Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:00

Табиғатпен етене: экотуризм қалай дамып келеді?

Туризм
Фото: latitudeslife.com

Соңғы уақытта әлем бойынша саяхаттың сипаты айтарлықтай өзгерді. Жұрт бір жерге тек демалу үшін емес, жанына тыныштық іздеп, табиғатты сезіну үшін сапарлайтын болды.

Осы үрдіс біздің елімізде де байқалады. Себебі ұшы-қиыры жоқ байтақ дала мен мың бояулы түрге енген табиғатқа ие Қазақстан үшін экотуризмді дамыту артықшылық, үлкен стратегиялық мүмкіндік. 

Біздегі 14 ұлттық парк, ондаған қорықтар мен ерекше қорғалатын табиғи аймақтың бәрі экологиялық туризмді дамытуға сұранып тұр. Мұндай табиғи әлеует кез келген елге бұйырмаған бақ десек, қателеспейміз. Тіпті әлемді аралауды негізгі жұмысына айналдырған туристер табанын тірегісі келетін нүктенің көбі Қазақстанда екенін біреу білсе, біреу білмес. Ол ол ма, іргеміздегі Шарын шатқалына келіп, арманындағы орынды өз көзімен көріп, еріксіз жас алған саяхатшының әсері кім-кімді де ерекше сезімге бөлейді. Демек, Іле Алатауы, Алтынемел, Көлсай көлдері сияқты табиғи аймақтар туристер ең көп ат басын бұратын нысанға айналған. Бұған елге ағылған экотуристердің тұрақты өсуі дәлел. Айталық, 2022 жылы 2 млн адам табиғи парктер мен бағыттарды таңдаса, тек 2024 жылдың өзінде 14 ұлттық паркті 2,8 миллион адам тамашалаған. Бұл – экотуризмнің елдегі дамып жатқан салалардың біріне айналғанын көрсетеді.

Туризмді дамыту, туристер тарту мәселесінің мемлекеттік деңгейде қолға алынуы тегін емес. Соңғы жылдары табиғи маршруттарды абаттандыру, туристік соқпақтарды дамыту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде жүздеген шақырым табиғи бағыттар ретке келтіріліп, ұлттық парктер аумағында салынған қонақүйлер мен қонақжай саны артқан. Бұл жергілікті халықтың туризмге белсенді араласып, нәпақасын табуға мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, Алматы облысы, Кеген ауданына қарасты Көлсай көлдері ұлттық паркіне келушілерді күтіп алу, гид болу жұмысын Саты ауылының тұрғындары атқарып жүр. Қонақүй ашып, үш мезгіл ұлттық тағам мен жатын орнын ұсынып, қолөнер бұйымдарын сататын елді мекен халқы атпен серуендеу демалысын да жандандырып келеді. Біріншіден, бұл ауылды дамыту тетігі, екіншіден, экотуризмді кәсіп көзіне айналдырған тұрғындардың әлеуметтік тұрмысының жақсаруына септігін тигізеді. Яғни туризм дамыса, жаңа жұмыс орындары ашылады, ауылдан қалаға үдере көшу процесі бәсеңдейді.

Әрине, экология туризмі туралы сөз еткенде туристік мәдениет туралы айтпасқа болмайды. Табыс табу табиғатты құрбан ету арқылы жүзеге аспауы тиіс. Кейде демалыс орындары мен табиғи аймақтардағы тазалықты бақылаудың жоқтығы, қоқыстың шашылып жатуы әлі де болса қоғамдық мәдениеттің толық қалыптаспағанын аңғартады. Экотуризмді дамыту тек туристердің жауапкершілігімен шектелмейді. Бұл – мемлекет, бизнес және қоғамның ортақ міндеті.

Одан бөлек жол сапасы, санитарлық жағдай мен қызмет көрсету деңгейі сапалы емес. Жылдар бойы айтылып, толыққанды шешімін таппай келе жатқан түйткіл табиғатты сақтау мен туризмді дамыту арасындағы тепе-теңдікті сақтамай тұр. Өкініштісі, әлемдік тәжірибе табиғатты аялай отырып, одан табыс табуды экономиканың жаңа бағытына айналдырғанын дәлелдесе де, қолда бар алтынның қадірін бағалай алмай жүрміз.

Қазақстан экотуризм бойынша өңірлік көшбасшы ретінде қалыптасып, жаңа даму сатысына көшсін десек, сапа жағына да көңіл бөлген жөн. Табиғи әлеует мүмкіндік беріп тұр, жан-жақтан келушілер тарапынан қызығушылық бар, мемлекеттен қолдау жасалып жатыр. Ендігі кезекте инфрақұрылым тетіктері іске қосылып, қоғам экология мәдениетін сіңірсе, экотуризм де тоқтаусыз ілгерілей бермек. Себебі кез келген турист табиғатты тамашалауға емес, көздің қарашығындай сақтауға үлес қосуға дайын. Яғни, турист – тек қонақ емес, табиғаттың уақытша аманатшысы. Осындай көзқарас орныққан жерде сол мемлекеттің де, ондағы туризм саласының да болашағы зор.

Жігер ӘШІМ

Тегтер: