Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:17, 16 Қаңтар 2024

«Суретші» Сұлтанғазиевтің қағаз қаласы

Сұлтанғазиев
Фото: из открытых источников

Жаңа жылдың басты жаңалығы – Алматы облысындағы Алатау қаласы болып тұр. Жұрт құлағына жаңа жеткенімен бұл жоба жайлы былтырдан бері айтылып жүрген.

 Ал оның алдындағы G4 City арнайы экономикалық аймағы 15 жылдан бері жыр болып келеді. Бірнеше бас жоспар жобасы дайындалып, бәрі аяқсыз қалды. Тіпті қаланың G4 емес, G3 болып «кішірейген» кезі де болды. Енді сол жобаны аяқтауға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев те талпынып көрмек.

Қала қайда және қашан салынады?

«G4 City арнайы экономикалық аймағын құру туралы» үкімет қаулысы 2023 жылғы 15 наурызда жарияланды. Онда Алматы қаласының солтүстігінде, Алматы-Қонаев тас жолының бойында орналасқан жаңа қала жаһандық стандарт бойынша жұмыс істейтін халықаралық бизнес-хабқа айналады деп жазылған. Қарашада осы қаулыға өзгеріс еніп, арнайы экономикалық аймақ Alatau деп аталды. АЭА аумағы 30 мың гектардан 96 560 гектарға ұлғайды. Алматы облысы Іле ауданындағы Жетіген ауылы облыстық маңызы бар қала санатына жатқызылып, Алатау қаласы деп аталатын болды. Алматы әкімдігі жариялаған эскизден ертегіде кездесетін елес қаланың бейнесін көріп таңғалдық. Зәулім ғимараттар, әлемдік деңгейдегі ғажайып құрылыстар, көл жағасындағы керемет көрініс – осының бәрі Алатау қаласында болады-мыс.

Жетіген Алматыдан 47, Қонаевтан 38 шақырым жерде орналасқан. Қаланың жалпы ауданы – 88 мың гектар, халық саны 52,7 мың адам. Қаланың бас жоспарына сай, оған 12 елді мекен енеді. Жетіген ауылынан бөлек, Талғар ауданының Дәулет және Қайрат ауылы, Іле ауданындағы Жетіген, Еңбек, Жаңаарна, Құйған, Жаңадәуір, Жаңаталап, Ынтымақ және Қоянқұс елді мекені, Қонаев қаласына қарасты Заречное және Арна ауылы Алатауға қосылады. Алатау қаласының барлық аумағы және Қонаев қаласының бір бөлігі арнайы экономикалық аймаққа кіреді. АЭА 2048 жылға дейін салынып болады деп жоспарланған.

Алматы облысының атқамінерлері бұл жобаны барынша жалаулатып-ақ жатыр. Жетіген ауылы екі қаланың ортасында орналасқан, темір жол бекеті бар, екі араға автобус та жүріп тұр, тағысын тағы, әйтеуір артықшылығы өте көп екен. Өздері ұсынған жобаны өздері мақтамай не болыпты, біз басқа сұрақтарға бас қатырып көрейік. Соның алғашқысы:

Қазақстанға тағы бір қала не үшін керек болды?

Бас жоспардың негізгі авторы, облыс әкімі: «Болашақта қалаға 2 миллионға жуық адам қоныстанып, Қазақстан ғана емес, Орта Азиядағы ірі экономикалық орталыққа айналады» деп желпініп отыр. Осы тұста бұл кісі өз бойынан биік секіріп қойған жоқ па деген күдік туады. Өйткені «2 млн тұрғын», «Орта Азияның орталығы» деген ұрандар популизмге көбірек келетіндей. Ұлыбританияның өзі қала агломерациясын 100-150 мың адамға арналған шағын қалалар арқылы дамытып жатыр. Ал біз бірден екі миллиондық межеге ауыз салып отырмыз. Осының өзі болашақ қаланың шынайы бет-бейнесін емес, биліктің орындалмайтын көп уәдесін көз алдымызға келтіреді.

Ұлттық экономика министрлігі жаңа қала «жолдарды, инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын жаңартуға мүмкіндік беретінін» айтып отыр. Арнайы экономикалық аймақ аумағында жалпы құны 12,5 трлн теңге болатын 170-тен астам жоба жүзеге асып, 110 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деген жоспар бар. Мұндай қала салынса, халық пен көлікке аузы-мұрнынан шыға толған Алматының да жүгі жеңілдейді екен. Бірақ расында бұл жоба Алматының тынысын аша ала ма?

Экономист Мақсат Халық жаңа қала салу идеясын қолдайтынын, бірақ билік қазіргі жүрісімен жобаны сәтті аяқтауы қиын екенін айтады.

