруханаға жасалған шабуылдан 64 адам қаза тапты
Суданда ауруханаға жасалған шабуыл салдарынан кемінде 64 адам қаза тапты. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус мәлімдеді.
Қаза болғандардың арасында 13 бала, бір дәрігер және екі медбике бар. Тағы 89 адам жарақат алған.
Шабуыл 20 наурыз күні кешке Эд-Дуэйм қаласындағы ауруханаға жасалған. Салдарынан педиатрия, перзентхана және жедел жәрдем бөлімдері қатты зақымданып, медициналық мекеме жұмысын тоқтатты.
Қақтығыс тараптары шабуыл үшін бір-бірін айыптауда. RSF көтерілісшілері соққыны үкімет армиясы жасады десе, елдің қарулы күштері бұл айыптауды жоққа шығарды.
Айта кетейік, Суданда армия мен көтерілісшілер арасындағы қақтығыс 2023 жылдың сәуірінен бері жалғасып келеді.
ДДСҰ басшысы медициналық нысандарға жасалатын шабуылдарды тоқтатуға шақырды.