Суицидті қалай тізгіндейміз?
Суицид, өзіне-өзі қол салу – қоғамда қордаланып жатқан мәселелердің ең өзектісіне айналғалы көп болды.
Еліміздегі мықты психологтар қоғамдағы суицидтік көңіл күйді болдырмауға, жаныңызда жүрген, күйзеліске түскен жандардың өзін-өзі өлтіруіне жол бермес үшін барынша кеңестерін беріп келеді.
Осы мәселеге қатысты психолог Айгүл Мұхатаева өзінің 19 жылдық жұмыс тәжірибесінде суицид жасағысы келетіндердің көп кездескенін айтады. Десе де, маман психологтың көмегіне жүгінетіндерді өмір үшін күресе білетін жігерлі жандар деп есептейді. Осыған қатысты ол өзінің көмегіне жүгінген жанның бір оқиғасын айта отырып, оған қалай көмектескендігі жөнінде айтып берген еді.
– Жан тектен текке сыр бермейді. Адам өмірінің кейбір тұстарын байқағысы келмегенімен, ауыр болғанымен, адам жаны қиналып, осындай жағдайға дейін сыр беріп тұратыны сондықтан. Оған да мән бермей жүретіндер бар. Ал өзінің дәрменсіздігін сезінген, өмір үшін күрескісі келетін жанды шыны керек, айналасындағы жақын адамдары түсінбеуі мүмкін. Бірақ біз психологтар түсініп, терапия жүргізіп, көмегімізді бере аламыз. Мәселен, менің қабылдауымда болған бір кейіпкер басында маған келгенде: «Тезірек ана дүниеден орын тауып, тынышталғым келетіндей жаным мен тәнімді удай ашытып, жанымды жеген ауыртпалықтан қайда қашарымды да білмеймін. Көзден жас парлағанда тұншығып, жаным қысылғаны, іштегі терең жатқан ауыр сезімдерге батып бара жатқандай ішектерім езіліп, кеуде тұсым ашып, тамаққа өксік тірелетін. Шарасыздықтан қиналғанда бұл жиі келетін ойлар екенін білемін. Кейін ұмытқан соң қайта жақсы болып, өзіме ұрысып аламын» дейді консультация барысында. Мен оны нақтылау үшін «Қандай жағдайларға байланысты болады?» деп сұрақ қойғанымда, «Көбіне жақындарыммен келіспей қалғанда болады. Әркімнің көңіліне қараймын. Бірақ менің көңілімді біреу ойлап жатыр ма?» деп көзі жасқа толған науқас өзін-өзі ұстай алмай, жылаған болатын. Оның денесіндегі ауыртпалықтар, миындағы мазасыз ойлар, жақындарымен қарым-қатынасындағы шарасыз жағдайлар оны әбден шаршатқан. Күннен-күнге, жылдан-жылға жалғасқан мазасыздық өзінің бар екенін ұмыттырып, клиентімді әлсірете берген екен. Сөйтіп, терапия басталып кетті. Терапия барысында осы мәселелерді шешу үшін біраз жұмыс істедім. Ол кісі әлі де терапиядан өтіп жатыр. Қазір оның көзінде от, жанарында бақыт пайда болды» дейді,– психолог Айгүл Мұхатаева.
Сондай-ақ психолог қарапайым адамдар да жанында жүрген жақындарын мұндай жаман ойлардан қалай құтқарып алуға болатындығы жөнінде кеңес берді. «Егер сіз жақын адамыңыздың мінез-құлқы тез өзгеріп, «Не үшін өмір сүремін?» деген секілді келешекке үмітсіз қарап, қоғамнан оқшауланып, өзін-өзі өлтіруге әрекеттенгенін көрген болсаңыз, не болмаса есірткіге, темекіге қызығушылығы пайда болғанын байқасаңыз, бейқам болмаңыз. Өмірден түңілген мұндай жандарға дереу психиатриялық көмек қажет екенін біліңіз» деп, кеңесін берді.
Сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өзіне-өзі қол жұмсауды азайту мақсатында Live Life жобасын ұсынды. Онда қауіпті препараттар мен суық қаруды пайдалануды шектеу, суицид туралы хабарлауға жауапкершілікпен қарау, жасөспірімдердің әлеуметтік және эмоционалды дағдысының дамуына ықпал ету, қайта-қайта суицид жасауға тырысқан адамдарды медицина қызметкерлері үнемі бақылауда ұстау қажет екендігін айтады.