Сұрапыл сезімі — серігі

Өткен ғасырдың 80-інші жылдары қазақ журналистикасына өзгерістер мен өрлеуді алып келді.
Мамыражай «Брежневтің саясаты» «қайта құруларға», «жариялылыққа» ұласып, қазақ жоғалғанын түгендеп, кешегі күннің ақтаңдақтарын аршып, арыстарын ақтауына жол ашып берді. 86-ының желтоқсаны еркіндік пен ұлттық мүдде үшін күрестің қозғаушы күшіне айналып, санамызға серпіліс әкелді, ой мен сөз арнасын бұрды. Түптеп келгенде Тәуелсіздіктің салтанат құруы тарихи факторлар мен заман ағысының сабақтастығынан туындаған табиғи үрдістің жемісі еді. Осы қайнаған қым-қуыт тіршіліктің шежірешісі тілші, журналист болғаны да түсінікті-ақ жай. Сондай өзгерістердің куәгері ғана емес, қаламы арқылы жылнамашысы болған Қайрат Әлімбектің журналистік шығармашылығы арқылы ұмытыла бастаған кейбір сәттерді еске түсіре отырып, тағылымды ой түюге бел шештім…
Қайрат табиғатынан, тумысынан ақын еді! Бойындағы осы таланты оның журналистік жолда да табысты болып, өнімді еңбек етуіне жол ашты. Сөз саптауы мен байлығы, мәнін терең түсінуі, суырып салуға бейім айтқыштығы, тақырып қойғыштығы, ойын жинақы, әрі астарлап жеткізуі журналистік шеберлігімен ұштасып, қатарының алды етті. Редакцияның шұғыл тапсырмаларын материалын жинаған соң тікелей машинисткаларға айтып бастыратын және ол лездемелерде жақсы баға алып жататын. Шабытты шағы шыпшыған маңдай терінен көрініп те тұратын, ішкі жігер-қуаты мен сұрапыл сезімі сөйтіп сыр беріп те қалушы еді. Осындай бар жан дүниесімен беріліп, таусыла еңбек ететін журналистер сирек кездессе керек. Ақынды сезімнің адамы деп жатамыз. Сондай буырқанған сезім Қайраттың журналистік жолында да серік болғандығының тікелей куәсі болдым. Әңгімені созбай, тағылымды сәттердің құпиясын ашуға тырысайын…
Қайратпен бес жыл журфакта бірге оқу, тіпті жатақханада бірге тұру бағы маған бұйырыпты. Екінші курста Қайрат филфакта оқитын Аида есімді қобызшы қызға ессіз ғашық болды. Ғашықтық сезім «101 өлең» қолжазба кітабын дүниеге әкелгеніне де куә болдым. Сол жылдары жас ақындар сұлу өлеңнің хас шебері Жұматай Жақыпбаевқа қатты еліктейтін. Оның «Ләйласы» Қайраттың да жастанып жатып оқитын кітабы болатын. Тіпті түрлі кештерде Жұматайдың лирикасын оқып барып, содан кейін ғана Қайрат өз өлеңдеріне көшетін еді. Ағасы, әрі жерлесімен кейін араласып та тұрды, оның «Жыр қағанатында» «жаужүрек ноян» дәрежесін де алды. Сол кездегі таза ғашықтық сезімнің журналистік олжаға қалай айналғанына куә болдым…
Бірде Қайрат «осы бесінші курстағы 2 айлық өндірістік практиканы Оралда өткізсек қайтеді?» деп қолқа салды. Аңқау басым, алдында «Лениншіл жаста», Көкшетау облыстық газетінде өткізген тәжірибеме бәлденіп, «Жер көрсек дегеніңді құптаймын, мен дайынмын!» деп келісе қойдым. Ол кезде журфак жол шығынын, тәуліктік тиесілі қаржыны қамдап беретін. Не керек, қыркүйектің басында 2 тәулік жол жүріп, пойызбен елдің батысынан бірақ шықтық. Ғұмыры қысқа болып, жасындай жарқ еткен Артығали ақынның туған інісі Рысбек Ыбыраев үшінші практикант серігіміз болды. «Орал өңірі» газетінің ұжымы Алматыдан келген үш студентті жылы қарсы алып, бар жағдайымызды жасады. Біз де ұятқа қалдырмай, өнімді еңбек етіп, тапсырмаларын бұлжытпай орындап отырдық.
