Сүлейменов пен инфляция сүйкенсе, несие қымбаттайды

Бұған дейін 16,5 пайыз болған базалық мөлшерлеме өсті. Күткеніміздей, Ұлттық банк бұл жолы базалық мөлшерлемені 18 пайызға бір-ақ көтерді.
Инфляция күшейіп, теріс аймаққа түскелі бері базалық мөлшерлеменің көтерілуі болжанып жүрген мәселе. Бірақ, бір мәселе бар. Ұлттық банк қолын мезгілінен кеш сермеді. Қаржыгерлердің пікірінше, инфляция бірнеше ай бойы болжамнан асып кеткендіктен, бас банк шешімді ертерек қабылдауы қажет еді.
Алайда Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов кешіктім деп ойламайды. Бас банкирдің ойынша, базалық мөлшерлемені 18 пайызға көтеру – уақытысында жасалып отырған стратегиялық қадам. Бас банкирдің сөзінше, енді несие алатын адам одан бас тартады, өйткені несие қымбаттайды. Депозиті бар адам сәл көбірек табыс табады. Бұл тұтынушылық белсенділікті төмендетіп, сұранысты азайтады, ал сұраныстың азаюы бағаның тұрақтануына алып келеді. Нәтижесінде тұтыну мөлшері қысқаруы тиіс, бұл үрдіс түптеп келгенде инфляцияны тежейді-міс.
Тимур Сүлейменов депозиттің тартымдылығын әдейі арттырып отырғандарын, қаражат депозиттерге көбірек түссе, ол банктерде сақталып, тұтыну қысқаратынын айтады. Осы арқылы Ұлттық банк несиелеуді тоқтатуды емес, нарықтағы тепе-теңдікті сақтап қалуды жоспарлап отыр. Бас банкирдің сөзінше, инфляция 13 пайыз, ал базалық мөлшерлеме 18 пайыз болса, нақты пайыздық мөлшерлеме (инфляция әсерінен кейін қалатын «шын» пайда немесе шығын) шамамен 3,5 пайызды құрайды. Ал бұл, өз кезегінде, макроэкономикалық тұрғыда қатаң саясат саналмайды екен.
Үш жылда он рет өзгеру
Жалпы, соңғы үш жылда Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені он мәрте өзгертіпті. Соның ішінде сегіз рет өсіріп, екі рет төмендеткен. Мәселен, 2022 жылы базалық мөлшерлеме ең көп өзгерген жыл болды. Ұлттық банк бұл жылы мөлшерлемені алты рет көтеру шешімін қабылдады. Алдымен қаңтарда мөлшерлеме 10,25 пайызға дейін өсті, ақпанда 13,5 пайызға көтерілді, сәуірде 14 пайызға, шілдеде 14,5 пайызға жетті. Кейін қазан айында 16 пайызға дейін артты, ал желтоқсанда тағы да өсіп, 16,75 пайызға дейін көтерілді. Бұл кезеңде де банк инфляцияны тежеу және теңгенің құнсыздануына жол бермеу мақсатында мөлшерлемені тұрақты түрде арттырды. 2023 жылы жағдай сәл тұрақталды. Ұлттық банк мөлшерлемені керісінше екі рет төмендетті: қазанда 16,5 пайыздан 16,0 пайызға, қарашада 15,75 пайызға дейін түсірді. Бұл шешім инфляцияның бәсеңдеуіне және экономикалық белсенділіктің қалпына келуіне байланысты қабылданды делінді. 2024 жылы қараша айында мөлшерлеме қайтадан өсірілді. Бұл инфляцияның баяу төмендеуіне қарамастан, баға тұрақтылығын сақтауға бағытталған қадам болды. 2025 жылы да Ұлттық банк базалық мөлшерлемені қайта өсірді. 7 наурызда базалық мөлшерлеме 16,5 пайызға дейін көтерілді. Енді, міне, 18 пайыз. Жаңа белес! Антирекорд!
Бас банктің мөлшерлеме динамикасын көтеріп, түсірумен айналысып кеткеніне қарап инфляциямен күресудің басқа жолы жоқ па деген сауал да туындайды. Қаржыгер Арман Мусин расымен де бізде инфляциямен күресетін басқа құрал да, жол да жоқ дейді. Сарапшының пікірінше, Қазақстанда ТМД елдерімен салыстырғанда ең жоғары инфляция тіркелген. Деректерге жүгінсек, Ресейде биыл инфляция шамамен 8-10 пайыз, Әзербайжанда 5,7 пайыз, Беларусьте 5,5 пайыз, Қырғызстанда 7,0 пайыз, Молдовада 8 пайыз, Өзбекстанда 8,8 пайыз аралығында болса, бізде қазір инфляция 12 пайыздан асып кетті. Негізгі инфляциялық қысым ішкі сұраныстан емес, сыртқы факторлардан туындайды. Атап айтқанда, теңге бағамы, импорт және шикізат пен жанармай бағасының өсуі. Айырбас бағамының арнасы әлдеқайда күшті әсер етеді.
