Сүлейменов алтынды арзанға сатып, қымбатқа алады
Дүниежүзілік алтын кеңесінің мәліметі бойынша Қазақстанның алтын қоры соңғы үш жылда 27,4 пайызға азайыпты.
Қазақстанның алтын қоры 2011-2021 жылдар аралығында тоқтаусыз өсіп, 2021 жылы өзінің шыңына жеткен. Ал 2022 жылдан бері Ұлттық банк алтын қордағы саясатына өзгеріс енгізіп, оның үлесін жалпы қордан төмендету үшін қордағы алтынды біртіндеп сата бастады.
Негізінде алтын-валюта қорындағы алтынның үлесі 2022 жылы 70 пайыз болған. Алайда Ұлттық банк алтынды валютаға, яғни доллар мен еуроға айырбастау саясатын жүргізгеннен кейін алтынның қордағы үлесі былтыр 58 пайызға дейін түсті. 2022 жылы еліміздің бас банкі сыртқы нарыққа 120 тоннаға жуық алтын сатқан. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мәлімдегендей, бұл Ұлттық қорға 7 миллиард доллар түсім әкелген. Осы сауданың нәтижесінде резервтегі алтынның үлесі 68 пайыздан 58 пайызға дейін түскен. Ұлттық банк өкілдері алдағы уақытта бұл межені 50 пайызға дейін қысқартуды көздеп отыр.
Әсіресе Ұлттық банк биыл шілде айында қордағы алтынды белсенді сатумен айналысты. Нәтижесінде елдің алтын қоры 295 тоннаға (жалпы резервтердің 55%-ы) дейін азайды. Алтынның әлемдік бағасы соңғы айларда қатты өсіп келеді. Ұлттық банк осыны ескергендіктен, кезінде арзанға алған қолдағы алтынды қымбатқа сатып пайда тапқысы келетінін түсіндіреді. Дегенмен қазір әлем бойынша орталық банктер, керісінше, алтынды ең сенімді актив ретінде белсенді сатуға емес, сатып алуға тырысып жатыр. Мысалы, біздің Ұлттық банк шілде айында алтын сатып «жырғаса», нақ сол кезде бірқатар елдер қорына алтын жинап, алтын қорларын 37 тоннаға дейін арттырған. Бұл елдердің қатарында Түркия, Үндістан, Польша, Қытай және Әзербайжан мемлекеттері бар. Тіпті қазір АҚШ, Франция, Германия елдерінің алтын қоры 70 пайыздан асып жатыр.
Отандық сарапшылар биылғы шілде айында Қазақстан алтын қорын сатқан жалғыз ел болғанын айтады. Жазда әлемдік нарықтағы алтынның бағасы жоғары деңгейге өсіп, рекордтық көрсеткішке жеткен. Осы тұста Ұлттық банк пайдаға кенелуді жөн көрген. Алайда мұндай әдісті ұстану арқылы ауыз толтырып айтарлықтай пайда көрдік деп тағы айта алмаймыз.
Саясаттанушы және әлемдік экономиканы бақылаушы Әсем Қасымханованың айтуынша, биыл АҚШ қыркүйек айында несие беру жүйесіне қатысты пайыздық мөлшерлемені өсіруі мүмкін екенін мәлімдеген. Одан кейін «мөлшерлеме қайтадан түседі» деген де ақпараттар шыққан. Осындай тұрақсыз ақпарат шыға салысымен алтынның бағасы әлемдік нарықта күрт көтеріліп, унциясы 2,466,02 доллар деңгейінде тұрақтады.
«Инвесторлар пайыздық мөлшерлемеге қатысты тұрақты ақпарат ала алмады. Әлемдік қаржы нарығында тұрақсыздық пайда бола бастады. Құнды қағаздардың бағасы түсе бастады. Осындай сәттерде инвесторлар сақтану мақсатында алтынды көптеп ала бастайды. Биылғы шілде айында да алтынға сұраныс күрт артып, оның бағасы рекордтық деңгейге қымбаттағанының себебі – осы. Міне, осы кезде Ұлттық банк алтынды 2 466 доллардан сата бастады. Ал енді қазір Еуропалық Орталық банк, Англия банкі және Қытай Халық банкі ақша-несие саясатына қатысты жаңа шешім шығаруға ниеттеніп отыр. Бұл елдерде ақша-несие саясатына қатысты өзгерістер болатын болса, онда алтынның құны тағы қымбаттайды. Инвесторлар тағы да алтынды жаппай ала бастайды. АҚШ билігіне Дональд Трамптың келуі, оның алтын мен мұнайға қатысты, долларға қатысты ұстанымы да бағаны қымбаттатып жатыр. Қазірдің өзінде қазан, қараша айындағы дерек бойынша спот алтынның унциясы 2 800 доллар деңгейінде тұрақтады. Халықаралық сарапшылар «алтын бағасы Трамп инаугурациясынан кейін 3 000 долларға дейін өсуі мүмкін» деседі. Себебі Трамп Еуропа одағынан келетін тауарларға импорт салығын көтергелі отыр. Мұнай нарығына қатысты біраз өзгерістер күтілуде. Осының барлығы қаржы нарығын мың құбылтары даусыз.