Мақсат Халық

«Спутник қала деген әлемдік тәжірибеде бар дүние. Ірі қалалар қасынан кішігірім қала салып, мегаполистегі ауыртпалықты сонда аударады. Осыны ескерсек, биліктің бұл идеясы орынды деуге болады. Бірақ бізде бұған дейін Alatau IT City деген жоба болған, оған мемлекеттік бюджеттен қаншама қаржы бөлінді. Соңында ол жоба жүзеге асқан жоқ. Алатау қаласының идеясы дұрыс екенін айтып отырмын, бірақ Alatau IT City сияқты аяқсыз қалмаса болғаны. Қаржы талан-таражға түспей, жоба толық жүзеге асса, пайдалы қадам болғалы тұр.

Жаңа салынып жатқан қалаға шетелден инвестиция тарту оңай емес. Шетелдіктер қаржы салу үшін елдегі инвестициялық ахуалға, заң-түзімнің дұрыстығына және инвесторға жасалатын жағдайға қарайды. Осылар тиімді болса ғана шетелден қаржы алуға болады. Егер осы талаптарды орындай алмасақ, АЭА жобасы да қатардағы көп бағдарламаның бірі болып қалады. Арнайы экономикалық аймақ қажет, ол өндірісті дамытуға өте пайдалы. Сондықтан АЭА құрылғаны дұрыс, бірақ онда өндірістік, өнеркәсіптік мекемелер орналасуы керек. Бізде АЭА құрып, компанияларды тіркейді, бірақ компаниялар онда жұмыс істемейді. Мұндай жағдай көп. Сондықтан мен де оның болашағына күмәнмен қараймын», – дейді маман.

Сарапшы сөзінің жаны бар. Біздің елде ұрандап басталып, орта жолда ұмытылып кеткен жобалар аз емес. 2007 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев тұсауын кескен «Ақтау-сити», одан кейінгі «Шымкент-сити», Ақтау, Түркістан және Арыс қаласындағы Smart City жобалары жөргегінде тұншықты. 2006 жылы Алматы іргесінде Alatau IT City ақпараттық-технологиялар паркі ашылды. Ел билігі парк Орта Азиядағы жаңа интеллектуалды орталық болады деп жар салған. Жобаға мемлекеттік бюджеттен 25 миллион доллар жұмсалып, 343 гектар жер бөлінді. 2010 жылы парк жұмысын бастау керек болған, ақыры үн-түнсіз жоғалып тынды (Сұлтанғазиев бұл жобаны да солар сияқты судан өткенше жалаулата тұратын жоба деп жүрмеген болар деп үміттенеміз).

Алатау қаласы Алматының проблемасын шеше ала ма?

Үкімет Алматыдағы бірқатар мекемені, жоғары оқу орындарын Alatau АЭА-ға көшіріп, мегаполистің ауыртпалығын азайтамыз деп отыр. Жаңа қаланың арқасында Алматыда кептеліс проблемасы мен экология оңалады деген оптимист болжам бар. Бірақ бұл болжам шындыққа айналмауы мүмкін. Қолдан жасалған жасанды қала мың жылдық мегаполистің орнын басуы қиын. Урбанист Диас Маратұлы Алатау қаласы Алматының мәселесін шешпейді деген тұжырым жасады.

 Диас Маратұлы
Фото: urbanforum.kz

«Жаңа қала Алматыдағы жағдайға керісінше әсер етеді деп ойлаймын. Мысалы, Gate City аумағындағы үйлер Алматының шет ауданындағы үйлер сияқты. Ондағы тұрғындар бәрібір қалаға келіп жұмыс істейді. Арнайы экономикалық аймақ Алматы қаласы аумағын кеңейтіп жатқандай әсер қалдырады. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, қала аумағы артып, тығыздығы төмендеген сайын қаладағы проблемалар көбейе түседі. Жаңа қалаға 2 миллион халық қоныстанады деп жатыр. Біріншіден, мұнша адам қайдан келетіні белгісіз. Екіншіден, осынша адам болған күннің өзінде, Алматы мен Қонаевты дұрыстап дамытса, сол қалаларға да сыяр еді. Егер Алматы қаласындағы кептеліс пен инфрақұрылым мәселесін шешкісі келсе, қала шетін кеңейтпей, керісінше, қала ішіндегі тығыздықты арттыру керек. Қала кеңейген сайын мәселені шешу қиындайды. Жаңа Алатау қаласының аумағы өте үлкен, оған жол салу ғана емес, мектеп, емхана сынды нысандарды салу да қиын әрі қымбат болады.

Ауылдың қала болып дамуы жиі кездесетін қалыпты жағдай. Егер Жетіген ауылы өз бетінше өсіп, қала болып жатса, оны оң қабылдауға болар еді. Бірақ бізде сәл басқаша болып тұр, Алатау қаласына маңындағы елді мекендерді қосып, аумағы Алматыдан да үлкен қала жасап шықпақшы. Бұл Жетігеннің дамуы емес, айдалада қала соғу болып тұр. Әлемдік тәжірибеден алып қарағанда, мұндай мысалдар оң нәтиже бере қоймайды. Керісінше, сәтсіздікке ұшырап жатады», – дейді маман.

