Сұлтан Хан Аққұлы: Сәбит Шілдебай емес, соның қолымен Мәмбет Қойгелдиев жазды

Соңғы уақытта Алаш тақырыбы даулы әңгімеге айналып барады. Белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелдиев пен Сәбит Шілдебай «Алаш автономиясы жарияланған жоқ» деген пікірді әр жер-әр жерде айтып, дәлелдегілері келетіндей.
Біз осы сауалды Алаш зерттеушісі, әлихантанушы Сұлтан Хан Аққұлына қойған едік.
– Сұлтан Хан аға, қос ғалымның бұлай деуінде қандай себеп бар? Бұл арада әлдеқандай саяси немесе рушылдық, жікшілдік мүдде тұрған жоқ па?
– Тәуелсіз еліміздің тарих ғылымының қазіргі ахуалы – 30 жыл бойы алданып-арбалған, адасқан халқымыз бен еліміздің айнадай көрінісі деуге толық негіз бар. Қалың қазақты сонау 20 ғасырдың басында «Алаш» қайраткерлері салып кеткен күре жолынан тайдырып, тарихын бұрмалап адастыруға билікпен бірге атсалысқан – тарихшы ғалымдарымыз деп ащы да болса ақиқатты айту керек. Франция халқы бар-жоғы 2-ақ ай және бір ғана Париж аумағында жасаған «Париж коммунасын» 1,5 ғасырдан бері бүкіл әлемге мақтан етеді. Ал біздің кәсіпқой тарихшымыз қазіргі Қазақ мемлекетінің негізін қалап, шекарасын анықтап, 2,5 жылдай егеменді мемлекет болып жасаған Алаш республикасы мен оның тұңғыш президенті Әлихан Бөкейхан тарихынан жиреніп, ондай мемлекет болған жоқ деп құл саналы мәңгүрт екенімізді әлемге паш етіп келеміз. Бұл ненің белгісі?
Бізді «сауатты халқы 2 пайыздан аспаған надан, қазіргі кең-байтақ жерінде ешқашан мемлекеттігі болмаған, ғасырлардан бері келе жатқан бар мәдениеті ерсілі-қарсылы жөн-жосықсыз көшіп-қону болған» деп сығандарға теңеген кеңестік жалған «тарих» пен «идеологиядан» білім-тәлім алып өскен, кешегі зұлымдық империядан «мұраға» қалған тарихшыларымыз бен олардың Сәбит Шілдебай сынды шәкірттері тәуелсіздіктің 30 жылы бойы тарих ғылымында «үстемдік» етті. Оған себеп – тәуелсіздік алған 1991 жылы Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бұрынғы І хатшысы, немесе басқаша айтсам, №1 коммунист Н. Назарбаев және сол партия мен комсомол көсемдері (партия мен комсомол көсемдері марқұм Серікболсын Әбділдин, көзі тірі Мырзатай Жолдасбеков, Қуаныш Сұлтанов, Нұртай Әбіқаев, Иманғали Тасмағанбетов, Бірғаным Әйтімова, Нұрлан Нығматулин және т.т.) бүкіл мемлекеттік билікті жұдырықта ұстап қалды. Н.Назарбаев пен қалғандарын «бұрынғы» деуге келмейтінін елді 30 жыл бойы партия көсеміндей билеп-төстегені дәлел емес пе? Сөздің ашығы – Қазақ елі саяси тәуелсіздігін 1991 жылы алса да, коммунистік жалған идеологиядан тек Н. Назарбаев биліктен біржола кеткен 2022 жылдың қаңтарында ғана құтылды. Қазақ хандығының 1847 жылы біржола ыдырап, тарих сахнасынан кетуінен тура 70 жыл өткен (1847-1917) 1917 жылы сол хандық жерінде, яғни көне ата-баба жерінде және тағы да сол қазақ халқы өзінің заманауи ұлттық мемлекеттігі туын қайта көтеріп, егемендік алған Алаш еліне 1920 жылдың тамызында Кеңес өкіметінің орнатылуын – патшалық Ресейден кейінгі екінші РЕТ отарлау деп, 1920-1991 жылдары Қазақ елінде коммунистік-партократиялық диктатураның орнатылуын – неоколониализм деп әділ бағасын беріп, әшкерелеуге мүмкін болды. Алайда, үнді азаттық қозғалысының негізін қалаушы, әрі оның жетекшісі Махатма Ганди айтқандай, «тәуелсіз елге отарлық дәуір тәрбиелеп өсірген ұлт элитасынан қауіпті жау жоқ» деген дана сөзі еріксіз еске түседі. Оның үстіне, тәуелсіздік алғаннан бері коммунистік-партократиялы диктатура мен идеологияның сілімтіктері билік басында да, жалпы ұлттық идеология әлі де үстем болып отырғанын ашық айту керек.