Ең қызығы, қазір біздің Ұлттық банк жанталасып, қайтадан алтын сатып алуға көшті. Ақылға сыймайтыны – жазда Ұлттық банк 4,2 тонна алтынды 2 466 доллардан сатса, қазір сол 4,2 тонна алтынды 2 800 доллардан қайта сатып алып отыр. Өзгелерге арзанға сатты да, өзі алтын қымбаттағанда қымбатқа сатып алды. Мұндай саудадан Ұлттық банк ұтылып отыр ғой», – дейді Ә.Қасымханова.
Алтын сататындай басымызға не күн туды?
Расымен де, Қазақстан Ұлттық банкі қазан айында 4,2 тонна aлтын сатып алып, әлемдегі алтынды ең көп сатып алған орталық банктердің бірі атанған. Осы саланы жетік меңгерген, кезінде банк ісі бойынша басшылық қызмет атқарған экономист-ғалым Бейсенбек Зиябековтің айтуынша, Қазақстан алтын-валюта қорын басқаруда дұрыс саясат ұстанып отырған жоқ. Экономист-ғалым бас банктің соңғы үш жылдағы алтын резервіне қатысты шығарып отырған шешімдерін оң деп бағаламайды.
«Алтын-валюта қорындағы алтынның үлесін сататындай, құдай бетін әрі қылсын, соғыс жағдайындағы ел емеспіз. Соған қарамастан, соңғы үш жылда Ұлттық банк қордағы алтынның үлесін азайтуды жоспарлап отыр. Мұны құптамаймын. Қордағы алтынның үлесі көп болған сайын біз сенімді отырамыз. Алтын қорын жасақтау, елдің қандай да бір сыртқы факторларға, сырттан келетін дағдарыстарға төтеп беру қабілетінің жоғары екендігін көрсетеді. Сонымен қатар өзге шетелдерден қарыз алу кезінде де, елдің инвестициялық рейтингі алтынға қарап есептеледі. Сол кезде де қордағы алтын мол болса, өз септігін тигізеді. Ал қазіргі Ұлттық банктің қордағы алтынды сатып, валютаға айналдыру саясаты – сауатсыздық», – дейді Б.Зиябеков.
Маманның айтуынша, соңғы үш айдың өзінде алтын бағасының бірден 2 800 долларға шарықтап шыға келуі көп нәрсені аңғартады. Бұл – әлемдік инвесторлар алтынға көбірек инвестиция жасай бастады деген сөз.
«Рас, Ұлттық банк алтынды металл күйінше қоймада сақтап қойғысы келмей, одан пайда табуды көздейді. Сондай-ақ бас банк қордағы алтынның бір бөлігін доллар сияқты қымбат валютаға ауыстырып қоюды жөн көреді. Алтын резерв қорының біраз бөлігін алтынмен, біраз бөлігін шетел валютасымен сақтау бұрыннан қалыптасқан дәстүр. Ал алтынды долларға ауыстырып отырудың артықшылығын Ұлттық банк «валюта нарығында аяқ астынан күтпеген жағдай орын алып, салдарынан теңгеміз құлдырай қалса, интервенция жасау үшін дайын доллар қажет болады. Сол кезде алтын сатып үлгермейміз, сондықтан ерте бастан сатып, доллармен валюта жинап отыру керек» деп түсіндіреді. Айтуларынша, қорда көп мөлшерде алтын ұстап отырсақ, жоғарыдағыдай жағдай болса, алтынды валютаға ауыстыру мәселесі уақыт алады. Бұған қатысты айтарым, ішкі нарықта валютаны көбейтудің басқа да тетіктері бар. Мысалы, ішкі нарықта долларды көбейткісі келсе, алпауыт мұнай өндіретін компаниялардың тапқан табысын шетел банктерінде сақтауына тосқауыл қойсын. Шетелге кеткен миллиардтаған долларларды елге қайтарсын. Біздегі мұнай компаниялары шығарған өнімінің бәрін экспортқа саудалайды. Одан түскен долларларды да шетелде сақтайды. Бізге тек салық қана төлейді. Ұлттық банк пен үкімет 30 жылдан асты, еліміздің байлығын сапырып отырған алпауыт компанияларға тістері батпай отыр. Қандай да бір дағдарыс болса, Ұлттық қорға, алтын-валюта қорына жармаса бермей, алдымен осыны реттеу керек.
Қазір шетел асып кеткен қаражаттың саны 160 млрд доллар деп айтылып жүр. Бұл 30 жылдың ішінде кеткен ақша. Әрине, оның бәрін бірден қайтара салу мүмкін емес, ең құрығанда 50 пайызы қайтса, 80 млрд доллар елге кіретін еді. Қазір біздің Ұлттық қорымыздың өзі 60 млрд доллар. Аңдағанға 80 млрд доллар деген өте жақсы қаражат. Осыны ескерсек, Ұлттық банк пен үкіметке алтын қорындағы алтынды сатып олжа таппақ болып жүрген ниетін өзгертіп, шетелге кеткен капиталды елге қайтарумен шұғылданғаны әлдеқайда тиімді», – дейді экономист-ғалым.
Иә, резервте алтынның көп болғаны дұрыс. Алайда 2024 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша Қазақстанның алтын-валюта қоры бар болғаны 692,3 келіге өсіпті. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында 22,3 тонна алтын сатып алынса, сәуірден шілдеге дейінгі аралықта Ұлттық банк, керісінше, жалпы ауқымы 21,6 тонна алтын сатқан. Рас, алтынның белсенді сатылуы жоғары баға кезеңіне сәйкес келді. Бірақ сарапшылар тұрақсыз экономика кезінде алтынды сатуды құптамайды. Геосаяси тұрақсыздық жағдайында алтын жалғыз қорғаныш активі.
Жалпы, қазір доллардың бағамы өсіп, теңге құнсыздана бастағалы Ұлттық банк интервенция жасауға мәжбүр болды. Әрбір интервенция жасаған сайын алтын-валюта қорында алтын ғана емес, валютаның көлемі де азаяды. Ұлттық банктің берген мәліметіне сүйенсек, бас банк 16 қарашадан бері алтын-валюта резервінен теңгені қолдау үшін 1 млрд доллар валюта сатқан. Нәтижесінде Ұлттық банктің алтын-валюта қоры 44,5 млрд доллардан 43,5 млрд долларға азайған.
Негізінде Ұлттық валютаның бағамын айқындайтын бірден-бір фактор –еліміздің алтын-валюта қоры. Осы резерв азайса, девальвацияның қаупі одан әрі күшейеді. Сала мамандары алтын-валюта резерві азаймас үшін, бірінші, төлем балансының есепшотын дұрыс жүргізу керектігін, екінші тікелей шетелдік инвестицияларды (ТШИ) көптеп тарту қажеттігін үнемі айтады.
Ал қарапайым тілмен түсіндірсек, біздегі төлем балансында, яғни Қазақстан мен басқа елдер арасындағы экономикалық операциялардың немесе ақша ағынының көрсеткішінде ашықтық жоқ. Біз шет елге қанша ақша жібердік, басқа елден бізге қанша қаражат келді, мұны қарапайым халық біле бермейді. Әйтеуір білетініміз, бізден шетелге капиталдың көптеп кеткені және ол оффшордағы қаражаттардың қайтпай жатқаны. Мұндай есепшоттың сальдосы минусқа кете берсе, онда ұлттық валютаның одан бетер құнсыздануына, экономиканың тұрақсыздығына жол ашылары даусыз. Сол тәрізді ТШИ тартуда да проблемалар болмағаны жөн. Қазір әлем бойынша дамушы елдерге инвестиция ағыны 9 пайызға азайып, 841 миллиард долларға төмендеп кеткен. Соған қарамастан, біздің үкімет «екі жыл қатарынан инвестиция тартуда белсендіміз» деп есеп берді. Бірақ инвестиция тартылып, жобалар жүзеге асып жатқанымен, теңгеміз құнсызданып, Ұлттық банк базалық ставканы қайта 1 пайызға көтеріп, алтын-валюта қорынан теңгені тұрақтандыруға қаражат алып, әйтеуір әбігер болып жатыр. Мұндайда белсенді тартылған инвестиция туралы сүйкімді цифрларға сене алмайсың.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