Билік «Жетігеннен» неге жеріді?

Үкімет тоғыз жолдың торабында орналасқан Жетігенге қала статусын бердік деп отыр. Бірақ ауыл атауын неге Алатау деп өзгерткені түсініксіз. «Жетіген» қазақ жеритіндей жаман сөз емес еді. Бірақ біздің билік «түйенің танитыны жапырақ» дегендей, бір атауды тізесі шыққанша пайдалана береді. 20 жыл бойы «Нұр» деген сөзге «тойған» едік, енді сол қатарға «Алатау» қосылды. Алматыда Алатау деген тау бар, шығын аудан бар, метро бекеті бар, базар бар, дүкен-тойханалар толып тұр. Қала маңында Алатау деген аудан мен тас жол бар. Алматы облыстық газетін де «Алатау арайы» деп атады. Осының бәрі аздай, су жаңа қаланы да Алатау атап отырмыз.

Әлеуметтік желіде көпшілік билік «Жетіген» деген қазақша сөзден қашты деп жазып жатыр. Кейбіреулер бұл сөзді дұрыс дыбыстай алмауы мүмкін. Сол үшін өзге тілде айтуға, жазуға оңай Alatau-ды қолай көрген деген болжам айтып жүр. Қала аты неге ауысты деген сауалды Алматы облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Болат Мұсылманбековке қойдық.

«Қала атын бір адам ғана ауыстыра салмайды. Алатау атауы жоғары жақтан келген тапсырма. Бұрын арнайы экономикалық аймақты Gate City, Golden City, Growing City және Green City деп атап жүрді. Мұның бәрі жұмыс барысындағы атау болатын. Кейін депутаттар ағылшын сөзі көп болып кеткенін айтып, қазақша атау қоюды сұраған. Сосын «Алатау» атауы қабылданды. Бұл қазақ, ағылшын және орыс тілінде айтуға, жазуға оңай сөз, мағынасы да қазақша», – дейді Мұсылманбеков.

Әдетте жер атауларын ауыстыру ашық талқыға шығарылмаса да, ең болмаса мәслихат шеңберінде қаралуы керек сияқты еді. Алматы облысы жоғарыдан келген дегенде нақты кімді меңзеп отырғаны белгісіз, бәлкім, облыс әкімі, бәлкім, Астана жақ... Сірә билік бұйырды, біз орындадық деп жауапкершіліктен құтылып кеткісі келетін шығар. Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәслихат депутаттарын сайлау туралы айтқаны, оны «бұл демократияның жарқын көрінісі» деп, аттысы да, жаяуы да мақтап, қолдап шыққаны былтыр ғана. Басқарма басшысының аузына мәслихат депутаттары емес, тапсырма деген сөз ілінгеніне қарағанда басқарма басшысының да, тіпті оның үлкен бастығы Марат Сұлтанғазиевтің де қала атауына қатысты өзіндік ұстанымы болмаған сияқты. Онсыз да бір жарым жыл ішінде елдің алдына мен мынаны тындырдым деп кеудесін керіп шыға алмай-ақ қойған Марат Сұлтанғазиевтің 2048-ге дейін отырмайтыны түсінікті, ол тіпті алдағы бір-екі жылдың өзінен үміттенбеуі мүмкін. Өйткені былтыр да, биыл да «Сұлтанғазиев кетеді екен» деген сөз жиі естіліп қалып жүр. Бұл жай ғана дақпырт емес, елдің оған деген көзқарасы деуге болады. Креслосында өзі қалтырап әрең отырған қаржыгер-заңгер әкім соншама ұзақ уақыттық жобаны шып-шырғасын шығармай жасап кетеді дегенге сену де қиын.

Жаңа қала салған жақсы. Бірақ Қазақстан сияқты дамушы елдерде мұндай ірі жобалар көбіне сәтсіздікке ұшырайды. Оны ойдағыдай орындауға ең алдымен елдің экономикалық әлеуеті жетпейді. Екіншіден, жемқорлық, біліксіз мамандар сынды адами факторлар қол байлау болады. Мұнда әкімдік бірнеше маңызды мәселені елеусіз қалдырып отыр. Шағын аумақта үш ірі қаланың иық тіресіп тұруы экологияға кері әсер ететіні екібастан белгілі. Оның үстіне энергия мен су тапшылығын да ескеру керек. Бұндай алып жобаның аймақ басқаруда тәжірибесі аз Сұлтанғазиевке жүктелгені де халыққа сенімсіздік ұялатады. Оның әр елден ұрлап-жырғап пайдаланған сүйкімді ғимараттардың суретін құшақтап алып енді қанша жүрері белгісіз. Әйтеуір, сурет салу мен қала салудың екі бөлек өнер екенін ұмытпаса болды...

Қуаныш Қаппас