Кеңес дәуірінен «мұраға» қалған тағы бір кертартпа, жаман құбылыс бар. Ең өкініштісі, ол жалпы мәдениетіміз бен шығармашылық саламыздағы ғалым, ақын-жазушы, мәдениет пен өнер қайраткерлерінің сүйегіне дейін сіңіп кеткен рушылдық, жүзшілдік дерті. Ғалым, ақын-жазушылар коммунистік биліктің әдетіне салып екі сөйлеу – қалың жұрт алдында бір, өз арасында тіпті басқаша жазып-сөйлеуді әдетке айналдырған. Одан да сорақысы – студенттерге дәріс оқып, 30 жылда бақандай бір ұрпақтың сана-сезімін улап келді. Биліктің қолынан жем жеп үйренген зиялы қауым: ғалым, ақын-жазушы, өнерпаздар Алаш қайраткерлері сияқты елге, ұлт мүддесіне адал қызмет ету емес, ғылыми дәреже, атақ-даңқ, мемлекеттік марапат үшін тер төгіп келді.
Тоқетері – ФБ-да Сәбит Шілдебай емес, соның қолымен Мәмбет Қойгелдиев жазды. Сәбит пен ұстазының Алаш мемлекетін «жарияланбады» деп жер тепкілеп, теріске шығаруының бар «құпиясы» – ғылым мен ғалым сөзі емес, кәдімгі пендешілік – рушылдық, жүзшілдік. Олар өз араларында «Алаш» партиясы мен Алаш Орда үкіметінің құрамында пәлен жүз бен рудың өкілдері болмапты, демек олардың әлгі жүз бен руға еш қатысы жоқ, ендеше, партия да, мемлекет те болмапты-мыс» деген көзқарас ұстанады!
Оған соңғы мысал. М.Қойгелдиев Abai.kz порталындағы соңғы түсініктемесінде: «Алаш» партиясы құрылып, сол партияның ұйымдастыруымен ІІ жалпықазақ съезі өтті. Съезде Алашорда үкіметі құрылды. Алашорда үкіметінің 1917-1919 жж. қазақ халқының мемлекеттігі үшін күреске түскені тарихи ақиқат. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды», – дейді. Академик ағамыздың, жұмсартып айтсам, «қателіктері» мынау: бірінші, ІІ съезд Жалпықазақ емес, жиынның қазақша да, орысша да хаттамасында «Жалпы қазақ-қырғыз сиезі» деп жазылған. Қырғыз халқы Алаш Ұлттық Республикасы жасаған 1917-1920 жылдардан 1924 жылдың қазан айына дейін дерлік алдымен Алаш Республикасының, одан соң Қазақ АКСР құрамында болғанын, қазіргі Қырғыз елінің жері – Алаш Республикасының заңды территориясы деп жарияланған Жетісу облысы аумағында болғаны факты. Оған қоса, ІІ Жалпы қазақ-қырғыз құрылтайына туысқан қырғыз өкілдерінің де қатысып, Алаш Орда үкіметі құрамында Жанеке Солтоноев деген қырғыз мүшесі болғанын, Мәмбет ағамыз не қасақана, не білмеген себепті атамайды. Мұны «тарихты өрескел бұрмалау» дейді. Екінші, 1917 жылдың шілде-желтоқсанындағы екі Жалпы қазақ-қырғыз жиынын орысшалап «съезд» демей «құрылтай» деу тарихи да саяси әділдік. Себебі, екі ұлттық жиынның да ұлт бірлігі, мемлекет құру, сол мақсатқа жету үшін ұлттық партия құру, мемлекет шекарасын айқындау, атқарушы билігін (үкіметін) сайлау және ел қорғайтын «халық милитсиясы» деген бүркенішпен тұңғыш тұрақты ұлттық армия жасақтау сынды тарихи қарарлар қабылдауы – тек ұлттық құрылтайдың құзыры мен міндеті. Егер Мәмбет аға мен шәкіртінің «съезді съезд» атайық» дегеніне салсақ, онда сол замандағыдай қазақты неге «қырғыз», ал қырғызды неге «қарақырғыз» немесе «жабайы тас қырғызы» демейміз?! Үшінші, «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп дана бабаларымыз айтпақшы, хандық институт билеген XVIII ғасырда ішкі алалық Қазақ мемлекетінің түбіне жеткенін ең алдымен тарихшы ғалымдар білуі керек еді. Жоқ, тарихшы Мәмбет ағамыз қалың ел ішіне жікшілдік ұрығын себетін рушыл-жүзшіл дертіне салып, ІІ Жалпы қазақ-қырғыз құрылтайы ең алдымен Алаш Ұлттық Жерлі Аутономиясын, яғни мемлекетін құрып, содан соң ғана оның құзыры мен міндетін атқаратын жоғарғы атқарушы билігі – Алаш Орда Қазақ-Қырғыз Халық Кеңесін (Үкіметін) сайлағанын не қасақана, не, Әлихан бабамыздың сөзімен айтсам, «кедей ақылынан аңқау елге зарын» шашып отыр. Тоқетері: ІІ Жалпы қазақ-қырғыз құрылтайы Алаш мемлекетін құрып, оның Алаш Орда үкіметін сайлады. Мемлекет болмаса үкімет те болмайтынын, мемлекет міндетін сол үкіметтің атқаратынын білмейтіндей академик Қойгелдиев бала емес қой. Оған қоса, қазақ бен қырғыз өкілдерінің ІІ Жалпыұлттық құрылтайының мемлекет құрған қарарын жоққа шығарамын деп босқа арамтер болады. 2006 жылы ресейлік әріптесі В.Путинмен бірге Астраханда өткізген баспасөз-мәслихатында Н.Назарбаев: «Бұл территорияда ешқашан қазақ мемлекеті болған жоқ...», – деп халқының ұлттық ар-намысын аяққа таптап, оның жүздеген ғасырлық мемлекеттік тарихын жоққа шығарғанында, біздің М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков, Х.Әбжанов сынды кәсіпқой тарихшыларымыз ай қарап отырды ма? Тарихшылардың ұлт мүддесін сатқан осындай қылығына шыдамаған белгілі қоғам қайраткері Жасарал Қуанышәлин халқы мен ұлттық мемлекетінің ар-намысын қорғау үшін Назарбаевтың үстінен сотқа жүгінгенде, сот «мемлекет басшысына тіл тигізді» деген нақақ айыппен, арызданушының өзін соттап, абақтыға жапты. Ғалымдарға қоса қоғамның да үнсіз қалғанына семірген Назарбаев «қазақ мемлекеті болған жоқ» деген сандырағын 2011 жылы Алматы облысындағы су шайып кетіп, қайта салынған Қызылағаш ауылының ашылу салтанатында тағы да қайталап, Ресей президентінің аузына салып берген еді. Ресейдің Селигерінде 2015 жылғы жастармен кездесуінде В.Путин сол сөзді айнытпай қайталағанын естіген Н.Назарбаев өзі шошып кетіп, аяқ астынан Қазақ хандығының – 550 жылдығын тойлауды тапсырғанын біреу білсе де, қалың бұқара бейхабар. Ал Н.Назарбаевтың аузына сол ой мен сөзді салып жүрген, ол аздай – «қазіргі Қазақстанды құрған сіз» деп оның қолтығына су бүркіп келген кім деп ойлайсыздар?! – Иә, дұрыс: билікке жағымпазданып, қолынан жем жеп құныққан тарихшы ағаларымыз!
–Алаш автономиясын жоққа шығарып жатқан тарихшылар әлдеқандай тапсырыс орындап отырған жоқ па? Олай деуіміздің себебі, Қазақстан тарихын 1991 жылдан бастау керек деген қоғамда «әдірісі» белгісіз бір әңгімелер бар. Бұл сол әңгімелердің ұшқыны емес пе?