Орал қаласының тарихына қанықтық, адамдарының пейіліне риза болдық. Қаладағы қазақтың үлесі аздығына налысақ та, ескі көз таныстарымызды кездестіріп, бір жасап қалдық. Журфактың түлектері Александр Тасболатов пен жаңа үйленіп жатқан Мақсот Ізімовтың шаңырағында қонақ болдық. Сырбаз ақын Жанғали Нәбиуллиннің үйінде өткен поэзия кештерінің куәсі болдым. Газеттің редакторы біздің елді тануымызға да жағдай жасады, іссапарларға жіберіп тұрды. Мен 1 курста «Әдебиет теориясынан» сабақ берген ұстазымыз, қазақтың қабырғалы ақыны Қадір Мырзалиевтің туған жері – Жымпитыда, Шыңғырлауда журналистік сапармен болып, толымды материалдарды газетке шығардым.
Содан бір күні Қайрат «редактормен келісіп қойдым, ертең Орда ауданына жолға шығамыз» деді. Пойызға мініп, Саратов арқылы Ресейді айналып, түннің бір уағында Сайқын станциясынан түстік. Теміржолшы үйінде сәл мызғып алып, таң атқан соң орталыққа қарай беттедік. Көшеде адам аз, әр жерде бағаналарға ілінген қызыл ту төмен түсірілген және қара лента байланыпты. Біз аң-таңбыз, не болып жатқанынан хабарсызбыз. Сөйтіп жүріп көп адам жиналған шараның үстінен түстік…
Ұлы Отан соғысы жылдары осы жерде үлкен әскери госпиталь орналасқан болатын. Сталинград шабуылы кезінде немістің ұшақтары осы аймақты да бомбалап, біраз адам құрбан болған екен. Соғыс жағдайында олардың сүйегі ортақ молаға жерленеді. Ұлы Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында соларды қайта аршып, есімдерін анықтап, қайта арулап жерлеу, құрмет білдіру шарасының үстінен түсіппіз. Бұл журналист үшін олжа дүние емес пе! Қайрат маңдайы жіпсіп, шұғыл репортаж жазуға кірісті, оның желісі «қазақ жеріне де неміс фашистерінің бомбасы түсіп, соғыс зардабы жеткен» деген сипатта болды. Облыстық газетпен қоса Қайрат бұл материалын республикалық газеттердің біріне де жариялап үлгерді.
Ордадағы тарихи орындарды, Жәңгір хан заманынан жеткен баспахана, жекелеген ғимараттарды аралап, көп жайға қанықтық, біраз мағлұмат жинадық. Қоржынымыз толса да, Қайрат мазасызданып жүрді. Сол кезде ғана, мен аңқау, бұл сапарымыздың шын мәнін түсіндім. Қайрат Аида дүниеге келген ауылдың жолын сұрап, «сол жұтқан ауамен тыныстасам» деп армандап келген екен. Ол шаруашылық тым шалғайда болғандықтан, тұрақты жол қатынасы жоқ, анда-санда су таситын көлік қатынайтын көрінеді. Іссапар уақыты тығыз болғандықтан, Аиданың туып өскен жеріне жете алмайтын болып, чех самолетіне отырып, кері Оралға ұшатын болдық…
Осы сапарда «Жайықтың жағасында» деген мөлтілдеген жыр шумақтары дүниеге келді, ақын:
«Мен сүйетін қыздың көзі,
Ақ қайыңның қабығында», – деп тебіренді. Ақын Қайрат Әлімбектің таза да буырқанған сезімдері осылайша мені журналистік «ерлікке» бастаған екен-ау. Жас жүрек «алыстады армандарым» деп туласа да, бізді тосын жай күтіп тұрды…
Мен өзі сиқыр, көзбайлау деген сияқты таңғажайыптарға сене бермеймін. Дегенмен Жаратушының құдіретін, жаратылыс пен ғарыштық байланыстардың тосын көрінісін мойындайтын сәтті бастан кешірдік. Үш мың шақырым жолды артқа тастап, екі ай бойы ел кезіп, «сол басқан топырақты мен де бассам екен» деген сезімі сағымға айналып, арып-ашып, оңтүстікке жеткенде, Қайрат ақын мен Аида ару күтпеген жерден бір уақытта, бір кеңістікте Шымкент вокзалында дидарласты емес пе?!.
