Суданды басып алған бүлікшілер 2000-нан астам адамды өлтірді
Судан үкіметі елдің батысындағы Эль-Фашир қаласында болған жаппай қырғынды «бейбіт тұрғындарға қарсы жасалған геноцид» деп атады.
Ресми мәліметке сәйкес, қалаға «Жылдам әрекет ету күштері» (Rapid Support Forces, RSF) кіргелі бері екі мыңнан астам бейбіт адам қаза тапқан.
Порт-Судан қаласында өткен баспасөз мәслихатында гуманитарлық көмек жөніндегі комиссар орынбасары Мона Нур әл-Даем:
«Бұл — қолында қаруы жоқ азаматтарға қарсы жасалған қырғын. Әлемдік қауымдастық үнсіз қалмауы тиіс», — деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, RSFR содырлары ауруханалардағы науқастар мен жараланғандарды атып өлтірген, ал қашып құтылуға тырысқан тұрғындарға шабуыл жасаған. Көптеген адамдар азаптауға, тіпті жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған.
Еріктілерден құралған Sudan Doctors Network ұйымы соңғы үш күннің өзінде 1500-ге жуық адамның қаза тапқанын хабарлады. 2024 жылдың мамыр айынан бері жалғасып келе жатқан Эль-Фаширдің қоршауы кезінде жалпы құрбандар саны 14 мыңнан асқан.
Медицина қызметкерлерінің айтуынша, қаладағы ауруханалардың көбі қираған, ал жараланғандар ем ала алмай отыр. Гуманитарлық дағдарыс шегіне жеткен: азық-түлік пен дәрі тапшылығы, электр мен ауызсу жоқ.
Суданда азаматтық соғыс үш жылға жуық уақыттан бері тоқтамай келеді. Бұл қақтығыстың кесірінен он мыңдаған адам қаза тапты, миллиондаған тұрғын босқынға айналды. Елдің бір бөлігі аштық пен аурудан титықтап, гуманитарлық апат шегіне жетті.