–Бір ғасырға жуық тарихы бар, қаншама тәжірибелі, жас та дарынды ғалымы бар Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты тұрғанда, министрліктер үйінен «Мемлекет тарихы институты» деген тағы бір ҒЗИ құрылғанын, «Алаш» тарихы мен қайраткерлерінің өмірін, мұрасын зерттеу мен насихаттауға шектеу қойғанын, оның ішінде ЮНЕСКО «бүкіл әлемдік шынайы даңқты қайраткер» деп мойындаған Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО аясында тойлауға бөгет қойғанын, жаппай қуғын-сүргінге қатысты ҰҚК мен ІІМ мұрағаттарында жатқан құжаттарды 30 жыл бойы аштырмауын, 2013 жылдан бері Н.Назарбаевты «қазіргі Қазақ мемлекетін құрушы» деп қолдан жалған «тарих» жасап, оқыта бастағанын ескерсек, бүгінгі Қазақ елінің іргетасын қалап, шекарасын шегелеп кеткен Алаш Республикасын теріске шығаруға жоғары жақтан немесе билікті меншіктеп алған «Нұр Отан – Аманат» партиясынан тапсырыс берілуі әбден-ақ мүмкін екенін теріске шығара алмаймын.
–Автономияны жоққа шығарып жүрген топтың келтірген уәжі қаншалық қисынды? Алаш автономиясы жарияланған жоқ деген сөзді әлдебір құжатқа сүйеніп айтып отыр ма?
–Олардың бар уәжі – Алаш Республикасының жарияланғаны туралы дәлел жоқ көрінеді. Бұл уәж емес, жаман айтпай жақсы жоқ демекші, сандырақ, далбаса. Бір мысал. Осыдан 1 айдай бұрын жаппай қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы дөңгелек үстел өтті. Модератордың 1929-1933 жылдарғы ашаршылықты қазақ халқына қарсы геноцид деп сипаттауға қандай кедергі бар? – деген сауалына елдегі белгілі кәсіпқой тарихшы: «Қазақ халқын аштықтан қырыңдар деп Сталин қол қойған бірде-бір құжат – дәлел жоқ!» – деп міз бақпады. Егер ашаршылық алдында, кем дегенде 6-7 млн болған қазақтан ашаршылық аяқталған 1933 жылы 2 млн-нан аз қалғанын бұлтартпай дәлелдейтін тарихи факты бар. Одан басқа қандай факты, дәлел керек?! Жай оқырман емес, ғалым болған соң, өзің әдістеме тауып, еш күмән туғызбайтындай дәлелдеп бермейсің бе? Мысалға, мынадай әдістеме: Ресей империясындағы 1897 жылғы тұңғыш халық санағы қазақты 4 млн 84 мың деп тіркеген болса, қаншама қазақтың «бар малымды есептесе салық өсіреді, ұлымды есептесе – солдатқа алады» деп санақтан үркіп, қырға көшіп кеткенін ескермей-ақ қойдық. Орталық Азияны мекендеген қырғыз, түркімен, өзбек, сарт, қарақалпақтың саны одан 2 еседен де кем болды. Міне, 1897 жылдан бергі 125 жылдың ішінде осы бес ұлттың әрқайсысы неше есеге, ал кезінде солардың бәрінен 2 еседен көп болған қазақ қанша есеге өсіпті. Осы есептен – 1929-1933 ж.ж ашаршылықта қанша қазақтың қырылғанын есептеп шығару қиын емес. Ол үшін академик болу шарт емес. Бірақ жо-о-оқ, біздің кәсіпқой ғалымдарымызға ондай әдістемелік зерттеу емес, «Сталиннің қолы бар дәлел» керек!
Мемлекеттің құрылған-құрылмаған не болған-болмағанын оны жарияланғаны айқындамайды. Құқық және мемлекет теориясының бүкіл әлем мойындаған 6 белгісі бар. Олар – егемендік, жариялы билік (публичная власть), салық жүйесі, азаматтығы, жері, заңнамасы, әкімшілік-территориялық бөлімдері (облыс, аудан, болыс) болуы. Бәрі де Алашта толығымен болды.
Алаш – терең, әрі өте күрделі тарихи құбылыс, ғылыми салааралық тақырып. Оның бар қыр-сырын зерттеп, ашып, әділ де шынайы бағасын беру бір тарихшының қолынан келмейді. Заңгер, құқық және мемлекет теориясының маманы, саясаттанушы, экономист керек. «Орхан-Енисей» жазба ескерткіші сынды көне дәуір, 19-20-ғасырлардағы жаңаша тарихымызды жәдид, қадымше, төте жазуларды оқи білмейтін тарихшы, ол мың есе кәсіпқой болсын, лингвистсіз (филологсыз) зерттеп жарыта ала ма?! Әрине, егер Әлихан Бөкейхан, Г.Потанин, Ә.Марғұлан сынды әмбебап, әрі ғұлама ғалым болып тумаса. Екіншіден, кез келген құбылыстың ресми түрде болуы бар да (де-юре), іс жүзінде болуы бар (де-факто). Мысалға, М.Қойгелдиев, С.Шілдебай, А.Жүнісбай сынды «кәсіпқой» тарихшылар, біріншіден, «Алаштың» партия болуы аяқсыз қалды» деп «ысқырып» жүргенде: 1) «Алаш» дербес партия ретінде Ресейдің сайлау комиссиясында тіркеліп, сайлауға партиялық тізімімен түсті; 2) 1917 ж. қараша-желтоқсан айларындағы бүкілресейлік құрылтай сайлауында Қазақ облыстарында алдына жан салмай, жеңіп, Құрылтайға қазақтан 43 депутат өткізді. Үшіншіден, олар «Алаш аутономиясының жарияланғаны туралы дерек жоқ» деп жерден жеті қоян тапқандай, бөркін аспанға атып жүргенінде – Алаш Орда үкіметі ІІ Жалпыұлттық қазақ-қырғыз құрылтайының қаулысына сәйкес, Алаш мемлекетінің де-юре және де-факто егемендігін жүзеге асырып, 1918-1920 жылдары Кеңес өкіметімен, Сібір үкіметімен, Самар үкіметімен (немесе Комучпен, Уфа директориясымен, адмирал Колчактың «Омбы үкіметімен», қайтадан Кеңес өкіметімен бір-бірін мойындау, күш біріктіру мәселелері бойынша келіссөз жүргізді. Ал соңғы тың тарихи мәліметке қарағанда, 1919 жылдың басында Жапон үкіметімен және Париж бейбіт конференциясымен дипломатиялық қатынас орнатып, өзін егеменді, тәуелсіз мемлекет ретінде халықаралық қауымдастыққа танытуға ұмтылғаны анықталды. ІІ Жалпы қазақ-қырғыз құрылтайының Алаш мемлекетін құрған қаулысын жоққа шығарғысы келген Мәмбет ағамыз бен шәкірті С.Шілдебай осы тарихты да теріске шығармақ па?
Біздің кәсіпқой тарихшыларымыз не қасақана, не «кедей ақылынан» елемей жүрген тарихи маңызы өшпес тағы екі факты бар. Біріншісі – көрнекті Алаш қайраткерлері М.Тынышбайұлы төрағасы болып, М.Шоқай – сыртқы істер министрі, Әбдірахмен бек Оразайұлы үкімет мүшесі болған Түркістан мұхтариатын (кеңестік тарихы оның тарихи маңызын кішірейту мақсатында «Қоқанд аутономиясы» деп келді. – С.А.) тарихшылар Алаш Республикасынан бөліп, дербес тарихи құбылыс ретінде зерттейді және оны «жарияланған аутономия» деп Алаштан тіпті жоғары қояды. Ал бұлтартпас тарихи дерек Түркістан мұхтариаты да Алаш жетекшілерінің жобасы екенін және екі мемлекеттік құрылым аяғынан тік тұрып кеткен жағдайда, Түркістан мұхтариаты Алаш Республикасының құрамдас-бөлінбес бір өлкесі ретінде жоспарланған. М.Тынышбайдың (Тынышпаев) Түркістан мұхтариатының премьер-министрі болуымен, М.Шоқайдың сыртқы істер министрі болуымен қатар, Алаш Республикасын құрған ІІ ұлттық құрылтайда Алаш Орда мүшесі болып сайлануы – соның бірден-бір айғағы. Бұл тақырып ұзақ және жеке әңгіме.
– Алаштың іздеушілері Тұрсын Жұртбай мен Бейбіт Қойшыбаев және Дихан Қамзабекұлының бұл мәселеге келгенде пікірі қандай? Олар кісілермен тілдесіп, мәселені талқылай алдыңыздар ма?
–Алаш Республикасының де-юре немесе де-факто құрылып, қанша уақыт егеменді ел болып жасағаны Тұрсын Жұртбай мен Бейбіт Қойшыбаев және Дихан Қамзабекұлының нысаны емес. Олардың мақсаты да, міндеті де тіпті басқа.
– Сәбит Шілдебайдың әлеуметтік желідегі жазбасында Алашты зерттеп жүрген сіздерді «тарих әуесқойлары» депті. Мұнысы сіздердің еңбектеріңізді жоққа шығару ма, әлде Әлихан бастаған Алаш арыстарын қызғану ма?
–Оның Алаш тарихын терең зерттемегені былай тұрсын, Алаш тарихының иісі мұрнына бармағаны ФБ парақшасындағы соңғы жазғанынан анық аңғарылады. Ал менің не істеп, не бітіргенімнен хабары да соның төңірегінде. Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толған құрметіне 2016 жылы менің 4 тілде, оның ішінде қазақша «Әлихан Бөкейхан. Қазақ жерінің жоқшысы» атты 2 томдық, ағылшынша «Alikhan Bokeikhan. The Unifier of Kazakh lands» атты, украинша «Аліхан Букейхан. Син Великого степу» және орысша «Алихан Букейхан. Собиратель казахских земель» атты тұңғыш 2 томдық монография жазып шығарғанымды (Қазір монография түрік тіліне аударылу үстінде; Анкарада басылып шықпақшы), Ә.Бөкейханның қазақ және орыс тілдеріндегі мұрасының 15 томдық тұңғыш жинағын баспадан шығарғаным, «Ақ жол» газетінің 25 томдық жинағын, Басым Қажымұлы, Тұрағұл Абайұлы, Молдағали Жолдыбайұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Сұлтанбек Қожанұлы және т.б. Алаш арыстарының мұрасын басып шығаруға атсалысқаным, Сәбиттің үш ұйықтаса да түсіне кірмегені анық. Ал «кәсіпқой» тарихшылар өздері істей алмай, істегенді көре алмайтын, оның есесіне қолынан іс келетіндердің үстінен жоғарғы жаққа (Президент әкімшілігі мен білім және ғылым министрлігіне) нақақ домалақ хат (донос) жазатын «жоғары мәдениетті» мінездері бар. Бұл мінезі – сонау жаппай қуғын-сүргін жылдарындағы Алаш қайраткерлерінің үстінен Кремльге донос-хаттарды қардай боратқан Тұрар Рысқұлұлы, Сәдуақас Сейполлаұлы (Сәкен Сейфуллин), Әли Жалғабайұлдарынан (Әліби Жангелдин) да асып түсті. Олар нақақ арыз-шағымдарын Тарих институтының ғылымға тиіп-қашты қатысы жоқ техникалық қызметкер қызды қорқытып, соның атынан жолдап келді. Бұл іс Ресей ІІ Мемлекеттік думасының Орал облысынан сайланған бұрынғы депутаты, заңгер Бақытжан Қаратайұлының 1914 жылы Әлихан Бөкейханның, «Қазақ газеті мен оның редакторы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының үстінен отаршыл әкімшілікке өмірде жоқ кісілердің атынан жалған арыз-шағым жазғанын еріксіз еске түсіреді.
Ал енді сөз соңында айтарым – біздің кәсіпқой тарихшыларымыздың келмеске кеткен кеңестік жалған тарихты аңсауына жол бермеу үшін, 1945 жылы Батыс елдері нацизм диктатурасы құлаған Германияға не істесе, Тәуелсіз Қазақстан да «зұлымдық империясы» деп Кеңес Одағы мен коммунистік партияға да дәл солай істеуі керек болатын: Н.Назарбаев бастаған Қазақ компартиясының басшылығын халықаралық трибуналда (Гаага) соттап, коммунистік партия идеологиясын, әдебиетін және рәміздерін заңсыз деп жариялап, оның миллиондаған құрбанына – бүкіл елде ондаған ескерткіш, мемориалдар қоюға міндетті еді. Міне, 30 жыл бойы істелмеген осы істің ауыр салдарын көріп келеміз.
–Уақыт бөліп, берген сұхбатыңызға рақмет!