Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:59, 01 Тамыз 2023

Сұлтанғазиев, Досаев, Скляр, Сүлейменова... «Барбилерге» бәрібір

None
None

Өткен аптада Досаевтың «жыры» жалғасты. Бұл жолы «отқа май құйған» қоғам белсендісі Аружан Дүйсебаева болды.

Қала әкімінің Алатау ауданы тұрғындарымен болған кездесуіне «өтіп кеткен» белсенді қыз «57 мың алматылық сіздің кеткеніңізді қалап, петицияға қол қойды. Неге кетпейсіз?» деп, сұрағын төтесінен қойған. Сасатын Ерекең бе? «Мені тағайындаған президент. Кету-кетпеуімді сол біледі», «қызметіме де сол баға береді» деп, авторитарлы жүйеде өмір сүріп жатқанымызды есімізге салды.

Әкімнің сөзіне қарағанда, ол 57 мыңның бәрі «боттар» екен. Нағыз әкім! «Өзіңнің аузың қисық» деп қарап тұр. Бірақ не десін, енді? Әкімге мандат беретін халық емес, президент қой. Біз оны сайлаған жоқпыз, ол бізге ешқандай да уәде берген жоқ. Яғни Досаевтың жаңағы жауабын қарапайым тілге аударсақ, «менің не істеп, не қоятынымда жұмыстарың болмасын! Өйтетіндей кімсіңдер?!» дегені. Оның үстіне, алматылықтар шетінен «бот» екен. Елдің «боттағанына» көңіл бөліп, Досаевқа не көрініпті!

«Отставкаға кет» деген талап экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменоваға да айтылды.  Ол талапты қойған ауыл шаруашылығына қатысты мәселе көтеріп жүрген Алмасбек Садырбаев. Ол Түркістан облысынан жариялған бейнежазбадан көргеніміз – Қытайда қымбат бағаланатын қызылмия тамырын қазамыз деп, жерді оңды-солды ауыр трактормен қопарып жатыр. Білгеніміз – мұндай жабайылықтан соң, қызылмияның тұқымы мүлдем құрып, басқа өсімдіктер бірнеше жылсыз өспейді екен. Бұл жерден дала тағылары да безіп кеткен. Мал жайылымсыз қалды. Тек Түркістанда ғана емес, Сырдарияның бойын, Қызылорда жақта да өстіп талқандап жатса керек. Фермерлер экология министрі Зүлфия Сүлейменоваға жағдайды айтып, хат жазсақ та нәтиже жоқ дейді. Министр бұл сойқандықтан табиғатқа келіп жатқан залалды көрмепті. Фермерлерге берген жауабында бұл жерлер «табиғатты қорғау аймағына жатпайды» депті. Сонда, қорғауға болатын немесе қорғаудың еш қажеті жоқ табиғат бола ма? Министр өзінің міндетін білмейтін тәрізді...

Министрді Шығыстағы Маралды ауылына қатысты проблема да толғандырмайтын сияқты. Маралдының дауы екі жыл бұрын басталып, әлі де бір шешімін таба алмай келеді. Таразының бір басында – елдің мұңы, туған жердің экологиясы, екінші басында – шенеуніктердің мүддесі. Жергілікті ел-жұрттың ауылдарының маңында алтын өндіретін зауыт салуға қарсы екенін елеместен, ол зауыт салына бастаған. Ешқандай да экологтар келіп, жердің жағдайын тексермеген, зауыттың табиғатқа қаншалықты зиян келтіретінін анықтамаған. «Қызыл кітапқа» енген қаншама өсімдіктің құрып, жойылып кететінінде де жұмыстары жоқ. Сөйткен де, «ел-жұрттың пікірі тыңдалды» деген жалған қорытындыға сүйеніп, келісімін беріп қойған. Маралдылықтар талаптарын арқалап, Астанаға да барған. Бірақ олар іздеп келген индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қарабаев өзімен кездесуге Маралды тұрғындары емес, олардың атынан бірнеше «астаналық келді»  деп, міз бақпай отыр. Министр үшін наразы жұрт кенді заңсыз өндіретіндер («черные копатели») екен. Олар бизнесмендерді қуып, алтынды өздері заңсыз қазбақшы көрінеді. Тұрғындар болса, министрлік рұқсат берген BCAM Production-ның тірлігі заңсыз дейді. Өйткені рұқсат алынған кезде инфрақұрылым вице-министрі креслосында, кейінірек, кен орындарын заңсыз бөліп берді деген айып тағылып, ұсталған Тимур Тоқтабаев отырған. Яғни жер бизнесмендерге заңсыз берілген болып шығады. Жердің нысаналы мақсатын жергілікті атқарушы орган өзгертіп жіберген. Міне, билікке қалай келіп, қалай тағайындалатындары белгісіз шенеуніктер бір жақ, бастары жарға соғылмай, олардың кім екенін де білмейтін ел-жұрт екінші жақ болып тартысқан дау-дамай қыза түсті. Бірер күн бұрын маралдылықтарға қоқан-лоқы көрсетіп, «джип» мінген қарақшы ұсқынды бірнеше жігіт те келіп кетті. Халық оларды қалай қуып шыққанын интернетте тараған жазбадан көрдік. Міне, жоғарыдағы үш мысал билік пен халықтың ара-жігін анық ажыратып тұр. Ел оларға сенбейді, олар болса, бұларды халық деп мойындамайды. «Диванный эксперт», «бот», «черный копательміз». Сайлауларда дауыс ұрлайтындары содан екен ғой...

Жалпы экология мәселесі қып-қызыл ақшаға байланып қалған. Әйгілі РОП ЖШС-де экологияны қорғау мақсатында құрылған болатын. Қазір оның құзыры «Жасыл даму» АҚ-ына берілген. Бүкіл қазақстандықтарға қаншама проблема тудырып, қаншама шығынға батырып отырғанын білесіздер. Өткен аптада сол РОП-тың бұрынғы құрылтайшысы Шынар Мұхтарова Біріккен Араб Әмірліктерінде ұсталып, елге жеткізілді. Бұл қыз «Оператор РОП-тың» бұрынғы директоры, ендігі сотталып кеткен Коротенкомен бірлесіп 920 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілінген. Білетіндер Шынар Мұхтарова бар-жоғы Әлия Назарбаеваның үй қызметшісі еді дейді. Жалпы өзінің қызметінде жүргендерді осылайша «директор», «құрылтайшы» қып қою – Назарбаев шаңырағынан шыққандардың сүйікті тәсілі. Ұрлықтары үшін біреу жауап беруі керек қой.

Бұл тақырыпты қоздыра түскен вице-премьер Роман Склярдың «Ақ жол» партиясының мәжілістегі фракциясы бір ай бұрын өзіне жіберген сауалға берген жауабы болды. Бір қызығы өз жауабынан өзі ұялды ма, Склярдың жазғанын, бірер сағаттан соң, оны жариялаған Информбюроның сайты өшіріп тастаған. «Ақ жолдың» талабы «4%-бен берілетін автокредитті жалғастыру немесе утиль алымды алып тастау» деген тақырыпта болатын.  Депутаттық сауалда вице-министр мырзаға өте ыңғайсыз мәселелер көтерілген. Ыңғайсыз болатыны, 2020 жылы «Оператор РОП» ЖШС-ға барынша кең мүмкіндіктер беретін үкіметтің қаулысын даярлаған дәл осы Скляр еді. Яғни тойымсыз қыздың сұғанақ қолын елдің қалтасына салып бергендердің бірі. Сол қаулының арқасында жекеменшік компанияға мемлекеттік органның құзырын ұстата салған. Содан-ақ РОП бүкіл мемлекеттік компанияларды, кәсіпкерлерді тұқырта бастаған. Сырттан әкеліп жатқан тауарларын тексеріп, талайына миллиондаған айыппұл арқалатып та қойған. Ол проблема әлі күнге шешімін таппай отыр. Мәселені былықтырып, халықты кіріптар қылып қойған Склярдің қызметі өспесе, басқа қылы да қисаймаған. Склярлардың күні әлі де туып тұр, әзірге бата қоймас. Олардың арын жауып, ұятын жасыратын Шынар, Светланалар бар емес пе?..

«Ақ жол» партиясының елдегі ірі мұнай-газ кендерін игеруге қатысты ӨБК (өнімді бөлу туралы келісім) шарттарын ашық жариялау туралы талабын Конституциялық сот қарастырудан бас тартты. Яғни Конституция бойынша «жер мен оның қойнауының қожайыны» Қазақстан халқының конституциялық құқын қорғағысы келмей отыр. Демек, әлі де тонала береміз. Өйткені Қазақстан мемлекеті бұл ірі кеніштерден түскен пайдадан бар-жоғы  2% ғана алып отыр. Ол үлес 51%-дан кем болмаса керек еді. «Шал, кете» қоймаған-ау, сірә.

