Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:40, 24 Қазан 2024

Сүйкімді боп көрінем деп өлетін болдық

1
Фото: ашық дереккөз

Ұсақ намыс деген болушы еді. Ұлы іске келгенде сол ұсақ намысты қойып, ортақ – елдік намысқа жұртты ұйыстырып, тірлікке шақырып жатушы еді. Қазір соның ізі де жоқ.

Қазір елдік намыс дегеніміздің өзін құрғақ айқай, жадыгөй мақтан көлегейлеп, біржола тұмшалап алған. Ат шығару, атақ оздыру, жақсы атану, қамқор көріну – мақсат. Өзге ешқандай мақсат жоқ. Бізде ешкім болғысы келмейді, көрінгісі келеді.

Тәуелсіздікке енді жетіп, елең-алаң шақта ел басқарып, Жоғары Кеңестің төрағасы болған Серікболсын Әбділдин өмірінің соңында: «Әр азамат өзін шын мәнінде тәуелсіз сезіну керек. Идеология деген – осы. Сол Тәуелсіздікке жету керек. Бізде адал азамат, әділетті қоғам болуы тиіс. Мен осыны отыз жыл армандадым ғой» деген сөзді айтты.

Отыз жыл – армандаған. Ал сол жылдары ел тізгінінде отырған азаматтардың арманы мүлде басқа болыпты. Азияның барысы, дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Осы «мақсаттарға» жету үшін барлық көзбояушылықтан тартынған кезіміз жоқ. Орташа айлық дегенді айтқанда халқымыздың күлкісі келетін. Қылмыс азайып, жемқорлықпен аянбай «күресіп жаттық». Соның өзінде біздің елден аса ірі байлар мен олигархтар шығып жатқанын қарасаңызшы.

Біз Азияның барысы болуды армандамаппыз ғой, сөйтсек. Азияның барысы боп көрінгіміз ғана келді. Дамыған 30 елдің қатарына енген ел атанғымыз келді.

Ақыр соңында билік ауысты. Қаңтар оқиғасы болды. Жер-жерде қоймалар жарылып жатты. Адамдар өлді. Балалар өртенді. Тұтас отбасылар газға тұншығып қалып жатты. Соның бәрін отыз жылға жаптық. Өйткені жақсы көрінгіміз келеді, жаман көрінгіміз келмейді.

Күні кеше ақпарат шықты. Жамбыл облысында екі күнде екі отбасы қирап қалды. Екі отбасының 6 адамы газдан уланып қаза болды. 16-қазан күні Т.Рысқұлов ауданы Жарлысу ауылында 1967 және 1975 жылдары туған ерлі-зайыпты және 2011 және 2019 жылы туған балалары уланып көз жұмса, 17-қазан күні Жамбыл ауданы Қызылшарық ауылында 3 адам газдан уланды. 1963 жылы туған үй иесі мен 1988 жылы туған ұлы оқиға орнында көз жұмған. Ал 2007 жылы туған немересі ауыр халде ауруханаға жатқызылған. Алдын ала болжам бойынша, табиғи газбен жанатын пеш сөніп қалған. Ал бірінші үйде газ плитаға жалғанған жерден ақау шығыпты.

Бұл әлі тергеліп, нақтыланатын шаруа. Кім кінәлі болады. Әрине, үй иелері қауіпсіздік шараларын сақтап, техниканы тексеріп отырулары керек еді дерсіз. Бірақ сол үйлерге газ қосуға рұқсат берген мекеме бар ғой. Олар бәрін тексеріп, дұрыс орнатылды ма, әлде газ пешін қоюға үйлері жарай ма, жарамай ма – соны тексермей ме?

Әрбірден соң Азияның барысына айналған елде қарапайым тұрмыстық техникалардың өзі қауіпті болса, ұят емес пе?!

Өрт сөндіру мекемесінің қызметкерлері пеш орнатуға рұқсат бергенде қатты тексеріп те жатпайтынын естігенбіз. Ақшасын берсеңіз, қолын қойып, рұқсатын да бере береді.