Жұматайдың Ләйлаға деген іңкәр сезімі баянды болмағаны сияқты, Қайрат та отбасылық бақытын Сыр бойының аруы Қуанышпен бірге бөлісті, одан екі ұл сүйді. Аида да тұрмысқа шығып, өз шаңырағының түтінін түтетті. Қайрат ақын кейін «Махаббатстан» деп жыр жинағын шығарып, кітаптың мұқабасына Қуаныш жарынан рұқсат сұрап, Аиданың суретін бастырды…
Қайрат менсіз де Ордаға екінші рет барған көрінеді. Оған мен сарғайған газет беттерін ақтарып отырып көз жеткіздім.
«Өркен» газетінде 1991 жылдың 8 маусымы күні «Республика парламентінің назарына» айдары қойылып, «Атырауда жаутаңдап жатыр Орда» атты бірбеттік сараптамалық мақала жарияланған екен. Онда «Өркеннің» арнаулы тілшісінің Орда аудандық газетінің редакторы Уәли Ғаббасов жол бастап, Нарын құмын аралаған әсерлері, көзбен көріп, көңіліне тоқығандары жазылады. 100 жылдық тарихы бар Орда орман шаруашылығының жайын айтып келіп, экологиялық қауіп-қатерлерді тарқатып көрсетеді. Басында құм көшуін тоқтату, табиғи ортаны жақсарту мақсатында қолға алынған орманның бүгінгі жайы мүшкіл! Журналист «Мұның бәрін адамдар қолдан жасап отыр» деп түйіп, соның мәнін тарқатады. Нарын құмының үлкен алқабы әскери полигон ретінде пайдаланылады және оның зардаптары орасаң! Елу шақырым жердегі Ахтуба, Капустин Яр полигондарында не болып, не жарылып жатқандығына көз жеткізудің өзі тауқымет. Тіпті адамымен қоса мал шығыны да орын алып жатады. Оның нақты деректерін келтіреді. Өсімдік дүниесі мен аң-құсқа, топыраққа, су мен ауаға келтіретін зиянын бағалап, зерттей де алмайды екенбіз. Сөйтіп, жергілікті халық ауыз су мәселесінде қатты тарығып отырғандығын, оны шешудегі шолақ шешімдерді сынап та өтеді.
Газет атынан келіп, жағдайды көзімен көріп, қаныққан журналист жергілікті халықтың тілегін ашық та, ащы тұжырымдап береді: «Нарын құмы аймағын жайылымдық, шабындық есебінде жүйесіз пайдалануды тоқтатқан жөн. Бұл үшін оған геоботаника-геологиялық қорық статусы берілуі тиіс». Екіншіден, 40 жыл бойы әскери сынақ аймағына айналған орман алқабы түгелдей орманшылардың өздеріне қайтарылып, полигон жабылуы керек! Әскери ведомство осы өңір халқына өтем төлеуі қажет!
Мұндай батыл тұжырымдарды жариялауды сол кездегі газет редакциясының сарабдал саясаты, әрі журналистік ерлігі деп бағалауға болатын шығар. Сол уақытта сирек қолданылатын графика сурет арқылы да оқырманның назарын күшейтіп, жер картасын, әскерилер жайлаған жерлерді айрықша сызып көрсетеді.