Ал «шал, кет!» үшін алматылық Әділет Мусин 9 айға бас бостандығынан айырылды. Сот оған төтенше жағдай енгізілген соң, «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деген айып тақты. Алайда ол айыпқа негіз болған бейнежазба төтенше жағдай енгізілгенге дейін түсірілген болып шықты. Айыпталушы өзіне қысым көрсетілгенін айтады. Бірақ ондай «мелочті» біздің сот елеуші ме еді. Соттайтын адам бар ма, болды. Анау-мынауға, заң-маңға бас қатырып жатсын ба.

Ал Алматы облысының тұрғыны бола тұра, сонау Талдықорғанға апарып тастаған журналист Думан Мұхаметкәрімнің аштық жариялап жатқанына 20 тәуліктен асып кетті. Ол өзін Алматыдағы тергеу изоляторына ауыстыруды талап еткен. Дәл осындай талаппен оны қолдап шыққандар ішкі органдардың мазасын алған болатын. Олар белсенділердің талабын орындайтындай ыңғай танытып, мына жақтағылар қуанып та қалған еді. Алайда биліктің уәдесі сиырқұйымшықтанып кетті. Әне-міне, үйтіп қалды, бүйтіп қалды деп, сөз бұйдаға салып жіберді. Ал ашығып жатқан  Думан күннен-күнге солып барады. Денсаулығына нұқсан келген, жағдайы ауыр. 

Ал президент Тоқаев антикордың басшысы Асхат Жұмағалиды қабылдап, есебін тыңдады. Білім саласындағы коррупциялық әрекеттер ашылған, Алматыдағы жер бөлу мен қала құрылысына қатысты жемқорлық анықталған, жарты жыл ішінде мыңға жуық коррупциялық қылмыс тіркеліп, 700-ден астам адамға айып тағылған, оның 98-і түрлі деңгейдегі басшылық қызметтегілер. Сотқа дейінгі тергеу қорытындысы бойынша 232,6 млрд теңге мемлекетке қайтарылған. Ал бір жарым жылдан бері мемлекетке квазимемлекеттік сектордан 860 мрд теңге шамасында қаржы қайтарылыпты. Бірақ халық «ұры» санайтындардың бірде-бірі аталмады.

Әйтеуір, антикор белсенді. Бұл агенттік әзірлеп шыққан көлеңкелі экономикаға қарсы іс-шаралардың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын үкімет бекітіп, Әлихан Смайылов қаулыға қол қойды. Ресми статистикаға сүйенсек, 2021 жылға қарағандағы көлеңкелі экономиканың үлесі 19,75% болған көрінеді. Осы жоспар аясында оның үлес салмағын  2025 жылға дейін 15%-ға түсіреміз дейді. Қайдам. Біздің шағын және орта бизнеске күнге шыққанан гөрі – көлеңкеде қала берген ыңғайлы сияқты ғой. Тіпті жоғарыда тоқталып өткен, ірі мұнай-газ кеніштеріндегі өнімді бөлудің өзі құпия емес пе? Антикор неге сол жақтан коррупциялық пиғыл іздемейді? Коррупцияның «батпан құйрығын» шауып тастамай, одан құтылу екіталай тірлік екені айдан анық нәрсе емес пе?..

Астананың интернеті Токиодан да жылдам. Оны айтқан цифрлық даму министрі Бағдат Мусин. Астанадағы интернет сапасы неге нашарлап кеткенін білмекші болған журналистерге берген жауабы осындай. Бәріне кінәлі баяғы халықтың өзі көрінеді. «Үнемдеңдер, үйге келгенде Wi-Fi-ға қосылыңдар, трафикті су сияқты үнемдеу» керек дейді. Онда интернетті пайдаланушылар неге алдын ала төлейді, Мусин мырза? Біз неге төлеп қойған қызметті үнемдеуіміз керек? Мусин «15-20 гигабайт көп» дейді. Ал бірер күн бұрын ғана Мысырдан оралған бір інім бар-жоғы бес долларға 50 гигабайттық карта сатып алғанын айтады. 100 миллионан астам халқы бар, бізден әлдеқайда кедей тұратын Египетте. Бұл Мусин бір кездері Қазақстанның цифрлы үкімет порталын Ресейдің «Сбербанкіне»  бере салмақшы болған. Есеріңізде шығар деймін. Путиннің басқыншыл соғысына бола салынған санкциялардың арқасында аман қалғанбыз.