Біздің мемлекетте бүге-шігесіне дейін ойластырылып, «дамыған», жолға қойылған бір ғана дүние бар. Ол – жемқорлық, сыбайластық. Жемқорлығын естіген адамның жемқорлыққа қарсы кеңес өткізіп, уралап отырған мақаласын көрдік. Рақметін айту деп ат қойып, «онсыз болмайды ғой» деп түсіністікпен қарайтын деңгейге жеттік. Құдды салтымыз – осы. Бес-он теңгесін бермесең, шаруа бітпейді. Осының бәрін айтудан жалықтық. Қазір де әбден жауыр болған сөзді айтып отырмын.

Біз бір әйнек лабиринттің ішіне кіріп алдық. Бәрін көріп тұрамыз, бірақ ұстай алмаймыз. Біздің билік Эко жазған аббат сияқты. Бір өлімнің себебін анықтауға өзі тапсырма беріп, өзі кедергі боп тұрады. Бәріне белгілі «құпия» бар. Оны ешкім айтпайды.

Газға тұншығып, уланып қайтыс болатын жағдай бірінші рет емес қой. Жылда қыс келерде осындай оқиғалар болады. Жылда қайғырып, көңіл айтамыз. Бірақ ештеңе өзгермейді. Бірақ бір өзгеріс болуы керек емес пе еді?

Осы күні біздің жұртқа бір кесел жабысты. Көпке жағу деген. Бұл шын жағып, ұнау емес, ұнау үшін істелетін көз алдамшы әрекеттер. Қазан басталғалы жер-жерде әкімдер жылыту маусымына дайынбыз, сақадай-саймыз деп, есеп бере бастады. Президентке кірген премьер-министр Бектеновтің өзі тұрғын үйлер жылыту маусымына 98,3 пайыз дайын деп есеп берді. Сірә, қалған 1,7 пайызға газ пеші дұрыс істемеген жамбылдық отбасы сияқты шаңырақтар жатса керек. Ал ондай дайын емес үйлердің адамдары қырылып қала беретін болса, біздің 98 пайыз дайын болғанымыз кімге керек? 98 пайыз мақтаннан күні кеше әлеуметтік желіде «Аягөзде аудан әкімі барлық тұрғын үйлерді аралап, өзі воздух шығарып жүр» деген видео тарады. Қазақша «ауа шығарып жүр» деп жазудан қысылған болса керек. Бірақ осы Аягөз ауданының әкімі Қанат Әділбаевтың әрекеті сол баяғы – қамқор көріну емес пе?

«Сүйер жансып, сүйкімді бет берем деп» дегендей, ылғи үйді аралап, жылуын тексеріп, ауасын шығарып жүргендей, Қанат мырза да еш саспайды екен. Әрбірден соң бұл аудан әкімінің жұмысы да емес қой. Бірақ сол қарапайым көріну, ел ішінде жүрген болу дерті біздің шенеуніктерді осындай арзан пиарға салып жіберді. Әкімдер әр үйге қамқор болса, пеш бұзылып тұрған үйлерге қамқор болмай ма? Анау жылы Аягөзде де үй өртеніп, балалар отқа айналды. Сондай оқиғалар болмай тұрып жаны ашымай ма?

Бұл – көзбояушылық. Бұндай мысалдарды елімізден теретін болсаңыз, жүздеген мысал табасыз. Көшеге шығып ағаш егіп, күрек ұстап тазалап жүрген шенділердің осылай сүйкімді болғаны халқыңызға әрбірден соң керек те емес. Оданша сол кабинетте дұрыс шешім қабылдай алса, сол – олжа болмақ.

Әзіретті Омар халифа кезінде ел шекарасы Иракқа дейін созылып жатыпты. Сонда Омар: «Иракта бір ешкі жолда сүрінсе, жолын неге жасамағансың деп сұралам ба деп қорқамын» деп қайғырады екен. Мемлекеттің сонау бір қиырындағы ешкінің тағдырын уайымдайтын асыл қасиетті айтпай-ақ қоялық. Біздің қаламыздың қақ ортасында шұңқырға бала түсіп, ауылдарда, аудандарда үй өртеніп, адам өліп кетіп жатыр ғой. Оған кім жауапты?

Қасым Арықбай