Ғашықтық сезім осылай ел мүддесі үшін күрескен журналистік қадамға да себепкер болған сияқты. Қайрат Аида туып-өскен жерді басып, құм-тасын аралап шықты… Тәуелсіздік үшін күрестің елең-алаңында мемлекеттік мүдде тұрғысынан батыл қадам жасап, халықтың тілегі мен мұң-зарын елдік мінбеге шығарды, парламентке жеткізді…
Журналистің бір артықшылығы елді аралап, кез келген жерге бару мүмкіндігі, әртүрлі мәселені қозғап, ақпарат жинап зерттеуі, тосын тақырыптарға баруы және ең бастысы, осының бәрі адамдармен байланысу арқылы шешілуінде. Қайрат та өзінің журналистік жолында небір ғұламалармен, ғалымдармен, басшылармен, сарапшы мамандармен, жаңашыл, көзқарасы айрықша жандармен кездесіп, сұхбаттасып, оқырмандарына пайдалы да қызықты ақпаратты жеткізе білді. Қаратал аудандық газетінде бастаған кәсіби жолы «Жетісу», «Лениншіл жас», «Өркен» газеттерінде жалғасты. «Алматы ақшамының» іргетасын қаласқан ізашарлардың бірі болды. Ақын болған соң тіл мен рух, өнер тақырыптарына тебірене қалам тербеді. «Ақшамда» жүріп, айтыс өнерінің насихатшысы болды, сахнадағы сөз додасын жазып алып, түнімен газетке ыңғайлап, ертесіне беттеуге жіберіп, жеделдік танытушы еді. Сондай бір қадамы себепкер болып, халқымыздың ардақты ұлы, мемлекет қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен дидарласып, орын алған үнсіздікті жарып, ақжарма тілекпен оқырманымен қауыштырып, көзайым болады. Қайрат сұхбаттасқан тұлғалардың ішінде көрнекті журналист Сейдахмет Бердіқұловты, халық жазушысы Шерхан Мұртазаны, әйгілі спорт шебері Мұстафа Өзтүрікті, академик Мекемтас Мырзахметовты және басқаларды кездестіресіз. Ұлтымыздың аяулы қызы, ақын Фариза Оңғарсынова Қайратты поэзияның мұзбалағы Мұқағали ағасына ұқсатып, ерекше жақын тартты. Ақын апайы 50 жасқа толғанда сұхбат алып, «Рухани тұтастығы жоқ ұлттың ғұмыры да қысқа» деген тақырыппен «Ақшамда» жариялаған еді. Осы сұхбатты қазір де интернеттен оқуға болады, оқырмандары күн сайын қосылып жатыр.
Қайрат Әлімбектің журналистік қырлары осындай тағылымға толы, соның бір парасын ғана жеткізіп отырмын. Қайрат не жазбасын, өлең бе, әлде мақала ма сезімге толы болушы еді. Қазір «жүрекпен ән айту, жүрекпен сөйлеу» деген жеңіл тіркес пайда болды, жиі қолданылады. Ал Қайраттың болмыс-бітімі, әр демі мен әр сөзі сезімнен тұрды, сонысымен де артына мол мұра, жылы естелік қалдырды. Оның ақындық талантына баға берілген жарияланымдар баршылық. Бірнеше жыр жинағы кітап болып басылған, таңдаулы өлеңдері «Жыр маржаны» атты он томдық қазақ поэзиясының антологиясына (7 том, 2015) енгізілген.
Қайрат досым осыдан 17 жыл бұрын жол апатына түсіп, көз жазып қалып едік… Тірі болғанда биыл 60 жасқа толар еді. «Артына өлмейтұғын сөз қалдырған» Қайрат Әлімбекті еске алу шараларын туған жерінде Жетісу облысы әкімдігі ұйымдастырып, жырларын кітап етіп бастырып, басқа да шараларды қарастыруда.
Қазақ руханияты осындай тұлғалардан, олардың еңбегі, микробөлшектей тамшы үлестерінен тұрса керек. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» қана мәртебеміз асқақтай түседі. Қайрат ақынның, журналистің бай мұрасы да сол қатарда! Кейінгі ұрпаққа сол рухани азық, таза сезімдер жетсе деген тілекпен, естелігімнің нүктесін қояйын.
Аязби Ақбергенұлы,
журналист, ХАТУ профессоры