«Импорттық инфляция бізге Қытай мен Ресейден келеді, ал ішкі сұранысты қамтамасыз ететін өз өндірісіміз аз. Сондықтан инфляциялық үрдіс сақталып тұр. Негізінде, базалық мөлшерлемені өсіру тікелей инфляцияны тоқтатпайды. Бұл Ұлттық банктің қолындағы жалғыз құрал. Инфляцияны тежеудің қаншама жолдары бар. Базалық мөлшерлемені өсіру адамдарды несие алмауға итермелейді. Ұлттық банк осы арқылы халықтың қолындағы қаражатты азайтқысы келеді. Бірақ соңғы үш жылдан бері мөлшерлеме өссе де, халық несие алудан бас тартқан жоқ. Мысалы, 2025 жылғы наурыз айындағы деректерге сүйенсек, халыққа берілген кредиттер саны 1,3 пайызғаұлғайып,21,4 трлн теңгегежеткен. Соның ішінде тұтынушылық несие 1,9 пайызға артып, оның өсімі 14,4 трлн теңгеге көбейген. Базалық мөлшерлемені арттырып, несиені қымбаттатқанмен, несиеден бас тартып жатқан халық жоқ. Қазір енді нарықта тепе-теңдік болмай жатыр деп базалық мөлшерлемені жылына бірнеше мәрте өсіруге тура келіп отыр», – деді қаржыгер.
Иә, маман айтқандай, базалық мөлшерлемені арттыру отандық өндірістің, отандық кәсіптің жолын ашатын үрдіс емес. Базалық мөлшерлеменің қымбаттауы қарапайым адамдарға ой да салмайды. Олар кредитке барлығын алып үйренгендіктен, сол әдеттерін жалғастыра береді. Ал несиенің қымбаттауы кәсіп үшін, өндіріс үшін тиімсіз. Арзан несие ала алмаған шағын және орта бизнес қиналады.
Жұмаділда БАЯХМЕТОВ, экономика ғылымының докторы, профессор: Инфляцияға жалғыз мөлшерлеменің шамасы жетпейді
– Ұлттық банкті Григорий Марченко басқарған1999-2004 жылдары теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз ету және қаржы нарығын ырықтандыру бағытында жұмыстар жүрді. Одан Әнуар Сәйденовтің кезінде «Самұрық-Қазына» арқылы банктерді қайта капиталдандыру саясаты болды. 2013-2015 жылдары Қайрат Келімбетовэкономикалық саясатты жаңғырту және «жаңа ақша-несие саясатының» негізін қалады. 2015 жылы теңге еркін айырбас бағамына жіберілді. Данияр Ақышев инфляциялық таргеттеу жүйесін енгізді. Ерболат Досаев пандемия кезінде ақша-несие саясатын жұмсартты. Ғалымжан Пірматов инфляциялық қысым жағдайында базалық мөлшерлемені бірнеше рет көтерді. Тимур Сүлейменов қазіргі уақытта инфляцияны 5 пайыз деңгейіне түсіру және теңгенің тұрақтылығын сақтау бағытын ұстануда. Қарап отырсақ, Ұлттық банкті басқарғандар сауатты, жүйелі ұсыныстар ұсынбапты. Инфляцияны 5 пайызға түсіру мүмкін емес нәрсе. Себебі тарифтер өсіп жатыр, бензин бір жылда орта есеппен 12 пайызға қымбаттады, коммуналдық сектор инвестицияны қажет етеді. Мұның бәрі бағаның өсуіне әкеледі. Ал соған қарамастан, «инфляцияны төмендетеміз, 5 пайыз етеміз» деу қисынсыз.
Енді базалық мөлшерлемені өсірді. Несие қымбаттайды. Ипотека өседі. Бұдан ең көп зардап шегетін салалар құрылыс, тұтыну нарығы, шағын және орта бизнес, сондай-ақ капитал сыйымдылығы жоғары өндірістер. Сондықтан бізге: бюджеттік тәртіпті сақтау, азық-түлік жеткізілімін жақсарту, валюталық тұрақтылықты қорғау, бәсекені арттыру және баға саясатын бақылау, инфрақұрылымды дамыту және нақты секторға қолдау көрсету керек. Бір ғана мөлшерлеме көмектеспейді.
