Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:45, 01 Маусым 2022

Сұрауы жоқ сұрқай жылдар

None
None

Асқар деген бажа бар. Ресей Украинаға қарсы соңғы қанды соғысын бастаған күндері үйіне бара қалдық.

«Мә, украиндер не деген сатқын халық еді» деп, ресейлік телеарналардың күндіз-түні төгіп жататын пропагандасына еріп отырған. Үш айдан кейін дәм айдап, үйіне тағы келсек, бұл жолы жан-тәнімен Украинаны жақтап отыр. Бұның көзін үш ай бойы дастархан басындағы әңгімесімен-ақ әйелі ашқан екен: «Ей, ақымақ! Сенің ата-бабаңды кім атты, қуғын-сүргінді кім ұйымдастырды, ашаршылықты кім жасады? Әлі күнге дейін ұлтыңды бодан етіп, еркіндік бермей, әлі езіп келе жатқан кім?» дегенде, ақымақ Асқарым да есін жиыпты. О, тоба!

Қазір Украинада қанды қырғын, айуандық, адамзатқа қарсы қылмыстар жасалып жатыр. Ресейдің басқыншылары тарапынан. Оның бәрі ертең ашылады. Біз де қазақ даласында да геноцид жасалып, қазақтар кезінде небір жауыздықтардың құрбаны болғанын ұмытпауымыз керек.

Мәселен, әлеуметтік желідегі танымал блогерлердің бірі Шыңғыс Бауыржанұлы мынадай сұмдық деректерді еске салады:

— 1930 жылғы наурызда Ырғыз бен Қарақұм аудандарында шекара асып, қоныс аудару мақсатында көшіп бара жатқан, кем дегенде, 250 қарусыз, бейбіт адамдарды қызыл армияның 8-кавалериялық бригадасының эскадроны пулеметпен атып, қылышпен шауып тастағаны тіркелген. Сол эскадронның Рязанов деген командирі бейбіт тұрғындарды жаппай өлтіргені үшін ешқандай жауапкершілікке тартылмай кетті.

1931 жылғы наурызда Абыралы ауданында бейбіт тұрғындар оққа ұшты. НКВД-ның біріккен мемлекеттік саяси басқармасы отрядының Чупин деген бастығы бір қазақ ауылын басып алып, оның барлық тұрғындарын көтерілісшілер деп айыптап, бәрін бір қатарға тұрғызып қойып, пулеметпен қырып тастады. Екі күннен кейін Қызылқайың шатқалында тұтқындалған 19 қазақ көтерілісшісі атылып, денелері құрғап қалған ескі құдықтың түбінде таспен көмілді.

Тасөткел тауының жанында Қарқаралы округі саяси басқармасының жандайшап жазалаушылары 45 адамды жайратып салды. Бұлар қазақ көтерілісшілері, олардың әйелдері мен балалары еді. Тағы бір ауылда әлгі отрядтың ішіндегі біреу бір әйелді зорлап, оның күйеуін атып тастады. Атысты естіген соң, көршілер келіп, әйелге зорлық жасаған отряд мүшесін жабылып ұра бастады. Ауыл тұрғындары саяси басқарма отрядының бастығына жағдайды түсіндіріп, бұл жағдайды тергеуді сұраған. Бірақ отряд бастығы мән-жайды анықтауға басын қатырмай, жиналып келгендердің бәрін атып тастауға бұйрық берді. Ақыры, барлығы, 27 адам атылды, оның арасында әйелдер мен балалар болған.

Алма-Ата округінің Қаратал ауданында көшіп бара жатқан бейбіт қазақтардың тура алдынан шекара әскері шыға келіп, алыстағысын атып, жанындағысын аяусыз шапқан. Тіпті, атып-қырумен шектелмеген, Қаратал ауданындағы мемлекеттік саяси басқарманың құжаттарындағы деректерге сәйкес, отряд мүшелері тірі қалған әйелдер мен қыз балаларды зорлаған. Кейінірек, бұл оқиға сот-медициналық тергеу барысында расталды.