Ал Алматының іргесінде жатқан Бесағаш ауылының тұрғындары үнемдеуге су таппай отыр. Екі айдан асты, бұл ауылдың ауқымды бөлігінде су мүлдем жоқ, қалған бөлігі анда-санда берілген суды қолда бар ыдысқа толтырып алуға тырысады. Елдің айтуынша, проблеманы ушықтырып жіберген қаптап кеткен бассейндер көрінеді. Су күн салқындап, бассейндер жабыла бастаған соң келеді деп отыр. Өйткені бұл маңдағы ауылдар жер асты суын ішеді. Жерден су тартатын құрылғы орнатып алған бірнеше «сүлеймендер» бар. Қаланың суына қосылмақшы жұрттың арасына іріткі салып, бірнеше жыл бойы айнытып та келеді. Пайдадан қағылғысы келмейді ғой. Енді дүйім елдің ауызынан жырған суды бассейндерге сатып отыр.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевке бәрібір.  Елдің суы бар ма, жоқ па. Ол миллиардер Тимур Турловпен бірге әуе шарларының  «Мың бояулы аспан» атты фестивалінде сайран салып жүрді. Бір кездегі Байбектің «Мың бояулы қала» дегенін еске салмай ма? Фестивальдің мақсаты – табиғатты аялау, былғамау, оған деген сүйіспеншілік, отанға деген махаббатты ояту, өзін де, басқаны да сыйлау деген қасиеттерді дәріптеу екен. Марат мырза, Бесағаш отан емес пе? Ондағы елді сыйламайсыз ба? Ең болмағанда, сол шардың бірін мініп, Бесағашты әуеден шарлап ұшсаңыз нетті? Қурап тұрғанын көрер едіңіз.

Өткен аптада Еврокубок ойындары өтіп, Қазақстан командалары жанкүйерлерін қуантып-ақ тастады. Ақтөбе Кутаисида жергілікті Торедоны 1-4 есебімен ұтса, Тобыл Швейцарияның Базелін сырт алаңда 1-3 есебімен жеңіп кетті. Ақтөбе командасы менеджерлерінің кесірінен ойынға жете алмай қалуы мүмкін еді. Өйткені Кутаисиге ұшып баруға ресейлік әуе компаниясын жалдаған көрінеді. Ресей компанияларына санкция салынғандықтан, ол ұшақты Грузияда қондырмай қойыпты. Әйтеуір жеткен ғой. Енді бір керемет футбол менеджері Қазақстанда әлем чемпионатын өткізсек деп, шапқылап жүр. 200 млрд доллар керек дейді. Шіркін-ай, ә! Спорт маңындағы қаншама шенеунік алақанын ысқылай бастады екен...

Голливудтың жаңа шыққан «Барби» және «Оппенгеймер» атты екі туындысының әлемдік премьерасы басталды. «Барби» аты айтып тұрғандай, қуыршақтардың өміріне құрылған фильм болса, екінші фильм әйгілі физик-ядрошы Джулиус Роберт Оппенгеймер туралы. Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында Манхеттен жобасына ғылыми жетекшілік жасаған, «атом бомбасының атасы». Мен бұл фильмдерді әлі көргем жоқ. Көріп келген саясаттанушы Досым Сәтбаев былай дейді: «Қазақстанда «Барбидің» рөлін, әлі күнге сол жағалауда қызғылт түстегі қуыршақ әлемін жасап алған билік ойнап келеді. Сөйтеді де, кейде шын өмірден төтенше жағдай немесе наразылық сияқты кесек тас ұшып келсе, таңғалып, ренжіп жатады. Ал қоғам атом бомбасын жарған соң: «Біз бұдан былай өмірдің бұрынғыша қалмайтынын білгенбіз» деген Оппенгеймерге ұқсайды. Көпшіліктің де пікірі сол сияқты, қаңтар жарылысынан соң, Қазақстан бұрынғыша қалмайды және қалмауы тиіс деп санайды, әйтпесе, елде жаңа жарылыс орын алады». «Барбилерге» елдің, мемлекеттің болашағы бәрібір сияқты ма, қалай?

Тегтер: