Судьяның әділ шешім шығаруына кедергі жасала ма?..

Теміртау қалалық сотының төрағасының судьясы Айжан Шаяхметова адам өліміне алып келген жол апатына қатысты істі қарау барысында қысым көрсетті, деп кінәлады.
Теміртау қалалық соты бір жылдан асып кеткен жол апатына қатысты сот үкімін әлі шығарған жоқ. Айыпталушы да тегін адам болмай тұр. Қалалық мәслихаттың экс-депутаты, Қарағанды өңіріне танымал кәсіпкердің ұлы Даниил Боровиков 2020 жылғы 11 желтоқсанда жолда келе жатқанда, қарсы бағытқа өтіп кетіп, «Kia» көлігіне соғылған. Соның салдарынан, «Kiа» көлігінің 66 жастағы көлік жүргізушісі мен оның 6 жастағы немересі қаза тапқан-ды. Жол апатына қатысты істі Теміртау қалалық сотының судьясы Айжан Шаяхметова қараған болатын. Алайда күдіктінің қорғаушылары судьяны ауыстыруды бірнеше рет сұрап, мәселе көтерді. Қаңтарда қорғаушы тарап судьяның өздері жолдаған өтініш хаттарына құлақ аспайтынын айтып, шағым білдірген болатын-ды. Осыдан кейін бұл істі қарайтын судья ауыстырылып, Айжан Шаяхметоваға қатысты қызметтік тексеріс басталған-ды. Ал судья болса, фейсбук парақшасында бұл істі қарау кезінде «өзіне Теміртау қалалық сотының төрағасы қысым көрсетті», деген мәлімдеме жасап, елді шу еткізді.«Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының қауіпсіздік қызметіне сот төрағасы Талғат Әмрашев екеуміздің сөйлескен дыбыс жазбаны ұсынып, өтініш жаздым. 2021 жылдың тамыз, қыркүйек айларында ол маған Даниил Боровиковты қорғаушы тарап ұсынған кейбір өтініш хаттарды қанағаттандыру қажеттігі жөнінде нақты тапсырма берді. Бұл іс маған өткен күннен бастап, оны қарау барысына сот төрағасы бірнеше рет араласты», – деп мәлімдеді судья Айжан Шаяхметова.Tengrinews сайтының хабарлауынша, Жоғарғы соттың баспасөз қызметі судьяның өтінішіне қатысты тексеріс басталғанын мәлімдеді.Адам тағдырын шешетін судьялардың «қара қылды қақ жарған» әділ болуы оған үміт артып келетін барша жан үшін аса маңызды екені сөзсіз. Алайда мұндай дау-дамайдың орын алуы көпшіліктің көкейіне күмән ұялатып тұр.