Сонымен қатар, Жаркент эскадронының асқан жауыздығын куәлаған құжаттар да бар. Бірінде мынадай дерек жүр:

«Ұсақ балалар, кемпір-шалдар мен әйелдерге лық толған күймелі арбалар көші атқа мінген еркектердің күзетуімен құмды жотадан түсіп, құрғап кеткен бұлаққа жеткен кезде, қарсы беттегі үлкен шағылдың үстінде орнатылған пулемет бұларға оқ жаудырды. Оққа ұшқан аттар, қансыраған, жер бауырлап еңбектеген адамдар, шыңғырған әйелдер, бақырған бала, ақырған еркек, айқайлаған қарғыс. Қолында қаруы бар төрт-бес еркек ет-жақындарын құтқару үшін қарсы оқ атуға тырысты, бірақ пулеметтің басындағы атқыштың әрбір оғы тым дәл тиеді. Пулеметчик ешкімді аямады. Әне, оқ тиген інісінің бетіне үңілген кішкентай қыз жалп ете қалды, арбаның артқы дөңгелегін тасалап тығылып отырған бір кемпір сұлап түсті. Жаркент эскадроны енді астан-кестеңі шыққан арбаларға лап қойды, олар тірі жан қалдырмады».

Бұ большевиктер бізге не істемеді?! Бейбіт халықты жаппай атқаны мен шапқаны аздай, қолына түскенді өлгенше, азаптаған еді. Казкрайком комиссиясының 1930 жылдың 6 тамызында жазылған мынадай баяндамасы бар: «Ақтөбе округінің Илек ауданында астық өткізбегені үшін 200-дей кедей және орташа қазақ тұтқындалды. Ұсталған малшы қазақтар ешқашан бидай екпеген. Кедейлерді кейде мойнына жіп салып асып, бұлар өздері асылып өлген екен деп көрсетілді. Ұсталғандардың үстіне суық су құйып, бірнеше күн бойы суық сарайға қамалатын».

Орал округінде де тұтқындалған қазақтарды ұрып-соғу, суық моншаға қамау, әйелдерге суық су шашу мен зорлау оқиғалары жиі тіркелген. Азаптау мен қинау жағынан, әсіресе, Қызылорда ауданының уәкілеттілері көзге түскен дейді. Олар тұтқындардың қол-аяғын байлап-матап, мал қораға лақтырған, суық суға салған. Тұтқындардың әйелдеріне, тіпті, істемегенді істеген.

Бейбіт халықты қинау мен қорлау сталиндік колхоздарда да орын алды. НКВД-ның біріккен мемлекеттік саяси басқармасына қарасты жұмысшы-шаруалар милициясының бас басқармасы бастығының Балаян деген орынбасары Әулие-ата ауданындағы Ынтымақ колхозында болған жағдайды былай баяндайды:

«1933 жылдың 1 шілдесінде егістен масақ ұрлаумен күрес мақсатында сельсовет басшылығы колхозда жұмыс істейтін жеті әйелді ұстады. Екеуі масақ ұрлаған, бесеуі ұрламақ болыпты. Әлгі жеті әйелді колхоздың канцеляриясына әкеліп, оларға колхоздың қалған жұмысшыларының көз алдында ауыр дүрелер соғылды. Сосын, ұрып болған соң, ұры әйелдерді осы жақта өсетін «жен-так» деген арнайы әкелінген тікенек өсімдікке тікендер әйелдердің жыныс мүшесіне тура қадалатындай етіп зорлап отырғызды. Әйелдер есінен танып жатты, мұны көрген басқа әйелдер жылап жатты. Бұл жиі болатын жағдай еді».

Міне, орыс билігі қазақ даласында сұмдық геноцид жасаған. «Дебаизация», «деномадизация» деген желеуменен. Қазіргі украинге қарсы «денацификация» мен «демилитаризация» сықылды…

Емін-еркін өмір сүруге құштар төрт миллион көшпенді қазақтың жартысынан азы бұл зұлматтан тірі қалды.

Тегтер: