Таэквондода сенсация: Екі дүркін Олимпиада чемпионы спорттан қуылды

Таэквондо әлемінде күтпеген жаңалық.
Өзбекстанның мақтанышы, екі дүркін Олимпиада чемпионы Улугбек Рашитов спорттан уақытша аластатылды. Бұл туралы Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) мәлімдеді.
23 жастағы спортшы допинг қолданғаны үшін емес, антидопинг ережелерін үш мәрте бұзғаны үшін жазаланды. Атап айтқанда, ол WADA талап ететіндей, өзінің нақты орналасқан жері туралы мәліметті 12 ай ішінде үш рет уақытында ұсынбаған.
— “Спортшы 12 ай аралығында үш рет орналасқан жері туралы мәлімет беруден жалтарды”, - делінген ITA таратқан ресми хабарламада.
Осыған байланысты Рашитов 2027 жылдың 12 мамырына дейін кез келген ресми жарысқа қатыса алмайды.
Рашитов — Өзбекстандағы ең танымал таэквондошылардың бірі. Ол 2021 және 2024 жылдары өткен жазғы Олимпиадаларда алтын медаль иеленген. Сондай-ақ Азия ойындары мен әлем чемпионаттарында түрлі деңгейдегі жүлдеге қол жеткізген.
Оның басты жетістіктері:
- Азия жасөспірімдер чемпионы – 2017, 2019,
- Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері – 2018,
- Жасөспірімдер Олимпиадасының финалисі – 2018,
- Екі дүркін Олимпиада чемпионы – 2021, 2024,
- Азия чемпионы – 2022,
- Grand Prix және “Үлкен дулыға” турнирлерінің жеңімпазы – 2022–2023,
- Әлем чемпионатының қола жүлдегері – 2023,
- Азия ойындарының чемпионы – 2023,
- Әскерилер арасындағы әлем чемпионы – 2024.
68 келіге дейінгі салмақта әлемдік рейтингте көш бастап келген Рашитов — Өзбекстанның халықаралық дәрежедегі спорт шебері еді.
Енді спортшының мансабы уақытша тоқтап тұр. Ал спорт әлемі бұл жағдайды үлкен дағдарыс ретінде қабылдап отыр.