Сүлейменов сасқалақтай бастады
Ұлттық қорды 2030 жылға дейін 100 млрд долларға жеткізе алмайтын сияқтымыз.
Өткен аптадағы 2025-2027 жылдарға арналған бюджет жоспары алдағы жылдары да үкіметтің Ұлттық қорға қол салатынын, қол салғанда да мол салатынын көрсетіп берді.
Бюджет жетпей жатса көзін сатып Ұлттық қорға жаутаңдайтын үкімет келер жылы да сол әдетінен жаңылмайтынын ашық айтты. 2025-жылы атқарушы билік қордан 5,3 трлн теңге қаражат алмақ. Бұл цифрларды көріп Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов шоршып түскен сыңайлы. Бюджет бекіп жатқанда бас банктің басшысы Ұлттық қорда түсімдер мен алымдар балансы сақталмай отырғанын, ондағы қаражат тек инвестициялық табыстың арқасында ғана өсіп жатқанын айтып шағынды. Бас банкир алдағы уақытта батыл шешімдер болмаса, Ұлттық қорды 100 млрд долларға толтыру қиын дейді. Ол әсіресе «бюджетке кіріс әкелетін жаңа салық кодексіне қатысты оң шешімдер болуы қажет» дегенді баса айтты. Бұл оның бюджеттеріңді салықпен (елдің ақшасымен) толтырыңдар, Ұлттық қордан аулақ жүріңдер дегені.
Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қорға 6,4 трлн теңге қаржы түскен. Ол түсімнің 4,6 трлн теңгесі мұнайдан түссе, 1,8 трлн теңгесі Ұлттық қордың инвестициялық жобаларынан енген кіріс. Ал биылғы тоғыз айда Ұлттық қордағы инвестициялық табыс 10,27 пайызды немесе 6,16 млрд долларды құраған. Ұлттық қордың портфельдерінің 29 пайызы дамыған елдердің, 21 пайызы дамушы елдердің облигацияларына, 30 пайызы дамыған елдердегі компаниялар акцияларына, 10 пайызы әртүрлі корпоративтік акцияларға, 5 пайызы альтернативті құралдарға, тағы 5 пайызы алтынға салынған. Үкімет қорға биыл мұнайдан түскен түсімдерді әлі есептей қойған жоқ, келер жылдың басында белгілі болады. Дегенмен мұндай өсімді жоғары көрсеткіш деп айта алмаймыз. Жылына 10 пайыздан өсіп отырса, 100 миллиардтық меже уақытында орындалуы да мүмкін еді. Бірақ келер жылдың өзінде қордан 11 млрд долларға жуық ақша алғалы отырған үкімет Ұлттық қордың табысын өсірмеуге барын салып отырғандай. Демек, президенттің тапсырмасы қыл ұшында тұр. Осыны сезетін болуы керек, Ұлттық банк төрағасы соңғы кездері Ұлттық қордан қомақты қаражат алудың экономикаға кері әсерлерін қайта-қайта айтқыштап кетті.
Ұлттық қорға қатысты үкіметтің өз жоспары бар. Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, 2030-жылға қарай Ұлттық қордағы қаржының қалай 100 млрд долларға жететіні есептеліп қойған. Министрдің есебінше, 2027-жылға дейін Ұлттық қорда 78,7 млрд доллар жиналуы тиіс. 2030-жылғақарай елімізде мұнай өндіру көлемі 105 млн тонна көлемінде болады. Міне, осы сәтте үкімет болжағандай, мұнайдың орташа бағасы барреліне 75 доллар болса, Ұлттық қорды толтыру да қиынға соқпайды. Бұдан бөлек, үкімет 2027-жылға қарай Ұлттық қордан қаржы алу көлемін 5 млрд долларға дейін төмендетуді жоспарлап отыр. «Осы екі негізгі фактор Ұлттық қордағы қаржыны 100 млрд долларға жеткізуге ықпалын тигізеді» дейді Нұрлан Байбазаров. Иә, 2030-ға дейін кім бар, кім жоқ, Байбазаров бұл ведомствода отыра бермейтінін біледі, сондықтан оған дәл қазір керегі – есеп. Өзі отырғанда кері көрсеткіштер болмауы керек. Ал Ұлттық қор – басқалардың бас ауруы.
Өзі шектеу қойып, өзі бұзады
Деректерге көз жүгіртсек, 2013-жылдан 2024-жылға дейінгі аралықта Ұлттық қордан бюджетке жалпы сомасы 38 трлн теңге аударылыпты. Бұл қаражаттардың қанша сомасы қорға қайтарылып, қаншасы қайтарылмай жатқаны жөнінде ақпарат ашық айтылмайды. 2020-жылдан бастап жыл сайын қордан алынатын қаржының көлемі тұрақты түрде 4 трлн теңгеден асып отырған. Бұл көрсеткіш биыл тіпті рекордтық деңгейге жетті. Биыл жыл басында үкімет Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге алынады деп жоспарлаған. Алайда жыл ортасында республикалық бюджетке қаржы тарту мақсатында Ұлттық қордың қаражатына «Қазатомөнеркәсіптің» 12 пайыз акциясын сатып алды. Акцияның құны 467,4 млрд теңге болатын. Осыған байланысты 2024-жылы Ұлттық қордан алынған трансферттің жалпы көлемі 5 трлн теңгеден асып кетті.
