Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:05

"Сіз ғана білмейсіз": Депутат Тұрғанов балықтардың қырылуына NCOC-ты кінәлады

Дүйсенбай Тұрғанов
Фото: ашық дереккөз

Мәжілістегі Каспий теңізінің экологиялық жағдайына арналған талқылау барысында депутат Дүйсенбай Тұрғанов NCOC компаниясының әрекеттерінен кейін теңіздегі балықтардың жаппай қырылғанын мәлімдеді.

Депутат Экология министрлігінің өкілінен бұл оқиғаға байланысты өткір сауалдар қойды.

– Бұл жағдай 22 ақпанда тіркелді. Компанияға қарсы сотқа арыз түскен. Бірақ ең бастысы – бағалау процесін неге сол NCOC компаниясының өзіне тапсырдыңыздар? Экология министрлігі неге бұған араласпайды? Бәрін солардың өзіне сеніп тапсыру дұрыс па? Көз жұма қарайсыздар ма? Мұны бәрі біледі, ал сіздер білмей отырсыздар, – деді ол.

Тұрғановтың айтуынша, ақпанда NCOC-қа тиесілі «Caspian Falcon» әуе жастықшасындағы кемесі теңіз жағалауындағы арналар арқылы өткен. Бұл жағдай балықтардың жаппай қырылуына себеп болуы мүмкін.

– Бұл кемеге кім рұқсат берді? Қандай техникалық талаптар қойылған? Мысалы, дыбыс деңгейі 100 децибелге дейін жетеді, ал рұқсат етілген шек – 50 децибел. Мұндай көрсеткіштерге көз жұма қарауға бола ма? Бұл кемені пайдалануға рұқсат берілген бе? – деді депутат.

Қандай ресми жауап берілді?

Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Қасым Тлепов бұл кеменің техникалық сипаттамалары тексеруден өткенін айтып, ешқандай заңбұзушылық тіркелмегенін жеткізді.

– Қауіпсіздік талаптарына сәйкес, кемеге қатысты еш шағым тіркелмеді. Оның үстіне, бұл кеме – эксперименттік мақсатта қолданылған, – деді ол.

Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин министрліктің бұл кеменің экологияға әсерін зерттеген-зерттемегенін сұрады. Министрлік өкілі аталған бағытта бағалау жүргізілмегенін мойындады.