Әлемде инфляция деңгейі 1-2 пайыз шамасында елдер бар. Соның бірі біздің шенеуніктер жиі мысал етіп, Алматының және Алматы облысының арнаулы экономикалық аймақтарын дәл сондай жасаймыз деп жүрген Сингапур. Бұл елде инфляция 1-2 пайыз. Оның себебі мұнда
ақша айналымы қатаң бақыланады. Біздегі тәрізді бюджеттен бөлінген қаражатты оңды-солды шашу, игере алмау, жетпей жатқан қаражатты Ұлттық қордан ала салу деген жоқ. Ақша айналымы қатаң бақыланғаннан кейін мемлекеттік бюджеті профицитті шығысынан кірісі көп. Басқа Швейцария, Чили, Германия, Канада, тағы басқа елдерді айтпай-ақ қояйын.
Канада елінде 30 жылдан бері инфляция тұрақты. Осы инфляцияны сәтті игерген елдердің бәріне ортақ 5 фактор бар. Олар: тәуелсіз және сенімді орталық банк,ақша массасын қатаң бақылау және нақты базалық мөлшерлеме саясаты,импортқа тәуелділікті азайту, отандық өндіріс, бюджеттік тәртіп және ашықтық,халықтың қаржылық сауаттылығы мен жинақ мәдениеті. Міне, көп емес, осы бес-ақ факторды меңгерсек, мәселе өзімен-өзі шешілер еді. Өкінішке қарай, біз бұл факторлардың әрқайсысының басын шалып жүрміз. Сондықтан әзірге инфляция тоқтайтын ауыл алыс.
Жоғары мөлшерлеме несиеге кедергі бола алмайды
Бес-алты жылдан бері дамыған Еуроаймақ елдері, Германия, Франция, Италия, Испаниятұтынушылық кредиттер мен үй шаруашылығына несие беру стандарттарын қатайтып жатыр. Бұл елдерде несие алушылардан талап етілетін кепілдіктер өскен, несие қабілеттілігін бағалау стандарттары осылайша әлдеқашан қатайған. ТМД елдері бойынша Әзербайжан соңғы үш жылда халыққа несие карталарын берудегі стандарттарын қатайтқан. Бұл елде микроқаржылық ұйымдар мен банк секторы үшін жаңа регламенттер енгізілген.
«Ұлттық банк осы уақытқа дейін осындай шаруаларды атқаруы керек еді. Бізде күні бүгінге дейін бір күнде 5-6 банктен несие алып, оны төлемей, өздерін банкрот жариялаған адамдар болды. Алысқа бармай-ақ, өзімнің бір танысымды айтсам, 2008 жылы әлгі танысым әр банктен 1 млн теңгеден 12 банктен бір күнде несие алған. 12 млн теңге несиені ақыры төлемеді. Қазір жұмыс істейді. Жалақысын өзінің атына аудартпайды. Баласының немесе әйелінің атына аударады. Мұндай жайттар өте көп. Сондықтан бізге базалық мөлшерлемені өсіре бергеннен гөрі осы несие беру тетігіне өте абай болу керек еді. Әбден болары болып, бояуы сіңгеннен кейін тек биыл ғана несие беру стандарттарын қатаңдатқан болып жатырмыз. Бізде өндіріс дамымаған, машина жасау, зауыт, фабрика, жеңіл өнеркәсіп жетілмеді. Осыны біле тұра халықты несиеге тығу көзсіздік болды. Бірақ осы уақытқа дейін Ұлттық банк басындағы басшылардың мұны арнайы ұсыныс етіп, үкіметке ұсынбауы таңғалдырады», – дейді Арман Мусин.
Әу баста Қазақстанның несие беру жүйесі – ұлттық экономиканың негізгі қозғаушы күші болады, халықтың тұтыну қабілетін арттырып, бизнес пен өндірістің дамуына мүмкіндік береді деп саналған. Несие саясатын реттеуші негізгі органҰлттық банк болған. Тәуелсіздік жылдарында несие беру жүйесі бірнеше кезеңнен өтті. 1991-1993 жылдары кеңестік жоспарлы экономикадан нарықтық банк жүйесіне көшу кезеңі болды. Алғаш рет осы кезеңде екі деңгейлі банк құрылымы енгізілген. Содан барып Ұлттық банк және коммерциялық банктер құрылған. 1993-1996 жылы алғаш теңге енгізіліп, Ұлттық банк несие нарығын дербес реттей бастады. 1996-2000 жылдары «Банктер және банк қызметі туралы» заң қабылданып, тұтынушылық және кәсіпкерлік несиелер пайда болды. 2000-2008 жылдары несие көлемі күрт өсті, ипотекалық және автонесие жүйесі дамыды. 2008-2015 жылдары әлемдік қаржы дағдарысынан кейін қарызды қайта құрылымдау және несие саясатын қатаңдату кезеңі болды. Ал 2015 жылдан беріинфляциялық таргеттеу мен базалық мөлшерлеме арқылы реттеу кезеңі басталды.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