Негізінде, Ұлттық қорды 100 миллиард долларға жеткізу үшін 2022-жылы қордан қаражат алуға шектеу енгізілген. Экономика және Құқық институтының маманы, қаржы-несие саясаты бойынша сарапшыТілек Арғынбаев үкімет өзі қойған шектеуді өзі бұзып жатыр деп есептейді.
«Былтыр үкімет Ұлттық қордан алынатын трансферттің жалпы мөлшерін 600 млрд теңгеге қысқартқанын мәлімдеді. Бірақ артынша бюджетке қаражат керек болып, Ұлттық қордың қаражатына «ҚазМұнайГаздың» 20 пайыз акциясы сатып алынды, осындай жолмен үкімет бюджетке Ұлттық қордан шұғыл түрде 1,3 трлн теңге алды. Биыл Ұлттық қор қаржысына «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының акциясы сатып алынды. Енді қараңыз, 2022-жылы қордың активтері 57 млрд долларды құрады. 2023-жылы 58,7 млрд доллар болды. Биыл 60 млрд доллардан сәл асты. Байқасаңыз, ұлттық компаниялардың акциялары Ұлттық қорға қомақты инвестициялық табыс әкеліп отырған жоқ. Соған қарамастан, үкімет пен Ұлттық банк «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп» секілді ұлттық компаниялардың құнды қағаздарын ала отырып, қордың активтерін жасанды жолмен өсіргісі келеді. Бірақ бұл өміршең тәсіл емес. Бұл акциялар қаншалықты қымбатқа сатуға жарамды, қаншалықты сенімді, осы жағы әбден зерттелген жоқ. Қазір біздегі ұлттық компаниялардың сыртқы қарызының көп екені, олардың өзінің кезінде Ұлттық қордан бағытталған трансферттерді әлі қайтармағаны ескерілуі қажет. Былтыр жаһандық экономика баяулап жатқан кезде мұнай-газ секторындағы компаниялардан Ұлттық қорға түсетін салық 30 пайызға азайып кетті. Осы мәселелерді ескерсек, инвестициялық табыс Ұлттық қорды құтқарады деп айта алмаймыз», – дейді Т.Арғынбаев.
Бүйте берсек, 100 емес, 50 арман болады
Сарапшының сөзінше, алдағы уақытта Үкімет пен Ұлттық банкке қатар отырып «Ұлттық қор қаражатын экономикаға салудың тиімділігі бар ма?» деген сауалға шындап бас қатыруға тура келеді. Себебі Ұлттық қордан алынып жатқан қаражаттың басым бөлігі экономикаға оң әсер етіп жатқан жоқ. Қаражат салық аудару және жұмыспен қамту түріндегі тиісті қайтарымы жоқ кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысын қолдауға кетіп жатыр.
«Егер нақ осындай бағытты ұстана беретін болса, Ұлттық қор активтерін 100 млрд долларға жеткізу қайда, оны 50 млрд доллар деңгейінде ұстап тұру негізгі міндетке айналады. Қазақстанның Ұлттық қоры 2014-жылдан бері өспей келеді. Бұл қорды Ұлттық банк басқарып отыр. Өз басым, Ұлттық банк барлық сәтте ақылды шешімдер қабылдайды деп айта алмаймын. Мысалы, өткен айдан бері доллар қымбаттап кетті. Ұлттық банк доллар қымбаттап жатқанда елдегі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына доллар сатып алуды тоқтатудың орнына, керісінше, оны сатып алды. Осыдан барып нарықта долларға сұраныс артып, көк қағаз одан әрі қымбаттады. Бір жағынан үкімет бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан қайта-қайта белгілі мөлшерде қаражат алып, оны нарыққа жібереді. Екінші жағынан Ұлттық банк әлгіндей әрекеттер жасап, зейнетақы қорына доллар сатып алады. Бұл тәсіл нарықты реттемейді. Бұдан құнсыз ақша көбейеді. Теңге құнсызданып, доллар шарықтайды. Экономика бұлай өспейді.
Біздегі Ұлттық қордың қаражаты да, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражаты да ұтымды салаларға жұмсалып жатқан жоқ. Қаржы өнбейтін бір бағдарламаларды, жобаларды, жол карталарын орындауға бағытталады. Бөлінген қаражат діттеген жеріне жетпесе, ұтымды жұмсалмаса, шағын ғана жоспарланған дүниенің өзі жасалмай қалады емес пе, ал біздің үкімет кезінде Ұлттық қордан қаражат бөліп, халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін де өткізген кезеңдер болды. Қазір сол ЭКСПО көрмесіне салынған кешендердің өзі өз шығынын жаба алмай, мемлекеттік бюджетке салмақ салып отыр. Ондағы ғимараттарды ұстауға және пайдалануға бюджеттен жыл сайын 6 млрд теңге жұмсалады», – дейді Т.Арғынбаев.
Тимур Сүлейменов бекер жылап отырған жоқ. Өйткені 100 миллиардтық жоспарды орындау үшін аз уақыт қалғанын біледі. Және осы аз уақыт ішінде үкіметтің өз жыртығын өзі жамап, өз қотырын өзі қаситын дәрежеге жететініне де сене алмайды. Не де болса, Сүлейменов ертерек қамданып, ертерек ақталып жатыр.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